«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Боқты көтерілісі немесе қызылдармен айқасқан Әбдіәшкер кім?

2696 0
Боқты көтерілісі немесе қызылдармен айқасқан Әбдіәшкер кім?
Боқты тауларына бекініп алған Қарқаралы, Қу өңірінің көтерілісшілері кескілескен ұрыс салып, қызылдарға қатты тойтарыс беріп тұрыпты

Сексенінші жылдары Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Бақты ауылында жалғызілікті, есінен ауысқан Балқия деген бір шерменде тұрды. Ол кісінің біздің ауылға қайдан тап болғанын ойын баласы біз білмеуші едік. Шешемнен тек «Балқияның бір кезде атақты байдың бұлаңдап өскен жалғыз қызы болғанын, асқар таудай әкесі, арыстандай ақырған ағалары тұрғанда, асқан тәккаппар бойжеткенге жігіт атаулы сөз айтпақ түгілі, батып тіктеп қарай да алмағанын» естігем. Әйтеуір, ауыл жұрты есі ауысқан осы кісіге біртүрлі жылышырай қарайтын.

Тарихта «Боқты көтерілісі» деген атаумен қалған 30-ыншы жылдардағы көтеріліске Балқияның әке, ағалары түгел қатысқан, көтеріліс басшылары болған. Кейін, Кеңес үкіметінің бақайшағына дейін мұздай боп қаруланған жазалаушы отряды қолына тек шиті мылтық ұстаған даланың жалаңтөс батырларын аяусыз-басып жаншып, атып-асқан.  Тірі қалғандарын он жыл-бес жылдан түрмеге тоғытқан, кейбірін Қазақстаннан жер аударған. Сонда есіл әке, ақеділ ағаларынан бір-ақ күнде айырылып, қызыл қырғынды көзі көрген бұла қыз қайғыға шыдай алмай есінен ауысып қалыпты.

...Балқияның несібесі жұрттан. Бірі су-сусынын, бірі шай-жемін, бірі нан-пайын, енді бірі жылы-жұмсағын апарып береді. Шешеміз ондайға аяқ-қолды бізді жұмсайды. Бір таңқалдырғаны – Балқияның жерге шұбатылып түсетін, әр бұрымы қос уысқа сыймайтын жуан, көмірдей қап-қара қою шашы. Қазір шамалап отырсам, сол кездері ол кісінің жасы 65-66-ның маңайында болса керек. Бірақ, шашында қылаудай бір талшық ақ жоқ. Құдай ақы, осы күнге дейін мұндай сұлу шашты еш жерден көрмеппін. Бейбақтың өзі де соны сезетін болуы керек, жаз кездерінде есік алдына шығып, қос бұрымын тарқатып, оны даңғарадай екі шылапшынға салып, күні бойы шаштарын жуып-кептірумен жүретін. Кейін Балқияның ел кезіп жүріп қайтыс болып кеткен хабарын ұзынқұлақтан естідік. Сөйтіп, Кеңес үкіметінің кесірінен тағы бір текті ұрпақтың әулеті түп-тамырымен құрып жойылды-ау деп, ішіміз ашып жүргенде, Балқияның әкесі тірі болуы мүмкін, қызыл қырғыннан құтылып, ішкі Ресейге бой тасалап кеткен болуы керек деген болымсыз үміт жарық берді...

Қарқаралы аудандық мемлекеттік мұрағатын біраз ақтарыстағанда, онда Кеңес үкіметіне қарсы халық көтерілістері жөнінде жалпы мәліметтер болғанымен, біздің кейіпкерімізге қатысты, тіпті жанама болатындай еш дерек таба алмадым. Қарқаралының белгілі өлкетанушысы болған, бүгінде Ресейде тұрып жатқан Ю. Поповтың еңбектерінде де ондай ақпарат жоқ. Оның үстіне Сарыарқа даласында 1929-31 жылдары болған бүліншіліктер туралы арнайы зеттеу материалдары жүргізілмепті.

ОГПУ-дың мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда 1929 жылы 31 (350 адам), 1930 жылы 82(1925 адам), 1931 жылы 80 (3192 адам) бандалық топтар болған. Олар 450 партия-кеңес қызметкерлерін өлтіріп, үйлерін өртеген, мал-мүлкін тонаған, кеңестік құрылысқа қарсы 372 арандату әрекеттерін жасаған. Мұрағат құжаттарында Коммунистік партияның Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Ф. Голощекин осы өңірдегі алты ауданның малшылары бүлікшілікке қатысқанын айтады: Қарқаралы, Қу, Абыралы, Шұбартау, Берқара, Ақтоғай аудандары. Көтерілісшілер «күштеп ұжымдастыру тоқтатылсын, кәнпескеленген мал-мүлік тегіс қайтарылсын, салық азайтылсын, діни сенімге ерік берілсін, таптық күрес жойылсын» деп ұран тастаған. Әсіресе, Боқты тауларына бекініп алған Қарқаралы, Қу өңірінің көтерілісшілері кескілескен ұрыс салып, қызылдарға қатты тойтарыс беріп тұрыпты.

Халық көтерілістерін басу үшін 1931 жылдың 14 наурызы күні Қарқаралыда коммунистер мен комсомолдардан айрықша маңыздағы рота жасақталды. Үш взводтың әрқайсында 20-дан атқыштар болған. Олар аудандық атқару комитетін, әскери комисариатты, аудандық партия комитетін, мемлекеттік банкті, сондай-ақ маңызды кәсіпорын ошақтарын тәулік бойы күзетті. Қолына «бердеңке», беліне наган байлаған милиция отряды өз алдына жеке. 22 наурыз күні ОГПУ, милиция және еріктілерден құралған бөлімше әскерлерінің біріккен тобы үлкен күшпен Боқты көтерілісшілерін қоршап алып, жан-жақтан жойқын шабуыл бастайды. Бірақ, жер жағдайын жақсы білетін жергілікті қазақтар қоршауды бұзып шығып, Ақтоғай ауданының аумағына өтіп кетеді. Дегенмен, кескілескен ұрыста көтерілісшілердің біразы қолға түсіп қалады. Енді Керегетас тауына бекінген топ қатарын Кеңес өкіметіне наразы жаңа адамдармен толықтырып, қарсылықты бұрынғысынан да өршіте түскен.

Жоғарыда аты аталған өлкетанушы Ю. Попов Боқты тауындағы ұрыс оқиғасын былай суреттейді: «Мен кезінде ОГПУ-дың шаруашылық жұмысында болған 85 жасар Хусайын Әлімбековпен әңгімелестім, ол кісі Боқты көтерілісін Сариков Әбдіәшкер деген кісі басқарғанын айтты. Әбдіәшкер мен оның ұлдары керемет мерген, әрі батыр көрінеді. Қызыл әскерлерді атқанда оғын үшкірленген «буденный шәпкісінің» тура бесжұлдызынан тигізетін көрінеді.

Көтерілісшілердің қаруын тастатып, райынан қайтару үшін Семейден ОГПУ бастығы Чупин 50 солдатпен арнайы жеткен. Чупин қазақша сөйлейтін, майда тілді қу дейді, бірақ Әбдіәшкер оның алдарқатқанына көнбепті. Сөйтіп, Керегетаста тағы бір жойқын атыс басталған. Көтерілісшілер тағы да қоршауды бұзып шыққан, бірақ өлгеннен аман қалған біраз адамдарын тағы да тұтқынға тастап кетуге мәжбүр болған. Қызыл армияның қатары да едәуір селдіреп қалған. Әбдіәшкердің соңындағы аз ғана топ енді Қызыларай тауларына барып бекінген».

Тарихи деректерге қарағанда, көтерілісшілер бұл жерде де қаша соғысып қызылдардан тағы құтылып кеткен. Сариков Әбдіәшкер мен оның 12-жасар ұлы Ыбырай, қандыкөйлек достары Исабаев Әлдембек, Әубәкіров Мұсатай, тағы бірқатар адамдар өздерін өкшелей қуған қызыл жендеттерден Жуантөбе шатқалына жасырынып аман қалған. Кейін Әбдіәшкер мен оның адамдарын үйінде 4 күн жасырған Бектембаев Әубәкірді ОГПУ тұтқындап, ату жазасына кесті.

Өлкетанушының айтуынша, Әбдіәшкер одан кейін ұлымен Семейге қашқан, одан Кемерово асқан, өмірінің соңын Пионерская кентінде өткізіп, 50-інші жылдары қайтыс болған дейді.

Жазалаушылармен кескілескен ұрыс салған тағы бір топтың қолбасшысы Жантеев Шора 19 адамымен бірге Қызыл қайың шатқалында мерт болыпты. Есіл ерлердің сүйегі әлі күнге дейін сол таудың бір бауырында шашылған күйінде қалған. Көтерілісшілердің тағы бір басшысы Сариков Мұқаш (Әбдіәшкердің ұлы болса керек) Тасөткел тауының басында оққа ұшты. Жергілікті жұрт оның денесін ұрыста қаза тапқан тағы 45 адаммен бірге Айнабұлақ бөлімшесінің маңайына жерлеген, оның ішінде әйелдер, балалар да бар. Біздің айтпағымыз, осылардың ішінде көтерілісті басқарған Балқия апайдың әкесі қайсы болды екен? Бүгінде соны білетін біреулер қалды ма?

ҰҚКБ баспасөз орталығы даярлаған материалда Бақты көтерілісіне қатысушыларының үстінен Қарқаралы ОГПУ-ы екі іс жүргізгені, ол бойынша 125 адам өткені айтылған. Бұл адамдардың 20-сы ату жазасына,17-сі он жылға, 23-і бес жылға, 9-ы үш жылға сотталған, кейбіреулері Қазақстан аумағынан жер аударылған.

Көтеріліс 1931 жылдың 17 наурызынан 25 наурызына дейін жалғасқан. Оған қатысып, жазалауға іліккендердің тізімін ҰҚКБ баспасөз орталығы жариялады. Осы тізімде көрсетілген алты ағайынды Байдәулетовтер: Мыңғырбай, Жұмаділ, Жабылбай, Сарик, Бірман, Майшеке немесе Байдәулетовтердің немере інісі Сариков Әбдіәшкерден (Әбді) тараған Қамза, Мұқым, әлде Мұқаш есімдері назарымызды еріксіз аудартты. Өйткені, Байдәулетовтер әулеті әрі көп ағайынды, әрі бай десе бай (мұрағат құжатында олардың 3096 жылқысы, 420 құлын, мыңдаған қойы болғаны айтылады). Әбдіәшкерде 170 жылқы, 26 сиыр, 24 түйе болған. Қой саны айтылмайды. Әбдіәшкер мен оның ұлдарының мергендігін, батырлығын тарихи деректердің өзі айтып тұр.Осыған қарағанда, ел аузындағы әңгіме мен тарихи деректерге сүйенсек, қызылдарды қақ маңдайдан атып, оғын «буденновканың» тура бесжұлдызынан тигізетін атақты мерген Әбдіәшкер Балқия апайдың әкесі болуы әбден мүмкін деп үміттенеміз. Мүмкін ел ішінде осы жорамалымыздың жөн-жосығын айырып беретіндер де табылып қалар?

Дәулетқали АСАУОВ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English