«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Мемлекеттік Думадағы Дала өлкесінің өкілдері

28834 0
Мемлекеттік Думадағы Дала өлкесінің өкілдері
Қазақ депутаттарының халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, көкейкесті мәселелердің түйінін шешіп, ел үмітін ақтаушы рөлдері бір бөлек, зиялылардың мандаттық жолында түрлі шырғалаңдар болды

ХХ ғасыр басынан соңына дейін қазақ тарихшыларының тың зерттеген тақырыптарының бірі Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара қарым-қатынас. Тәуілсіздігімізді алып бөлек мемлекет болған қазірдің өзінде біздің Ресеймен байланысымыз мен қарым-қатынасымыз терең. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы екі ел арасындағы саяси-әлеуметтік, сауда, ағарту, білім-ғылым, одан қалды теміржол желісінің салынуы қарым-қатынасты күшейітті, осылардың ішінде маңыздыларын бірі елді басқаруда қазақтардың билікке араласуы, атап айтқанда ұлы дала өкілдерінің Мемлекеттік думаға сайлануын сөз етсек.

Дала генерал-губернаторлығы 1882 жылы құрылды. Ондағы мақсат ұлттық-әкімшілік реформа жүргізу, транзиттік жол құрылғысы мен қалалардың дамыту, өндірістік және сауда қатынасын одан әрі нығайту. Жаңа губенаторлық құрамына Ақмола, Семей, Жетісу облыстары кірді. Алғашқы екі облыс Батыс Сібір генерал-губернаторлығынан қосылса, Жетісу Түркістан генерал-губернаторлығынан қосылды, бірақ көп ұзамай 1899 жылы Жетісу облысы Түркістан генерал-губернаторлығына қайтарылды.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ақмола, Семей облыстарының құрамында 5 уезден болды, ал жалпы Дала өлкесінде қарайтын 10 уезд болды.

І және ІІ Мемлекеттік Думаға сайлаған қазақ депутаттары

Аталған тақырыпқа қазақтың айтулы тұлғалары қалам қозғады, солардың бірігейі мыналар: Сейітов Э.Т. Бөкейханов тарихшы және қоғамдық-саяси қайраткер Алматы, 1996 ж, Малтұсынов С.Н. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы және Мемлекеттік Дума. Алматы, 1981 ж, Озғанбай О. Ресейдің Мемлекеттік Думасы және Қазақстан. Алматы, 2000 және тағы басқа.

Ең алғаш қазақ даласындағы І Думаның сайлау бөлімі өз жұмысын 1906 жылдың сәуір айының соңынан бастау алып дереу жұмысқа кірісіп кетті. Негізгі сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары Дала өлкесінің Омбы, Ақмола, Семей, Петропавл,Өскемен қалаларында қызу қарқынмен жүргізілді.

І Думаға алғашқы шақырылғандардың бірі Ә.Бөкейханов Петербургке 1906 жылы 3 шілдеде аяқ тіреді. Бірақ 9 шілде күні аяқ астынан І Дума таратылып шақырылған депутаттарға кері қайту бұйырылды. Осы жерде әділетсіздікке көнбеген депуттар өздері жиналып құпия кеңес өткізіп император мен халыққа арнайы өздерінің ойын қалай жеткізетінін ақылдасты. Патша І Думаны өктемдікпен таратқанда оған сайланған депутаттар қарсылық білдіріп, Выборг қаласына жиналады. 182 депутат қатысқан бұл оппозициялық жиын тарихта «Выборг үндеуі» деген атаумен қалды. Жиналғандар патшаның әділетсіз шешімін айыптап, оның жүгенсіз істерін әшкерелеуге тырысты. Қазақ зиялысы Ә.Бөкейхановта халық жанашыры ретінде мәселеден шетін қалмады одан өзге 1906-1907 жылдары Омбының «Иртиш», «Омич», «Голос степи» газеттерімен әріптестік жұмыс жүргізіп өз шығармаларымен қатар, жергілікті конституциялық-демократиялық партияға өз идеяларын ұсынып бірлесіп қызмет атқарды.

Ақмола облысында І Мемлекеттік Думаға депутат сайлау жұмысының өз шырғалаңы болды. Сайлау 1906 жылы 15 маусымда Көкшетауда болды. Таласқа 6 адам түсті. Сайлау нәтижесінде депутат 36 жастағы молда Шаймерден Қосшығұлов (1874-1937 жж) сайланды. Ш.Қосшығұлов өз халқы жер үшін күрес, залық еркіндігі мен теңдігі үшін күресте алдыңғы қатарлы азамат ретінде танымал. Сайлау біткен соң арыз-шағымды қарау барысында Қосшығұловтың орыс тілін білмейтіндігін алға тартқан шағыс түседі де осы жерде мәселе күрделене түседі. Себебі заң бойынша елді басқаратын қызметкер оның ішінде депутат міндетті түрде орыс тілін білуі тиісті. Бірақ заң бойынша Қосшығұловты депутаттық мандатынан Мемлекеттік Думаның шешімімен босатылуы тиіс, ол үшін іс алдымен жоғарыға жіберіліп арнайы отырыста талқылануы тиіс, Мемлекеттік дума өз жұмысын бастап кетуіне байланысты Қосшығұловтың ісі қараусыз қалды, ол өз мандатын атқаруға кірісіп кетті.

ІІ Мемлекеттік думаға сайлау Дала өлкесінде де Ресеймен бірге 1907 жылдың қаңтар-ақпан айларында өтті. ІІ Мемлекеттік думаға Дала өлкесінен: Ақмола –Ш.Қосшығұлов, Семей- Т.Нүрекенов, ал орыс өкілдерінен Ақмола- А.К.Виноградов, Семей – Н.Я.Коншин сайланды.

ІІ Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланған Шаймерден Қосшығұлов қызметін адал атқарып қана қоймай, қазақ халқының көзін ашып, санасын ояту мақсатында зор пайдалы істер атқарды. Нақты айтқанда империя астанасы Петербургтен шығып тұратын татар тіліндегі «Улфат» газетінің редакторы Әбдірашид Ибрагимовпен келісіп, қаржыны өз қалтасынан көтеріп «Серке» атты газет шығарылды, газетті сол кездегі зиялы өкілдердің бірі Міржақып Дулатов басқарды.

«Серке» газетінің алғашқы саны 1907 жылы наурызда жарық көрді. Газет Антокольский типографиясынан басылды. Тарихшылардың басты қызығушылығын тудырған газет бетіне жарияланған Арғын өлеңі (негізгі атауы «Жастарға»), авторы М.Дулатов, аталған өлеңде елдің ертеңі туралы сөз қозғалған, қазақ халқы езгіде арылатын уақыт келді, ояныңдар, жастар жиналыңдар, жұмылыңдар деген үндеулермен. Өкінішке орай көп ұзамай газет сынға ұшырап, жоғары жақ өкілдерінің газет мазмұнына үңілуіне алып келді. Нәтижесінде 1907 жылы маусымда газет жабылды.

І және ІІ Мемлекеттік Дума жұмысы кезінде Дала өлкесі депутаттары кірген фракциялар мен түрлі жұмыс топтары құрылып, қалыптасты. Оның ішінде белсенділері еңбек тобы, мұсылмандық фракция, Сібір депутаттарының тобы т.б.

Мұсылмандық фракция өз жұмысын І Мемлекеттік Дума жұмысы кезінде бастағанмен толық түрде ІІ-ші думада қалыптасты. Фракцияның мақсаты мұсылман өкілдерінің мүдделерін қорғау, атап айтқанда жер мәселесіне келгенде, фракция мүшелері «Иттифак-аль-муслимин» партиясымен біріге отырып аграрлық реформаларда өз жобаларын ұсынып, бірігіп жұмыс атқарды. Екінші мәселе Дала өлкесіне сырттан келімсектердің санын азайтуды алға тартты. Бұл жолда да өз қоныстандыру атүсті жүргізілетіні, жергілікті халықтың мүддесін ойлау қажеттігін жоғарыға жеткізе білді.

ІІ Мемлекеттік Дума өз жұмысын 1907 жылы 20 ақпанда бастады. Сайлау нәтижесінде 518 депутат сайланды. Ажыратып қарастырсақ, ІІ сайлауда кадеттер жеңілістің ащы дәмін татып өздерінің 80 орнынан айырылды, еңбекшілерден 104, эсерлерден 37, халық социолистерінен 16, социал-демократтардан 65 депутат сайланды. ІІ думадағы кең талқыланған айтулы мәселе аграрлық болды.

Жер мәселесінің қазақ депуттарын жанайқайға салатындай жөні бар, қазақ жерін тартып алу мен қатар ол жерлерді басқа ұлт өкілдеріне тегін беруі қазақ жанашырларының жанына қатты батты. Тек қана тоғыз жылдың өзінде 1893-1901 жылдары 1,5 млн десятина жер тартып алынған.

Осы мәселеге байланысты Дума отырысында қазақ депутаттары арасынан Орал облысынан сайланған Б.Қаратаев сөз сөйлеп, қазақтардың жері ашық түрде отарланып жатыр, халықтың ең басты күнкөрісі жермен байланысты сондықтанда жер мәселесі шұғыл шешетін сұрақ екендігін алға тартты, оған осы өңірдің орыс өкілдері атынан сайланған Космодемьян¬скийде қосылды.

І және ІІ Мемлекетттік думаға Дала өлкесінен сайланған қазақ депутаттары мінберден сөз сөйлеп елдің көкейкесті проблемаларын көтеріп, шешу жолында ел үмітін ақтағандар қатарында Ә.Бөкейханов, Ш.Қосшығұлов, Б.Қаратаев, А.Бірімжанұлы, Т.Нүрекенов, М.Тынышбаев, А.Қалменұлы болды.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English