«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Тарихшының бір күні: Ұлан Үмітқалиев

4929 0
Тарихшының бір күні: Ұлан Үмітқалиев
National Digital History жобасы «Тарихшының бір күні» айдарын жүргізуді бастайды. Тарих саласында ғылыми бағытта терең ізденіп, қолтаңбасын қалдырған тарихшы мамандар айдардың құрметті қонағы болады

Жаңа айдарымыздың алғашқы кейіпкері – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих  факультеті, археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Үмітқалиев Ұлан Ұмітқалиұлы. Ендеше бір күнімізді толықтай тарихшы маман иесіне арнап, мамандықтың қыр-сырына үңіліп қайтуды жөн деп санадық.

Үмітқалиев Ұлан Үмітқалиұлы – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент. 1978 жылы 7 қаңтарда Семей облысы Абай ауданының Құндызды ауылында дүниеге келген. 2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. 2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітірді.  2010 жылы «Ә.М. Оразбаевтың Қазақстан археологиясына қосқан үлесі» атты зерттеуімен кандидаттық қорғады. Ғылыми қызығушылығы: Қазақстанның қола және ерте темір дәуірі археологиясы.

«Мен археолог мамандығын бала кезден армандадым. Осы жолда ерінбей еңбектеніп, талмай ізденіп, биік мақсаттарға қол жеткіздім. Менің отбасым, бала-шағам осы мамандық иесі болғанымды мақтан тұтады және әрдайым ғылым жолындағы ізденістерімді қолдап келеді».

Ұ.Ү.: «Кез келген адам тарихшы, не болмаса археолог бола алмайды. Себебі, тарихқа қызығу – сенің өткен өміріңе, жүріп өткен жолыңа қызығу. Көбі тарихқа жай көзқарас танытуы мүмкін. Бірақ мамандықты таңдап, осы салада жүру некен-саяқ. Тарихшы, оның ішінде археолог болу үшінде білімді, дарынды, еңбекқор болу маңызды. Әсіресе төзімділік пен үнемі ізденісті, күнделікті заман талабына сай жаңашылдықты бұл маман иелері аса қажет етеді. Тарих туралы: Қоғамдағы адамдардың археолог маманын елестеткенде далада жер қазып, алтын қазып жүрген адам ретінде елестетеді. Оны басқаша түсіну керек. Олар өткен тарихты қазып жатқан, соны зерделеуді халыққа үйретіп жатқан мамандар. Қазылған, жаңартылған заттарды тек сол қалпында халыққа ұсынбайды. Оларды реставрациялап және консервациялап жариялаймыз. Біздің елімізде әлемге бергісіз өркениет қалыптастырған ескерткіштер толып жатыр. Осылардың барлығының сырына үңіліп, тарихын таңбалайтын – археолог мамандар».  

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз ерте тұрғанды жақсы көреді. Күн тәртібі сағат 6.00-де ұйқыдан тұрудан басталады.

Ұ.Ү.: «Жалпы жас келген соң, ұйқы қаша беретін сияқты көрінеді. Сонда да күнделікті қалыптасқан режимді бұзбай, сағат 6.00-де ұйқыдан тұрамын. Отыз минут арасында ұйқыашар ретінде таңғы жаттығулар жасаймын. Жаттығуларды жаз мезгілінде дала да жасайтынмын. Қазір қыс болғандықтан жаттығуларды үйде жасаймын. Бөлме ішінде әрі бері қозғалып, қимылдаймын. Сосын бала кезден жасап келе жатқан жаттығуымды жасаймын. Ол кеудені жерден көтеріп (отжимания) шынығу.  Одан қалса 7.00-ге дейін миды сергітіп, кітап оқығанды жақсы көремін. Ол да бала кезден әдет болған күн тәртібі».

7.00-де таңғы ас ішу. 

Ұ.Ү.: «Бізде бір жақсысы, отбасы мүшелері таңғы асты бірге ішеміз. Сағат тілі 7.00 болғанда мектепке, жұмысқа, балабақшаға баратыны бар – барлығымыз дастархан басына отырамыз». 

07.30 – 8.00 университетке қарай аяңдау.

Ұ.Ү.: «Таңғы асты ішіп болған соң, киініп үйден шығып, университетке аяңдаймын. Үй арасы мен университет арасы жақын болғандықтан, жаяу барамын. Өзім де жаяу жүргенді ұнатамын. Жаяу жүрген бір жағынан денсаулығымызға пайдалы. Қан айналымын жақсартып, жұмыста та сергек жүруге ықпал етеді».

8.00. – Жұмыс уақыты.

Таңғы жаттығуын жасап, әлденіп алған кейіпкеріміз жұмысқа кіріседі. Күнделікті жұмыс уақыты кешегі өзі жоспарлаған күн тәртібіне орай басталады. Күнделікті күн тәртібі университет қабырғасындағы жұмыстарға байланысты өзгеріп отырады. 

Ұ.Ү.: «Университтегі жұмыс бір күн бұрынғы жоспар бойынша іске асады. Жұмысқа келіп кешегі өзім жасаған күн тәртібімді бір қарап шығамын. Сосын жұмыс үстелімдегі компьютерді қосып, лаборант әкелген хаттар мен қағаздарға назар аударамын. Кафедра меңгерішісі болғандықтан, көптеген министрліктің хаттарына, университет ректорының тапсырмаларына, ғылыми-практикалық конференция шақыруларына дегендей хаттарға жауап жазып, қол қоямыз». 

«Жоғарғы оқу орны қоғаммен байланысып жатқан күретамыр сияқты. Университет арқылы оқушылар оқуға түседі, осы арқылы жоғары қызметке кетіп, маман болады. Сондықтан бұл алтынкөпір іспетті. Қоғаммен де ортамен де барлығын байланыстырып жатқан университеттің атқаратын жүгі өте ауыр». 

10:00-де кафедра ұжымының жиналысы.

Кейіпкеріміз шағын ұжымға басшы ретінде үш жылдай қызмет атқарып келеді. Кафедра ұжымының ауызбіршілігі мен ынтымағын сақтап келе жатқан білікті басшы өзін салмақты ұстап, бүгінгі күн тәртібіндегі мәселелерді көтерді. Жиналыс барысын біз де қадағалап отырдық. Күн тәртібіне студенттердің соңғы сессия емтихандары, 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай кафедраішілік шаралар, алдағы өтетін ғылыми-конференцияларға мақалалар әзірлеу тапсырмалары қарастырылды.

11.10-12.00. – Студенттерге дәріс.

Ұлан Үмітқалиұлы кафедра жиналысын өткізіп, археология және этнология мамандығының екінші курс студенттеріне дәріс беруге кетті. Бізде кейіпкеріміздің соңынан еріп, 307-дәрісханасына бардық.

Бакалавр мамандығында оқитын студенттерге Ұлан Үмітқалиұлы «Сақ археологиясы" пәнінен дәрісін бастады. Бүгінгі өтетін сабақ тақырыбы: Шығыс Қазақстан сақтары. 

Дәріс барысында лекция оқып қана қоймады. Шығыс Қазақстан сақтарының мәдениеті мен тұрмысы жағынан да қызықты әңгімелер айтты. Өзінің Шығыстағы «Берел-2" тас қорымын зерттеудегі қызықтарын студенттермен бөлісті. Сақтардың тұрмысындағы қыш құмыраларды да алып келіп, сабақ дәрісінде көрсетіп, ондағы ерте жазу таңбаларының сырын жас тарихшыларға түсіндірді. 

Зылиха Ибадуллаева, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент (кейіпкеріміздің әріптесі):

Үмітқалиев Ұлан Үмітқалиұлымен әріптес болғаныма биыл 4-інші жыл. 2012-2013  оқу жылында Еуразия даласындағы атақты білім ордасы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де  еңбек жолымызды қатар бастадық. Оған дейін Ұлан Үмітқалиұлын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де білім алып жүрген кезінен білетінмін. Сол кездің өзінде ол өзінің табандылығымен, іскерлігімен таныла білген ғалым болды. 

Ұлан Үмітқалиұлы – қайрат-жігері, күш-қуаты мол ұстаз. Оның кафедра басшысы ретінде таңертеңнен кеш батқанға дейінгі еңбегінің нәтижесінде отандық және шетелдік ғалымдармен студент жастар арасында кездесу ұйымдастырып, әр түрлі тақырыпта ғылыми танымдық семинарлар өткізіп, студенттердің білімге, ғылымға деген қызығушылығын арттырудағы еңбегі орасан. Студенттердің академиялық ұтқырлық мәселесінде де студенттерге қолдау білдіріп, қаржы жағынан аянып қалмауы, оның жомарт археолог екендігін танытатын қыры деп білемін. Кейде оған әріптес әрі бауыр ретінде қарай отырып, оның бойынан өзінің ұстазы әрі ғылыми жетекшісі болған (менің де ұстазым әрі ғылыми жетекшім) атақты этнограф, әрі археолог, т.ғ.д., профессор Ә.Т. Төлеубаевтың бойында байқалатын жомарттық, адами келбеті мен жеке тұлғаға тән жүріс-тұрысы , басшылық әрі жауапкершілік қасиеттерді де Ұлан Ұмітқалиұлының бойынан байқаймын.

Кейіпкеріміздің күн тәртібін ғана қадағалап қоймай, арасында қолы босай қалса сұрақтың астына ала отырдық. 

– Ұлан Үмітқалиұлы, Жастардың ұлттық рухын оятуда тарихтың алар орны қандай?

– Қазақ болып туғаннан кейін бойымызда ұлттық рух және ұлттық патриотизм қалыптасу үшін адамның бойында міндетті түрде туған елінің, туған жерінің тарихын білуі деген ой тұруы керек. Ол тарихты білу үшін тарихшы болу міндет емес, әрбір қазақ, әсіресе жастар өзінің туған жерінің, елінің тарихын білсе жеткілікті деп ойлаймын. Ал біздің мамандығымыз – тарихшы. Оның ішінде археолог болғандықтан, біздің мойнымызға түсетін жүк одан да бетер мың есе артық.

– Археология саласының  жалпы тарих ғылымында алар орны туралы айтсаңыз...

– Тарихтың ішінде археология деген сала адамзат тарихының пайда болған кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейін жалпы тарихтың 99,9 пайызын осы археология саласы зерттейді. Ол адамның жер бетінде қалай пайда болғандығы емес, сол адамның жер бетінде тіршілік етуі, оның бүкіл жер бетіне тарауы, біздің халқымыздың қалай осы жерде сан мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп келе жатқандығы зерттеледі. Келе-келе оның шаруашылығы, қандай мәдениеті болды, дәстүрі болды, ұлттық сана-сезімі болды, ол неден қорықты, неге табынды, нені жақсы көрді дегендей үлкен сауалдарға жауап іздеді. Ол және жай бір сөз түрінде ғана емес, археология нақты заттық айғақ түрінде зерттейді көп қырлы ғылым саласы.

Бүгінгі күн тәртібінде сағат 12.30-да университет басшысымен кездесу шарасы жазылыпты. Университеттің бас ғимаратында өткен шарада кафедра меңгерушісі Ұлан Үмітқалиев Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Б. Сыдықовқа тарих факультеті, археология және этнология кафедрасының 2016 жылғы жазғы маусымда жүргізген археологиялық зерттеулерінің жетістіктерін таныстыру жұмыстарын жүргізді.  

14.30. – Тарих факультеті деканымен кездесу. 

Түскі үзілістен кейін тарих факультетінің деканы Тілеген Садықов археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиевті қабылдады. Факультеттің ұйымдастыру жұмыстарында да төбе көрсететін кейіпкерімізге факультет деканы тапсырма берді. Ол жұмыс – Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай студенттер арасында үздік «ғылыми жұмыстарға" конкурс ұйымдастыру. 

15.00-де өзінің жетекшілігімен магистрлік дисертация қорғайтын археология және этнология мамандығының 2 курс магистранты Ғайнолла Алматовпен кездесті. Ұлан Үмітқалиұлы магистрантына 10 минутқа да болса да уақытын бөліп, зерттеу жұмыстары жайында бірнеше сауалын қойды. 

Ұлан Үмітқалиұлы магистранты Ғайнолла Алматовпен

15.15-16.00. – Тарих факультеті жанынан құрылған «Жас археолог» үйірмесіндегі дәрісі. 

Ұ.Ү.: «Факультет жанынан «Атамұра», «Жас археолог» үйірмелері жұмыс атқарады. Олар жас тарихшыларды дайындау міндеті бойынша жұмыс атқарады. Тек теориялық жағынан ғана емес, практикалық сабақтарды да жиі айтып отырамыз. Мәселен өз басым студенттер мен үйірме мүшелеріне қыш ыдыстарды, қатты метал қалдықтарын тазарту және қайта өңдеу жұмыстарын үйретемін».

Кейіпкеріміз дәріс барысында студенттерге қыш ыдыстарды реставрациялау және консервациялау жұмыстарын жүргізуде. 

Үйірме мүшесі  Ж. Есеналиеваға қыш ыдыстарын құрастыру әдісін көрсетуде. 

Сағат 16.00-де «Қазақстан археологиясы мен этнологиясының жетістіктері» тақырыбында ғылыми семинар өтті.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультеті, археология және этнология кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан археологиясы мен этнологиясының жетістіктері атты семинар болып өтті. Семинарға тарих факультетінің 1, 2, 3 курс студентерімен қатар археология және этнология мамандығымен маманданатын магистранттар, докторанттар қатысты және кафедра ұстаздары қатысты. Семинар шымылдығын факультет деканы т.ғ.д., профессор Тілеген Садықұлы ашып семинар жұмысына сәттілік тіледі. 

Семинар соңынан археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Үмітқалиев Ұлан Үмітқалиұлы сөз алып, бұл зерттеулерді жан-жақты дамыту және ынталандыру мақсаттарында тағы да басқа шаралар өткізілетінін айтты. Сонымен қатар археология және этнология факультетінің үздік студенттеріне сертификаттар табыс етілді.

Студент жастарға жүрек жылылығын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын дарытудың арқасында шығар, бүгінгі кейіпкерімізді студенттер ерекше ілтипатпен қарсы алды. Оны да бүгінгі бір күндік репортажымызда байқадық. Студенттердің айтуынша, Ұлан Үмітқалиұлы жарқын жүзді, біріне аға, біріне бауыр, тіпті біріне  әкесіндей болып кеткен екен. 

 

Аяжан Кункашева, археология және этнология мамандығының 2 курс студенті: «Ұлан Үмітқалиұлы өзінің ерекшелігімен шәкірттерінің әр кез есінде. Ол кісінің археология ғылымын меңгертудегі жаңашылдығын, оқыту пәнін меңгертудегі көрегендігін айтуымызға болады. Себебі ағайдың сабағынан кейін біз үлкен әсерге бөленеміз. Археология саласына деген құлшынымыз ерекше болады. Ол кісі тек қана археология саласын ғана үйретіп қоймайды. Жан-жақты саладан да хабары өте көп. Әрқашанда тәрбиелік мәні жоғары  әңгімелер айтады. Ол кісінің сабағында пәндік дәріс қана айтылып қоймайды, жан-жақты адам болудың адамгершілік қағидаттарды ұстанып жүру қағидаттары айтылады». 

17.00-17.50 аралығында Археология және этнология мамандығының магистранттарына дәріс оқу.

Ұ.Ү.: «Өзін көріп отырғандай таңертеңнен бергі қарбалас, енді міне, кешкі дәріске ұласып отыр. Жұмыстарым көп болғандықтан, дәріс сабақтарым аз. Көбіне-көп кафедра жұмыстарымен жүреміз. Одан қалды, Елорда төріндегі түрлі шараларға студенттерді апару жұмыстарын да өзім қадағалаймын. Үйірме жұмыстарын да тиянақты өтуіне атсалысамын. Өзім көбіне магистранттар мен докторанттарға дәріс оқимын. Қазір кешкі уақытпен екінші курс магистранттарына дәріс сабағы өтеді. Сол жаққа қарай аяндасақ болады».

Археология және этнология мамандығының екінші курс магистранттарына кейіпкеріміз "Археологияның іргелі мәселелері» атты пәннен дәріс оқыды. 

Сабақ тақырыбы: Соңғы қола дәуірінің Беғазы-Дәндібай мәдениеті. 

18.00. – Ғылыми  мақала әзірлеу

Ұ.Ү.: «Сол кешкі уақыттарда жұмыс саябырсығанда ғылыми мақала жазуға уақыт табамын. Ол енді күнде дей алмаймын. Аптасына екі-үш рет уақыт табылады. Бүгін енді уақыт табылып тұр». 

Факультеттің екінші этажындағы «Дәнекерлеу және реставрациялау» кабинетіне қарай өттік. Ағайымызда бос уақытыны тиімді пайдалану үшін жазуға отыруға кетті. 

  

Ұ.Ү.: «Қазір сол бір-екі монографиялық еңбек жазу үстіндемін. Одан қалса оқулық кітабын әзірлеудеміз. Өзімізде де 3 мыңға тарта кітап қоры бар. Бірақ та кейбір жетпеген кітаптарды алу үшін сырттағы «Отырар» кітапханасына барып қайтамын. Ол жерден іздеген кітаптарынның барлығы табылады». 

Ұ.Ү.: «Ғылыми мақала жазудан шаршап, қолым босай  қалса, газет-журнал оқуға уақыт табамын. 

Кешке қарай жұмыс аяқталысымен Ұлан Үмітқалиұлы бүгінгі жұмыстарына бір назар аударып, соңғы келген хаттарға жауап беріп, лаборантына ертеңгі жұмыстарына тапсырма берді.

18.30. – Жұмыс жоспарын әзірлеу.

Ұ.Ү.: «Жұмыс уақыты аяқталар тұста компьютерді өшірген соң бүгін не атқардым, ертең не атқарылады. Жұмыстарға барлығын тізімдеп жазатын әдетім бар. Атқарылған жұмыстардың қасына плюс қоямын. Қайсысы атқарылды. Қаншасы ертеңге қалды дегендей».

19.00. – Жұмыс уақыты аяқталады.

Ұ.Ү.: «Міне, өзіңіз көріп отырғандай, кешкі жетіде кезекті жұмыс уақыты аяқталды. Енді ақырындап, аяңдап үйге қайтамын». 

Сырт киімін киіп, алшаңдай басып бара жатқан кейіпкеріміздің артынан біз де фотоаппратымызды ала жөнелдік. Ендігі мақсат – кейіпкеріміздің отбасындағы түсірілім репортажын жалғастыру.

Жоғарыда айтқандай, кейіпкеріміз университеттен үйіне жаяу барады. Жаяу жүргенді өзі ұнатады.

Ұ.Ү.: «Үйге келген соң, кішкентай қызымды қолыма алып шаршауымды басамын. Оған дейін жұбайым кешкі асты әзірлейді. Бір жақсысы үйге келген соң, жұмысты ойлауды толықтай ұмытамын. Отбасыма ұйқыға дейінгі қалған бірнеше сағатымды арнап, оларға көңіл бөлгенді қалаймын. Осылайша жұбайымның кешкі асын отбасы мүшелері болып ішеміз».

Үмітқалиевтар отбасы кешкі ас үстінде. Барлығы кешкі асқа жиналып, мәре-сәре болып отыр.

19.30-20.30-да балаларымен қыдырады.

Ұ.Ү.: «Кешке қарай өзен жағасында серуендегенді жақсы көремін. Өзім бір жағынан ерке Есілдің жағасында тұрғандықтан ба деп ойлаймын. Бірақ кешкі уақытта судың салқын самалы сенің шаршауыңды басып, көңіліңді бір серпілтіп тастайды».

Бізде кейіпкеріміздің балаларына бөлген уақытын аңдумен болдық. Өзі балаларымен балаша қар атысып, жүгіріп, сырғанақ теуіп, құдды бір балалығын еске алғандай болып көңілін көтерді. Әрине, бұл еркелігін балаларына бөлген алтын уақытының бірі деп білдік. 

Біз де бақытты әкенің шаршауын ұмыттырған балалардың қылықтарына қайран қалыстық. Бүгінгі бір күніміз кешкі серуенмен де аяқталмады. Ұлан Үмітқалиұлының балаларының үй тапсырмаларына бөлген алтын уақытында кадр назарына алдық. 

Репортажымызды аяқтар тұста үйінің қабырғасында ілулі тұрған бокс қолғабына көзіміз түсті. Іштей ұлдарының бірі бокс үйірмесіне баратын шығар дестік. Бірақ ескірген қолғаптың сыртына қарасаң, ересек адамның қолғабы сияқты көрінді. Осылайша соңғы сауалымыздыда қойдық.

–   Ұлан Үмітқалиұлы, жас кезіңізде бокспен айналысқан жоқсыз ба? – деп сұрақты төтесінен қойып қалдым (Сөйтсем ойып дөп келіпті).

–   Қабырғада ілулі тұрған бокс қолғабын көріп айтып тұрған шығарсыз. Жас кезімде боксты қатты ұнаттым. Бокс үйірмесіне қатыстым. Бірнеше жарыстарға қатысып жүлдегер де атандым. Бірақ тағдыр маған боксты емес, ғылымды серік етті.

Боксшы болуды армандап, археолог болған ғалымның алғашқы кітабы да біздің кадрге ілінді.

Ұ.Ү.: «Күнде болмаса да, аптасына бір-екі рет университеттің жаттығу залына барып, жаттығу жасап тынығамын. Гир көтеріп, ауыр темірлерді көтеремін. Жылда ЖОО-ның оқытушылар арасындағы спартакиада өтеді. Өзім соған қатысып келемін. Соның арқасында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушылары командалық құраммен жүлделі орыннан түспей келеміз». 

Ғайнолла Алматов, шәкірті, археология және этнология мамандығының 2 курс магистранты: «Магистрлік жұмыста жетекшілік қызметін атқарып, ұстаздық жолда ақыл-өнегесін айтып жүретін ағайым – Ұлан Үмтіқалиев. Ол кісі – елімізге белгілі жас археологтардың бірі. Шығыс ғұламалары айтады ғой: «Атаңнан ұстазың ұлық» деп. Сол себепті алдымызға аға тұтып, артынан ерген аламанның бірімін. Ағайдың әрбір айтқан ақыл-ойы, мені жақсы маман ретіндже тәрбиелеп, археология саласында ізімді қалдыру». 

Қашанда қарбалас тірлік үстінде жүрсе де студенттердің бос уақытын тиімді пайдалануын да ұйымдастыра білетін білікті азамат Ұлан Үмітқалиевтің шәкірттері мен әріптестестері де жақсы жағынан бағаларын берді. Жоғарыда шәкірттері мен әріптестерінің пікірі соны меңзейді.

Ұлан Үмітқалиұлы  – жас ұрпаққа үлгі беруден, үйретуден жалықпаған нағыз ғалым, әрі  қызметкерлері мен әріптестері ортасында білікті басшы екенін бүгінгі «Тарихшының бір күні» фоторепортажында байқадық. Әрине, біздікі ұстаздар мен шәкірттері, әріптестері айтқан пікірге қосылу. Десе де жарқын жүзді кейіпкеріміздің бір күнін National Digital History порталының оққырмандарына арнағанына ризашылығымызды білдіреміз. 

Тарихшы, археологпен өткізген бір күніміз аяқталуға жақын. Бес баланың әкесі, жас ғалым, білікті басшы, ұлағатты ұстаз Ұлан Ұмітқалиұлының өмірі, ұстаздық жолы басқаларға үлгі-өнеге болса, онда оқырман қауымға берген пайдамыз кәдеге асқаны. Алдыға мақсат қоя отырып, өз мамандығынның шебері бол.

Осылайша «Тарихшының бір күні» Ұлан Үмітқалиевке арналып, қасында жүріп, археолог мамандығының қызықтары да туралы сөз қозғадық. Біз археолог болмасақ та, бір күнгі өмірімізді археологтің өзіне арнап көрдік. Көш тоқтамаса да, археологтің өмірі ешқашан тоқтамасы анық.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Фотосуреттер автордікі

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English