«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақстан – Орталық Азияда тұңғыш әскери доктрина қабылдаған мемлекет

4040 0
Қазақстан – Орталық Азияда тұңғыш әскери доктрина қабылдаған мемлекет
Қазақ бабам қашанда елі мен жерінің тыныштығын алдыңғы кезекке қойған. Ал қазіргі аумалы-төкпелі заманда, экстремизм мен терроризм белең алып тұрған кезде біздің әскери қуатымыз – басты байлығымыз

Әскери доктрина – мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ететін декларация, әскери бағыттағы ереже ұстанымдары, мемлекет пен қарулы күшінің соғысқа дайын болуы, әскери машықтануы мен өзіндік көзқарасы. Доктринаның негізгі ережелері саясат пен қоғамда орын алып жатқан құбылыстарға, жаңа әскери ғылыми жетістіктерді ескере отырып, соғыс қаупіне қарай өзгеріп тұрады.

Әскери доктрина маңызды доктриналық мәселелерді топтап, шоғырландырады. Мысалы, мемлекетке қауіп төну және әскери міндеттердің ақсауы негізінде, саяси және құқықтық негіздегі, әскери-құрылыс негіздегі, әскери-экономикалық және әскери-техникалық негіздегі доктрина.

Мемлекеттің арнайы өзіндік көзқарасын білдіретін әскери доктрина барлық мемлекетте болады. Бірақ, аталған әскери құжат пен көзқарастар әр мемлекетте әртүрлі аталады: Қазақстан, Ресей, Белорусьте – әскери доктрина, АҚШ-та – Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы және НАТО-ның стратегиялық концепциясы, КХР-да – Қауіпсіздік доктринасы. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бастап алғаш қолға алынған іс – елдің қауіпсіздігі мәселесі, бұл жерде ең бастысы әскери қауіпсіздік яғни, мемлекеттің әскери күшін құру, Қазақстанның әскери стратегиясын анықтау.

Қазақстан Респубилакасының әскери стратегиясы – елдің қауіпсіздігі мен әлемдегі әскери бағытын көрсететін басты құжат.

Қазақстан Республикасының Президентінің 1992 жылғы 7 мамырдағы Қарулы күштері құру жөніндегі Жарғысы тәуелсіз Қазақстан әскерінің құрылуының бастауы болды.

1997 жылы ақпанда ҚР Қарулы күштерінің Әскери Академиясы құрылды, кейін Ұлттық қауіпсіздік университеті болды. Қазіргі таңда елімізде әртүрлі бағыттағы әскери оқу орындарының бірыңғай жүйесі қалыптасқан.

1999 жылы алғаш рет Қазақстанның әскери ұйымдарының дамуының бағыты мен кезеңдерін айқындайтын әскери құрылыстың 2005 жылға дейінгі даму бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама барысында Қазақстанның әскери географиясы айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Әскери округ, онан соң аймақтық қолбасшылық елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңаша элементтері қалыптастырды.

2002 жылдан бастап Қазақстан әскерін қаржыландыру ІЖӨ-ден 1%-дан кем болмауы тиіс болды. Бұл өз кезегінде Қарулы күштің қарқынын өсіріп, әскери дайындықты арттырып, материалдық-техникалық база жаңартылып, әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы сапасын жетілуіне алып келді.

2003 жылы Қарулы күштердің үшке бөлінген құрылымы бекітілді. Олар Әуе әскері, ракеталық және артиллерия, тылдағы қарулы күш болып өзіндік құрамдас бөліктерден тұрды.

2006 жылы 2010 жылға дейін арналған Қарулы күштерді дамытудың жаңа бағдарламасы қабылданды.

2007 жылы Қазақстан Респубилкасы әскерін қайта жарақтандыру мақсатында әлемдік үздік стандартқа сәйкес қаруландыру және қорғаныс өнеркәсібін дамыту туралы кешен бекітілді. Қазақстанның Қарулы күштері құрылған күннен бастап Елбасы Н. Назарбаев мемлекеттің қорғаныс міндетін бірінші кезекке қойып келді, сонда ғана біз тәуелсіздігіміз бен территориялық тыныштығымызды сақтап қорғай аламыз деді.

1993 жылы Қазақстанның әскери бағытын анықтайтын, ел қорғанысын қамтамасыз ететін басты құжат – Әскери доктрина қабылданды. Әскери доктринада Қазақстанның бағыты айқын көрінді. Қазақстан ядролық қарудан бас тарта отырып, ешқашан, ешқандай жағдайда басқа мемлекетке өздігінен соғыс ашпайды, Қазақстан барлық мемлекетпен бейбіт-бітім қарым-қатынас орнатуға әрқашан дайын, барлық мемлекеттің тәуелсіздігін құрметтеп мемлекеттік дәрежеде тең санайды деп көрсетілген. Қазақстан Орталық Азиядағы әскери доктрина қабылдаған алғаш мемлекет. Бұл өз кезегінде Қазақстанның Орта Азия мен ТМД-ның басқа да мемлекеттеріне үлгі бола отырып, біздің елге деген сенімді арттырды.

1993 жылғы әскери доктрина Қазақстанның әскерінің құрылуы мен қалыптасуында маңызды рөл атқарды, аталған әскери құжатпен қатар көптеген ел болашағы үшін маңызды шаралар қолға алынып іргелі жұмыстар жүргізілді, атап айтқанда Ата Заңымыз қабылданды, Қазақстанның 2030 жылға дейін даму және орта мерзімге арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы қабылданды. Әлемде күрделі жағдайлар орын алды. Қырқысқан алып елдер мен өзара келісе алмаған мемлекеттер арасындағы соғыстың салдары Қазақстанды кез келген жағдайға әзір болу керектігін анықтай түсті. Одан қалды экстремизм мен терроризм белең алып тұрған заманда етек-жеңді тезірек жинау түсінікті жағдай еді.

Жоғарыда аталған жағдайларды ескере отырып Қазақстан Республикасы 2010 жылы 10 ақпанда екінші әскери доктринаны қабылдады. Бірінші доктринаны қабылдаған 7 жыл ішінде Қазақстан мен оның әскери қуаты бірнеше есеге артып, енді жеткен жетістіктерімен тоқтап қалмай, алға мақсат-жоспар қойып құрып одан әрі дамы міндеті тұрды. Әскери құрылыс саласын қайта қарау мәселесі тұрды, соңғы жылдағы жасақ қайта жасақталды. Жаңашылдыққа итермелеген НАТО-ның Балқан түбегіне әрекеті, осыдан анық болғаны жаңаша әскери құрылыс, әскери күш қуат пен бірге заманға сай қару-жарақ және армияға автоматтандыру жүйесін енгізу.

Екінші әскери доктринасы Қазақстанның 1999-2005 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының құрамдас бөлігі болып табылды. Бұл жерде негізінен кез келген қауіп-қатерге дайын болу, себебі дөңгелек дүниеде, ертең не күтіп тұрғанын ешкім білмейтін алмағайып заманда қырағылық қажет-ақ. Одан кейін әскери өнерді машықтандыру, жаңа әдіс-тәсілдермен қатар қару-жарақ түрлерін жетілдіру, үшіншіден мемлекеттің экономикалық мүмкіндігі.

2006 жылы Елбасы Н. Назарбаев кезекті жолдауында халықаралық стандартқа сай жаңа әскери доктрина әзірлеуді тапсырды. Бұл жерде басымдылық кәсібилікте болды, әскер бар, база қалыптасқан, қажеттілік пен жағдай жасалған ендігі міндет кәсіби және халықаралық стандартқа сәйкес болу. Осыған сәйкес 2007 жылы 21 наурызда Қазақстанның үшінші әскери доктринасы қабылданды. Айта кететін бір жағдаят екінші әскери доктрина өз кезегінде әлемдік әскери өнерді алға бастырумен қатар әлемдік тәжірбиені үйреніп оны өзімізге енгізу болды.

2007 жылғы қабылданған әскери доктрина жаңа заманауи әскери-саяси бағдарымызды көрсетіп тұрды, әсіресе соңғы әлемде белең алған көп мемлкеттердің шырқын бұзып отырған экстремизм мен терроризмен күрес мәселесі алға қойылды. Жаңа стратегияның тағы бір артықшылдығы Қазақстан өзінің территориясы мен қауіпсіздігін толығымен қорғау мен әлемдік аренада әскери іс-шараларға белсенді араласып, алып мемлекеттермен әскери салада терезі тең дәрежеде болды. Және ең басты өзінің әскері мен әскери саласын толық қамтамасыз етумен қатар, одақтас мемлекеттердің басына қауіп төнген жағдайда Қазақстанның әскери жағынан қол ұшын созуға толық әзір болуы.

2011 жылдың қазанында Қазақстанның жаңа әскери доктринасы қабылданды. Бұл доктринаға сәйкес, елдің қарулы күштерінің негізгі міндеті – армияның ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға әзірлігі мен төмен және орташа дәрежедегі әскери шиеленістерде тойтарыс беру міндеттерін орындауын қамтамасыз ету. Әскери доктринаға сәйкес, мемлекет жоғары дәрежелі шиеленіс кезінде әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұжымдық жүйелердің көмегіне сүйенеді. Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы (ҰҚКҰ) және Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ) сияқты ұжымдық ұйымдарға мүше.

Қазақстан Жаһандық әскери күш-қуат рейтингінде 13 орынға көтеріліп, 53-ші орынды иеленді. Бұл туралы мәлімет Global Firepower рейтинг сайтында жарияланды. Айта кетейік GFP рейтингінде барлығы 106 елдің әлеуеті қаралды. Рейтингте ядролық қарудың қуаты ескерілген жоқ.

Қорытындылай келе Қазақстанның жасалған соңғы әскери доктринасы елдің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін қадағалап, әскер саласы елдің дамуы мен саясатының басты бағдарын көрсетті.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English