«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

ПРАВОСЛАВИЕГЕ МӘЖБҮРЛЕУ

2228 0
ПРАВОСЛАВИЕГЕ МӘЖБҮРЛЕУ
Ресей империясының отарлау саясаты екі ғасырға созылды және ол саясат тек жерлерді жаулап алумен ғана шектелмеді. Қазақтардың жаны үшін кескілескен соғыс жүргізілді

Императорша ІІ Екатерина (1762-1796 жж.) қазақтарды православты шіркеуге енуге тиіс христиан дінінің ұстанушылары ретінде ғана қабылдады. Бұл үшін ол барлық қажетті шараларды қолдануды, миссионерлерді көбірек пайдалануды, христиандық үгітті күшейтуді ұсынды. «Қазақтар арасында мұсылман дінінің таралуы және бекітілуі оларға христиандықты үгіттеудегі ең басты кедергі болып табылады. Мұсылмандықты насихаттауды әлсірету және миссияға қолдау көрсету үшін тиісті шаралар қолданылмаса, шіркеу қазақтардан айырылуы мүмкін және христиан дініне өтуіне мүмкіндік бола тұра, өтпей қалған халық ретінде православты христиан қоғамынан алшақтауы мүмкін». 

1882 жылы Қасиетті Синод Қазақ миссиясын ашты. 1898 жылы миссияның аймақта бірнеше миссиялық стандары болды. Ол миссия немен айналысты? Есептерге қарағанда, «миссионерлердің-дін қызметшілерінің қызметі ең алдымен, ауыл ауылды аралап қазақ тілінде Інжілді насихаттау, Қазақ Миссиясының ғибадатханасын салу, жаңадан шоқындырылған балалар үшін миссионерлік метептер салу болды». Шын мәнінде осылай болды ма? Жоғарыдағы рухани ұйымдарға шіркеу қызметкерлерінің маскүнемдігі және құдайға құлшылық ету кезінде олардың тәртіпті бұзғандығы туралы хабарлар жиі жетіп тұратын. Шіркеу қызметкерлерінің көп бөлігі өздерінің қандай қызмет атқаратынын түсінбеді, «нашар оқиды және әндетеді, шіркеу жарғысын білмейді, өмір бойы мас болып жүреді. Өзінің қызметіне лайықты емес болып шығады».

Кейбір шіркеу қызметкерлері өзінің маскүнемдігімен православие қағидаларын белден басқанымен қоймай, олар өздері секілді адамдарды дінге тартты немесе шоқынушылардың санын арттыру үшін жағымсыз тәсілдерді қолданды. Қазақ қызының ислам дінінен православиеге өту үшін қысқа уақыт ішінде (1896 жылғы сәуірдің 2 мен 5 аралығында) дайын болғандығы туралы дерек бар. Бірақ прокуратураның тергеуі оған «бірнеше күн бойы арақты мәжбүрлеп ішкізіп, өтірікпен шоқынғандығын» көрсетті.

Қазақ қоғамының патша үкіметінің дін саясатына әрекеті өткір болды. Христиан миссионерлерінің қызметі және исламды шектеу жергілікті халықтың наразылығын тудырды.  1889 жылы Ақмола облысының Көкшетау уезінің көшпенділері қазақтарда өздерінің муфтиін тағайындау туралы өтініш білдірді, бірақ ол өтініштері түбегейлі қабылданбады. Мешіт салуға қойылған тыйымдар оларды рұқсатсыз салуға алып келді. 1903 жылы Көкшетау, Петропавл, Ақмола, Павлодар, Семей қалаларында молдалар, мұғалімдер және қазақ студенттері енген жасырын діни ұйымдар құрылды. Олардың қызметі патша үкіметінің дін саясатына бағытталған еді. Бұл қозғалыстарды Науан Хазірет (Наурызбай Таласов), Мұхамеджан Бекішев, Шаймерден Қосшеғұлов және Смағұл Балжанов молдалар басқарды.

Ұлттық ерекшелікті сақтау мақсатында олар жергілікті қоғамды патшаның миссионерлік қызметіне белсене қарсы тұруға шақырды. Осылайша, олар Қазақ даласының беделді тұлғалары – Павлодар уезіндегі Сәдуақас Шормановқа, Семей облысының Семей уезіндегі Абай Құнанбаевқа қолдау көрсету өтінішінімен хат жолдайды.  Арам миссионердің құрбаны болған Қарамола болысының тұрғыны қазақ әйелі Малика Смағұлованың  шағымы  осындай қарсылық көрсетудің жарқын үлгісі болып табылады. Өзінің наразылығын ол Министрлер Комитетінің Төрағасы Граф Витте мырзаның атына жазған арызында көрсеткен.  1905 жылдың 18 желтоқсандағы арызында ол былай деп жазады.

Миссионер Алексейдің Горноярск қыстағында сөз байласу арқылы тұратын менің күйеуім Қарамола болысының қазағы Ысмайыл Какин православиені қабылдады. Сол миссионердің рұқсатымен Ысмайыл мені тастап, шоқындырылған басқа қазақ қызына үйленді. Менің және Ысмайылдың ортақ балаларымыз Әбубәкір, Елеусіз, Қайыржан және Әміржан менімен бірге қалды. Миссионерге менен күйеуімді және әкесінен балаларын алып қойғаны аздық етіп, ол менен балаларымды тартып алып, оларды шоқындыру  айласын ойластырды  және сол үшін уездік полиция қызметіне жүгінді. 

Менің күйеуім 1902 жылдың сәуірінде шоқындырылды, сол кезде менің ұлдарым Әбубәкір 12 жаста, Елеусіз 9 жаста, Қайыржан 6 жаста және Әміржан 3 жаста еді. Сол жылдың тамыз айында менен балаларым уездік бастық арқылы тартып алынды да, миссионерге берілді және олардың көз жастарына қарамастан, миссионердің қолымен шоқындырылды.

Менің балаларым да, күйеуім де ешқашан христиан болған емес, оған ешқандай дайындық жүргізбеген, балаларым зорлықпен шоқындырылды, ал күйеуім басқа әйелге үйлену үшін және ақшаға қызығушылықпен сондай қадамға барды. Ақша қазақ үшін маңызды еді, ең болмағанда аз уақыт ет жесе де.

Мұсылмандардың кіші жастағы балаларын шоқындыру заң бойынша олардың ата-анасының жазбаша рұқсатымен жүргізілуі тиіс  еді.  Миссионер менен балаларымды тартып алып, менің келісімімсіз оларды шоқындыруға қандай құқығы бар еді? Ешқандай. Менен балаларды күштеп тартып алу және оларды шоқындыру, тіпті дінге деген ешбір дайындығы жоқ, және қазірдің өзінде ол дін туралы ештеңе білмейтін, тек басқа әйелге үйлену қызығымен  күйеуімді шоқындыруды еріксіз және келісімсіз, тіпті заңға қайшы деп есептеген жөн, өйткені заң Апостол уағызы бойынша әрекет етуге бұйырады.   

1905 жылдың баршаға рақымды Манифесі халыққа ар-ұждан еркіндігін сыйлады. Енді миссионерлерге, олардың православты қазақтар санын заңсыз арттыруға ешқандай қажеттілігі жоқ. Менің балаларым маған қайтып оралғысы келеді, олар орыс болғысы, олардың дінін ұстанғысы келмейді, қазақ, мұсылман болып қалып, анасымен өмір сүргілері келеді. Бұл солардың сөздері, солардың арманы. Әбубәкір бұл туралы аймақтық сот прокурорына арызданды және сол арызында оны қалада тұтқындаған Уездік бастықты жауапқа тартқызуды сұрады. Прокурор бұл өтінішті губернаторға жіберді. Ол әлі күнге дейін қарастырылмады.

Енді мен 1905 жылдың 17 қазандағы Манифестке сәйкес Мәртебелі тақсырдан менің бабаларым 16 жасар Әбубәкірді, 13 жасар Елеусізді, 12 жасар Қайыржанды және 6 жасар Әміржанды менің рұқсатымсыз шоқындырылған, христиан болғысы және некеде бола тұра басқа әйелге үйлену арқылы қылмыс жасаған әкелерімен бірге тұрғысы келмейтін деп босатып, маған қайтаруыңызды сұраймын. Мәртебелі мырзаға балалары күшпен тартылып алынған ананың қасіреті түсінікті деп ойлаймын.  

Бір қызығы, Малика Смағұлова Ысмайыл Какин оны тастап, бабаларын тартып алғанына қарамастан, оның ар-намысын қорғауға тырысқан. Арызда миссионердің қазақ жаны үшін ешқандай ақша, айла-әрекеттерді аямағаны көрініп тұр.

Миссионерлік орталықтарды ұстау үшін көп ақша жұмсалғанын айта кету керек: «Император ІІІ Александрдың патшалық еткен кезеңінде Православты ғибадат ету ведомствосының қызметіне шолуда» келтірілген статистикалық деректерге негізделген орташа есеп бойынша, бір мұсылманды шоқындыру үшін шамамен  267 рубль жұмсалатын, ал бүкіл Ресей бойынша бұл көрсеткіш 77 рубль тең еді. Арыз Қасиетті Синодқа дейін жетті және жоғарғы орган бұл мәселенің басын ашуды және оны баяндауды талап етті.

Витте мырзаның жазбасы бойынша «Қазақ Малика Смағұлованың оның күйеуін миссонердің күштеп православиеге өткізгені жөніндегі өтініші туралы» іс Семей губернаторы генерал-майор Галкинге қайтып келді. 1907 жылдың шілде айында губернатор астанаға жауап беруге мәжбүр болды. Жауап қатаң және ымырасыз еді: «қазақ Ысмайыл Какин өзінің балаларымен 1902 жылдың тамыз айында шоқындырылды. 1905 жылдың 17 қазандағы оның және оның балалыры Әбубәкір, Қайыржан және Әміржан Смағұловтардың пікірінен Ысмайылдың балалары православиеге оның әкелерінің өтініші бойынша келгені, ал қазіргі кезде қайтадан мұсылмандыққа қайтып оралғысы келетіні, бірақ анасы Маликамен бірге тұрғысы келмейтіні, қайтадан мұсылмандыққа көшуді қалайтын әкесімен бірге қалғысы келетіні айтылған. Айтылғандардың негізінде Малика Смағұлованың балаларын күштеп шоқындыру жөніндегі арызы негізсіз болып табылады». 

Малика Смағұлова осы арызы үшін көп қасірет шекті. Жауаптан балаларды туған анасынан бас тартуға мәжбүрлегені, ал Маликаның өзі туған жерлерден басқа жаққа кетуіне тура келгені белгілі болып отыр. 1905 жылдың 17 сәуіріндегі Манифестің жарық көруі бір діннен екінші дінге ауысуға мүмкіндік берді, бұл мүмкіндікті көптеген бұрынғы мұсылмандар пайдаланды.

1907 жылы Омбыда Далалық генерал-губернатор жанында қазақ қоғамының рухани өміріндегі өзекті мәселелер талқыланған кеңес шақырылды. Бұл жерде православты миссионерлердің қызметін тоқтату қажеттілігі туралы талаптар да болды. Жергілікті халық православты қазақтардың қайтадан исламға еркін өтуін талап етті.  Ерекше Далалық муфтиат ашу ұсынылды. Кеңеске қатысушылар қазақ, татар және араб тілдерінде жарияланатын рухани кітаптардың цензурасын алып тастау проблемасын көтерді.  Бүгінгі күні православиеден бас тартқан мұсылмандардың нақты саны туралы дерек жоқ. Н.А. Смирновтың мәліметі бойынша, 1905-1907 жж. православиеден исламға 36 мың шоқындырылған татар мен башқұрт оралған.

Ф. Брайн-Беннингсеннің деректері бойынша, шамамен 50 мың татарлар 1905 ж. Манифесі жарық көргеннен кейін православты шіркеуді тастаған. Православиеден бас тартқан қазақтардың саны көп болды деп болжауға болады, өйткені барлығы бірдей дінін ауыстырғаны туралы полицияға тіркеп отырмаған.

Арман СҮЛЕЙМЕНОВ 

Аударған Г. Серікқызы

Фотосуреттер коллекционер  А. Ордабаевтың жеке қорынан. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English