«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

МАҢЫЗЫ ЖОҒАЛҒАН АТАУЛЫ МЕРЕКЕ

3126 0
МАҢЫЗЫ ЖОҒАЛҒАН АТАУЛЫ МЕРЕКЕ
Аға буын 7 қараша күнін жақсы біледі. Кеңес халқы үшін бұл күн жәй мереке емес, ерекше күн болатын. Сонымен бүгінгі күн Кеңес заманында несімен ерекшеленді?

Бұл күн социалистік құрылымның жеңісін, Коммунистік партияның қуатын, кеңес халқының бірлігін білдірді. Бұл мереке идеологиялық ұранмен қаныққан мереке болды. КСРО-ның басты мейрамының тарихы қызықты. 1917 жылдың 25 қазан күні қандай оқиға болды? Неге Ұлы Қазан социалистік төңкерісі 25 қазанда өтіп, 7 қараша күні тойланады? Тәуелсіз Қазақстан мектептерінде тарихты оқыған азаматтар үшін бұл күн таныс емес болар.

Кеңес кезеңінде Қазан төңкерісінің тарихын бір тоқсан бойы оқытатын еді. 1917 жылдың 25 қазан күні қандай оқиға болды? Қазанның 25-нен 26-на қараған түні (жаңа күн санау бойынша қарашаның 7-нен 8-не қараған түні) Петроградта большевиктердің көтерілісі болды. «Аврора» крейсерінің оқ ату белгісінен кейін қаруланған жұмысшылар, солдаттар және матростар Қысқы үйді басып алды, Уақытша үкіметті құлатып, Кеңестер билігін жария етті. Неге күндермен жаңылыс болды? 1918 жылы Халық комиссарлары кеңесінің декретіне сәйкес күнтізбеге 13 күн қосылды – 31 қаңтардан кейін бірден 14 ақпан келді, сондықтан 25 қазан күні 13 күн алдыға қарай (7 қараша) жылжытылды.

Қазан төңкерісінің 50-жылдығын тойлау. Целиноград қаласы 1967 жыл, 7 қараша

Осылайша күнді Григориан күнтізбесі бойынша есептейтін болды. 1918 жылдың 7 қараша күні Мәскеудегі Қызыл алаңда Қазан төңкерісінің алғашқы мерейтойына арналған шеру өтті. 1927 жылдың 26 қазан күні КСРО ОАК Президиумы «Қазан төңкерісінің мерейтойы 1927 жылдан бастап жыл сайын екі күн – 7 мен 8 қараша күндері тойланады. Бұл мереке күндері КСРО-ның бүкіл аумағында жұмыс жасауға рұқсат етілмейді» деп қаулы етті. Қазан төңкерісінің нәтижесінде Ресейде буржуазия мен помещиктердің билігі құлатылып, пролетариат диктатурасы орнатылды, кеңестік социалистік мемлекет құрылды.

Ұлы Қазан социалистік төңкерісі марксизм-ленинизм жеңісіне айналды, адамзат тарихындағы жаңа ғасырды – капитализмнен социализмге және коммунизмге көшу ғасырын ашты. Осылайша бұл күн КСРО-дағы ең маңызды мерекеге айналды. Осы күні Мәскеудегі Қызыл алаңда, сондай-ақ КСРО-ның облыстық және аймақтық орталықтарында жұмысшылардың шеруі, әскери парадтар, митингілер, халықтық сауық-сайрандар өтетін еді. 7 және 8 қараша күндері демалыс күндері болды.

Қазан төңкерісінің 50-жылдығын тойлау. Целиноград қаласы 1967 жыл, 7 қараша

Мұрағаттық суреттерде 1967 жылы Целиноград қаласында өткен шеру мен мерекелік митингі көрсетілген. Целиноград қ. Қазан төңкерісінің құрметіне орай соңғы әскери шеру Мәскеудегі Қызыл алаңда 1990 жылы өтті. Салтанатты мереке басталмас бұрын КСРО Президенті М.С. Горбачев жаңа Одақтық шартқа қол қойылғаны туралы мәлімдеді. 1991 жылдың тамыз айындағы оқиғалар нәтижесінде КОКП өз билігін жоғалтып, оған тыйым салынды, сондықтан 1991 жылдың 7 қараша күні Қазан төңкерісінің мерейтойына байланысты ресми іс-шаралар өткізілмейтін болды. 

КСРО ыдырған соң тәуелсіз мемлекетке айналған оның бұрынғы республикалары Қазан төңкерісін тойлаудан бас тартты. Алайда кейбір республикаларда 7 қараша күні әлі күнге дейін демалыс күні болып қалып отыр. Социализмнің және кеңестік биліктің жақтастары үшін бұл мереке жандарына жақын болды және 7 қараша күні кеңес қоғамының сақталып қалған қағидаларының бірі ретінде қабылданды. Ресей Федерациясында бұл мереке бірнеше өзгерістерге ұшырады.

7 қараша Мәскеудегі әскери шеру (1941 жылғы) құрметіне 1995 жылы РФ-да Әскери даңқ күні деп белгіленді. 1996 жылдан бастап бұл күн Келісім және татулық күні деп аталатын болды. 2005 жылдан бастап Халықтар бірлігі күні деген жаңа мемлекеттік мереке пайда болды. Кеңестік мерекенің болмауына және оның әу бастағы идеологиялық маңызын жоғалтқанына қарамастан, бұл күн посткеңестік кеңістікте танымалдыққа ие. Бұл мереке Белорусьте, Қырғызстанда, Приднестровьеде әлі күнге дейін тойланады.

Арман СҮЛЕЙМЕНОВ

Аударған Гүлнұр Серікқызы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English