«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

КҮЛДІРГІ СУРЕТТЕР КЕРУЕНІ

4496 0
КҮЛДІРГІ СУРЕТТЕР КЕРУЕНІ
Ұсынылған бұл мақалада қазақ карикатурасының кімнен басталады, совет кезеңі сатирик-суретшілерінің ерекшелігі неде, тәуелсіздік жемістері қандай деген сауалдарға жауап іздейді.

Қазақ карикатурасы Шоқаннан басталады

Қазақтың ағартушы ғұламасы Шоқан Уәлихановтің салған суреттері қазақ бейнелеу өнерінде жоғары бағаланады. Оның көптеген графикалық суреттері, атап айтқанда «Салпаң мұртты қарт», «Балдан кейін», «Қоғалдай мен Тоғолдай», т.б. уытты әзілге, қуақы-күлкіге арналған.

Графикалық суретердің ішіндегі сатиралық жанры бейнелеу өнерінің басқа салаларына қарағандағы айырмашылығы, еркіндігі мен ауытқушылығында жатыр. Мәселен кескіндемеде нақты көрініс болатын болса, сатиралық графика әзілдей отырып, ой айтуға құштарланады. Бұл жағынан алғанда Шоқанның адам мінез-құлқын дөп басып бере алатын психолог, шеберлігі жоғары суретші екені білінеді. Шеберлік суретшінің техникасына тығыз байланысты, сызықтардың үйлесімді түсуі, нәзік те әсем із қалдыруы және жарық пен көлеңкенің жарасымдылығы, ең бастысы айтылар ой мен әжуаның біте қабысуы суреттің бағын ашады.

Шоқан өзінің күнделіктерін, жолжазбаларын суретпен көркемдеп, көрнекі материалмен толықтырып отырған. Қазіргі уақытта Шоқаннан бізге мұра боп қалған 150-ге тарта сурет бар. Оның інісі Мақы да суретші болған, болғанда да қазақтан шыққан алғашқы кәсіби суретші.

«Ара» – «Шмель» журналы карикатураға жол ашты

Республикалық «Ара» – «Шмель» журналы 1956 жылдан жарыққа шықты. Негізінен  сатиралық бағытта жасақталған журнал редакциясына қаламының желі бар, қарындашының ұшы бар сатирик-карикатурашылар  жиналды. Карикатурамен қатар шарж өнерін де бірдей меңгерген Николай Казанцев, ұлттық карикатура өнерінде өзіндік ізі бар Нағым Нұрмағамбетов, Марат Нұрқалиев, т.б. қазаққа тән әзіл-оспақ, уытты әжуаның шебер үйлестіріп, карикатура тарихында есімдерін қалдырды.

Осылардың ішінде саяси карикатура жанрында қаламұшын сайлаған Жұмағали Қанапиянов «Сатира бейбітшілік жолындағы күресте» атты халықаралық көрмеге бірнеше рет (1976, 1979, 1980, 1983) қатысып, «Американша көмек» (1980) карикатурасы үшін медальмен марапатталған екен. Сонымен қатар 1988 жылы Алматыда Қазақ ССР Мәдениет министрлігі мен «Огни Алатау» газеті ұйымдастырған бүкілодақтық «Карикатура – қайта құру қаруы» атты көрмеге 250 көркем туынды қатысқан. Суретшілер бюрократтық іс-әрекеттерді, парақорлықты, тамыр-таныстықты және тоқырау кезеңінің басқа да жағымсыз құбылыстарын батыл сынға алды.

Тәуелсіздік жылдарындағы карикатура мен шарж

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында қазақ даласындағы еркіндік пен демократияның таза ауасы өнер адамдарына ерекше шабыт сыйлағаны секілді қазақ сатиралық суретшілерінің де қаламына жел бітті. Жекешелендіру, советтік ертегі, қазақ тілінің тағдыры, нарықтық экономика салдары тақырыбында өткір-өткір суреттерімен танылған карикатурашы – Еркін Нұразхан.

Суреттерінің ешкімге ұқсамайтын табиғаты мен қайталанбас дара таланты суретшіні «Қазақ карикатурасының королі» деп бағалауға мәжбүр етті. «Кімге күлеміз?», «Шарж шеруі» атты сатиралық фотоальбомын шығарып, ұлттық әзі-сықақ жанрында талмай еңбектенген шарж шеберінің суреті қисық болғанымен, ниеті түзу. Оның елімізге 300-ге жуық танымал қайраткер тұлғалармен достық әзілдескен. Шарж – уытты жанр, сыналған адамның бет-әлпетінен оның бар бітім болмысын, қасиеті мен қабілеті танылуға тиіс. «Шарж біздің қасиетімізбен қоса қасиетсіздігімізді де көрсетеді» деген атақты Асқар Сүлейменов өзінің мыстан кемпірге ұқсап қалған бейнесіне қарап, «ну и что ж, ұқсап тұрған соң, амал не...» депті.

Еркін Нұразханның ізін жалғаған талантты суретшілер де аз емес. Әбіш ақсақал «қыз мінезді қарақшы» деп таныған Ғалым Смағұл, Айдарбек Ғазизұлы,  Нұрлан Тазабеков, т.б. қазақ оқырмандарына жақсы таныс.

Қаламының желі, қарындашының ұшы бар

Қазақ жазушыларының арасында да әзіл суретке бейімі бар бірнеше қаламгерді атауға болады. Садықбек Адамбеков пен Қалмұқан Исабаев, Олжас Сүлейменов пен Сұлтан Қалиевтардың жазу арасында  сурет салғанда шын шеберді де састыратын өнері бар екен.

Атақты театр және кино майталманы Асанәлі Әшімовтің өз қолтаңбасының орнына қырынан қарап тұрған портретін санаулы минуттардың ішінде сүйкектеп салып беретін қасиетін талай көрдік.

Күлкі адамның жасын ұзартады. Әзіл суреттерді көре отырып, қоғамдағы қайшылықты оқиғаларды біле отырып, адамдар арасындағы түрлі мінездер шеруін тамашалай отырып, жарқын өмір сүру – мұратымызға айналсын дейік. Ұлы, талантты актер Сағи Әшімовтің де әкеге тартып туған ұл екенін айғақтайтын өнері де бар екен.  

 

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)
 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English