«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ақылбек Ахметжанов: Қазақтың «Сұлтан» атағын жаңғыртсақ дейміз

2497 0
Ақылбек Ахметжанов: Қазақтың «Сұлтан» атағын жаңғыртсақ дейміз
Ұлт мекені Ұлытауды қалай ұлықтауды, түркі әлемінің орталығына айналдыруды, туристік бағыттарды дамыту, одан қалды жас ұрпаққа таныстыруды ойымнан еш шығарған емеспін

Ақылбек Ахметжанов мамандығы өзге бола тұра, тарих саласына қатысты игілікті іс-шаралардан шет қалған емес. «Ұлытау – ұлт ұясы» қоғамдық қорының директоры ретінде ол 2010 жылдан бері көптеген салтанатты шараларға ұйытқы болып, жоғары деңгейде өткізілуіне атсалысты. Шыңғысхан әулетінің текті ұрпағы болғандықтан, өз тарихына деген жанашырлығы, сөзбен емес іспен көрсетуге құштар көмегі оны дүниежүзілік Шыңғыс хан орденінің иегері атандырды. 

А. Ахметжанов 1965 жылғы 15 қарашада БҚО облысының Казталовка ауылында дүниеге келген. 1982 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын химия-биология мамандығы бойынша бітірген. Ақылбек Ахметжанов еліміздегі көптеген тарихи-қоғамдық іс-шаралардың ұйытқысы болған, атап айтқанда: 2010 жылы Ұлытау экспедиясы; 2011 жылы Түркістанда өткен халықаралық конференция (Монғолия, Қытай, Түркия, Ресей, Иран т.б. елдерден делегациялар қатысқан); 2012 жылы Хақназар ханның кенесенінің ашылуы; 2013 жылы Абылай ханның 300 жылдығы конференциясы; 2015 жылы Ұлытауда Жошы ханға арналған конференцияларына атсалысқан. 

Ақылбек Мақсұтұлы, сұхбатымызды алдымен тарихқа деген бетбұрысыңыздан бастасақ, қызығушылығыңыз қашаннан бастап пайда болды? 

Жас кезімізде тарихқа, ұлттық құндылықтарымызды танып-білуге аса мән бере қоймадық. Себебі сол кезең соны талап етті, өсе келе шыққан тегімізді, төл тарихымызды кеңірек білгеннен кейін тереңірен үңіліп, ұғынуға қызығушылығым артты. Тарихын білмеген адам өзін ұлтын жоғалтады, осы тұрғыда тарихқа деген құрметім, қызығушылығым жоғары болды. 

Сіздің өмірбаяныңызға қарап отырсақ, текті жерден шыққансыз, атақты Шыңғыс ханның ұрпағы болып келесіз, шығу тегіңіз жөнінде баяндап берсеңіз. 

Әкем Мақсұт – өмір бойы ұстаз болып, білім саласында қызмет атқарған адам. Оның мұғалім болуының өзіндік тарихы бар: XVIII ғасырда өмір сүрген арғы атамыз Досқазы өз қаражатына мектеп салдырып, ағартумен айналысқан. Бүгінгі таңда Алма Оразбаеваның есімі берілген сол мектеп күні қазірге дейін жұмыс істейді. Ал менің ата-анам сол мектепте өмір бойы ұстаздық қызмет атқарған еді. Одан өзге әкемнің қазақ хандарының ұрпағы шежіресінің шығуына ықпалы зор болды. Көргені мен түйгені мол зерттеуші Арман Қиятов әкемізге өз батасын беріп, шежірені жасап шығаруға да ой тастаған болатын. 

Атам Ахметжан (Ахметші) өте білімді, сауатты кісі болған, кезінде жоғары қызметте, атап айтар болсақ, Кеңес үкіметі орнаған тұста 1918 жылы Лбищенск РКП (б) І хатшысы қызметін атқарыпты. Жолдасы Зейнеп Қазан мүфтиінің қызы, Жәңгір ханның 4 әйелі Фатиманың туған сіңлісі. Сонда Ахметжан атам Жәңгірмен туған бажа болып шығады. 

Осы жерде тағы бір тоқтала кететін мәселе: атамыз бен әжеміз сол кезде Бөкей Ордасында 16 мешіттің ашылуына тікелей атсалысқан. Қазіргі таңда сол мешіттердің Беспішен, Ордабай деген жерлерде орындары ғана сақталған. Одан арғы атамыз Шамсиятдин қазақ сұлтандарының бірі болған, Орынбордағы Неплюев училищесінің түлегі, ал жолдасы, яғни ұлы әжеміз қазақтың тұңғыш академигі, Орыс ғылым академиясының мүшесі, Орыс империялық географиялық қоғамының мүшесі Мұхамед-Салық Бабажановтың қызы екен. 

Одан арғы тегімізге көз жүгіртсек, қазақтың атақты хандары Қайып хан мен Есім ханға дейін жалғасамыз. Осындай текті ұядан болғаннан кейін де жоғарыдағы тұлғалардың есімдері аталған жерде тарихқа деген құрмет ерекше. Өкінішке қарай 30-ыншы жылдардағы қудалау кезінде аталарымыздың хан ұрпағынан екендігін білген большевиктер отбасы мүшелерімен бірге ату жазасына ұшыратқан. Бұның өзі тарихымыздың жаралы беттерінің бірі болып қалады. 

Сіздің әкеңіз Мақсұттың Қазақ хандары және оның ұрпақтарынан Есім ханнан тараған шежірені жасаудың бастамашысы болғаны жайында айтсаңыз. Шежіре қолыңызда бар ма? Кітап болып басылды ма? 

Иә, әкеміз жасаған шежіреге сол саланың мамандары, әсіресе Арман Қиятов секілді белгілі адамдардың лайықты бағасын беруі мені қуантады. Шежіре демекші, осыған байланысты бір оқиға ойыма келіп отыр, жоғарыда есімі аталған Зейнеп әжеміздің білезігі болған, бала күнімізде ойнап жүріп әлгі білезіктің қадірін білмей құдыққа тастап жібергенбіз. Кейін оны қайта алып, есейе келе біліп жатырмыз, сөйтсек біздің ойыншыққа айналдырып жүрген білезігімізде біздің әулеттің үлкен шежіресі жазылған екен. Міне, осындайда қызықты сәттер бар. Сіздің негізгі мамандығыңыз жаратылыстану саласы (химик-биолог) соған қарамастан, сіз көптеген қоғамдық-тарихи іс-шараларға белсенді атсалысасыз. Бұл әрекетіңіз тарихқа деген қызығушылығыңыз ба, әлде орайлы сәттерді пайдаланып қалатын арзан пиар түрі ме? Біздің тарихымыздың тұнып тұрған тұңғиық сырлары, оның әлі ашылмаған құпиясы көп, осыдан келіп тарихымызға қатысты құбылыс, атаулы оқиғаларға белсене атсалысамын. Біздің тарихымыз терең және біздің әлі білмейтініміз көп, соны анықтап, болашақ ұрпаққа қалдыру – біздің парызымыз. 

Сіз Шыңғыс хан атындағы дүниежүзілік орденмен марапатталған екенсіз. Бұл марапат сізге не береді? Сыйдың сіз үшін ерекшелігі неде? 

Шыңғыс хан орденінің өзіндік маңызы бар, ол жыл сайын сәуір айында фестиваль түрінде ұйымдастырылады. Аталған орден әлемнің атақты тұлғаларына беріледі, атап айтар болсақ, орденді марапатталғандардың қатарында қатарында Испания королі Хуан Карлос, Ұлыбритания принці Чарльз, өзіміздің танымал жазушы Мұхтар Мағауин секілді тұлғалар бар. Мен үшін, менің өмірім үшін Ұлытау сапарының маңызы зор болды, экспедицияны ұйымдастыруда, жүргізуде көп ақпаратқа көзіміз жетті, тарихымыздың жаңа парақтарын таныдық. Одан өзге 2011 жылы қазақтың атақты 22 ханы жерленген қасиетті Түркістанда халықаралық конференцияның өткізілуіне (Монғолия, Қытай, Түркия, Ресей, Иран, тб. елдерден делегациялар қатысты) ықпалым болды, 2012 жылы Хақназар ханның кесенесінің ашылуы жолында еңбектендік, одан бері өздеріңіз білетін 2013 жылы Абылай ханның 300 жылдығы конференциясын ұйымдастырдық. Және бір тағылымды оқиға: 2015 жылы Ұлытауда Жошы ханға арналған конференциясының өткізілуіне тікелей атсалысып, игілікті іс-шаралардың басы-қасында болған жайым бар. 

59fd7380eef5f331d17cd453354996d9.jpg

Осыдан келіп бір жақсы ой туады: ұлт мекені Ұлытауды қалай ұлықтауды, түркі әлемінің орталығына айналдыруды, туристік бағыттарды дамыту, одан қалды жас ұрпаққа таныстыруды ойымнан еш шығарған емеспін. Жыл сайын «Алтын белгімен» бітірген жас түлектердің марапаттау рәсімін неге сол Ұлытаудың етегінде өткізбеске?! Жер кіндігі Ұлытауда үлкен өмірге қадам басқан жастардың келешек үмітін неге үкілемеске? Бұдан түйетін қорытынды: жас ұрпақ туған жер тұнығын танып-біледі, тарихқа деген жаңа көзқарастары қалыптасады, отан, туған жерге деген патриоттық рухтары күшейеді. 

Тағы бір ойым: ежелгі «сұлтан» атағын қайта жаңғырту, қазіргі таңда елге, тарихқа еңбегі сіңіп, тер төгіп жүрген азаматтарымызға «сұлтан» атағын беруді көздеймін. Қазіргі уақытта қоғамда қазақтың ер-азаматтарының атына сын көп айтылады. Мұндай жағдайда аталған сый-құрметтер олардың мәртебесінің өсуіне, отбасын сақтаушы, мемлекетті қалыптастырушы адам ретіндегі орны айқындала түсері анық. Көне дәуірлерде «сұлтан» атағына тек Шыңғысхан әулетінің тұқымдары ғана иеленсе, ендігі жерде бұл тектік, әулеттен қалыптан асып, кең масштабта қолданылса деген ойымыз бар. Бұл бізде бар нәрсе, өзіміздің осындай құндылықтарымызды қолға алып дәстүрге айналдырсақ нұр үстіне нұр болар еді. 

86b251be34cf596578ff90c399d4e402.jpg

Көпті көрген тарих ізденушісі, жанашыры ретінде тарих әлемін мазалап әлі толық құпиясы ашылмаған Алаша хан және оның мазары туралы сіздің ойыңыз қандай? 

Шындығына келсек Алаша хан кесенесі төңірегіндегі шындық, ақиқат, аңыз әртүрлі және әрқайсынының өзіндік зерттеу, ой-пікір, дәлелдемелері бар. Олар ұсынған гипотезалармен де таныспын. Ал өз көргенім бойынша айтар болсам, кесененің қасиеті мен құдіретіне әлі таң қалам, сәулет құрылысы өте күрделі, таң қалдыратыны: сол күмбезге жоғарғы жағынан түскен күн сәулесінен Алла деген жазу пайда болады және ол күн шыққаннан батқанша дейін шығып тұрады. Бұны Алаша хан кесенесінің өзіндік бір сәулеттік құдіреті десек те болады. 

Ақылбек аға, осы тарихтан өз ұғып-түйгендеріңізді жарыққа шығару ойыңызда бар ма? 

Шынымды айтсам, бұл ойыма келмепті, негізінен тарихты жалпы жұртқа оның ішінде жас ұрпақ жадына сіңіру жолында көптеген жақсы идеялар бар. Соның бірі енді сіз айтқан осы ой болары күмәнсіз.

Алдағы уақытта тарихымызды тани түсу жолындағы жоспарыңыз қандай? 

Болашаққа жоспар көп, қазіргі таңда үлкен бір тарихи маңызы бар іс қолға алынуда, оның барлығы көп ізденіп еңбектенуді, сонымен қатар уақыт пен қаржыны талап етеді. Уақыты келіп жасалған дүние дайын болған кезде оны да баян ететін боламыз. 

Сұхбатыңызға көп рахмет! Төл тарихымызды танып біліп, жаңғыртатын өзіңіздей азаматтар көп болсын! 

Сұхбаттасқан: Заңғар КӘРІМХАН, Дәулет ІЗТІЛЕУОВ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English