«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Есіл бойындағы ескі бейіт

3152 0
Есіл бойындағы ескі бейіт
Атбасар қаласынан шығып Қима ауданына баратын жолда 16-17 шақырым шамасында «Киікбай адыры» деп аталатын адыр кездеседі

Еліміз өз егемендігін жариялағаннан бергі ширек ғасыр уақыт жүзінде екі жарым ғасырға созылған отаршылдық кезеңнің саяси-рухани зардаптарының орын толтырып, өшкенін жандырып, өткенді тірілтіп, метрополия сіңірген бодандық санадан арыла түсті, осының арқасында зор жаңғырулар мен табыстарға қол жеткізді деп сеніммен айтуымызға болады. Соның бір көрінісі – есімдерін аудан, ауыл, көше, түрлі оқу орындарына, т.б. беріп, еңселі ескерткіштер тұрғызбақ түгілі, алдыңғы толқын аттарын атаудан қашатын, кейінгі бірнеше толқын буын олар жайлы мүлде естімеген талай арыстарымызды – хандарымыз бен сұлтандарымызды, батырларымыз бен би-шешендерімізді, ақын-жырауларымызды, алаштың аяулы арыстарын тарих шаңынан аршып алып, Алашнама айналымына енгізіп үлгердік. 

Кутузовтар мен Суворовтар, Невскийлер мен Донскойлардың ерлігіне тамсанып, мол шоғыры ұлттық рухтан жетім өскен кешегі жас ұрпақтың көшін Қабанбай мен Бөгенбай, Наурызбайдың, Хан Кене мен Ағыбайдың тәуелсіздік пен бірлік жолындағы күресін ұлықтаған, азат ойлы арда ұрпақ жалғастырды. Яғни, ертеңгі ұрпақтың ұлттық рухани құндылықтарға деген сұранысы еселеп арта береді, ел мен жерінің тарихына олар бүгінгіден де сергек қарайтын болады деген сөз. Осы мақалада ары қарайғы айтылар ойлар мен келтіретін деректер мен пікірлер де қасиетті қазақ жеріндегі жер-су атауларына, оның ішінде Атбасар өңіріндегі Киікбай бейіті туралы болмақ. 

Сонымен «Киікбай деген кім? Ол қай кезеңнің өкілі? Ол туралы қандай деректер, пікірлер бар? Ұрпақтары кім?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік. 

Осы ретте Ақмола өңірінің тумасы, қазақ халқының аяулы қыздарының бірі, кеше ғана дүниеден өткен жазушы, өлкетанушы Клара Әмірқызының мына толғамы мен дерегін молынан қамтып, айтылар ойымызға тамызық етейік: «Қиындықтан бас көтере алмай қалған халқымыз өз тарихында талай ақтаңдақ кезең қалдырғаны белгілі. Осындай кезеңнің бірі – «Ақтабан шұбырынды» жылдарындағы ел қорғаған батырлар дәуірі. Біреуінің атағы мен ерлігі дәріптелсе, біреулерінің ерлігі ескерусіз қала беретініне қауымдағы жағдай, кейде келіссіз әдеттер де себепкер екенін де көріп келеміз. Туған даламыз оқи білген адамға ашып тастаған кітаппен бірдей деген ұғымның да шындық екеніне жұмыс бабында көзім жетті. Абайлап, мән беріп, әсіресе, жер атауларының шығу себептерін жергілікті тұрғындардан сұрастыра жүрсең көп дерек ашылады екен. Тарихи зерттеулермен қауышып жатса еңбегіңнің заяға кетпегені. 

Атбасар қаласынан шығып Қима ауданына баратын жолда 16-17 шақырым шамасында «Киікбай адыры» деп аталатын адыр кездеседі. Осы адырдың үстінде уақыттың озғандығынан, жел мен судан мүжілсе де әжептәуір көлемде жалғыз зират тұратын. Зираттың қасына барып көргенімізде оны сол ауданның қыратты жерлерінде көп кездесетін жақпақ (плетняк) тастардан қаланғанын көрдік... 

Тарихи деректер мен аңыз әңгімелерді жию үшін әрқашан үлкендердің бас қосқан жерінен қалмауды әдетке айналдырған кезім болатын. Бұл тамның сырын ашу үшін де сол әдетімді пайдаланып көрдім. Сондағы бар тапқаным, қысқа ғана «қалмақтармен соғысқанда қаза тапқан Киікбай батырдың тамы ғой» дегеннен басқа жарытымды әңгіме кездеспеді....» [1, 44]. 

Зерттеуші «Қиылған ғұмырлар» атты еңбегінде зираттың сипаттамасын жазып, Киікбай зиратын В.И. Иванов атты фотосуретшіге суретке түсіртіп алғандығын, кейіннен сол жердің бір тұрғыны жауынгердің темір торлы сауытын тауып әкеліп бергендігін, олардың экспонат ретінде Атбасар мұражайына қойылғандығын келтіреді. Әрі осы өңірде расында да 1740-1741 жылдары жоңғарлармен шайқас болғандығына «Казахстан в ХVІІІ веке» атты кітап арқылы көзі жеткенін айтып өтеді. Төбе басындағы зираттың 1992-1993 жылдары орны ғана қалғандығын Клара Әмірқызы былай деп ашына жазған екен: «Өлі риза болмай, тірі байымас» деген киелі қағидамызды да ұмыттық-ау шіркін! Қай елге қарсаң да өзінің өткенін қастерлеп, көздің қарашығындай сақтап жатыр ғой. Ал біз жалғыз моланы жермен жексен еттік. Осындай келеңсіз жағдайды сол маңның адамдары байқамауы мүмкін емес қой. Бірақ, сайып келгенде, ұлттық қасиет деңгейінің тым төмендеп кеткенінің белгісі осы дегеннен басқа амал қалмаған сияқты.

1740-41 жылдардан бері екі жарым ғасыр бойы тұрған зират екі-үш жыл ішінде қолды болды. Аруақ пен Құдайды қойып, адамгершіліктен шыққан озбырлардың ісі осылай болмақ» [1, 45]. 

Енді осы тасы тоналған бейітте жатқан Киікбай кім деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Клара Әмірқызы өз кітабында Тарақтының, Қарауылдың батыры еді деп дәлелдеуге тырысқандар болды деп ескертіп өтеді. Енді бір уәж: сонау баба мекен Алтайдан, дәлірек айтқанда Баян-Өлгейден қазақтың қалың ортасына тәуелсіздік жылдарында жеткен ағайындардан болмақ. 

76be9c74d2fbbf1cfc8d457faca690b7.jpg

Қазақтың Орта жүзіне жататын керей руының шеруші тайпасынан шыққан, жоңғар шапқыншылығы заманында өмір сүріп, жаугершілікте қаза болған Байғараұлы Киікбай – Қытай, Моңғолияда өмір сүретін қазақтар арасында есімі таныс тұлға. Киікбай батыр шамамен ХVІІ ғасырдың соңында Қалба өңірінде дүниеге келіп 1740-ыншы жылдары Арқа жерінде қаза болған. Ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткен шежіре деректерде Арқалықтың Алғадай, Ақ өзені деген өлкеде көшіп-жайлап жүргенде өмірден өткендігі күні бүгінге дейін айтылады. 

Киікбай Байғараұлы тарихтағы нақты ерлігімен, қолбасшылығымен даңқы мәлім Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Ер Жәнібектердей болмағанымен, екі жарым ғасыр жүзінде ұрпақ жадында үлкен құрметпен жаңғырып келе жатуы да бір кездегі ерлік істерін ескергендіктен болар. Киікбай батыр жайлы арнайы зерттеу еңбектер, кітаптар жоқ, дегенмен, ол өмір сүрген кезеңді қамтитын немесе батыр ұрпақтары туралы шығармаларда аталынып отырады. Шыңжаң, Моңғолияда тұратын қаламгерлердің роман-хикаяттарынан оған мысалды көптеп табуға болады. Қазақ тарихында көптеген Жәнібектер немесе Барақтар, Қожабергендер сияқты Киікбай аталатын белгілі адамдар көп емес. Киікбайдың Ер Жәнібекке дейінгі керей-уақ руларының аға батырлары Қотырақ, Барақ, Бармақтармен тұрғылас адам екендігі ауызша әңгімелерден белгілі. 

Киікбайдың әкесі Байғара Сатыбалдыұлы – оташылықпен аты шыққан адам екен. «Оташы аға» делініп жүріп, ақыры Отағасы деген лақап есімі орныққан. Киікбайдан өзге Байгелді, Жангелді, Теңізбай, Жайықбай, Елікбай, Белгібай қатарлы ұлдары болған. Киікбайдың ел жадында анық қалған ерліктерінің бірі – Сыр бойында жүргенде мал-жанға шабуыл жасаған жолбарысты найзалап өлтіргендігі. Расында да ХІХ ғасырдың соңына дейін Сыр, Балқаштың ну қамыстарында тұран жолбарысы өмір сүрсе керек. Бұл оқиға Орта жүз руларының, соның ішінде абақ керейдің Сыр бойынан Орға, Елек пен Жайыққа үдере көшкен тұста болған деп есептейміз. 

Тарихтан белгілі, Алтайдан Еділге дейінгі қазақ, т.б. халықтар ХҮІ ғасырдан бастап ойрат тайпаларының шапқыншылығына ұшырай бастады. ХҮІІ ғасырда «итжығыс түсіп жүрген» қазақтар Тәуке хан өлімінен кейінгі бытыраушылық салдарынан, 1723 жылы Жоңғар қонтайшысы Цэвээн-Равданның қанды қырғынына ұшырады. Сыр бойына шұбырып жеткен елдің соңынан қуа келген жоңғар шапқыншылығынан бас сауғалаған Орта жүз рулары Ор мен Жайыққа ығысты. Жайық, Елек, Ор барған Орта жүз құрамында Бердәулетұлы Ер Жәнібек бастаған абақ керей рулары да Ордың Қарағашы деген жерге жетіп, отты-сулы өлкеде аз жыл дамылдайды. Орға барған көш туралы халық жырларында да, жазба ақындар шығармашылығында да мол ұшырасады: 

«Бір күнде он екі абақ төмен жүрген, 

Бай малына береке қыдыр келген. 

Он екі ауыл ол керей ауып келген, 

Тоқсан өзен Торғайты деген жерден. 

 Ордың Қара ағашын өрлеп келген...» дейді әйгілі ақын, шежіреші Ақыт Үлімжіұлы (1868-1940) [2, 134]. 

1726 жылдан бастап қазақтар қайтадан ес жинап, жоңғарларға қарсы күш біріктіріп, елеулі шайқастар жүргізді. Яғни, 1726 жылғы Бұланты, 1729 жылғы Аңырақай шайқастары қазақтардың жеңісімен аяқталады. Жайық, Ор бойындағы орыс бекіністері қазақтардың аса шоғырлануынан қауіптеніп ығыстыруы, жайылым тарлығы т.б. себептермен елдің беті Арқаға ауады. Қонтайшы Галданцэрээн тұсында қазақтар жаңа шапқыншылық жорықтарына тап болады. Соның бірі 1741 жылы Септен ноян бастаған 15 мың ойрат қолы Есіл бойын ойрандайды. Тарихшы В.А. Моисеев Ресейдің Сыртқы саясат бөлімі мұрағаты негізінде былай деп көрсетеді: «О приезде в киргис-кайсацкие орды контайшинских калмыков в пятнадцати тысячах о нападении на кайсацкие орды владения Увак-Гирея, Абулмамбет и Барак-салтанов и которые кочевали около Иртышу и Ишиму рек» [3, 115]. Абылайдың Шідерті бойында жоңғарларға тұтқындалатыны да осы жыл еді. 

Демек, Киікбай батыр осы қым-қуыт соғыстардың бірінде қаза болған деп топшылауға болады. Киікбай батыр жерленген Есіл бойы, Атбасар өңірі – қазақтың рулық жөнінен алғанда, Арқа бойын ен жайлаған Арғын руларының мекендеген атақонысы болып табылады. Киікбай батырдың елі абақ керейлер Ордан кері бұрылғанда біраз жылдар осы өлкеде қоныстанып, Жоңғар хандығы жойылған соң Алтайға асқан еді. Жоғарыда аталған тоқсан өзен Торғайты дегені – осы күнгі Торғай даласы екендігі даусыз. Алғадай мен Ақ өзен әзірге беймәлім. Алғадай мүмкін, Атбасардың бұрынғы атауы болар. «Атбасар» – «ат базар» – Ресеймен сауда қатынасы жолға қойылғаннан кейін пайда болған атау ғой. 

Торғай мен Алтай арасындағы 30 жылдан астам уақытқа созылған керей көшінің сорабының ізі жер-су атаулары мен кейіннен салаланып өскен абақ руларының атауларымен астасып жатыр. Ұлы Абайдың арғы аталары да дәл осы жолмен көше-көше Шыңғыстауға ат басын тірегенде, олардың да жолай туған ата-бабасы Ырғызбай, Торғай, Кеңгірбай деген есімге ие болса, керей ішіндегі Торғай, Тасбике, Жантеке, Жабай, Нұра, Ботағара, т.б. атаулардың Сарыарқадағы жер-су аттарына қатысын осы кезеңнен іздеген жөн болар.

Киікбай батырдың елі Сарыарқаны көктей өтіп, Ертіс басына ат басын тіреп, сонда тұрақтаған. Кейіннен 1864 жылдары Алтайдың теріскей бетіне немесе қазіргі Баян-Өлгейге алғаш қоныс аударушылар болды. Бұл көшті бастаған Киікбайдың шөбересі Жылқышы би еді. Киікбайдың Арық, Құл, Көбеген, Онбай деген төрт ұлынан өрбіген түтін саны бүгіндері шамамен екі мың шаңыраққа жетіп, негізінен Баян-Өлкеде, Қытай Шыңжаңының Алтай аймағында өмір сүруде. Атажұртқа оралғандарының өзі 300-дей отбасы, отанымыздың әр түкпірінде тірлік кешіп жатыр. Киікбай ұрпақтары кешегі қызыл Моңғолия мен қызыл Қытайдың маошыл үкіметі жылдарының өзінде ел билеу ісінен қол үзбей келген еді. Осы әулеттен шыққан көптеген адамдар 1938 жылғы сталиндік зұлматтың құрбаны болып, кейіннен ақталды. Ата-баба аманатын арқалап жеткен ұрпақтарының бір шоғыры бұл күнде баба сүйегі жатқан Атбасар топырағына көшіп келіп, ел қатарлы өмір сүруде. 

«Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, бұрынғылардан жеткен өсиет, осында жатыр деуге негіз болған, ұрпақтары бастан өткерген тылсым жағдайлар күмән бұлтын сейілтіп, осында жерленген деген сенімдерін орнықтыра түскен екен. Батырдың шөбересі Сәйімбайдан тараған Асубай әулеті баба алдындағы қасиетті парызын орындап, Атбасар ауданының бұрынғы әкімі Тасболат Шоланұлы Қасеновтың, жергілікті ұлтжанды азаматтардың қолдау-көмегі арқылы жоғарыда айтылған, тас тоналған ескі зиратты тастан қайтадан өріп, басына белгі қойдырған екен. Киікбай ұрпақтарының ендігі арманы – батыр атын иеленген адырдың етегіндегі Сергеевка селосына Киікбай есімін беру. 

«Отаршыл заманды еске салып, халықтың намысына тиетін атауларды да, тілдің төл заңдылықтарын, табиғи үйлесімін бұзып тұрған атауларды да өзгерту керек» [14] деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі пәрмен беріп отырған осынау кезеңде ол үміттің де орындаларына сенім мол. 

Баят Жанатұлы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург 

Асылбек Байтанұлы, «Әдебиет» порталының шеф-редакторы 

Пайдаланылған дереккөздер 

1. Әмірқызы К. Қиылған ғұмырлар. – Алматы, 1994. 

2. Үлімжіұлы А. Ғақылия. – Өлгий, 1994. 

3. Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи ХVІІ-ХVІІ вв. 

4. «Егемен Қазақстан» газеті 2002 жылғы 14 желтоқсан.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English