«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Атақты режиссер Абдолла Қарсақбаев туралы 15 дерек

3818 0
Атақты режиссер Абдолла Қарсақбаев туралы 15 дерек
Тоқсан жылдық мерейтойы аталып жатқан даңқты режиссер, кино өнерінің майталманы Абдолла Қарсақбаев өмірінің біз білмейтін қыр-сырлары баяндалады

1. Абдолла – Қарсақбайдың 16 баласынан ашаршылық жылдары аман қалған жалғыз тұяқ. 

2. Ол – Мәскеудің Бүкілодақтық кинематографистер институтын бітірген санаулы қазақтың бірі. Алғашқы кәсіби маман ретінде ол өзін одақ көлемінде, алыс-жақын шетелге мойындатты. 

3. Абдолла Қарсақбаев еңбек жолын актерліктен бастаған. Шағын эпизодтық рөлдерге түскен ол кейін мамандығына қарай ойысып, экранизациялаудың ерен еріне айналады. 

90dba7c34234e4d90d4c97cd15aefd7c.jpg

4. Үнді халқының режиссері Радж Капурдың Абдолла Қарсақбаевтың фильмдеріне жоғары баға берген. Режиссерді көруді де армандаған. Тіпті, өз еліне арнайы шақырту жеделхаттарын да бірнеше мәрте жібереді. Алайда атақты жанның талантын көре алмаған кейбір байғұстар «Ол кісі біраз жыл бұрын өліп кеткен» деп «жаназасын» да шығарып қойған екен. 

5. Абдолла Қарсақбаев әділдікті ту еткен, ің бар, жүзің бар демей айтып салатын өткір, турашыл адам екен. Туғаны болса да шындықты айтатын, кейіпкерлері секілді кесек мінезді, ірі сөзді адам бұл жағынан досы Нұрғиса Тілендиевке ұқсас болыпты. 

130e36f4b60767c303466d722ead2ef8.jpg

6. Ол алғашында қосалқы құрамдағы режиссер бола жүріп, «Қазақ халқының қолөнері» атты деректі фильм түсірген. «Әйгілі режиссердің ерекшелігі, ол өз шығармаларына қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын енгізуге тырысатын еді» дейді актер Н. Ықтымбаев. 

7. Қазақ жазушыларының ішінде Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығын жоғары бағалады, сол туындылардың желісі бойынша «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» көркем фильмдерін түсірді. Алғашқы фильм 1967 жылы Канн қаласында өткізген халықаралық кинофестивальдың дипломына ие болды. 

8. Абдолла Қарсақбаевтың қазақ киносындағы жаңалығы – көркем фильмге мультипликациялық элементтерді қосуы. 

04c6f0dc70063eb40dcea0a43bd37b86.jpg

9. Оның фильмдерінде астар жатады. «Астарсыз әдебиет әдебиет бола алмайды» дейді тарихшы Ж. Артықбаев. А. Қарсақбаевтың Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» повесі желісімен түсірген «Даладағы қуғын» фильмі де кейіпкерлер образының суреттелуі тұрғысынан астарға толы шығарма болғандықтан, бүгінгі таңда әлі де сүйікті кинолардың қатарында тұр. 

10. Режиссер қазақ кино тарихына жаңа есімдер әкелді. Нұржұман Ықтымбаев, Досхан Жолжақсынов, Болат Қалымбетов, Гүлнар Досматова, т.б. Қарсақбаевтың «балалары» деп саналады. 

11. Абдолла Қарсақбаевтың ұлттық киноның қатарын толтырған белгілі фильмдері: «Қатарыңнан қалма», «Оу, ковбойлар», «Таң алдында», «Алты жасар Алпамыс», «Балалық шақтың кермек дәмі». 

75077c0493c1edadc1ed8a4fc2a8b7d9.jpg

12. Абдолла Қарсақбаевтың «Қилы кезең» тарихи картинасы – совет кезеңінде тыйым салынған фильм. Режиссер Данияр Саламаттың айтуынша, ондағы мызғымас бейнелер, қызылдар мен бандалар айқасы, басшылардың аузымен айтылатын кесек-кесек сөздер, тіпті тұтас халықты пулемет оғына байлап беруін көрсеткен көрінісі расында да советтік идеология ұрандарына қайшы келген еді. 

13. Ол Ұлы Даланың даңқты перзенті, композитор, дәулескер күйші Нұрғиса Тілендиев қимас дос болды. Ұлы музыкант досының барлық дерлік фильмдерінің әуенін жазып шықты. 

14. Абдолла Қарсақбаев – үш рет шаңырақ көтерген адам. Алғашқы әйелі еврей ұлтынан екен, одан Қайсар есімді ұл көрген. Екінші әйелі Үміт – Ілияс Жансүгіровтың қызы. Атақты ақынның күйеу баласы болған режиссер «Құлагер» фильмін түсіру ниеті болыпты. Үшінші жарының есімі – Клара Қарсақбаева. Одан көрген Тоқтар атты ұлы әкесі туралы деректі фильм түсірген. 

15. Абдолла Қарсақбаев 56 жасында Алматыдағы Амангелді батыр ескерткішінің алдында жүрек талмасынан қайтыс болған. 

Дайындаған Заңғар КӘРІМХАН  

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English