«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Осы жұрт Орынбекті біле ме екен?!

1586 0
Осы жұрт Орынбекті біле ме екен?!
Қарағандыдан заң ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбай Жүнісов ағамыз хабарласып, біраз сұхбаттасқан едік. Әңгіме ауаны «Тар жол, тайғақ кешіп» елі үшін шаһит болған Бектің Орынбегіне ауды

Бақтыбай ағамыз бұл аяулы есімді бүгінде білетіндер ілуде біреу екенін, тарихи тұлға әлі де өз бағасын ала алмай келе жатқанын айтып қынжылды. Бектің Орынбегінің аты-жөнін бұрындары бір романдардан, естелік мемуарлардан кездестіріп қалғанымыз болмаса, біз де жыға тани қоймаушы едік. Қызығушылығымыз артып, өзімізше зерттеп, зерделеп көрдік. Соның нәтижесінде, өзімізше Орынбек Беков деген кім деген сұраққа жауап тапқан сыңайлымыз. 

Орынбек Беков – журналист, жазушы, ақын, қоғам және мәдениет қайраткері. Көптеген деректерде оны Семей облысында ауыл батырағының отбасында дүниеге келген деп жазады. Алайда Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің мұрағатында сақталған Орынбек Бековты айыптау ісінде (СССР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі. Орталық архив. Жалпы тергеу қоры. № 10767 АPX. NП – 413493) тіркеулі тұрған Шығыс Қазақстан облыстық НКВД басқармасының 1937 жылы толтырған анкетасында оны 1898 жылы Қарағанды облысының Шет ауданында өмірге келген деп анық та қанық көрсетеді. Қалай болған күнде де, оның отбасы 1903 жылы Спасскге қоныс аударғаны анық. Сонда сауатын ашып, екі кластық училищені бітіріп, 1912 жылы Спасскідегі зауытта әртүрлі қара жұмыстар істейді. Ақпан төңкерісінен кейін зауыттың саяси өміріне белсене араласа бастайды. Совдеп төрағасының орынбасары, еңбек бюросының төрағасы болады. 1919–1922 жылдары ревком төрағасы және жұмысшылар депутаттары Спасск зауыт кеңесі мен БК (б)П Спасск аудандық комитетінің мүшесі, хатшысы қызметтерін атқарады. 1923 жылы Қарқаралы уездік милициясының бастығы, одан соң Семей губерниялық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі болады. 1925 жылы БК(б)П Өлкелік Комитетінің шешімі бойынша Еңбек халық комиссариаты аппаратына қызметке ауысады. 

Еркін ел болуды аңсап, қазақтың өз қолы өз аузына жетуін көксеген Орынбек Беков еңбек жолының алғашқы жылдары «Алашорда» үкіметіне іш тартады. Оның «Алаш» қозғалысына тілектес, тілеулес болғанын, қолдап-қуаттағанын зерттеушілердің бәрі де бір ауыздан мойындайды. (1937 жылы халық жауы ретінде ұсталғандағы тағылған негізгі айып та осы болатын.) Бірақ, оны бұл райынан сол кезде дәурені жүріп тұрған мемлекет және қоғам қайраткері, атақты жазушымыз Сәкен Сейфуллиннің өзі қайтарып, кеңес үкіметі жағына басы-бүтін өтуіне үгіттеп, ақыры көндіреді. Оны Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» атты роман-эссесінде былайша түсіндіреді: «...Нілді, Спасск, Қарағанды заводтарымен қатынасымыз жиіленіп, байланысымыз күшейді. Заводтарда да совдеп құрылды. Заводтардан уездік Совдепке өкілдер жиі келе бастады. Біздің Совдептің мүшелері де заводтарға барып-келіп жүрді. Совдептің қазақ мүшелерінен Тұрысбек Мыңбайұлы заводқа барып-келді. Арын барып келді. Заводтар туралы баяндама жасалып, Совдеп заводтардың, жұмыскерлердің тұрмыстарын жөндеуге әрекет қылды. Заводтарды мемлекет қазынасына алуға кірісті. Спасск, Нілді, Қарағанды заводтарының жұмыскерлер Совдепінен біздің уездік Совдепке өкілдер келді. Іштерінде жолдас Нейман мен Орынбек Бекұлы бар. Заводтың жайы туралы бұлар Совдепке баяндама жасады. Совдептен ақша сұрады. Мылтық сұрады. Совдеп заводтарды қазынаға алуға қарар шығарды. Спасскінің жетпіс мың пұт мысын алдыруға қарар қылды. Заводтардағы жұмыскерлердің мылтық алып, жарақтанғанын бір ауыздан мақұл тауып, жұмыскерлер өкілдеріне (Нейман мен Бекұлдарына) ақша берілді. Қолдағы бар мылтықтардан мылтық та берілді. Содан кейін Ақмолаға мылтық, пулемет сұратуға, Омбыға және Қызылжарға қызыл әскер штабының мүшесі матростар Зиминді, командирі Капыловты, Спасск заводының жұмыскері, Совдептің мүшесі Прудов деген жігітті жібердік. 

Совдептен ақша мен мылтықтарын алып болған соң, қызметтен кейін, Орынбек Бекұлы менің пәтеріме келді. Сөйлестік. Бұрын маған Бекұлын «Зерек, шешен жұмыскер...» – деп Прудов мақтаушы еді. Бекұлының шешендігін Совдепте баяндама жасағанда-ақ көріп едім. Біздің пәтерде сөйлесіп отырдық. Завод туралы әңгіме қылдық. Қазақ жұмыскерлері туралы, Совет үкіметі, большевик партиясы туралы сөйлестік. «Алашорда» туралы пікірі айқын емес, былқылдақтау екен. Біраз түсіндіріп сөйледім. «Алашорда» да, Абылай да, Николай да бәрібір... – дедім. 

Бекұлы біздің «Тіршілік» газетімен қатар «Сарыарқа» туралы, оның жазушылары туралы түсіндіріп, біраз сөз айттым. Біраздан соң Бекұлымен пікіріміз үйлесті. «Алашорда» туралы пікірі айқындалды. Революцияның жолында енді екпіндірек іске кірісу керек екенін айтып, менімен қош айтысты...» (Сәкен Сейфуллин. Тар жол, тайғақ кешу. Роман-эссе. Алматы. «Жазушы» баспасы, 2009 жыл, 182-183 беттер.) 

Міне, осынау шағын үзіндінің өзінен-ақ Орынбек Бековтың табиғи болмыс-бітімі, ой-санасы, қарым-қабілеті айқындала түседі. Көріп отырғандарыңыздай, оның бұла бойында елім дейтін ер-азаматқа тән тұлғалық тұмса қасиеттер тұнып жатқан еді. Соны тамыршыдай тап басып таныған Сәкен Сейфуллин оның жан-тәнімен Совет өкіметіне, сол арқылы қазаққа қызмет етуін қалады. Ол кезде Арқадан шыққан арқалы азаматтар оны өздеріне үлгі тұтатын, арқа сүйейтін, бір ауыз сөзін жерге тастамайтын, айтқанынан шықпайтын. Міне, Сәкен Сейфуллин ол кезде кім-кімге болсын айтқанын орындататын, айбарлы, абыройлы, беделді тұлға болатын. 

136adb1dfaedd22a4a89f82d1c170f3d.jpg

Сәкен ағасы сияқты Орынбек те Совет үкіметінің қазақты жарылқайтынына, басына бостандық, қолына теңдік әперіп, ұшпаққа жеткізеріне қалтқысыз сенді. Кіммен бірге болса да, еліне, ұлтына, қазағына адал қызмет етуді алдарына мақсат етіп қойды, және осынау өмірлік ұстанымдарынан кеуделерінен жандары шыққанша еш айныған жоқ. Өздерінің өнегелі ғұмыры мен игі істері арқылы оны келешек ұрпаққа үлгі ғып көрсетіп, аманаттап кетті. 

Орынбек Беков 1928-30 жылдары Алматыда шығатын «Тілші» газетінің редакторы болып қызмет істейді. Редакция ұжымына басшылық жасай жүріп, газеттің бағыт-бағдарын анықтап, бағдаршамдай бағдарлап отырады. Бұнда да сол кездегі қазақ халқының тыныс-тіршілігі, басындағы көңіл-күй, санадағы сілкіністер мен көкейдегі ой-толғаныстар, жаңарған қоғамдағы өзгерістер, замана тудырған жаңалықтар негізгі ұстын болып, газет бетінде көрініс тауып отырады. Міне дәл осы кезеңде Орынбек Бековтың қаламгерлік қыры ашылып, алтын алмастай жарқырай көрінеді. Оның қаламынан туған «Азамат соғысында біз қалай жеңіп шықтық?», «Жалықпасаң жау жеңесің», «Үкібас жалшы ақысын қалай алды?», «Ауылды кеңестендіру деген не?», «Малайлар одаққа кіріңіздер» атты жалынды мақақалалары мен өлең, әңгіме, повестері сол кездегі «Жаңа әдебиет», «Әдебиет майданы», «Әйел теңдігі», «Қазақ әдебиеті», «Екпінді», «Социалды Қазақстан», «Тілші» қатарлы газет-журналдарда жарияланып тұрды. Қанша қиын-қыстау кезең болса да, қаламының ұшына негізінен ұлт, халық, ел, жер тағдыры туралы мәселелер ілінген. Елдің сөзін сөйлеп, халықтың мұңын мұңдап, ұлттың жырын жырлауға барынша күш салған. Мәселен, «Азамат соғысында біз қалай жеңіп шықтық?» (О. Беков. «Азамат соғысында біз қалай жеңіп шықтық?», Қызылода, 1928 жыл) атты мақаласында «Октябрь төңкерісі болған күннің ертеңінде жалпыресейлік кеңестер сьезі алпауыттардың мұнан былай жерге иеліктері жойылсын, жер көптің мүлкі болсын, жері үшін оларға бір тиын төленбесін деп заң шығарды. Содан бері жер жалпы халықтың мүлкі болды. Жерге еңбек сіңіретіндердің қолына көшті, пайдасын солар көретін болды» деп бастап, қазақ жерін ата-бабаларынан қалған мұрадай иеленіп алған капиталистерден тартып алып, мемлекеттің, халықтың меншігіне айналғанын қуанышпен хабарлайды. Бұл әлі күнге дейін мән-маңызын жоймай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Кезінде Ресей патшасының жарлығымен қазақ жері басы бүтін Ресей империясының меншігі болып шыға келгенін көзіқарақты оқырман білетін шығар. Міне сол қасиетті жеріміз халқымызға қайтарылып берілгендей көңіл-күйде болып, бөркін аспанға атады. Қазақ үшін ата-бабадан мұра болып келе жатқан жерінен асқан қасиетті нәрсе жоқ, ендеше ұлтын сүйген ердің қуанатын жөні бар. Ал енді «Ауылды кеңестендіру деген не?» (Бекұлы Орынбек. «Ауылды кеңестендіру деген не?» Қызылорда, 1928 жыл) деген көлемді еңбегінде «Патша үкіметінің «бұратана» елдерге қолданған саясатының қандай болғанын бұл күнде тілі шыққан жас балалар да біледі. Әр елдің елдігін жойып, жегіше ішінен жеп отырғанына қанағаттанбай, қасқыр тиген қойдай қылып, бірін ойға, бірін қырға қуып, шөлге қамады. Бір кезде бір бауыр болып келген елдер азып-тозып кетті. Октябрь төңкерісі тарихтан аттары өшуге айналған елдерге туған алтын күн болды» – дей келіп, қазақтың күні енді туатынына, басына бақ орнайтынына шынымен сенім артатынын жеткізеді. Қалам қайраткері туған елі мен ұлтының еңсесі көтеріліп, болашаққа нық қадам басатынына көңілі алып-ұшып, шаттанады, сондықтан да Кеңес үкіметіне жан-тәнімен қызмет қылды. Бір сөзбен айтқанда, бұл жылдары Орынбек Беков туған елі мен халқы үшін білегін сыбанып, қалам құдіретімен еңбек етті, оның күрескерлік рухы аталмыш мақалаларынан көрініс тауып жатты... 

1930 жылы Орынбек Беков Алматыдағы қазақ драма театрының директорлығына тағайындалады. Бұл қазіргі Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры. Міне осы кезге дейін қаламның отты қуатымен күресіп келген азаматқа Алла тағала енді соны іспен дәлелдеуге мүмкіндік туғызды. Ол қазақ мәдениетін, өнерін, театрын биікке көтеруге, дамытуға, өркендетуге бойындағы бар күш-жігерін сарқа жұмсады. Алғашқы қазақ драма театрына басшылық жасай жүріп, ұлттық өнер ордасының сол кездегі тірлігі мен болашағы туралы үнемі ой толғап, ізгі ниетпен қалам тартып отырған. 

1934 жылдың 12-18 маусым аралығында Алматыда Қазақстан жазушыларының І құрылтайы өтті. Онда әртүрлі жанрлар бойынша баяндамалар жасалып, ұлт әдебиетінің бүгінгісі мен болашағы туралы келелі кеңестер айтылып, салиқалы ой-толғамдар сарапқа салынды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ілияс Жансүгіров «Қазақ кеңес әдебиетінің бүгінгі күйі, келешектегі міндеттері», көрнекті жазушы Сәбит Мұқанов «Қазақ поэзиясының халі және келешектегі міндеттері», ал Орынбек Беков «Қазақ театры мен драматургиясының өсу белеңдері» деген тақырыптарда негізгі баяндамалар жасады. Ал әдебиеттанушы ғалым М. Ахетов аталмыш құрылтайдағы Мұхтар Әуезовтің «Драматургияның бүгінгі жайы мен алдағы міндеттері» атты баяндамасы Орынбек Бековтың баяндамасына қосымша ретінде жасалғанын тіліне тиек етеді. (М. Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 9-том, Алматы, «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2003 жыл, 395 бет). 

fc0c50ce4e7050830644ed7de40427af.jpg

Ал енді Орынбек Беков «Қазақ театрының екі жылғы жұмысы мен ендігі беті» атты мақаласында қасиетті өнер ордасының екі жылдық шығармашылық жұмысына кеңінен тоқталып, кеткен кемшіліктері мен жеткен жетістіктерін жіпке тізгендей тізбелеп береді. Жалпы қазақ театр өнері туралы, драматургиялық шығармалар мен актерлер қауымының шеберлігі мен мінез-құлықтары, тіпті жүріс-тұрыстарындағы кем-кетіктер жөнінде де айтар ойын бүкпесіз ашық білдіреді. Осындай сын ескертпелерді айта келіп, халқымыздың біртуар аяулы перзенттері, ұлы сахна шеберлері – Серке Қожамқұлов пен Қалибек Қуанышбаевтарды нағыз өнер үшін жаралған жандар ретінде бағалап, олардың ойынына көңілі толатынын риза көңілмен жеткізеді. Өнер ордасының жүріп өткен жолын шиырлай келіп, өз кезіндегісі туралы былайша толғанады: «Тап осы күні қандай десек, қазақ театры тап қазір қай елдің (өзіміз секілділердің) театрынан болса да кем емес. Қазіргі кездегі артистердің жүріс-тұрысынан халық алдында өздерін-өздері қалай ұстауға жаттығып қалғандықтарын анық аңғаруға болады. Және бұрынғы желөкпеліктен гөрі білімге қарай ұмтыла бастағандықтары білініп тұрады. Биыл қыстан бері ойындар қазақ театрын тіпті өзгеше қылып көрсетіп отыр. Серке мен Қалибек, Елубай мен Абылай, әйелден Шарбан қайда салсаң да ұялтпайтын артист емес пе? Шарбан, Серке, Қалибек, Елубайларша қазақ өмірін бұлжытпай көз алдыңа келтіріп ойнайтын бұрын кімді көрдің?! Өз рөліне пысықтың бірі Құрманбек, оны тағы айтып өту керек. Исада да өзгеріс бар. Әміренің осы күнгі әні қандай? Әнді Әміредей салушы әзір жоқ секілді. Әміре көптен бері әнші, жақсы әнші. Бірақ, 25-26 жылдардағы театрдағы қалпы мен бүгінгі қалпы бір емес. Қазір ілгері өрлеп бара жатқаны көрініп тұр, біз соны салыстырып отырмыз». 

Театр басшысы аталмыш мақаласында театрмен сабақтасып жатқан қазақтың ән, күй, би өнеріне қатысты да өз ойын сынамалап жеткізіп, оларды жаңа сапа мен биік деңгейге көтеру керектігін баса айтады. Театрдың бас режиссері Жұмат Шаниннің еңбегіне оң баға беріп, мәдениет ошағындағы жетістіктердің көпшілігін соның есімімен байланыстыра келіп, ендігі кезектегі атқарылуға тиісті алты міндетті көлденең тартады: «Ең алдымен артистер арасында саяси тәрбие жүргізу жұмысы қолға алынуы керек. Екіншіден, өнер жүйелерін үйреніп жүрген істерін мұнан гөрі кеңейтіп, көркейту керек. Үшіншіден, сахна аспаптарын дұрыстамай болмайды. Артистерге түрлі киім керек, ол да жеткіліксіз, бұны реттеудің қамына кірісу керек. Төртіншіден, артистерді ойын, ән туралы жаттықтырып келеді. Қазірден қолға алынатын бір жұмыс әндердің сөзін реттеу – қызды ұнату мен «қызды іздеп күндіз-түні таппайым, қойныңа алдан» басқа өлең жоқ па? Оқу комиссариаты осыған назар салып жәрдемдессін. Бесіншіден, осы керектілердің бәрі даяр болып, ойнаушылар бапсыз болса құр аспап ойнамайды. Білім тәрбиеден де басқа бап бар. Ол бап артистердің тұрмыстары, алатын ақылары, тұратын пәтерлері жайсыз-жеткіліксіз болуы олардың жұмысына өз әсерін тигізбей тұрмайды. Жаны жайлы, көңілі көтеріңкі, түрі бал-бұл жайнамаса болмайды. Қазіргі тұрмыстары, жалпы алғанда, жаман емес деседі. Бірақ, мұнан гөрі тұрмыстарын түзеу, жалпы көз салу алдындағы міндеттердің бірі». 

Міне көріп отырған шығарсыздар, жалпы басшы атаулының негізгі міндеттерінің бірі қол астындағы қызметкерлерден темірдей тәртіп пен еселі еңбекті талап етумен бірге, олардың тұрмыс жағдайларына да көңіл бөліп, мүмкіндігінше жағдай жасау ғой. Осы тұрғыдан алғанда Орынбек Бековтың мықты ұйымдастырушы, білікті басшы болғанын, артистерді қай жағынан болсын әрдайым қолдап-қуаттап отырғанын замандас мәдениет және өнер қайраткерлерінің естеліктерінен анық байқауға болады...

(Жалғасы бар)

Думан Рамазан, жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English