«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қоңыраулы қара нардай қос тұлға

1545 0
Қоңыраулы қара нардай қос тұлға
Қос құрдас, халқымыздың қайраткер ұлдары Әлихан Бөкейхан мен Зуқа батыр өміріндегі тарих пен тағылым таулардың алыстаған сайын биіктейтіні секілді жақынырақ таныған сайын әсерлендіре түседі

І 

Ұлт тарихына жаңа көзқарастың қажеттігі басы ашық әңгіме. Советтік идеологияның қысымымен жазылған қазақ тарихын қайта түгендеу – бүгінгі күннің артып отырған міндеті. Әсіресе дүниенің әр тарабына шашылған қазақтың ортақ тарихын бөле-жармай, біртұтас қарастыру жас та жаңа ұрпақтың парызы болмақ. 

Алтын қазық атажұртымыз Алтайдың басынан алағай да бұлағай заман өткенде, ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкенде, сондай елім деген ерлердің сапында Зуқа болған. Атақты тарихшы Ермұхан Бекмахан батырларды әлеуметтік категорияға жатқызады да, олардың қазақ қоғамындағы мәртебесін айқындайды. Зуқа – әлеуметтік ортасы батыр қылған және уақыт тудырған тұлға. Әлеуметтік категория ретінде батырлар институтының қалыптасуы қоғамдағы саяси құбылыстарға да тікелей байланысты [1, 84]. 

Ұлтымыздың ұлы ағартушысы Шоқан Уәлихан батырларға «Батыр – қырғыздарда ру басы сұлтаннан кейінгі ең маңызды әрі көрнекті тұлға. Ол ең беделді адам, оның ақыл-кеңесімен халық әрқашан есептесіп отырды» деген анықтама береді. 

Батыр ұғымының өте ертеден келе жатқанын жазған Е. Бекмахан қазақтың батырлық жырларында, ақын-жыраулар толғауларында, көлемді фольклорлық туындыларда көп кездесетінін айтады. Әу баста батыр деп әскери өнерді жетік меңгерген, бес қаруы бойына сай, асқан ақыл-парасатымен, қажырлы күш-қайратымен көпшілік көзіне түскен, ауыл-аймағынан асып өлке-өңірін қорғау үшін қол бастайтын адамды атайды. Басқа категорияларға қарағанда өзгешілігі, батыр атағы мұрагерлікпен ұрпаққа табысталмайтыны, әрбір адамның жеке өзінің қабілетімен, ерен ерлігімен иеленетіні. Алайда қазақ қоғамындағы түбірі өзгерістер мен саяси жағдайларға байланысты батырлардың ерлігі де түрліше бағаланады. Орта ғасырлардағы алып батырлап шоғыры мен кейінгі батырлардың арасындағы айырмашылық көзге айқын білінеді. Бұл туралы Е. Бекмахан: «Батырлар институты өзінің дамуында белгілі өзгерістерге ұшырады. ХІІІ-ХІV ғасырлардағы аңызға айналған батырлар мен ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы батырлар арасына теңдік белгісін қоюға болмайды. Батырлар о баста тайпалардың, рулардың әскери қолбасшылары болған деп есептеу керек», деп жазады [1, 85-86]. 

Батырлар батыр атағына жету үшін түрлі жолдардан өтеді: барымта, жорық, айқас, қақтығыстарда. «Батыр батыр емес, үрейді жеңген батыр» деп Момышұлы айтқандай, қысқа уақытта ақылды шешім жасай білген және өзі мен өзге сарбазын аман алып шыға алған батырлардың бәсі биік болған. «Кейінгі кезде руаралық күресте, барымтада тағысын тағыларда көзге түскен кез келген батыр аталатын болды. Мысалы, С. Трубин қазақтар өздерінің барымтадағы батылдығымен «батыр» деген құрметті атаққа ие болатындығын жазды» [1, 84]. 

 

72890f0fd84920fff50a541a2f37082a.jpg

Қазақ батырлары жайында тағы бір орыс тарихшысы Л. Костенко: «Отчаянные воры и разбойники прежде ползовались в народе почетом и носили титул батыра», – деген пікір білдіреді [2, 42]. Әкесінің кегі үшін атқа қонған жас Зуқаның әрекеті осыған саяды. Осылай басталған қанды кек жолы оны үлкен армандарға, ұлттың батыры болуға жетеледі. Әділет іздеген әлсіздерге қорған, жәбір-жапа шеккендердің есесін қайтарушы халық қормалына айналды. Сондықтан орыс, қытай және моңғолдың ортасында көкжалдай аласұрған Зуқа тағдыры олардың тарапынан «қарақшы», «ұры» деп бағаланса да, өзінің туған халқы үшін қаһарман тұлға болып саналады. 

Алайда бұл шақта Ресей мен Қытай империясының бодандығындағы қазақ халқының тағдыры да таразыға тартылып, ондағы батырлар институтының күші ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап әлсірей бастайды. Екі патшалық та тамыры тым тереңде жатқан дәстүрлі батырлық институтты жою үшін елге сөзі өтетін, айтулы батырлардың көзін құртуды жоспарлайды. Өйткені батырлар қазақ жерінің тұтастығының кепілі және ел амандығының қорғаны болатын. Сондықтан олардан құтылу арқылы тұтас қазақ халқын жуасытуға, рухсыздандыруға бағытталған бірнеше ресми құжаттар қабылдады. 1806 жылы 31 мамырда император І Александрдың «Хан кеңесі үшін ережелерде» «батырлар пайда болмасын және күшеймесін» деген нақты нұсқау жазылған [3, 77-78]. 

Зуқа ерлігінің ең ғажабы – ақ гвардияшы Бакич басқарған қолды бірнеше шабуылдағанына қарамай діңкелеткені. Қатардағы жай батыр емес, арыдан ойлайтын айлалы, стратег қолбасшы екенін айғаруға болады. «Зуқа батыр онымен қоймай Бәкіштің (Бакич) елден зорлықпен тартып алған екі табын жылқысын бір түнде айдап әкетеді. Жан сауғалап Сарсүмбе қаласынан қашып шыққан қытай, дүңген, ұйғыр, сібенің жүзден астам жаяу-жалпы түтінінің алдынан қарулы жасақ аттандырып, аман-есен қара Ертістен өткізіп, бір жыл бағып, Шонжы өңіріне жеткізіп салады. Зуқа батырдың бұл әрекеттеріне зығырданы қайнап, тұлыбына сыймай тұлан тұтқан Бәкіш ел басыларын жинап алып: «Зуқаны қалай құртуға болады?» – деп сұраған екен, сонда Нақыш шешен тайсалмастан: «Ол көптің қамын жеді, мыналар боқтың қамын жеді; оның ісінің бәрі дұрыс еді, мыналар бұрыс деді; Ол көк ит, ал мыналар көп ит; Ол аю, ашынса қонжығын да жеп қояды, қорғасынмен ғана аласың», – деген екен. Сарсүмбеде ұзақ тұрса артынан жетер қызыл әскер мен алдынан тосқан аюдан құтылмайтынына көзі жеткен Бәкіш жедел қамданып, Моңғолияға өтіп кетеді [4]. 

«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дейді қазақ мақалы. Ел қорғаны Зуқаны жаулары қапыда және аяусыз жауыздықпен өлтірген. Батырлар институтының тұяқ серпуіндей Зуқа батырдың бұлқынысы кейінгі кезеңдерде Алтайда Оспанмен, Оралда Құныскереймен, Маңғыстауда Тоқабаймен, Созақта Сұлтанбекпен, Тарбағатайда Жуанышбай-Жәнделімен жалғасын тапты. «Өткен ғасырдың отызыншы жылдары бүкіл қазақ жерін наразылық өрті шарпыды. Коммунистік режим тарапынан жүргізілген солақай саясат, қарапайым жұрттың тұрмыс жағдайының күрт нашарлауы, ұжымдастыру салдарынан орын алған ашаршылық сияқты оқиғалар халықты ашындырды. Әр жерде көтерілістер шықты. Халықтық наразылыққа жетекшілік еткен, жазалаушы милициямен қақтығысқа түскен шаруа көсемдері пайда болды». 

Ұлт тарихында аттары аталғанымен, ерлік істері әлі зерттелмеген Ерғали Аязбайұлы, Тәліп Мұсабаев, Бектай Халматов, Төлеген Әзізов, Құндақбай батыр, Мәлік, Сүлеймен қарақшы, Әлібай мерген секілді Даланың ержүрек перзенттері қазақ жерінің әр түкпірінен шығып, қанды империяның тоталитарлық режиміне, халықты ашаршылыққа ұшыратқан әпербақан басшылар мен ұлт қаймақтарын ажал оғына байлаған сатқындарға қарсы қол бастады. Халық құрметтеген Зуқа батыр өнегесі осында.

ІІ 

Ұлт зиялыларының топтасып, бір мақсат пен мүдде жолында күреске түскен уақыты – ХХ ғасырдың басы. Бұған дейінгі кезеңдерде жекелеген ағартушы-демократтар туған ұлтының тағдырына араша сұрап, бодандықтан бостандыққа жету үшін қандай қадамдар қажеттігін өз өмірлерінде дәлелдеп көрсетті. «Алаш» терминін өмірге әкелген, сөйтіп арғықазақ дүниетанымын қалыптаған қазақ оқымыстыларының әлеуметтік-құқықтық, саяси-экономикалық һәм буржуазиялық тобы Ұлт тәуелсіздігін көксейтін ұлы күрес жолына шоғырланды. 

«Елге ел қосылса – құт» деген көнеден жеткен халық даналығы бар. Кезінде тағдырдың талайымен атамекені – сол жер, сол өлке болса да, империялар мүддесіне орай ортаға шекара салынып, соның кесірінен сыртта қалған қандастарымыздың мәселесі кімді де болса толғандырары анық. Бұл мәселе – Алаштың артық туған зиялыларын да толғандырған мәселелердің бірі. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Түбі телім болған қазақтар басын қоспай қазақ қазақ болмайды» деген сөзінен-ақ өткен ғасыр басындағы зиялылардың арманы, Алаш ұранды Қазақтың басын біріктіргісі келген идеясы танылады.

Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлы: «Біздің мақсатымыз барлық Қазақтың басын қосу болатын. Сондықтан Қытайдағы қазақтарды да қосып алуды қарастырдық. Әрине, ондағы қазақтар өздері мекендеп отырған территориясымен Алаш Орда құрамына кіру керек деп есептедік. Бұл жоспар сол қиял күйінде қалды, іс жүзінде ешнәрсе де атқарылған жоқ. Бұған қазақстандық қазақтардың қалай қарайтыны маған белгісіз. Жат жердегілердің жағдайы өте ауыр күйде, өмір сүру дәрежесі төмен, сондықтан бірігуге қарсы бола қоймас деп ойладық», – деп атап көрсетті [5]. 

Бұл жоспарланып нақты мақсатқа құрылып айтылған ой Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның да түпкі мақсаты еді. Осы идеяның жемісі Қазақ газетінің сандарында да көрініс тапты. Онда алашордашылар саяси эмиграция туралы: «Қазақтың Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс. Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз», – деген. Бұл – Алаш идеясы мен оның көсемі Әлихан Бөкейханның ұлттық бірігудің, біртұтастықтың басты пәлсафасы. Қазақ ұлтының толықтай бірігу саясатындағы ұстанған идеологиясының бір тарамы. 

Сондай-ақ Алаш зиялыларының Қытайдағы қазақтар жөніндегі тұжырымды пікірлері Шыңжан қоғамдық ғылымдар институты журналының 2004 жылғы №3 санында Қалиолла Нұртазаұлының «Әнші Әсет» атты мақаласында талданып көрсетіледі. Онда Алаш Орда үкіметінің жетекшісі Әлихан Бөкейханның Қытай қазақтарына үндеу хат жазып, оны Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәрсеков қатарлы күрескерлерге Шыңжаң қазақтарына жеткізуді тапсырғандығы айтылады [6]. Бірақ, мақалада бұл хаттың мазмұны хақында нақты ештеңе айтылмаған. Дегенмен, жоғарыдағы азаматтардың Шәуешек қаласында Құлжа мен Тарбағатай өңірінің игі жақсыларымен жиын өткізуі және Ахмет Байтұрсынұлының Алтай қазақтарына хат жазып, оны жеткізуді Әсетке тапсыруына қарап үндеу хаттың мазмұнынан байқаймыз. 

Тек хат, үндеу жазып қоймай, алаш ардақтылары 1918 жылдың жазында Қытайдың Шығыс Түркістан аймағына сапар шегеді. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Садық Аманжолов, Райымжан Мәрсековтер бар, жұмбағы әлі де ашылмаған белгілі сапарда олар үш мақсатты көздейді: 1. «Алаш Орда» үкіметінің Шығыстағы эмиграциялық бөлімін ашу; 2. Босып барған ел мен жергілікті қазақтардың басын қосып, Алашорда Үкіметінің азаматтары ретінде Қытай үкіметіне ресми тіркету; 3. Оларды жерге қолтықтаса орналастырып, дербес автономиялық басқару жүйесін құру болатын [7, 7]. 

 

804dfea4a43fdea49f9dbb25124afd3f.jpg

Ұлттық бірігу жайындағы кезекті дерек 2007 жылы Ана тілі газетінің №33 санында жарық көрген Уахап Қыдырханұлының «Міржақыптың Өр Алтайдағы іздері» атты мақаласында автор жасы сексеннің сеңгіріне шыққан Жапабай болыстың немересі Әкірамбек ақсақалдың жоғарыдағы Алаш азаматтарының Шәуешекке келуі жайында: «Олардың мұнда келуінде екі мақсат болыпты. Бірі – ақ пен қызыл арасындағы аласапыранда үркіп, үдере көшіп кеткен елдің жағдайын білу, көнсе қайта көшіру. Екіншісі – Алаш Орданың ауқымын осы жақтағы елгеде ұлғайту болыпты», – дейді. Осы жоғарыдағы Шыңжан қазақтарының тарихи деректерінен Алаш идеясының сол жиырмасыншы жылдары ұлттық бірігу идеясының сарыны жатқаны айтпаса да түсінікті. 

Ақ пен қызылдың тартысынан басқа отызыншы жылдардағы көтеріліс кезінде де қазақтардың Жоңғар Алатауынан асып ауа көшкені белгілі. Бұл кезде Алаш Орда үкіметі құлағанымен, қозғалысқа дем берген би-болыстардың бір сыпырасы Алаш идеясын өлтірмей Шыңжаңға ала кетті. Бұл туралы тарихшы Еркін Рахметолла: «Қазақтардың Қытайға қоныс аударуы 1928-1933 жылдар аралығында шырқау шегіне жетті. Көшті бастаған негізінен ғасырлар бойы халықтың экономикалық тірегі саналған байлар болғанымен, оларға қысылтаяң уақытта қолдау көрсеткен бұқара халық және ауылдық жерлердегі Совет үкіметі тағайындаған адамдар, коммунистер көштен бөлінген жоқ. Бұған себеп, қазақ халқының рулық, ағайындық бірлігінің әлі де ыдырамай, әр қазақтың «у ішсең руыңмен» деген аталы сөзді санасынан шығара қоймаған кезі еді. Қытайға өткен әр қазақтың бойында «Алаш қозғалысы» идеясы бірге кетті», – деп жазады [8]. 

Түптеп келгенде айтпағымыз, қоңыраулы қара нардай қос тұлға: Зуқа батыр күш қайратын танытқан, ерлік ісімен елін қорғап сақтаған қайраткер болса, Әлихан Бөкейхан ой қайратымен елін өркениетке сүйреген, айдау мен қамаудың зардабын тартса да қайтпай, күрескерлік рухын жоғалтпаған ұлттың ұлы қайраткері дәрежесіне көтерілді. Екі тұлға да ұлт-азаттық қозғалыстың қандастарды бауырына басып, қазақтың басын біріктіру идеясы көздеген мұратына жете алмағанымен, Қазақ елінің түптің түбінде, ғұмыр жүзінде толық тәуелсіздік алатынына сеніп өтті. Алтайдың екі жағын тел емген бір жұрттың келешекте бір шаңыраққа қайта оралып, кемелденуіне арқау болған тұңғыш ұлттық идеология – ұлттық бірігу екенін айқындады. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер 

1. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. 18-том. 84-б. 

2. Средняя Азия и водворение в ней русской гражданственности. С.-П., 1871. 42-б. www.kodges.ru

3. Исенов Ө. Батырлар институты: батырбасы табын Бөкенбай. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің хабаршысы. 2012 жылғы мамыр, №2. 77-78-бб. 

4. Бәмішұлы Б. Аласапыран замана арыстаны. Түркістан, 2016 жылғы 25 ақпан. 

5. Жұртбай Т. Түркістан жұмхұрияты және «Алашорда» үкіметінің ұстанымы. Түркістан, 2015 жылғы 13 сәуір. http://turkystan.kz/tarih/1891]. 

6. Исахан М. «Алаш Орда» және «Үш отау» ұйымы. http://abai.kz/ 

 7. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. Т. 13. – Алматы 2009. – 7-б.]. 

8. Рахметолла Е. Шығыс Түркістан һәм «Алаш қозғалысы» идеясы. http://e-history.kz/kz/publications/view/1549 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English