«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Дәнел Әлкейқызы Марғұлан: Әкемнің көпшілік оқырманға арналған мұрасын құрастырып шықсам деймін

2637 0
Дәнел Әлкейқызы Марғұлан: Әкемнің көпшілік оқырманға арналған мұрасын құрастырып шықсам деймін
Бүгін тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, Ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, атақты археолог Әлкей Марғұланның туған күні

Әкемнің бар өмірі мен оның зерттеушілікте жасаған еңбекқорлығы менің көз алдымда. Тіпті, ғылымға берілгендігі сондай, біздің үйдің жарығы таң атқанша сөнбейтін. Тіпті, ол кісі жиырма төрт сағаттың он алты сағатын ғылым мен жазуға арнайтын. Сонда мен баламын ғой. Қазір ойланам, сонда әкем бізді бағып-қағуға, жұбайын қыдыртуға, өзінің күнделікті жұмысына қалайша уақыт тапты екен деп. 

Әрине, әкем – таза еңбектенген адам. Оның жазған зерттеулері әлі де баспа бетінен жарық көрген жоқ. Өзім әкем өмірден қайтқан уақыттан бастап оның мұрасын зерттеп, жинастыра бастадым. Менің пешенеме әкемнің өмірі мен шығармашылығын зерттеуді тағдыр жазған сыңайлы. Алғаш Әлкей Марғұлан еңбектерін зерттеуді Алматы қаласындағы Ұлттық ғылым академиясының Тарих институты қызметкерлерімен бірлесе жүргіздім. Соның нәтижесінде, былтыр «Мәдени мұра» аясында жарық көрген он төрт томның көпшілігін өзім құрастырып, жинастырдым. Қаншама көз майымды тауысып, әкемнің этноархеология саласындағы зерттеулерін, қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан таным беретін ескерткіштері жайында да құнды еңбектерін, жазба деректерін зерттеп, түрлендіре білдім. 

 

c352b1a3d206ed64a5b6181d42de1ee3.jpg

Бүгінде Әлкей Марғұлан есімін танытудағы баспалдақтарға жақсы баға беруге болады. Биыл жарық көрген он төрт томдығы – соның дәлелі. Менің ендігі мақсатым – Әлкей Марғұланның көпшілік оқырманға арналған мұрасын құрастырып шықсам деймін. Ол үшін әкемнің зерттеулерін әлі де біраз қарастыруым керек. Әлкей Марғұланның қолжазбаларын әлі де жинастырып, кітап етіп шығару керек. Өйткені әкемнің бай мұрасы – бүгінгі ғылымдағы іргелі өзгерістермен үндес, халқымыздың рухани мұрасынан ажырамайтын дүние. 

Бүгінде Әлкей Марғұланның мұрасын зерттеумен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты да айналысады. Оның құрамында «Марғұлантану» атты арнайы бөлім бар. Сол бөлімнің негізінде «Әлкей Марғұланның ғылыми мұрасы» деген арнайы тақырып алып, зерттеулерін жинастыруды қолға алдық. Бұл тақырыппен Серік Әжіғали, Марван Хамитова сынды тарихшылар және өзім айналыспақпын. 

 

0eccceed0bceae0367a2fb6358e083ff.jpg

Сөз соңында айтарым, әкем қазақтың тек көшіп жүрген халық емес екенін дәлелдеді. Өйткені, еуроцентристік көзқарас бойынша, біздің халық – көшпенді номадтық тайпа, онда өркениет пен мәдениет дамымыған, қала мен өнеркәсіп болмаған деген тұжырымдар бар. Осы көзқарасты әкем бұзды. Өз халқын алабөтен жақсы көретін әкем бірде: «Әлемде мәдениетті тамаша түсінетін екі халық бар: біріншісі – француздар, екіншісі – қазақтар», – деген еді. Біз бұл сөзін мәжнүндікке баладық. Кейіннен кітаптарымен жұмыс істегенімде сөзінің шындығына көз жеткіздім. Шынында Әлкей Хақанұлы Марғұлан қазақ халқының бай тарихы үшін өлшеусіз үлес қосты. Қазақ деген ұлтымен мақтанып, оның шежірелі тарихымен тамырласты.  

Әңгімелескен: Алтынбек Құмырзақұлы

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English