«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қаби Кәкенұлы: Әр сұрапыл шайқасқа шыққанда, Алланы аузыма алып отырдым

1960 0
Қаби Кәкенұлы: Әр сұрапыл шайқасқа шыққанда, Алланы аузыма алып отырдым
Тіпті, соғыс біткен алғашқы жылы бізге протездің өзін үлестіре алмады. Өзім балдаққа қатты сүйенген кезім. Тек қана енді қоғамға қызмет атқара алатындай маман болуды армандадым. Сол бетімнен қайтпадым

Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтарының тарихындағы қасіретті тарихтың беті. Майдан даласына қаншама қазақ азаматтары да белін бекем буып өз ұрпағының келешегі үшін аттанды. Сол даңқты батырларымыздың бірі сұрапыл шайқас Ұлы Отан соғысына қатысушы ардагер, білікті ұстаз, зерттеуші ғалым, құрметті зейнеткер Қаби Кәкенұлы Лекеров. Қасым Аманжоловтың көзін көрген, оның әндерін тұңғыш әуелеткен әнші. Өмір тауқыметін протез киген аяғымен жеңе біліп, өмір баспалдағын жылжи отыра міне 91 жастың кемеліне шықты. Жеңісті жақындатқан жандар әрдайым ел жадында сақталады демекші, ағамыздың сұрапыл соғыс даласындағы ерлігі туралы, соғыстан кейінгі өмірі жайында аз-кем сұқбат құрған болатынбыз.  

- Ассалаумағалейкум, Қаби ата! Ең әуелі біздің оқырмандарымызға өзіңіздің кіндік қаныңыз тамған, туған топырағыңыз жайлы, балалық шағыңыз туралы айтып өтсеңіз? 

- Мен Қызылжарда дүниеге келгенмін. Абылайдың ақ үйі осында (Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы). Бізде не балалық бар дейсің біз балалықтан гөрі, батырлыққа тәрбиеленген жастармыз. Олай дейтініміз – басымыздан ашаршылықтың нәубәтін, соғыстың қасіретін шектік. Ойын ойнамадық. Жастайымыздан жетімдіктің күйін кештік. Бірақ оқуға деген құштарлығымыз ерекше болды. Алғаш Қызылжардағы орта мектепке бірінші сыныпқа бардым. Кейін әке-шешем қайтыс болған соң, екінші сыныптан бастап Алматыда оқыдым. Онда менің үлкен ағам мен тұрмыстағы апайым тұрды. Мен солардың қолына барып тұрдым. Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінде білім алып, он жылдықты да осында тауыстым. Кейін сұрапыл соғыс басталды. Ол кезде мен 17 жастамын. Оқу бітірісімен, Ташкент қаласындағы артиллериялық әскери училищеге алып кетті. Кейін жоғары жақтан бұйрық шығып, 1943 жылы оқуды аяқтай салысымен, бізді майдан даласына аттандырды. 

 

186aa7f759b2c29732570b3ceea9479c.jpg

 - Ұлы Отан соғысындағы оқ пен оттың арасындағы өміріңіз де жастар үшін өнеге. Бірақ сізге осынау сұрапыл соғыс туралы еске алу оңайға түспесі анық. Дегенмен соғыс жайлы естеліктерін айтар сіз секілді ардагерлеріміздің қатары күн санап сиреп бара жатыр. Қанды майданда қай ұрыс даласында болдыңыз? Қай жерлерді азат ету шайқастарына қатыстыңыз? 

- 1943 жылы маусымда жоғары жақтан бұйрық шықты дедім ғой. Сосын біздерді, бітіруші курсанттарды, Ташкенттен қазіргі Украина даласына пойызбен аттандырды. Онда екінші украиналық фронтқа қабылдандық. Курсанттарды әрбір топқа бөліп, офицерлерге тапсырды. Мен және біраз жігіттер маршал Мариновский қарамағына бардық. Осылайша бір-ақ күн ішінде соғыс майданының бел ортасынан табылдық. Біз Украина және Молдавия түбіндегі шайқастарда болдық. Ол кезде Белград, Орел, Курск қалалары үш ай бойы немістердің қоршауында болды. Біз сол қалаларды азат ету шайқасында жүрдік. Тарихта оны «Курс қоршауы» немесе «Курск доғасы» дейді. Әсіресе майдан даласында артиллерия толассыз оқ жаудырғанда, бойымды үрей биледі. Әр сұрапыл шайқасқа шыққанда, Алланы аузыма алып отырдым. Ақыры 1944 жылы Молдавия түбіндегі ұрыста қатты жарақат алып, бір аяғымнан айырылдым. Алдымен әскери госпитальға түcіп, кейін елге оралдым. 

- Жалындаған жастық шағыңызды зұлмат соғысқа беріп, майданнан жалғыз аяқпен оралып, балдаққа сүйенген батырдын үміті үзілмеді ме? Сіздің өмірге деген құштарлығыңызды не оятты? 

- Бірақ жүрегімді мазалатқан тұма ойлар болды. Тіпті, соғыс біткен алғашқы жылы бізге протездің өзін үлестіре алмады. Өзім балдаққа қатты сүйенген кезім. Тек қана енді қоғамға қызмет атқара алатындай маман болуды армандадым. Сол бетімнен қайтпадым. Ол кезде мұғалімдер аз болатын. Соғыстың жаңа біткен кезі. Ел есін енді жиып, бар-жоғын түгендеп жатқан кез. Егер де белгілі бір маман иесі болмасам, өзімді қоғамға керексіз батыр ретінде сезіндім. Бірақ сол кездің өзінде соғысқа қатысқан жауынгерлерге елдің құрметі ерекше болды. Мен де енді жұрттан қалмай, оқудың түбіне түсуді көздедім. Қарағандыдағы мұғалімдер даярлайтын екі жылдық училищеге оқуға түстім. Соны бітіріп, екі жыл Жаңаарқаның «Жеңіс» совхозындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып жұмыс істедім. Оқу ісінің меңгерушісі болдым. Ол уақытта екі жыл оқығаннан соң, екі жыл міндетті түрде жұмыс істеу керек. Осылай балдаққа сүйене жүріп, оқуды аяқтап, мұғалімде болып үлгердім. Кейін Алматыдағы қазіргі Абай атындағы Пединиституттың үшінші курсына қабылданып, оқуымды жалғастырдым. 

 - Көп ағайлар мен өзіңізді көрген әріптестеріңіз сізді өз ортасында әншілік қырымен де танымал дейді. Тіпті, сізді алғашында әнші болуды армандаған, кейін сұрапыл соғыс өрті киіп кетпегенде, ән сахнасында өрлей түсер ме еді деп отырады. Сіз шынымен де, әнші болуды армандадыңыз ба, әлде білікті ұстаз, зерттеуші ғалым болуды қаладыңыз ба? 

 - Ол, рас, мен музыканы бір кісідей ұнатқан адаммын. Мектеп оқушысы кезінде халық әндерін нақышына келтіріп, әндететінмін. Мектептің түрлі кештерінде ән салатынмын. Жас кезімде, бәлкім, оны да армандаған шығармыз. Алматыдағы музыкалық училищені он жылдықтың соңғы жылында қатар оқыдым. Бір күні мектеп кешінде ән айтып тұрғанымда, музыкалық училищенің оқытушысы бірден байқап, мені сонда оқуға шақырды. Кейін мені музыкалық училищенің «Вокаль» бөліміне қабылдады. Бірақ жүректі аттай тулатқан, көңілді алай-дүлей толқытқан мұң кейде әнге делебе қоздырып қояды. Өзім жас кезімнен пианинода ойнадым, өнерге деген құштарлығым бар болды. Әсіресе Қасымның әндерін көбіне-көп орындап келдім. 

 - Қасымның әндерін көбіне көп орындап келдім дедіңіз. Сізді Қасым Аманжоловтың көзін көрген, оның әндерін тұңғыш әуелеткен әнші ретінде Арқаның өнерсүйер қауымы таниды. Енді сол бір кездесу естелігі туралы баяндап берсеңіз? 

 - … Кітапханада едім. «Сені Қабыкен ағай акт залына шақырып жатыр»,– деген хабар жеткен бетте, дереу соған бардым. Ондағы үлкен қара рояль жанындағы екі адамның біреуі бейтаныс болғанымен есіме түсе кетті. Бұдан он шақты жыл бұрын, Алматыдағы №12 мектептің оқушысы кезімде үш-төрт жазушымен бірге кездесуге келгендердің бірі, яғни ақын Қасым Аманжолов екенін тани кеттім. – Міне, «Дариға сол қыздың» жұлдызын жарқыратушы жігітіміз – осы. Сен сияқты, бұл да – майдангер, – деп ұстазым мені таныстырып өткеннен кейін: «Айтып көрсін, тыңдайық», – деді ол бірден. Мұндай оқыс кездесуден, дайындықсыз ән айтудан бойым дірілдеңкіреп, рояль клавиштеріне имене қол тигіздім. Саусақтарымның қимылын байқаған ақын: – Бауырымның музыкалық сауаты бар екен ғой. Пианино ойнауға шорқақтар бір саусағымен ғана тықылдатып отырып алады, – деді жүзі жадырай түсіп. Осы жылы лебіз бе, әлде майдандағы бойға біткен батылдық әсер етті ме, мен әнді толқусыз бастап кеттім. Ақын ән аяқталған сәтте көзі жасаурап, үнсіз отырып қалды. Сосын орнынан тез көтеріліп, иығыма қолын салып, арқамнан қақты да, әннің әр жерінен бірнеше рет қайталатты. Әсіресе жауынгердің оқ тиіп, қайраты кеміп, жаралы болып жатқан тұсын үн-дыбыс өрнегімен толқыта әуендетуге көңіл бөлгізді. Әннің әлі нотаға түсе қоймағанын, көркемдей түсетін тұстары бар екенін ескертіп: – Түсініп айтуың, жүрек үнімен жеткізе білуің ұнайды. Кешегі соғысқа қатысқандардың әрқайсысының өз Дариғасы болды ғой. Сенің де Дариғаң күткен шығар. Лаулаған отта өмірге құштарлықты өшірмеген жарық сәулеге арналған жыр ғой бұл, – деп ақын тағы бір рет айтып шығуымды өтінді. 

- Өзіңіздің еңбек жолыңызға көз жүгіртер болсақ, ауыл мектебінен алған тәжірибеңізден бастап, зерттеуші ғалым ретіндегі уақыт белесінде қырық жылыңызды ҚарМУ-дың филология факультетіне арнапсыз. Филология ғылымдарының доценті болдыңыз? Ширек ғасыр саналы ғұмырыңызды шәкірт тәрбиелеуге сарп еттіңіз? 

 - Жоғарыда айтқандай, Абай атындағы ҚазПИ-ді аяқтаған соң, теміржол мектебіне шақырту алып, Қарағандының Сұрыптау кентіндегі қазақ орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып келдім. Осы мектепте алты жыл жұмыс істеп, оқу ісінің меңгерушісі, методист те болдым. Сосын бір күні газетке қарап отырсам, бір хабарландыруды көзім шалды. Пединститутқа методист керек екен. Бірден құжаттарымды жинадымда, пединститутқа әкеліп тапсырдым. Жұмысқа тапсыру кезінде жеті-сегіз кісі құжат тапсырыппыз, көбісі әйелдер екен. Көбісінің жолдастары пединститутта істейтін болып шықты. Сосын менің құжаттарыма қарап, Алматыдағы жоғары институтты үздік дипломмен бітіргенімді байқапты. Әрі мектепте тәжірбиеден өткен маманбыз дегендей. Ақыры мені методист ретінде алды. Сол кездегі ректор Баймурзин төраға екен. Баймурзин мені шақырып алды да: "Сені алуға бұйрық шығардық. Өзің Алматыда оқыпсың, методист болып қызмет атқарыпсың",- деді. – "Тек сізге үй беремін деп уәде бермеймін. Үйді өзің сұрайсың, қолында таяғың бар. Соғысқа қатысқан екенсің, қалалық советке барсаң, үйді өзің де аласың. Мен сұрап ала алмаймын",- деді. Ақыры 1958 жылы пединститутқа қабылдандым.1998 жылға дейін осында қызмет атқардым. Осында «Әдебиет теориясы», «Қазақ әдебиетін оқыту методикасы», пәндерінен сабақ бердім. Сосын студенттердің педпрактикасын басқардым. Кейін өз қалауыммен жұмыстан шықтым. Әлі істей беруге болушы еді. Қиын болды. Бір аяғым жұмыс істемейді, протезбен жүрем. Ол кезде ҰОС қатыстқандарға өз қалауынша жұмыстан шықпауға болатын. Содан бері үйдемін. 

 - Сіз 1960 жылы пединститутта кәнігі білікті маман ретінде қалыптасып, тіпті, институт ішінде әдеби үйірме ашып, жетекшілік қызмет атқарыпсыз. Ол тұстағы әдеби үйірменің белсенділері кімдер еді? 

- Иә, ол кезде Қарағанды педагогикалық институтында «Жас қалам» аталатын әдеби бірлестігіміз болды. Оны өзім және Ф. Кендібаев жетекшілік еттік. Әдеби бірлестікке Кәрім Сауғабаев, Мақсым Омарбеков, Еркін Игенберлин сияқты институттың студент жастары мен Қарағанды медициналық институтынан Төрекелді Шарманов, Құлқыбаевтар келетін. Олардың көбісіне өзім сабақ бердім, біріне куратор болдым. Олардың барлығы көркем шығарма, өлең жазатын. Әдеби үйірменің белсенділері болатын. Ол кездегі Жазушылар одағының облыстық бөлімшесінде Жайық Бектұров, Әуезхан Көшімовтер қызмет атқаратын. Ол жылдардың барлығы да әлі де менің есімде жаңғырып тұр... 

 - Енді, Қаби ата, өзіңіздің ғалымдығыңызға ойыссақ. Қазақ әдебиетінің тарихында тым аз сөз болған жанрлардың бірі – баллада. Сіз қазақ балладасын зерттеген тұңғыш ғалымсыз. «Қазақ балладасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадыңыз. Көптеген зерттеуші ғалымдар еңбегінде айтылғандай, қазақ поэзиясындағы баллада жанрын Саттар Ерубаев әкелді деп жатады? Бұл тұжырым қаншалықты дұрыс? 

- Өзің айтқандай, қазақ балладасы тым аз зерттелген тақырыптардың бірі болды. Рас, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, С.Ерубаев, З.Қабдолов сынды ғалымдар өздерінің әдебиеттің өзге мәселелеріне байланысты мақала, баяндамаларында балладаға жол жөнекей көңіл бөлгендігі байқалады. Ал көпшілікке ұсынылған А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш», Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» сияқты оқулықтарда баллада туралы айтыла қоймапты. Сосын өзім орыс ғалымдарының баллада туралы жазылған еңбектерін оқи бастадым. Көп іздену мен зерттеудің арқасында осы тақырыпты сол кездегі ҚазПИ-дің профессоры Қ.Жұмалиевке айтып едім. Ол кісі бірден: "Бұл бір жаңалық қой. Шыныменде әлі тың зерттеле қоймаған тақырып",- деді де бірден мені ҚазПИ-дің сырттай бөлім аспирантурасына қабылдатты. Осылайша өзім де ғылымға деген құштарлығым оянып, жұмысымды бастап кеттім. Ендігі мақсатым – қазақ ақындарының шығармаларына жалпылай шолу жасап, балладалық өлеңдеріне көңіл аудара бастадым. С.Ерубаевтың туындылары орыс ғалымдары берген баллада анықтамасының шеңбері аясында үйлесімін тауып отырды. Саттардың "Үш шахтер туралы баллада", "Меруерт алқа" сынды туындылары нағыз балладаның рөлін атқарып тұрды. Сол тұстағы баллада жанрындағы өлеңдер С.Ерубаевтың шығармашылығында тұнып тұрды. Бір жағы ол Петербургте білім алған. Сондай-ақ Қ.Жармағамбетовтің "Бидай туралы баллада", "Мұғалима", "Күзетші", "Кекті бала" балладалары "Адам туралы аңыз" (1951), "Мұғалима туралы баллада" (1957), "Балладалар" (1962), атты жинақтары бар. Қазақ ақындарынан Ә.Тәжібаевтың, Ә.Сәрсенбаев, Ж.Нәжімеденов, Д.Әбілов шығармалары мен кейінгі жас ақындардан М.Мақатаевтың, Қ.Мырза-Әлінің, М.Шахановтың, О.Сүлейменовтің жекелеген шығармалары баллада үлгісінде жазылған.

 - Патриотизм дегеніміз не? Қоғам ауысқан сайын, оның мазмұны өзгереді деп ойлайсыз ба? 

- Патриотизм деген – Отанға деген сүйіспеншілік. Мәселен, біздердің соғыста ұлттық рухымыз ерекше болды. Біз еліміз үшін, алыста қалған жақындарымыз үшін деп ұрандадық. Сол үшін соғыстық.Майдан даласында жанымызды шүбереккке түйіп, қасық қанымыз қалғанша күрестік. Осының бәрі патриотизмнен туды ғой. Дегенмен қоғам өзгеріп, заман ауысқан сайын патриотиз мағынасы ешқашан өзгермейді. Ол әрбір ұлттың бойында мәңгі қалыптасады. Бүгінгі мемлекеттің жеткен жетістігі мен табыстары патриотизмнің арқасында деп ойлаймын. Ендеше менде де, сенде де, болашақта да ол қасиет жойылмақ емес. 

 - Жастардың бойынан нені көріп қуанасыз? жастар кітап оқи ма, ұстаз ретінде өз ойыңыз? 

 - Бүгінгі жастар білімді. Соған қуануымыз керек. Қазіргі жастар компьютер «құлағында» ойнайды. Сендер интернетке үңіліп, неше түрлі білім қазыналарын кешіп келесіңдер. Интеллектуалдылықтарың біршама артып келеді. Жастар кітап оқима деп сұрап қажеті жоқ. Олар кітапты оқуға міндетті. Өйткені біз де, олар да оқумен шектелмейді. Бірақ жастар бәрін интернетке үніліп алса, кітап газетті оқитындар қалмай қалмасын. Бәрін қатар ұстаңдар дегім келеді. 

 - Ақсақал ретінде, зерттеуші ғалым, ұстаз ретінде сізді не мазалайды немесе елге айтсам деген тілегіңіз болса... 

- Біздің көрген қиындығымызды ендігі ұрпақ көрмесін дейміз. Балалық шағымыз қиын кезеңге тап келді. Халқымыз ашаршылықты бастан кешті. Ал бүгінгі жастар ондай қиыншылықтың бірін көрген жоқ. Әрине, көрмесін деп тілейміз. Жұртымыз тыныш болсын, аспанымыз ашық, намысымыз биік болсын, сендердей жастардың шоқтығы биік болса, еліміздің ертеңінің болашағы биік болмақ. 

Сұхбаттасқан: Алтынбек Құмырзақұлы

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English