«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Кейкінің кегі

2321 0
Кейкінің кегі
Қазақтың қатпары қалың тарихы совет уақытында аяусыз редакцияға ұшырап, Кенесары да, Кейкі де, Құныскерей де «бұзақы», «банды» атанған. Тіпті кейбірінің есімі де қасақана жарияланбады.

Ұлт тарихында есімі жаманатқа телініп, бар ісі, әрекеті теріс бағаланған, «аса жоғары мәртебелі» патша ағзамның саясатымен де, советтік «қызыл қырандармен» де сыйыспай өткен тұлғалардың бірі де бірегейі – Кейкі батыр (Көкембайұлы). 1916 жылғы Торғай өңірінде өткен ұлт-азаттық көтерілістің даңқты батыры, атақты мерген Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. 1871 жылы Торғай өңірінің Байтума қопасында дүниеге келген. 

 

fd8b5b8b1e543f30a045aa3c93af412b.jpg

Азан шақырып қойған аты – Нұрмағамбет. Кейкі жас кезінде Жыланшық болысының қара жермен шана сүйреткен алпауыты Р. Шашамбайұлының малын қорып, дұшпандарына аттандыратын жігіті болған деген деректер кездеседі. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел ауызында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сөз қалған. Жалпы бұл азамат жайында тарихи деректер сараң «сөйлейді». «Сөйлегенде» де оның шынайы бейнесіне «бандит», «бүлікші» деген анықтауыштар қосылып бірге айтылып жатады. Басқыншы, үстем елдің тарихы бойынша осындай көзқарас болатын болса, азаттық алып, тәуелсіз ел атанған бүгінгі Қазақ елі өзінің ұлттық батырларын сол күйінше қабылдауы дұрыс емес. 

1916 жылғы Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерінен белсене араласып, көтерілісшілердің негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарған Кейкі батыр Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соңғы ұрыс – Доғал шайқасында ерлік көрсетіп, алашқа даңқы жайылған. 

Туған өлкесі Торғай даласын жетік білетін жазушы ағамыз С. Шүкірұлы Кейкі батыр туралы былай деп жазады: «Атыс өнеріне әбден жаттыққан аңшы Кейкі қолмерген атанған. Көздемей, оңы-солы, алды-арты демей, атүсті айқаста «желкесімен де көріп» жауынан бұрын қимылдап үлгіреді екен. Қызыл комиссар Әліби Жангелдиннің ықпалымен большевиктер жағына шыққан бас сардар Амангелдіге ермей, «Ақ орысың не, қызыл орысың не, сары орыстың – бәрі орыс», – деп Азаттық деген жолдан таймай партизандыққа, кеңеске қарсылық жасаушы топтарға қосылып жүріп, соңында жеке қалған». 

1919 жылы 18 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры, батыр деген атына сай аңғал Амангелді өлтірілгеннен кейін Кейкі қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл сүргін Торғайда Совет өкіметі орнағаннан кейін де толастамайды. Біраз жыл Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалап, қашқын атанды. «Кейкі үңгірі» – халық батыры Кейкі жасырынған жер атауы. Сайын дала төсінде саяқтай қашып жүрген батырдың жасырынған тау қуысы Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Қорғасын ауылының жанында. 

 

99816ffe45d8eb950f10457c8306aae7.jpg

Ақыры, 1923 жылдың көктемінде арнайы тапсырмамен өзін алдап қолға түсіруге келген комиссар А. Токаревтің сөзіне сеніп, Торғайға оралған Кейкі жолда оның арам пиғылын сезіп қалып, сол жерде атып тастайды. Бірақ Кейкінің ізіне түсіп, артынан алыстан аңдып еріп келе жатқан қызыл әскер оны сол күні түнде жатқан жерінде қоршап алып, айуандықпен өлтіреді. 

Орыстар Кейкі батыр Көкембайұлының басын кесіп алып, Торғай қаласының орталығында бағана басына 7 күн бойы іліп қойып, жұртты шошындырды. Осылай жасау арқылы ел-жұртты үрейде ұстап отыру — ежелгі тәсіл болатын. Батырдың бас сүйегін Д. Букинич деген біреу Санкт-Петербургтің Антропология және этнография мұражайына тапсырған. Қазір сол жерде тұр. Батыр бабамыздың бас сүйегін қазақ ғалым-жазушылары Т. Жұртбай, Ш. Әмірбек және Д. Рамазан өз көздерімен көріп қайтты. Хан Кененің басын іздеп жүріп Кейкінікін тапқан жазушы, зерттеуші Думан Рамазан: «Атамыздың бас сүйегiнiң нөмiрi – 3383 екен: «3383. Череп знаменитого бандита казаха Кейки, уроженца Кайдаульской вол., Тургайского у., казненного в Советский период. От Д. Д. Букинича в дар в 1926 г. Документы: Записка Собирателя. 3/ХI-33», – деп жазылған негiзгi құжатта. 

Ал екiншi бiр жазбада: «Инв. № 3383. 45 лет. Череп знаменитого киргизского бандита Кейки Тургайского уезда, Кайдаульской волости, свирепствовавшего в Степи в 22 и 23 году. Наводил ужас своими зверствами на местные населения и на переселенцев двигавшихся из Ак-Тюбинска на Атбасар. Был очень набожен и всегда в малитвах раскаивался в приступлениях», – деп жазады «Жоралғылы жорық» атты кітабында. 

Сонымен қатар Д. Рамазан мынадай деректі көрсетеді: «Он почитается киргизами за свою храбрость и считается «батырем» не смотря на свой невзрачный вид (низкого роста, худощавый)». Батырлық деген алып дене, бұла күш пен сұлу сымбат еместігін қазаққа дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Жүректілік дене тұлғасының ірі-кішілігіне қарамайды. Атам қазақ батыр адамдарды жүрегінің түгіне, яғни ет жүректе бір тал қылшықтың бар-жоғына қарап бағалайды. 

Жүрегіне тас батқан, бүйрегіне қан қатқан Кейкі батырды кектендірген не нәрсе? Жеке, қара басының қамы ма? Қатын-бала, отбасының тірлігі ме? Мүмкін ауыл-аймақ, туыс-туғанның хал-ахуалы шығар. Жоқ. Батырдың кегін оятқан деп бір нәрсені ғана ашық айта аламыз: ол — ақ патшаның әділетсіздігі және қызыл коммунистердің қитұрқы саясаты. Демек, нағыз халық өкілі саналатын батырлардың ел-жұрты, ұлты үшін кеудесін алдымен оққа төсейтіні – дәлелдеудің қажет етпейтін аксиома. 

Кейкінің бейнесін көркем әдебиетте Ғабит Мүсіреповтен Серік Тұрғынбекке дейінгі қалам қайраткерлері суреттеді: Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасында Кете батыр болып бейнеленсе, Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» кітабында жұмбақталып айтылады. Ал қарасөзде Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романы бар. Алайда совет заманында шыққан онда да аты анық айтылмаған. Астарлап айтылса да бұл кісілер Кейкінің шын мәнінде кім екенін, ұлт тарихында қандай орын алуы тиіс екенін жеткізе білді. Кейкінің шынайы бейнесі көзін көрген замандастарының аузымен айтылып, тарихи деректер негізінде жазылған кітаптың авторы – Шөптібай Байділдин. Сондай-ақ поэзияда батырдың бар болмысы түгел ашыла жазылған эпикалық туынды – Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» дастаны. 

 

d744c54f2f76c53375d55bd65dd3ab8f.jpg

Десе де халық өз батырын әлі де құрметтейді. Ешқашан көпе-көрнеу қиянатқа қимайды. Керісінше, онсыз да тағдыры ауыр, аттың жалында қайшылықпен өткен есіл ердің тарихта әділетті бағасы беріліп, ұлттың айтулы тұлғаларының қатарына енуіне мүдделі. Ең бастысы, Торғай өңірінде 2007 жылы салынған батырдың кесенесіне Ресейдегі бас сүйегі жеткізіліп, ақ жуып, арулап қоюды бар қазақ зор төзімділікпен күтіп отыр. Сондай бір мерейлі сәтті, ұлт рухының асқақтар мезетін көру әзірге арман сияқты. 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English