«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

#100шайқас. Моңғолдармен майдан

2572 0
#100шайқас. Моңғолдармен майдан
Аса үлкен аумақта болған бұл шайқастардың барлығына бар-жоғы үш жыл уақыт кетті

1206 жылғы Қара Ертіс бойындағы Бұқтырма шайқасынан соң моңғол әскерінің айдарынан жел есіп, қазіргі Қазақстан территориясына енуді жалғастырды. Олар 1194-1206 жылдар аралығында Жапон теңізі мен Сары теңізден Ертіс өзеніне дейінгі аралықты, Сібірдің оңтүстігін, Қытай мен Манчжурияны басып алып, Жетісу арқылы алдымен Қарахан мемлекетін талқандап барып Xoрезмді бағындыруды жатпай-тұрмай көкседі. Бұл шақта әскердің Сүбедей басқарған аса күшті отряды Кавказға жетіп, Грузия мен Арменияны бағындырған болатын.

Әскери стратег, айлалы қолбасшы Шыңғыс хан әр елді басып алған сайын халық санағын жүргізуді, егіннен түскен өнімнің оннан бірін, әр жүз бас малдан бір мал салық салуды ордадағы арнайы адамдарға тапсырып, есебін бақылап отырды. Бұл шаруада ол жергілікті елдің ақсүйектері мен бектерінің көмегіне арқа сүйеді, олардың көмектесіне орай оларды да үлестен құр қалдырған жоқ. Осындай айла мен амал арқылы моңғолдар жергілікті халыққа ұнай бастады.  

Көшпенді моңғол тайпалары мен отырықшы өркениеттің арасындағы алғашқы соғыс 1206, 1207 және 1209 жылдары моңғолдардың Таңғұт (Солтүстік-Батыс Қытай) патшалығына шабуыл жасауымен басталды.

Моңғолдар бұған дейін Нючжей деп аталатын Солтүстік Қытай империясына салық төлеп келді. Шыңғыс хан 1210 жылдан бастап салық төлеуден бас тартып, Қытайға соғыс ашуға бұйрық берді.

Тура бір жылдан соң төрт ұлын бастап өзінің қолбасшылығымен бүкіл ариясын алып жорыққа шықты. Құм сахара, аптап ыстық азапты Гоби даласынан өте алған моңғолдың қаптаған қалың қолы Солтүстік Қытайға аққан судай төгіле жөңкілді. 2015 жылы олар Пекиннің тас-талқанын шығарды.

1216 жылы Моңғолияға қайтып оралған Шыңғыс хан армиясы келесі бағытты Орта Азияға бағыттап, үлкен бір аумаққа жорық жасауға дайындалды.

Оқи отырыңыз: Көксау Саурық көрсеткен ерлік

Бұл кезде Орта Азияда екі үлкен мемлекет Алтай-Саян тауларында талай мәрте кезігіп, біраз кескілесіп шайқасқан Күшлік басқаратын Қарахан-Найман мемлекеті мен атағы алысқа кетен ұлық патша Мұхамед шах билеген Хорезм мемлекеті қатар өмір сүретін. Бұл мемлекеттер әр түрлі тайпалардан тұрды. Мемлекет ішінде діни араздық өршіп тұрды, әскер арасындағы ұйымшылдықтың жоқтығы, рулар ішіндегі бітіспес талас-тартыстар аталған мемлекеттердің әскери күшін әлсіретті.

Шыңғыс хан 1218 жылы үлкен құрылтай шақырып, Хорезммен соғысу жөнінде шешім қабылдады. Алайда Хорезмді алу үшін жолдағы кедергі, үлкен қауіпке айналған Қараханды бағындыру сөзсіз қажет іске айналды. Тарихшылар мен әскери соғыс тақырыбын зерттеушілер шыңғыс ханның орта Азияға шапқыншылығын үш кезеңге бөліп қарастырып жүр.

Соғыстың бірінші кезеңі – негізгі күштерді топтастыру. Хорезмді бірден жаулап алуға моңғолдардың мүмкіндігі болмады, себебі солтүстіктегі – найман Күшлік хан бастаған Карахан мемлекеті қауіп төндірді. Сондықтан Хорезмге соғыс бастаудан бұрын осы Қарахан мемлекетін жаулап алу керек болды.  

1218 жылы Қараханды қиратуға жиырма мыңдық атты әскермен Жебе басқарған отряд аттанды. Күшлік ханның мұсылмандарға қырғидай тиюі, соның кесірінен елдің ішіндегі діни алауыздықты моңғолдар тиімді пайдаланды. «Қашанда қасарысқан жауының ең осал тұсын дәл таба білетін Шыңғыс хан: «Халықтың дініне тиіспе, өзін жеңгенмен де, сенімін жеңе алмайсың», – деп Жебеге де ақыл қосады. Ол Күшліктің ордасы Қашқарға жете бере: «Кімде-кім ұлы Шыңғыс қағанның бодандығына көшсе – оған қай дінге мінәжәт етемін, кай құдайға сиынамын десе де еркіндік беріледі!» – деп жар салады. Соның алдында ғана Шығыс Түркістандағы ең үлкен Ал-ад-дин медресесінің имамын азаптап өлтірген Күшлік ханға қарсы исі мұсылман атаулы өре түрегеліп, Жебенің әскері келмей жатып көтеріліске шықты. Ұйымдастыру кабілеті мықты, әскери өнерге жетік Күшлік хан саясаткер ретінде үлкен ағаттық жібергенін түсінді. Өзінің бодан елін өзіне дұшпан етіп алған гүрханның барар жері, басар тауы қалмады» деп жазады Т. Жұртбай «Дулыға» кітабында.

Оқи отырыңыз: Бұқтырмадағы бұлқыныс

Қарахан-Найман мемлекетін қол астына қаратқан Шыңғыс хан Хорезмнің әскери күшін барлау үшін нысана етіп Отырарды таңдады. Керуен көшін түзеген көпестер дауынан басталып  соңы ойранға ұласқан Отырар жаңғырығы көп айтылып, көп жазылды.

Моңғолдардың аса күшті отрядты Отырарға жеткенін естіген Хорезм сұлтаны Мұхамед таңдаулы әскермен Самарқандтан шығып, солтүстікке қарай бет алды. Ол моңғол әскерімен кездесіп, шайқасқа түсуге мәжбүр болды.

«Моңғолдар солтүстік қанатты талқандап, орталыққа басып кірді. Хорезмдіктердің оң қанатын басқарған Мұхамедтің баласы моңғолдардың сол қанатын талқандап, орталық пен өздерінің сол қанатына көмекке келді. Кешке шайқас тоқтады. Түнде моңғолдар қарсыластарын алдау мақсатымен орналасқан жерлеріне мол қылып от жағып, өздері тайып отырды».

Бұл шайқас Мұхамедке үлкен әсер қалдырып, ол: «Мен ешқашан мұндай мықты әскерді көрген емеспін», – деп таңданысын жасыра алмады. Шайқастан соң Мұхамед Бұхараға кетті.

Моңғол әскерінің Отырарды алған соң, Хорезм территориясына басып кіруін тарихшылар шайқастың екінші кезеңі деп сипаттайды.

1218 жылдын аяғында моңғолдардың негізгі күші жорыққа кірісті. Бұл кезде олардың 129 мың әскері болды: орталықта 62 мың, оң қанатта 37 мың, сол қанатта 30 мың.

Алайда Хорезм патшасы Мұхамедтің әскері бұдан екі есе көп еді. Әр түрлі тайпалардан тұратындықтан, оның үстіне әскерде бірыңғай тәртіп болмағандықтан, олар көптігімен айбынды бола алмады. Армияның бір бөлігі қалалардағы гарнизондарда тұрақты ұсталып тұрғаны және бар. Ал моңғол әскерлері ұйымдасу, қарулану және дайындық тұрғысынан хорезмдіктерге қарағанда әлдеқайда жоғары деңгейде болды. «Екі жақтың да әскери күшін шығыс тарихшылары аса асырып көрсетеді. Әсіресе, шығындар өте көбейтілiп көрсетілген. Мысалы, Үргеніш қаласында 2 млн. 400 мың адам өлтірілді делінсе, Герат қаласында 1 млн. 600 мың адам шығындалды деп көрсетілген» («Қазақстанның әскери тарихы». Алматы: Білім, 2001).

Оқи отырыңыз: Моңғол армиясының құпия картасы

Хорезм мемлекетінің моңғол әскерімен бетпе-бет текетіресуге шамасы жетпеді. Ел ішіндегі саяси тұрақсыздық белең алып, Мұхамед аса үлкен әскер күштерді бір жерде топтастыруға сескенді, қолбасшыларына сенім арта алмаған күйі Мұхамед Самарқандқа шегінді. Хорезм елді мекендерін қарапайым халықтың қорғауына тура келді. Алайда жергілікті, нашар ұйымдасқан, білікті басқарушысы жоқ халық майданы мұздай қаруланған атты жасаққа төтеп беруі мүмкін де емес еді. Қарақан басының мүддесі күйттеген ел билеушілерінің опасыздығы, ел мен жерді қорғау ісі қарапайым елдің иығына жүк болып артылды.

Мұхамедтің соңына түскен  моңғол армиясы 1220 жылғы наурызда тіке шабуылмен 20 мың әскері Бұхараны алып, одан соң 40 мың әскері бар Самарқанды талқандады. Хорезм патшасы қашып шығады.

Қашқан жаудың соңынан қууға Жебе мен Сүбедей басқарған 30 мың әскер аттанады. 30 мың әскер 7 ай қоршап Үргенішті қоршаған Жошы қаланы басып алды. Ал Шыңғыс ханның өзі басқарған негізгі күш 1220 жылы Балх пен Талекан қалаларын қиратты. Ханның кенже ұлы Толыны 40 мың әскермен Мерв қаласына шабуылдады. Қатты қарсылық көрсеткен Мерв шаһарын алу үшін 700-ден аса тас ататын машина, 4 мың саты, 2500 тас толтырылған қап т.с.с. пайдаланыпты. 1221 жылғы сәуірде моңғолдар Мерв қаласын басып алып, тас-талқанын шығарды. Ал Шағатай мен Үгедей басқарған отряд солтүстік қанатты қорғап отырды.

Тарихшылар Хорезм әскерлерінің талқандалуын Шыңғыс ханның Орта Азияға жорығының ең шешуші, үшінші кезеңі деп қарастырады.  Мұхамед шаһ өлгеннен кейін моңғолдарға қарсы күресті оның ұлы Жәлел-әд-дин жалғастырды. Ол 70 мың әскер жинап, Кабулға аттанды. Қазіргі Ауған даласында Жәлел-әд-дин басқарған хорезмдіктер қолы моңғолдың 30 мың адамдық отрядын жеңіп, талқандайды.

Жәлел-әд-диннің жасағы мен Шыңғыс ханның негізгі күші 1221 жылы желтоқсанның 9-ында Инд өзені жағасында кездесіп, кескілескенше шайқасты. Хорезм армиясы жеңіліске ұшырады, алайда Жәлел-әд-дин төрт мың адаммен өзеннен өтіп, құтылып кетті. «Осындай мықты қолбасшым болғанда ғой!» деп таңданған шыңғыс хан сөзі осы кезде айтылыпты деседі.

Осыдан кейін Шыңғыс хан Тибетке аттанды, бірақ кейін Бұхара мен Самарқанға қайтып оралды. Осы жерде бір жыл қыстаған Шыңғыс хан 12 жылы мол олжамен Моңғолияға қайтты. Аса үлкен аумақта болған бұл шайқастардың барлығына бар-жоғы үш жыл уақыт кетті.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English