«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Біржан сал Қожағұлұлы

Біржан сал Қожағұлұлы
  • Аты
  • Біржан сал Қожағұлұлы
  • Туған күні
  • 1834
  • Қайтыс болған күні
  • 1897

Біржан сал Қожағұлұлы

(1834-1897)

Біржан сал Қожағұлұлы қазіргі Көкшетау облысы, Еңбекшілер ауданындағы, Степняк қаласында дүниеге келген. Керей руынан шыққан. Қожағұл-Біржанның атасы, Тұрлыбай-Қожағұлдың баласы.  Біржан – өмір бойы салдық құрып ел аралап, ән салып, сауық құрып жүрген сал. Ол әнді орындаушы ғана емес, белгілі композитор. Сонымен қоса ақындық пен әншілікті қоса меңгеріп, халық әндерін нақышына келтіре орындаған шебер әнші.

Біржан Арқада асқақ әншілік дәстүрді қалыптастырды. Жаяу Мұса, Ақан сері, Қанапия, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сынды әнші ақындар – Біржан қалыптастырған мектептің түлектері. Ал, Құлтума, Жарылғапберді, Ғазиздар – Біржан әндерін халық арасына насихаттаушы, таратушылар. Кеңестік дәуір тұсында оның әндерін Ғ.Айтбаев, Қ.Байжанов, К.Лекеров, Ж.Елебеков, М.Ержанов сынды өнерпаздар нақышына келтіре орындап, бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Ақындық, әншілік, композиторлық өнерімен қатар Біржан – суырып-салмалығымен танылған айтыскер ақын. «Біржан мен Сараның айтысынан» М.Имашев кандидаттық диссертация қорғады. Әйел теңдігі, махаббат, әлеумет сынды өзекті мәселелерді қозғаған айтыстың көркемдігі де жоғары. Оның әйгілі Сарамен айтысы – қазақ поэзиясы мен музыкасының үлкен табысы. Композитор М.Төлебаев қазақ опера өнерінің туындысы болған «Біржан – Сара» операсын жазды.

Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,

Адамға зияным жоқ жүрген жанмын.

Қасыңа мені сендер неге алмайсың,

Өзім сұңқар, өзім сал, кімге зармын.

Жасым бар жиырмада, жасырмаймын,

Басымнан дұшпан сөзін асырмаймын.

Басымнан дұшпан сөзі асып кетсе,

Сен түгіл, патшаға да бас ұрмаймын

– дейтін Біржан – табиғи талантының арқасында кімнен болса да аяғын тартып қорықпаған өр мінезді, өткір де батыл тілді ақын. Оның «Біржан сал» әнінен жалындаған жастық шақ пен салдық, серілік өмір байқалады. Сал-серілік жырларға негізінен жастық жалын, қыздарға деген сезім күйлер, сұлулыққа құштарлық, әлеуметтік мәселені жеке басының күйі арқылы көрсету басым болса, ақын шығармаларынан да осы ерекшелік байқалады. 

«Жамбас сипар» ақынның өткен өмірі мен қартайған шағынан хабар берер туынды. Кезінде «Жамбас сипарды» нақышына келтіре орындап, қыз-қырқынның бел ортасында жантайып жатқан Біржанның қартайған соң келін мен балаға жақпай «таппайтын адам ебін қақбас болуы» табиғат заңдылығы.

Ақынның бірсыпыра өлеңдері жекелеген адамдарға арналған. Олардың ішінде «Айтбай» мен «Ләйлім шырақ», «Ақтентек» – сұлу қыздарға арналған өлеңдер. Алғашқы өлеңінен ақыннның бірде жолдасы, енді бірде өзі үшін қызды ауылға келгіштеп тұратынын көрсек, екіншісіне таудан аққан бұлақтай Ләйлім шыраққа деген наз. «Ақтентек» – Ажар қыздың әкесінің атымен аталған өлең. Бұл – «Алыстан ат терлетіп» қызды ауылға келіп бір хабар алатын жігіттердің болмысын аша түсетін өлең.  Осы қатарды ақынның «Алтын балдақ», «Көкек» өлеңдері толықтырады. Алғашқысы Әсемкермен қызды ауылға келген Біржан салдың алдынан қара камшат киіп, басында бұлғақтаған үкісімен шыққан қызға арналған. Екіншісінде көктемге келген көкек құстан сүйген қалқасынан хабар алып келу сөз болған. «Көлбай – Жанбайда» «Ләйлім шырақтағы» ой жалғасын тапқан. Көлбай-Жанбайға «саф күмістен балағы, алтын иек» шідерін оның қарындасы алғанын айта отырып, оны қайтарып алу мақсатында сұлу қызға деген көңіл күйін аңғартады. Бұл өлеңдерде қонып шыққан үйінде шідерін жоғалтқан ақынның Ләйлім сынды сұлуға деген сезімі мен сыры да қоса өрілген. «Жанбота» өлеңі Жанбота болысқа қаратыла айтылған. Сегіз болыс ішінде шенің артық еді, сенің адамыңды басқа болыс кісісінің сабауы не? деген сауал қояды да, сол тұстағы жуандардың өнер иесіне тізе батыруын сынға алады. Бұл – жеке адам атына қаратыла айтылғанмен, сол тұстағы жуандардың әлсізге тізе батыруын ащы тілмен сынай да міней білген туынды. «Адасқақта» алдындағы өлеңдердегі ой жалғасын тапқан. Өз заманындағы әділетсіздікке деген қатты реніш, оны сынау мен мінеу ақынның кейінгі жылдары жазылған «Жамбас сипар», «Теміртас», «Қарасу есік алды» деп аталатын қайғылы әндерінен де байқалады. «Айтбай», «Ақтентек», «Алтын балдақ», «Бірлән», «Ғашығым», «Мәті – Дәулен» сынды әндер – Біржан сал шығармашылығының шоқтығы биік дүниелері.

«Біржан сал ақын» мен «Талай заман», «Орынбор» – ақынның өз басынан хабар берер туындылар. Оның біріншісінде ақын өмір туралы баршылық пен жоқшылық туралы толғанады:

Жігітке кедейшілік ол – сергелдең,

Жоқ болса жалғыз атың, өлгенмен тең.

Үйіңе құрбың келіп, құр аттанса,

Не керек дүниеден үміттенген.

Шешеннің сөз шығады таңдайынан,

Жұмақтың бізге мекен қандайынан?

Бар болып, байлар кімді асырайды,

Әркімнің жазған алла маңдайынан.

Сал-серілердің үлкен бір ерекшелігі – жүйрік сәйгүлік таңдап міну. Сұлу қыздармен бірге шаң жұқпас жүйрік пен тайпалған жорғалар да ақын шығармашылығынан үлкен орын алады. «Телқоңыр», «Сұржорға», «Бурылтай», «Ақсеркеш» – оның осы аттас жүйріктеріне арналған ән-өлеңдер. Ақын бұл әндерінде жылқы малының сұлу бітімін жеткізе жырлады. Бәйгеден озып жүлде алған, үш айшылық жеріңе әп-сәтте-ақ алып баратын жүйрікке көзі түскен ақын: «Бәйгіден озып келген атты алайын, ер жігіт сынамай ма бақ-талайын?» дейді. 

«Соқпа-ай – соқ» өлеңінде:

Ал десе, еркін жүйрік ағындаған,

Ақылға кейбір надан бағынбаған.

Жігіттік – бойға таққан бір гауһар тас,

Қартайсаң, қайта айналып табылмаған,

– деп, өмір жайында түйін жасайды. Өмір жайындағы философиялық толғамдарды «Ер жігіт дүниені көргені артық», «Ал, дүние, өтеріңді біліп едім» сынды туындылар толықтырады. Ақын бірде:

Ер жігіт дүниені көргені артық,

Дүниеде не бар-жоғын сезгені артық.

Түскендей аспан жерге іс болса да,

Бел байлап, тәуекел деп төзгені артық

– деп өмірде не нәрсеге де дайын тұру керектігін, жақсы жолдас табу керектігін еске салса, енді бірде өмірдің бір орында тұрмай қозғалыста болатынын ескертеді:

Ал, дүние, өтеріңді біліп едім,

Білдірмей серілікпен жүріп едім.

Бұл күнде арық қойдан бағам кейін,

Үш жүзді сайран қылған Біржан едім...

...Қара су есік алды лайланды,

Бай қылмақ, кедей қылмақ құдайдан-ды.

Қамзолдай қысқа пішкен дөңгеленіп,

Дүние өтерінде шыр айналды...

Ағаш үй от жаққаным қобылы пеш,

Құдай-ау, ғапу етіп, күнәмді кеш.

Теміртас, Асыл, Ақық – қарақтарым,

Байлаулы арқандағы қолымды шеш...

Кертөбелмен ел аралап, жақсыға сөз арнаған Біржан сал өмірінің соңғы кезеңдері қайғылы халде болды. Билеуші таптың өкілдерін қатты шенеп, оларды ел алдында сынға алғаны үшін оның жеке басына қарсы дұшпандары да көп болды. Салдық, серілік құрып, халық өнерін насихаттаумен ғана шектелген ақынды қартайған шағында жынданды деп балаларына қол-аяғын байлатып тастауының өзі – сол тұстағы әлділердің қолдан жасаған зымиян әрекеті еді. Бойында жалындаған күш-қуаты барда ештеңе істей алмаған төрелер ақынның күш-қуаты қайтқан шағында тізе батырып, төрінен көрі жақын қалғанда тірідей қорлап, өз кектерін алған болды. Алайда, олар халық арасына тарап кеткен ән-өлеңдерді шедерлеп ұстай алмады. Ақынның төрелер мен билерді, ұлықтар мен болыстарды шенеп жазған ән-өлеңдері халық арасына тарап кетті. Қанша құрсауласа да, ақын шығармашылығы мәңгілік жасайтынын күн өткен сайын көрсетіп келе жатыр. Оның төл туындылары рухани асыл мұралардың қатарына қосылып, қазақ халқының поэзиясы мен музыкасынан үлкен орын алды. Әдебиеттанушы ғалымдар оның ұлт поэзиясына, өнертанушылар қазақ музыкасына қосқан үлесін насихаттап келе жатыр. Сондықтан да Біржан сал Қожағұлұлы қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қомақты үлес қосқан қалам және өнер қайраткері ретінде ұлт тарихында қалмақ.

Автор: Гүлжаһан Орда