«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Әйтеке Би

Әйтеке Би
  • Аты
  • Әйтеке Би

ӘЙТЕКЕ БИ ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР

(«Бабалар сөзі» 100-томдық жинағының 86-томынан алынған)

Әйтеке бидің мықтылығы

Пір сайлау жұмысына кіріскенде Төле би өзінің ғұламасы Мағзаманды, Қазыбек би Ер Сейтпембетті, Әйтеке Мүсәліні (кейінгі лақап аты – Сұпыәзі) өздерімен бірге мәжіліске ала келеді. Пір сайлау мәжілісіне  бұлардан басқа молдалар мен ишандар, айбынды  батырлар мен билер, сөз зергері шешендер қатысып отырған. Пір сайлауында адам көптің алдында өзінің кереметін көрсетуі керек. Кереметі басым адам ұлық пір болып сайлана алатын болған.

Тәртіп бойынша үш бидің ғұламасының кереметі сыналып болғаннан кейін ең мықты дегенін ғана пір сайлауына жарамды деп шешіледі. Бұл әр бидің өздерінің ғұламасын құр бекер мақтап, ұсына бермесін деген ойдан туса керек. Керемет көрсету жөніндегі ұсыныс Әйтеке биден шыққан болатын. Оның бұл ұсынысы көптің ішінен қолдау табады да, Әйтеке халық алдына бір буаз сиыр әкелдіреді. Сосын ғұламаларға қарап:

– Сиырдың ішіндегі бұзаудың түрін, түсін, жынысын және қандай күйде жатыр соны көпке бұлжытпай айтып бересіңдер! Сиырды сойып, бұзауды алғанда қайсысының сөзіне бұзаудың түр-түсі дәл келсе, сол үш жүзге Ұлық пір болып сайланады, – дейді. Бұған үш би келіседі.

Алғашқы болып Төле бидің ғұламасы шақырылып:

– Мынау сиырдың ішінде қандай бұзау жатыр? Оның түрі, түсі және жынысы қандай? Соны мына көпке айтып бер, – дейді үш би. Мағзаман сиырға қарап тұрып:

– Бұл сиырдың ішінде: қара, ұрғашы, ақтөбел бұзау жатыр, – деп тоқтады.

Қазыбектің ғұламасы Ер Сейітпамбет сиырға қарап тұрып:

– Мына сиырдың ішінде ұрғашы, қара бұзау жатыр деп кідіреді.

Бұдан соң үшінші болып Әйтекенің ғұламасы Мүсірәлі сиырды көзімен бір рет сүзіп өтті де көпке қарап:

– Бұл сиырдың ішінде ұрғашы, қара, ақ құйрық бұзау жатыр, – дейді.

Үш ғұлама көре көзге үш түрлі сөз айтқанда отырған көпшілік куәгер болады. Осыдан соң сиырдың ішін жарып бұзауды алып қараса, бұзау –ұрғашы, қара, ақ құйрық. Бұл Мүсірәлінің айтқаны еді. Сондықтан халық бір ауыздан ұлық пірге Мүсірәліні сайлады. Мүсірәлі өзінің озық көргендігімен үш жүзге Пір болады.

Енді осы Пірді елге алып кетуге де үлкен талас болады. Үш жүзге ортақ болғандықтан, Ұлық пір Орта жүзде отыруды қажет деп отырып алады Қазыбек. Төле би мұны қуаттайды. Әйтеке Мүсірәліні қалайда өзімен бірге алып кету үшін оларға тағы да ұсыныс қояды.

– Ертең үш жүз әрқайсысы өзінің еліне қарай қосынын көшірсін. Біз Мүсірәлімен төртеуіміз төбенің басында тұрайық. Көштің қарасы үзіліп кеткесін Мүсірәлінің атын бос жіберейік. Ат қай жүздің көшінің артынан еріп кетсе, Мүсірәлі де сол жүзге кете берсін, – дейді ол. Қазыбек пен Төле би бұған қосылады. Ертеңіне дәл осылай жасағанда Ақша ат Кіші жүздің көшінің артынан құйындатып шауып кетеді. Мұны көрген Әйтеке:

– О, садағаң кетейін, әулием! – деп Мүсірәліні құшақтап тағзым етеді.

Тұрып қалуға ұялып, ана екі би де Мүсірәліге қол беріп еңкейеді. Сөйтіп, үш би татулықпен тарқасын Әйтеке Мүсірәліні қасиетті қара шаңырағына әкеліп қондырған екен.

Ғылыми түсініктеме: Аңыз томға ӘӨИ-дің Қолжазба қорының Қ.1123-бумасының 47-дәптерінен алынды. Мәтінді жинап, тапсырған – Еркін Құлпейісов. Аталған мәтінді Ө.Ахметов 1989 жылы «Ленин туы» газетінде жариялаған.

Әйтекеби 

Үйсін Төле бидің Қалманбет деген ұста қоңшысы болыпты. Төленің үйінің сыртында табиғи өсіп тұрған қисық қайыңды кесіп алып, өзіне ер соғып алады. Ер біткен соң, әдемілігіне қызыққан Төле би:

– Иә, Қалмамбет, бұл ер менікі болады. Себебі бұл қайың менің үйімнің сыртында өскен, көп болғанда істеген ақыңды аласың, – дейді.

Қалмамбет:

– Дүниенің жүзінде қисық қайың жалғыз осы ма? Ұнатқан ағашты кес те, ер жасап ал, бұл ерді бермеймін, – деп шалқаяды.

Ерді өзінше ала алмайтынына көзі жеткен Төле:

– Онда мына қоңсылас отырған Кіші жүз еліне барып төрелесейік, – деп екеуі аттарына мініп, ерді қанжығаға байлап алып жолға шығады. Былай шыққан соң Төле би: «ойпырым-ай, бір ер үшін жүз асып төрелікке барғаным жөн болмас, жол-жөнекей ұшырасқан адамның төрелігімен-ақ бітісейін» деген оймен:

– Уа, Қалмамбет, анау алдымызда көрінетін көп қара Кіші жүздің жайылып жатқан малы болса керек. Сол малдың шінде қандай да бір адам бар шығар. Сол адамға барып төрелесек сен тұрасың ба? – дейді.

– Сіз тұрсаңыз, мен тұрдым, – деп жауап береді. Сөйтіп, бұлар жайылып жатқан үйір-үйір жылқының ішіне келсе, мал бағып жүрген жайдақ тайға мінген бір бала екен. Бала тайынан түсіп келіп, жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Сәлемнен кейін Төле мен Қалмамбет:

– Мына ерге таласып келеміз. Жөні осылай-осылай, – деп жасырмай барлық жағдайды айтып, өздерімен таныстырып өтеді.

Бала:

– Екеуіңіз де әкемдей үлкен кісілерсіздер. Төрелік біреуіңіздің пайдаңызға шешілсе, екіншіңіздің көңіліңіз қалып қояды. Мені қойып мына тұрған ауылға барып өздеріңіз қатарлы адамға төрелесіңіздер, – деп бала жуытпайды. Баланың кішіпейіл, ақылды сөзі таңғалдырып:

– Қарағым, «қой асығы демеңіз, қолға жақсы сақадай, жасы кіші демеңіз, ақылы жетсе,  атадай» деген, өзіңе тұрдық, айт төрелігіңді, – деп жатып жабысады. Жабысып болмаған соң бала:

– Олай болса, екеулеріңіз де тымақтарыңыз бен қамшыларыңызды беріңіздер. Аузыма түскенімді айтайын, – дейді. Қамшы пен тымақтарын алып, екеуінің қамшысын екі жағына шаншып, ортасына жаңағы ерді қояды. Сонан соң:

– Қапталың – қайың, қасың – тал,

Қалмамбет соққан бір ерсің.

Үйсіннен шыққан Төлесің,

Адамсып жүрген немесің.

Қасыңдағы көршіңмен

Қу ағашқа таласып,

Не бетіңмен келесің?

Нәпсіңе беріп ерікті

Өтірікке жан берсең,

Зәузатыңмен күйесің, –

деп ерді лақтырып тастап, бала тайына мініп, малын қайыруға тартып отырады.

Төреліктен жеңілген Төле би бетініп қалып, төрелігімен таңғалдырған баланың аты-жөнін білуге артынан барып сұрағанда, ол:

– Атым – Әйтеке, руым – әлім,  Алшын атаның баласы боламын, – деп жауап береді.

Міне, сол күннен бастап Кіші жүз алшыннан шыққан Әйтеке би Ұлы жүздің Төле биінің, Орта жүзде қаз дауысты Қазыбек бидің қатарына ілесіп, атақты би болған.

Ғылыми түсініктеме: Кіші жүздің данышпан биі Әйтеке туралы бұл туынды томға ӘӨИ-дің Қолжазба қорының Қ.856 бумасының 4-тізімінен алынды. Мәтінді жинап, тапсырған – Ғаббас Батталов.  Қорға 1979 жылы түскен. Қолжазбаның соңында берілген мәліметке қарағанда, шығарманы 1928 жылы Урицкий ауданы, «Сопшлы» ауылының тұрғыны Дүзен қариядан жазып алған – Ғаббас Сатаев. 

Әйтекенің жекпе-жектегі жеңісі

Жоңғар әскерлері үнемі күтпеген жерден қазақ даласына жойқын шабуыл жасайтын. Сондықтан да әр шабуылы бейғам жатқан қазақ ауылдары үшін шексіз ауыр соғатын. Әр ауылдың азаматтары хабарланып, тізе қосып үлгерместен қалың жауға дара-дара соғысатын. Көптің аты – көп: көзсіз ерлер нөпір жауға төтеп бере алмай, майдан даласында қапыда шейіт кетіп жататын. Ат жалын тартып мінер еркек кіндік қалмаған ауылдар ауясыз тоналып, өртелетін. Мал-мүлік жау қанжығасына ілініп, қыз-келіншектер әйелдікке, күндікке әкетілетін. Ойламаған жерден өрт боп тиген жау қашан қазақ ауылдарына жаппай хабар барып, батырлары қол жинап, қарулы қарсылық көрсеткенше, даламызға тым бойлап еніп үлгеретін. Жау ізінде аңыраған ана, шырқыраған сәби, шашын жұлып, бетінен қанды сорасын ағызған жесір, шұбалған шаң, жалындаған өрт, шудаланған түтін қалып жататын.

Бейғам жатқан ауылдарға аш бөрідей тиіскен жау өздеріне қарсы асығыс аттанған үркердей-үркердей шағын қазақ жасақтарын таудан құлаған топан судай жұтып, ілгерілей берді. Сол екпіндері Нұрата тауына жеткенше толастамады. Бұрын қайраты кесек бітімінен ғана байқалатын, бірақ бұрын-соңды беліне қару тағынып, жауға қайрат көрсетпеген Әйтекені ол кезде сол аймақ айыр тілді шешен, кемел ақыл иесі, қара қылды қақ жарған әділ би деп қана танитын. Бұл жолы Самарқан төңірегіндегі Алшындардан асығыс жиналған бес мыңдық қолды Әйтекенің өзінің басқаруына тура келді.

Әйтеке бес мыңдық қолмен қалың жауға Нұрата мен Қыз-Бибі төңірегінде бетпе-бет келеді. Жоңғарларды бастап келе жатқан бұл жолы Қалдан-Бошақтының өзі екен. Екі жақ бір-біріне жақындай бере, жоңғар ханы суырылып алға шығады. Әйтеке де кідірмей өзгелерден ат басын оздырып, алға ұмтылады. Бұрын Тәуке ханның сарайында бір қайыра ұшырасқан екеуі бір-бірін жазбай таниды.

Қалдан-Бошақты бірден өктем, өпірем тиісіп, кекете-мұқата айбар шегеді.

– Әй, Әйтеке, сені қазақтар бұрын «Айыртау» ұранды, айыр тілді би демеуші ме еді. Қатындарың қылыш ұстайтын бір ұл тумағаны ма?

– Қазақтың қай-қай ұлының да қамшысын жеген қалмақсың ғой, – дейді Әйтеке. – Бұл жолы биінің қамшысын татып көр! Мүмкін, ақылың осыдан кейін кірер!

– Сенің басың менің қанжығамда бүгін. Ханыңнан бастап талайыңның басың мына менің қанжығамда екенін ұмытайын деген екенсің, қу жақ би!

– Салқам Жәңгірдің қапыда қалғаныңа масайрап, бұтыңды көп көтере берме! Күлін шашқан көк долы қатын құсап салғыласа бермей, соғысатын қаруыңды таңда! Сосын менің сенен жасым үлкен, кезегімді бер!

– Сен менен үш-ақ жас үлкенмін деп бұлыңды өткізе алмайсың. Менің жолым үлкен. Мен – ханмын, сен – қарасың. Кезек – менікі!

– Оныңа да көндім. Қырып кететін болсаң – ал, баста!

– Ажалыңа асықпа! Біз екеуміз әуеліі сөзбен сынасып көрелік. Әйтпесе, қазір қаның суша шашылған кезде сенің шешендік, сыншылық өнеріңді көре алмай қалармын.

Әйтеке:

– Біз қай-қайсысына да әзірміз.

Қалдан-Бошақты:

– Онда сен мына менің қай атамнан хан екенімді айтшы!

– Сенің қара басың ғана хан. Арғы аталарың тексіз құл.

– Оны немен дәлелдейсің?

– Жаңа жекпе-жекке шығып келе жатып, арт жағыңа үш қайыра жалтақтадың. Текті хан сен секілді жан-жағына жалтақтамас болар!

– Бұл сөзің дәлел емес. Қазымырдың қызыл сөзі.

– Онда сені шешеңнің қазіргі әкем деп жүрген кісіңнен емес, есігіндегі құл қытайдан тапқанын қалмақтар ғана емес, бүкіл қазақтар біледі.

Осындай сыбысты бұрын да өз жұртының арасынан құлағы шалатын Қалдан-Бошақты түнере түсіп барып, мүлдем мұндай әңгімені құлағына ілмеген сыңайда, тез бойын жинайды.

– Сен секілді айдаладағы тілін сауып, күн көріп жүрген тексіздің сөзі маған сын емес! Енді сен мына менің астымдағы атыма сын айт!

– Атың – жүйрік, ойға-қырға бірдей. Күні-түні жортсаң, бүйір қақпайтын мықты. Бірақ, бәрібір таза қанды арғымақ емес. Есекке шатысы бар.

– Дәлелде! 

– Таза қанды арғымақ қоңыраудай күңгірлеп кісінер болар. Ал сенің атың жаңа ішін тартып, үсті-үстіне азынады. Бүйтіп есек қана қышқырады.

Қалдан-Бошақтының астындағы аты әу баста шынында арғымақ тұқымы екені рас-ты. Бірақ, мықты болады деп, құлын күнінде есекке телігені де рас-ты.

Қалдан-Бошақты қан жұтқандай боп, тас мүсінге айналғандай сілейген күйі қолынан найзасы төмен түсе беріпті. Ханның қаралай масқара болғанын көрген мыңбасының бірі «Қаула! Қаула!» деп әмір береді де, қалмақтар лап қойып, жан алып, жан беріскен қан майдан басталып кетеді.

Бірінші күні күші басым жауға Әйтеке қолы төтеп беріп бағады.

Екінші күннің өздеріне ауыр соғарын білген бір қазақ сарбазы кешке таман өтірік аттан ауып қалғансып, жау қолына түседі. Қалдан-Бошақтының алдына барғанда ол: «Әйтекеге самарқаннан, Бұқара, Керминеден қарулы көмек келе жатыр, алды таң алдында жетеді» деген өтірік мәлімет береді. Бұған иланған және Самарқан мен Бұқарадан ылғи мылтықты жасақ келетінін білетін Қалдан-Бошақты: «Жаман хабар жеткізгені үшін» әлгі сарбазды қазыққа отырғызып өлтіреді де, таң алдында әскерінің басын негізгі күші жатқан Сайрам жаққа бұрады. Оларға қуа жүріп соққы беруге күші аз қазақ жасағының қауқары жетпейді.

Кейін бел шешіп, тыныс алған сәтте бір сардар Әйтекеге реніш білдіреді.

– Найзасын төмен түсірген сәтте қалмақ ханын неге шауып тастамадыңыз! Ханы өлген қалмақ одан әрі бізбен соғысып жарытпас еді.

– Ол – хан. Мен – қарамын. Сөйте тұра, сөзім сүйегінен өткен кезде хан екенмін демеді, жау екенмін демеді. Уәжге бөгеліп, қаруын төме түсірді. Қару безенбегенді өлтіре салу – қарақшы мен тексіздің ісі.

Иілген басты қылыш кеспейді. Менің сол жерде қалмақ ханына қару көтергенім – қазақ деген халқымның беделіне қарсы қару көтергенім емес пе?! Одан кейінгі менің билік сөзіме жат түгіл, жақыным да көнбес еді, – дейді Әйтеке.

Сонда да әлгі сардар қарсы дау айтып бағады. Оған ренжіген Әйтеке:

– Ақылды жау сені көкке көтерер, ақымақ дос сені көрге итерер.

Ақылды қасыңнан қорықпа, ақымақ досыңнан қорық деген осындайдан шыққан екен-ау! – деп бұрылып жүре беріпті.

Сөйтіп, тапқырлығымен, батылдығымен, көрегендігімен исі қазақты ғана емес, ата жауды да мойынұсындырған Әйтеке жекпе-жекте ешбір қантөгізсіз жеңіске жеткен екен деген аңызға бергісіз ақиқат ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бізге де жетіпті.

Ғылыми түсініктеме: Мәтін Г.Бельгер, М.Ақдәулетұлы құрастырған «Әйтеке би» кітабынан қысқартылып (Алматы: Атамұра, 1998.178-181б.б.) алынды.

Әйтеке бидің қазасы

Бүкіл кіші жүз жаңа қонысқа қазіргі Қазалы өңіріне көшіп келіп орналаса бастағанда Әйтеке би өзіне қарасты ағайын-туыс, тумаларымен Бұқараның маңын қыстап қалады. Ол жерде қалуының мәнісі: бір шеті қоңырат елі, екінші шеті Үргеніш-Хиуа елі аралығында ыдырап көше алмай қалып қойған Кіші жүздің халқын бір жерге жинап, келесі жазда осы жерге алып келіп басын қосу еді. Осы мақсатымен Әйтеке қысты сол өзінің отырған жерінде өткізеді.

Жаз шыға бытыраңқы отырған әлім, шөмен ауылдарын бір жерге жинап шоғырландыра бастайды. Көктемнің аяғына дейін бұл жұмысты бітіріп, көшіруді бастауға санаулы күндер ғана қалады. «Ертең бір күн көшеміз» деп отырғанда  Қарақалпақ жеріне барып, ақ жүгері алып келген өзінің бір жақын інісі:

– Мынау базарлығым, аға, – деп үлкен бекірені Әйтекенің үйіне әкеліп тастайды. Бұзылмасын деп аздап қана тұз сепкен бекіре бабында екен. Жеңсік асқа кім-кімнің де құмар болатыны анық. Бекіреге құмартқан бәйбіше бекірені кеспелеп асады. Үйлес отырған көршілерінің үлкенді-кішілі адамдарымен бірге бекіренің етін Әйтеке де жейді. Дәмді асты отырғандармен таласа жеген Әйтекенің тамағына кенет бекіренің арқасындағы жиегі егеу тәрізді түрпіленген үш қырлы тасы қадала қалады. Әрі-бері жұтқыншағын тоғығанмен, қылқан шықпайды.

Арада бір жеті уақыт өтеді. Әйтекенің тамағынан қылқан кетпей, ауруы меңдей береді. Күн өткен сайын науқастың ахуалы кеми түседі. Үшінші  жетіге қарағанда Әйтеке сөзден қалады. Сыбырлаған сөзін тек басында отырған бәйбішесі ғана есітеді. Ол да анық емес, күмілжі. Әбден талықсыған Әйтеке басында отырған бәйбішесіне «мені, ме-ні Мыңтө.бе..дегі Сейіт..баттал.. әу..лие мен Зәң..гі ата әулие.. ге апа..рып қойың.. дар. Мен біт..тім», – дейді демі бөлініп.  Сол күні кешкі іңірде Әйтеке сабырлы қалпымен жатып жан кешеді.

Халық үш жүздің үш биінің бірі, кіші жүздің кемеңгер данасы, адастырмас темірқазық жұлдызы, аяулы Әйтекесінен айрылған соң жақын жерде отырған ауыл-ауылға ат шаптырып, хабар беріледі. Екі күн өтіп, үшінші күні Әйтекенің мүддесін арбаға салып, Мыңтөбеге қарай алып жүреді. Сонымен Кіші жүздің дара биі, асқар таудай биік шыңы, дана басшысы Бәйдібектің ұлы Әйтеке елу жеті жасында Бұқара аймағында дүниеден қайтыпты.

Бүкіл Кіші жүз өлімін естігенде аза тұтып, небір шырын тілді шырайлы сөзбен еске түсіріп жоқтайды. Қаралы ту көтереді. Әр жерде мал сойылып, аяулы азаматының рухына арнап қонақасы беріледі. Өздері ардақтаған әділ биінің қаралы азасына қатыса алмағандарына қатты қайғырып, өкінеді. Бір жеті жол жүріп, Әйтекенің мүрдесін сол кезде Мыңтөбе деп аталған жердегі Зәңгі ата мешітінің іргесіне әкеліп жерлейді.

Ғылыми түсініктеме: Аңыз томға ӘӨИ-дің Қолжазба қорының Қ.1124-бумасының 100-дәптерінен алынды. Мәтінді жинап, тапсырған – Еркін Құлпейісов. Аталған мәтінді Ө.Ахметов 1989 жылы Қазалы ауданының «Ленин туы» газетінде жариялаған.