Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ә. БӨКЕЙХАН – ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

2051
Ә. БӨКЕЙХАН –  ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ  ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ  ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ   - e-history.kz

Қазақ халқының  азаттық қозғалысының тарихындағы   белгілі тұлға,  ХХ  ғасырдың басындағы туған халқын бостандық пен еркіндікке  жеткізу ісінің жетекшісі, Отан тарихындағы орны ерекше саяси қайраткер Әлихан Бөкейханның осы қасиетті мақсатты  іске асыруды бүкіл өмірінің негізіне айналдырған қызметін мөлшермен үш кезеңге бөлуге болады. Олар атап айтқанда:

1. Ресей империясы  мерзіміндегі  қазақ жерін патшалық отарлықтан  азат ету жолындағы  ісі (ХІХ ғасырдың соңынан -1917 жылдың ақпанына  дейінгі мерзім);

2. Ресейдегі 1917 жылғы  ақпан  және Қазан  төңкерістері,  азамат соғысы  жылдарындағы қызметі (1917 жылдың басынан  1919 жылдың   ортасына дейін);

3. 1919 жылдан өмірінің соңына дейінгі мерзімдегі қызметі.

Әлихан Бөкейханның бұл уақыттардағы шығармашылық, саяси, ұйымдастырушылық, т.б. жұмыстарының барлығы ғасырлар бойы отарлыққа түсіп, бодандықтың ауыр қасіретін тартқан халқына еркіндік  әперу, тарихи территориясына ие болу,  осы арқылы оның өз жеріндегі даму, өркендеу мен халықтық басқару жүйесіне негізделген өркениетті Егемен мемлекетін құруға арналды. Өмірінің өзегіне, барша болмысының  құлшынысына, бүкіл іс-әрекетінің ұмтылысына, арманының тірегіне  айналған осы мақсатын іске асыруға өзінің бойындағы   табиғат силаған барлық қабілетін, талантын,  күш-жігерін, уақытын  арнады. ХХ ғасырдың басындағы елінің болашағы алаңдатып, халқының ауыр халы жандарын ауыртқан, одан шығар жолды іздеген ұлтымыздың алдыңғы қатарлы, оқыған зиялы қауымының басын қосып, оларды бір мақсатқа жұмылдыра, оған жетуге деген күрес жолдарын айқындай  білді.

Қасиетті жоспарды шындыққа айналдыру жолындағы қызметінің барлық кезеңі  өміріне қауіп төндіретін  шиеленісті, қарама-қайшылықты, сын-қатерлі кезеңдермен ерекшеленді. 1920 жылдың соңынан  сталиндік жазалау орындары тарапынан Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаушы деген айыппен бірнеше рет тұтқындалды,  ақырында халық жауы деген жалған  үкім  шығарылып, атылды.

ХІХ ғасырдың соңынан басталған  Қазақстандағы  демократиялық тұрғыдағы  азаттық қозғалысының басында болған Әлихан Бөкейханның  өмірі мен бұл бағыттағы қызметі  Ресей империясы, одан ары Уақытша үкімет,  Кеңестік жүйенің үнемі назарында болып келді. Бұл билік түрлерінің  барлығы да Қазақстандағы өздерінің саясатын жүргізуде  білімді, көреген саясаткер, Ресей қоғамында, соның ішінде Қазақстандағы жергілікті халық арасында үлкен ықпалға ие болған Ә. Бөкейханды өз мүдделеріне сай пайдалануды жоспарлап келді.

Әсіресе сталиндік ішкі істер орындары  тарапынан  Әлихан Бөкейханның  әр қадамы, шығармашылығы, жергілікті  тұрғындар арасындағы  Кеңестік саясатты насихаттау мен социалистік құрылымдарды жүзеге асырудағы атқарып отырған істері жіті бақылауға алынды. Мысалы, 1922 жылдың  қыркүйегінде ҚКСР ГПУ Саяси ұйымының  “Қазақстандағы топтар туралы  хабарламалық баяндамасы дайындалды. Онда: “...Бөкейханов Әлихан. Шығу тегі жағынан қырғыз. Семей губерниясы Қарқаралы уезінің тумасы.  Әр жерлерде жоғары білім алған.  Саяси өмірге  1904-1905 жылдардан шыға бастады.  Өзінің саяси қызметінің алғашқы қадамдарынан ол қырғыз ұлтшыл қызметкері бағытында қалыптасты.  1906 жылы  Жетісу облысы қырғыздары атынан Бөкейхан Мемлекеттік Думаның мүшелігіне сайланып, оның қатарында 1917 жылға дейін болған кадет партиясына қосылады. Бір мерзімде  ол  Кадеттердің ОК мүшесі болды. Кейін осы партияның белгілі қайраткеріне айналған ол оңшыл эсерлерді 1917 жылға, яғни  қырғыздық  бұратаналық ұлттық  партиясы  негізделгенге дейін  қолдады.

Ақпан төңкерісі кезінде  оңшыл эссерлердің  белсенді  мүшесі  ол қырғыздардан шыққан  басқа жұрттық (туземный) белгілі қайраткер ретінде  Керенскимен пікірлес болады және оның жақын досына айналады.

Керенскиймен  жақындық біріншісінің билігі кезінде оның саяси өміріне үлкен әсер етті. Ақпан төңкерісінен біраз уақыт өткеннен кейін Бөкейхан Торғай облысы губерниялық комиссары болып тағайындалды, сонымен бірге Түркістан Төтенше Комиссиясының мүшесі болды.

Торғай облысының Губерниялық комиссары бола отыра Бөкейхан  Керенскийдің қолдауы арқылы Қырғызияның саяси  билеушісіне айналды,  оның маңайына барлық буржуазиялық интеллигенттер топтасты.  Бөкейхан бастаған бұл топ  «Жеңіске жеткенге дейінгі соғыс» деген  ұран тастайды және  бұл ұран  Уақытша өкіметтің жоспарына сай  Қырғызияда  белсенді  іске асырылды.

Бөкейханның  және оның  маңайына топтасқан  буржуазиялық интеллигенция өкілдерінің бастамасымен  1917 жылдың  шілдесінде  Орынбор қаласында  І Бүкілқырғыздық сьезд шақырылды.  Онда  қырғыз автономиясын  құруға байланысты  бірнеше мәселелердің қатарында ...Алаш-Орда ұлттық қырғыз партиясы  негізделді.  Партияның құрылуымен  Бөкейхан  оның дем берушісі және  жетекшісіне айналды. Сол жылдың  қазан айында  Бөкейханның  және басқалардың бастамасымен  ІІ Бүкілқырғыздық сьезі шақырылып, онда  Алашорда үкіметі  сайланды; Бөкейхан  Үкіметтің Төрағасы  болып сайланды  және  Алашордашылардың  Кеңес үкіметінің жағына шыққанға дейін   жұмысты жалғастырды.

Уақытша үкімет құлатылғаннан және  Кеңес өкіметі  орнағаннан кейін  Алашорданың төрағасы  ретінде Бөкейхан  Семей губерниясына кетіп,  осында Алашорда үкіметіне  басшылық жасады;  Соңғысының  Орал облысындағы батыстық,  Бөкей ордасында шығыстық  бөлімдері  құралды. Алаш Орда партиясы Бөкейханның жақын көмекшісі Ахмет Байтұрсын редакциялаған (қазіргі  Қыр Республикасының Халыққа білім беру Халық комиссары) қырғыз тіліндегі өзінің париялық баспа органы – “Қазақ”  газетін шығаруды үздіксіз жалғастырып келді.

Керенскийдің уақытында Торғай облысы Губерниялық Комиссары  және Алашорданың Төрағасы  қызметтері кезінде; біріншісі кезінде  қырғыз коммунистерін атуға, оларды жақтаушыларды тұтқынға алуға  бұйырық берсе, екінші жағдайда  ол осы өкіметтің  бөлімі арқылы Оралдағы  және  Кеңес үкіметі әскерлері болмаған  Қырғызия территориясында  өзіндегі барлық  құралдарымен бір бөлегі  контрреволюциялық Орал казактарына қосылып,  олардан молынан және  ауыр зардапқа ұшыраған   қырғыз халқын  Кеңес үкіметіне қарсы күреске  тартты.

Алашорданың  Батыс бөлімінің  орын алған жағдайға байланысты Кеңес өкіметіне қосылу  қажеттігі  туралы ұйғарымы  Семейдегі  Бөкейхан тарапынан қолдау таппады.  Ол  Орал облысындағы  қырғыз халқының қылмыстық қырғынын  одан ары жалғастыруды қалады.  Өзі іс жүзінде  Кеңес өкіметі жағына шыққан жоқ,   біздің әскерлердің бүкіл Семей губерниясын алуы кезінде  тұтқынға түсті.

Бүкіл Қырғызияны  ақгвардияшы бандиттерден босату  мерзімінде  Бөкейханды жаңа Ревком  техникалық қызметкер ретінде пайдалану үшін Орынборға шақырды, алайда мұнда біраз уақыт болып,  қайтадан Семейге кетіп, қазіргі уақытта  сонда.

Кеңес үкіметіне қарсы  әрекет еткен  барлық басқа жұрттықтарға (туземцы) кешірім жасалып,  алашордалықтардың басым көпшілігі ... РКП қатарына өтіп,  Кеңестік қызметтерге тартылса да  Бөкейханға  ешқандай әсер етпей келеді.

Бөкейханның Монғолиядан бастау алған Қиыр Шығыстағы  оқиғалардың дамуы, ондағы бандитизмнің  одан ары белең алуы, Бакиннің бандасының біздің  территориямызға басып кіруі жағдайындағы Семейге сапары және және ақыр соңында  оның Унгернмен байланысы туралы хабарлама, - осының барлығы Бөкейханның  Кеңес өкіметін құлатуды барынша жақтаушы қызметкер екендігін растайды”[1],-деп жазылды. Осы арқылы Әлихан Бөкейханды үнемі бақылауда ұстаудың  қажеттігі көрсетілді.  

Міне, осы дерекке қарай отыра Ә. Бөкейханның ХХ ғасырдың басындағы   заман  талабына сай  білімді, Қазақстан ғана емес,  бүкіл Ресей шеңберіндегі  белгілі  саяси, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілгендігін, онымен достары, қастары да санасып, мойындағандығын   білеміз.     Н.Ә.Назарбаевтың атап көрсеткеніндей: “Ұлт-азаттық қозғалысының басшылары Әлихан Бөкейхан  (оқымысты-ғалым, Ресей Конституциялық демократиялық  партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, І және ІІ  Мемлекеттік Думаның депутаты). . ... өз қызметінің басты мұрасы  қазақ халқының  ұлттық төлтумалығын  сақтау, сонымен бірге  оның тарихи өткенін  қалпына келтіріп,  ұлттық санасын шыңдау деп санаған”[2].

Жоғарыда баяндалғанындай, Әлихан Бөкейханның қазақ халқының бостандығын қамтамасыз ету мақсатындағы қызметі ХІХ ғасырдың соңынан  бастау алады.  Бұл уақыт  Ресей патшалығының   қазақ жерін орыс шаруаларымен қоныстандыруының, осы арқылы жергілікті тұрғындарды мекендерінен жаппай аластандыруының     жаңа легі басталған кезі еді.  Мысалдар келтіретін болсақ, ХХ ғасырдың басында: “Батыс Сібір Генерал-губернаторлығына қараған Да­ла өлкесінің (бір ғана,-Ғ.Қ.) Алтай аймағы орналасқысы келген орыс шаруаларын село, хутор, қауымдарымен қоныстандырылып, осы арқылы оны толығымен орыстандырылған империяның ажы­рамас аймағы ету мақсат етілді. Аталған шараны іске асы­руда ХХ ғасырдың басында пайдалануға берілген Ұлы Сібір те­мір жолына үлкен міндеттер жүктелді. Сібірге бар­ғысы келетіндердің барша жол шығыны империя есебінен ше­шіле бастады. Отарлаушы үкіметтің осындай шараларына орай ХХ ғасырдың басынан Батыс Сібір, Алтайға қоныс аударушы шаруалардың саны еселеп артқандығын тарихи деректер дәлелдей түседі. Жаңадан келетін қоныстанушыларды қалаған жерлеріне орналастыруды іске асыру жолында оларға қолайлы жерлерді дайындау ісі кең көлемде бастау алды. Болашақта алынатын жерлерді айқындау үшін  арнайы экспедициялар жабдықталынды” [3. 83-84].

Нәтижесінде ХХ ғасырдың алғашқы уақытынан бұл өңірге біржолата көшкендердің көлемі  ондаған есеге молайды. “Егер 1864-1885 жылдар аралығында  Оралдың шығыс жақ бетіне  қоныс аударушылардың саны 300000 адам болса, бұл сан 1885-1910 жылдары -2,5 миллионға өсті.

Қоныс аударушылардың үлкен бөлігі қазақ  жерлеріне ұмтылды. Егер 1896-1905 жылдары Қазақстанның  Ақмола, Торғай,  Орал және  Семей облыстарына 294296 адам келіп қоныстанса, 1906-1910 жылдары  770000 адам көшіп келіп орын тепті” [4.11]

Күн-көріс жерлерінен айырылған қазақтардың ата-қоныстарын тастап, лажсыздан орыс шаруаларына жалдануы,  ауыл, руларымен көрші елдерге лажсыздан көшуі осы мерзімнен бастау алады. “Мұндай саясат қазақ халқының, соның ішінде оның зиялы тобының наразылығын тудырды. Олардың қатарында Ә. Бөкейхан та болды. Мұндай озбырлық қызметтің  мақсатын айқындау жолында ол Ф.Щербинаның  қоныстанушылар мүддесіне қажетті жерлерді анықтауға арналған экспедициясының жұмысына қатысты.  “Бөкейхан мырза,-деп көрсетті  Ф.Щербина,- оның экспедицияға қажеттігі туралы И.И. Тихеевке жазған ... хатында,- экспедицияға аса керекті маман-статистик. ... Тегі қырғыз бола отыра және қырғыздар тұрмысын  аса жақсы  білу арқылы  Бөкейхан өлкенің  табиғи-тарихи жағдайын  зерттеуге арналған білім алды, ...”  Міне осылай Ә.Н. Бөкейхан  экспедицияға басынан, яғни 1896 жылдан қатысты.  ... Ф. А. Щербинаның экспедициясынан жинаған  тәжірибесі  Ә.Н. Бөкейханның  ғалым ретінде  қалыптасуына  үлкен әсер етті.  ... Ә.Н. Бөкейханның  маңызды еңбектерінің бірі, 1910 жылы шыққан “Казахи” аталған  экспедицияның  далалық облыстарды  зерттеудің негізінде жазылды”[3.84].

Аталған кітабында, т.б. шығармаларында  Әлихан Бөкейхан  Ресей империясының   қазақ халқын   ашығынан тонаушылығын  барынша жария етті. Мысалы оның: “Тағы  Өскемен уезінде  Тарғын болысы  7-старшинда  Қошанай рулы қазақтың мұжыққа жерін алған екен. ...  Бұл қазақтардың  169-дан 60-ы өз нішені жоқтықтан  казак-орыстан  пішен  сатып жаяды екен.  Қой, жылқы бағатын  жерді жылқы басына  10 тиын,  қой басына 5 тиын  аренда төлеп тағы көрші  казак-орыстан  сатып алады екен,”- [5.104 ]деген деректері оған айғақ болып табылады.

Патшалық отарлау саясатының  салдарынан: “ХХ ғасырдың басында қазақ даласының барлық аймақтарының негізгі тұрғындары орыстар болып қалыптасты. Халқымыз ата қоныстарынан күшпен қуылды. Әсіресе орыс қоныстанушыларын  үнемі қызықтырып келген Қазақстанның шығысы мен Алтай аймағы байырғы тұрғындарының жағдайлары өте шиеленісті. Халқымыздың басына түскен   империялық   қанаудың қасіретін Ә.Бөкейхан одан ары: “Әр қазақ руымен ата қонысында  отыра беріп еді. Казак - орыс пайдасына аздап ақша төлеп,  Ертістің бар пішенін біз шауып алушы едік.  Малды Ертіске бағушы едік.  Ата мұрасы болған жеріміз еді.  31 майда  1904 жылғы патшамыз  жарлығымен он шақырым  Сібір казак-орысына берілді.  Мұнда отырған қазақ  өзге түрмен орналасқанша, төлеп отырған ақша өзгермесін деген закон болмады.  Осы кейінгі он жылдың  ішінде қазақтың  жерге төлейтін ақшасы  төрт есе көбейді. 1897 жылы  Щербина жазғанда  қазақ үй басына  казак-орысқа 10 сом жылына төлеуші еді. Енді осы 10 сом 20-40 сом болды.  Пайдаланған жер баяғы он шақырым, біз осыған қарамай  Ертіс бойында отырмыз.  40 сом үй басына төлеу оңай емес.  Барар жер жоқ.  Қан төгіп, кір жуып,  кіндік кескен ата-қонысымыз  Ертіс. Мұнан кетсек, мұнан неше есе  бақытсыздыққа  кез болуымыз анық.  ... Бізге ақырзаман туды білем”,-деген сөздермен білдірді. Ал, оның “Қырғыз тұрғындары  біртіндеп өз қыстауларынан қуыла бастады,  мешіттері тартып алынып, қоныстанушылар оларда бұзауларын ұстайды. 

...Қоныстандыру басқармасы 15000 десятина, 10000, т.б. жер бөліктерін дайындап, оларды әр түрлі адамдарға бере бастады. Атап айтқанда  Мемлекет Дума төрағасының көмекшісі  Варун-Секрет Ақмола облысының Петропавел уезінен аса мол жер бөлігін алды. Граф Потоцкий 15000 десятин жер  ... алды.  ...Қырғыздар  өз жерлерін жалға алуға мәжбүр болуда”,–деген ашық мәлімдемесінен  өктем империялық биліктің салдарынан қазақ жерінің толығымен отарлаушылар мүддесіне орай талан-таражға салынғандығы белгілі болады,”[3.88-89] - деген деректермен айғақтандырады.

Әлихан  Нұрмұхамедұлының 1913 жылғы “Қазақ”  газетінде жариялаған  мақалаларындағы  “Осы 9 облыс, бір губернияда  260 миллион десятина шамасында  жер бар.  Бұл жердің көбі 10-20 жыл бұрын  қазақ пайдасында еді.  Соңғы 10-15 жыл  Торғай һәм  Ақмола облыстарынан  қазақ пайдасындағы  жерден көп  жер мұжық  пайдасына кетті.  1908 жылға шейін  мұжыққа қазақтан алып берген жер  4 миллион десятинадан  аз артық еді.  1913-нші жылдағы есепте  1906-1912 жылдарда  қазақтан мұжыққа  алынған жер  6 миллион десятинадан артық. ... “Әлі жеткен  алып та жығады, шалып та жығады” деген осы да. ...  Қазақ жүрген жерді ... өзінікі қылмақ., жалғыз-ақ бұл жол қазаққа жоқ” [5, 86, 96, 191] деп жазуы Ә.Бөкейханды  ресейлік отарлық саясаттың  әсерінен  жерлерінен айырылған  қазақтардың тағдыры алаңдатқандығын көрсетеді. Себебі осы 6 миллион десятина  ең шұрайлы, орманды, егіске, шабындық пен жайылымға  қолайлы, өзендер, көлдер маңайындағы  жерлер екендігі белгілі

Міне сондықтан да  халқымыздың еркіндігі,  теңдігі, тарихи территориясына толығымен ие  болып, онда өмір сүріп, өркендеуінің  бір ғана жолы дербес, тәуелсіз  мемлекетінің қалпына келтірілуінде  деп есептеді. Өйткені ол қазақ халқының, оның жерінде қалыптасқан мемлекеттердің, Қазақ хандығының,  белгілі билеушілер, батырлардың мемлекетті нығайту, оны сыртқы жаулардан қорғау бағытындағы  атқарған істерін жақсы білген. Олардың қазақ елінің дамуындағы игілікті қызметтерін үнемі арнайы жазбалары арқылы насихаттап келді. Сонымен қатар өз мерзіміндегі  халықтардың, қоғамның дамуына тікелей игі әсер еткен  әлемдік мемлекеттердің тарихын да зерттеумен айналысты.    Бұл тақырыпқа көптеген шығармаларын арнады.  Мысалы ол  1913 жылдан шығып келген “Қазақ” газетінде  Еуропа, Азия мемлекеттерінің   өткен кезеңдеріне, сол мерзімдегі жағдайларына арналған көптеген мақалалар жазды. Олардың қатарына  “Судья Берлинде тағы”, “Моңғол халі”, “Керек сөз”, “Жолды іс”, “Хусейін Халми патша”, “Башқұр жерінің шежіресінен”, “Құттықтау хаты”, т.б. жатқызуға болады.  Бұл еңбектерінің негізгі мазмұны  мемлекеттіліктің  әрбір ұлттың дамуындағы  орнын белгілеуге  арналды.

Қазақ халқының  ғасырларға ұласқан көшпелі мал шаруашылығын  ұйымдастырудың  әдісін,  жерінің табиғи жағдайын жақсы білетін Әлихан Бөкейхан табиғи мал азығын  дайындаудың қажеттігін барынша насихаттады. Өзінің осындай шешімінің дұрыстығын  әсіресе Ф.Щербина бастаған  экспедиция құрамында  Семей облысы қазақтарының  шаруашылығымен жеткілікті тұрғыда танысуы көрсетіп берді.

     Себебі, Далалық аймақтардың табиғатының қаталдығы, үнемі болып тұратын қарлы боран,  қыстың ұзақтығы  мал басын сақтаудың  бірден-бір жолы  әр шаруашылықтың табиғи мал азығын молынан дайындауға байланысты  екендігін барынша айқындады. Өзінің осы бағыттағы  жазбаларында  табиғаты қатал  даладағы жиі   болып тұратын  жұттың жергілікті халыққа   әкелетін зардабын жеткілікті тұрғыда баяндады.  Атап айтқанда  1902 жылдың  3 наурызында ол: “Семей облысы Қарқаралы уезінде тұрақты қар  20 қазанда (Дегелен болыстығы), қарашаның басында  (Абыралы және  Дагандел болыстықтары) және осы айдың соңында (Ақшатау болыстығы) түсті. ... Егер қыс созылатын болса, Дегелен болыстығында  ол малдың шығынына  ұласады.

...Жылқы  жайылымдықтың аздығы және  үнемі бораннан  ашық далада  бола алмайды. Биелер түгелге жуық  түсік тастады.

...Шідерті өзені аңғарында  нағыз жұт.  ... Малды жаятын жер жоқ,  барлық жазықтықты  қалық, қатты қар басқан, мұз-тайғақ, шөп таусылған,  тау көрінбейді. Арық малға  дайын шөп бере бастады, бірақ мүлдемге жетіспейді, кішкентай арба шөп 5 рубль тұрады. Баянауыл станицасында  1 пұд шөптің  бағасы 50 копеек.  ... Көктемнің аз ғана мерзімге  кеш шығуы малдың жаппай  қырылуына әкеліп соғуы мүмкін (Қарамола болыстығы). ... Барлығы  жаңа төлден айырылғандығына  және жұттың  басындағы алғашқы  шығынға көніп отыр, алайда  көктем жай шыққан немесе  суық болатын жағдайдағы  жаппай  жұттан қауіптенеді,”[6]- деп жазды.

Туған жұртының мүддесі мен болашағы үшін атқарған ісі үшін олардың қолдауына ие болған Әлихан Бөкейхан «1 Мемлекеттік Думаға Семей облысы  қазақтары  атынан  депутат болып сайланды. Осы оқиғаға орай  “Семипалатинский листок” газеті: “Редакция қазақ халқын  нәтижелі сайлау қорытындысымен құттықтайды.  Ә.Бөкейхан Мемлекеттік Думада ұлт мәселесін қорғай алатын, қазақтың жоғын  жоқтап,  тілегін жеткізетін бірден-бір адам екеніне  халқы сенсе керек”,- деп жазды.

Әлихан Бөкейхан І Мемлекеттік Дума жұмысына қатынаса алмайды.  Өйткені ол  Дума жұмысын бастаған кезде  Омбы генерал-губернаторының  негізсіз жарлығымен  соттың тергеуінсіз үш ай  Павлодар абақтысында отырады. Ал абақтыдан шығып,  Петербургке жеткенде, Дума  патшаның үкімімен  таратылып,  оның біраз мүшелері  наразылық актісін қабылдау үшін  Финляндияның  Выборг қаласына  жүріп кеткен еді.  Ә.Бөкейхан та солардың  артынан аттанып,  Выборг үндеуіне қол қояды”[4.15-16]. 

Ә. Бөкейхан бұл жылдары  Ресейдің қаналған ұлттары қатарында  қазақ халқының жағдайын  шешетін жалғыз ғана ұйым  Мемлекеттік Дума  болар деп үміттенді.  Осындай оймен ол Мемлекеттік Думаның келесі шақырылмдарының барлығының жұмысын үнемі назарда ұстап келді. Қазақ газетінде  Дума істеріне арналған  мақалаларын үзбей жариялады.  Олардың қатарында “Үшінші Дума һәм қазақ”, “Төртінші Дума һәм қазақ”, “Дума һәм қазақ”, “Он төрт тоғыз болама?” атты шығармаларын жатқызуға болады.

Алайда, ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы Ресей самодержавиесі тарапынан Мемлекеттік Думаны бірнеше рет тарату, халықшылдық қозғалысты күшпен тоқтату,, соның ішіндегі Қазақстандағы 1916 жылғы жергілікті тұрғындардың наразылығын қарумен басу, оған қатысқандарды  жаппай жазалау қазақ жерін одан ары жаппай қоныстандыруды жаңа екпінмен одан ары жүргізу, , т.б. отарлық саясаттың жалғастырылуы  Ресейді жаңартудың бейбіт,  демократиялық жолына, осы арқылы ұлтына бостандық әперуге  деген оның үмітін мүлдем басты..  Ендігі жол  патшалық билікті қарудың күшімен құлату, Ресейде көппартиялық демократиялық қоғам орнату екендігін ұқты. Болашақта бұл мақсатты іске асырады деген сеніммен Керенский бастаған  кадет партиясының құрамына енді. Оның ендігі алдына қойған жоспары сол мерзімдегі  патшалық самодержавиеге қарсы  белсенді жұмыс атқарып отырған  бұл партия арқылы  Ресейде ұлттар арасындағы теңдік қоғам орнату,  оның құрамындағы Қазақ автономиялық мемлекеттігін негіздеуге жетісу болды..

Ресейдегі іске асырылған 1917 жылғы ақпан төңкерісі, патшалық биліктің құлатылуы, кадеттер партиясы жетекшілік еткен көппартиялық Уақытша үкіметтің құрылуы Әлихан Бөкейхан пен оның серіктестерінің Қазақстанның болашағына деген сенімдерін оятты.

Осындай жағдайдағы алдарына қойған  жоспарларын  іске асыру мақсатында  1917 жылдың  шілде айында Әлихан Бөкейхан  ұйымдастырған  Бүкілқазақтық 1 сьезд өткізіліп,  “Алаш” халықтық демократиялық партиясы негізделді.  Ал осы жылдың  желтоқсанында партияның бағдарламасы қабылданды.  Онда партияның  атқарар міндеттері белгіленді.  Қазақстанды президенттік билікке негізделген Ресей Демократиялық Федеративтік  Республикасы құрамында  автономиялық мемлекет  ретінде негіздеу мақсат етіп қойылды.  Алаш азаттық қозғалысы  жетекшілері, мүшелерінің  бүкіл қызметі  осы жоспарды  қамтамасыз етуге  жұмылдырылды.

Бірақ та, уақыт өткен сайын Уақытша үкімет елдегі демократиялық бастамаларды іске асыруға мүдделлі емес  екендігі айқындала бастады. Ұлттық аймақтардың, соның ішінде Қазақстанның автономиялық мемлекеттігіне олар ашығынан қарсы шықты. Бұл үкімет құрамындағылар  Ресейдің   ешқандай жаңа демократиялық құрылымдарсыз бұрынғы біртұтастығы сақталатындығын  мәлімдей бастады.  Жүріп жатқан    Дүниежүзілік соғысты жеңіске дейін жалғастыру олардың сыртқы саясатының негізі болды.  Мысалы:“Мәскеудегі  1917 жылғы  14 тамыздағы мемлекеттік кеңесте Мемлекеттік Думаның Декларациясын талқылауға арналған кездесудегі сөзінде  кадет  Набоков: “Қазіргі бастан өткізіп отырған қайғылы жағдайда біздің Отанымызды бөлшектеу әрекеті  жауға мақсатты және мақсатсыз тұрғыда көмектесу ретінде  айыпталады” деп көрсетіп, Уақытша үкіметтің, соның ішінде кадет партиясының   ұлт саясатындағы  ұстанымын ашығынан жариялады”[7.15]. 

 

Ал, ...“Соңғы Мемлекеттік Думаның Төрағасы Родзянко  бұл кеңесте: “Мен  Министр-Төрағаның  біздің Ұлы Ресейді мекендейтін ұлттардың жандана бастаған сепаратистік бағыттары туралы мәлімдемесін  қауіптене отыра тыңдадым,  бұған  мемлекет кінәлі емес, керісінше  бізден байырғы аймақтарымызды  бөлшектеу қаупін тудырған  осы қозғалысты өзінің беделі арқылы түбірімен  баса алмаған,  барша күші арқылы барлық осы қозғалысты  тоқтата алмаған өкімет кінәлі екендігін көріп отырмын” деп мәлімдеме жасап,...”[7.15],-  Уақытша Үкіметтің  патша самодержавиесінің  ісін  одан ары  жалғастыратындығын  жариялады.

Ал мұның өзі осы уақыттағы  Ресейдегі барша ұлт-азаттық қозғалыстары жетекшілерінің, солардың қатарындағы алаштықтардың да  іс-қимыл бағыттарын өзгертулеріне әкеліп соққандығы белгілі. Нақты орын алған саяси ақуалдың анығына көзі жеткен Ә.Бөкейхан: “Кадет партиясы адамға  меншікті  болып берілсе де, жөн дейді. Біздің қазақ жерді  меншікті қылып алса, башқұрдша  көрші мұжыққа сатып,  біраз жылда сыпырылып,  жалаңаш шыға келеді.  Кадет партиясы ұлт афтономиясына қарсы.  Біз Алаш ұранды жұрт жиылып,  ұлт афтономиясын  тікпек болдық”, [8.414] –деген мәлімдеме жасап, өзінің бұл партиядан шығатындығын жариялады.

Міне осылай,  халқымыздың  ұлт-азаттық  қозғалысы  жетекшілерінің  Уақытша үкіметке  артқан  үміттері  ақталмады.  Бұл үкімет те  Ресейдегі  басқа ұлттардың болашағына  деген өздерінің  ұстанып отырған  бағыттарын толығымен айқындады.  Одан арғы  Ресейдегі  өзара тартысты саяси оқиғалардан түсінікті болатынындай,  1917 жылдың  қазан айындағы төңкерістің нәтижесіндегі  большевиктердің билік басына келуі, оған қарсы контреволюциялық  күштердің бірігуі, коммунистік саясаттың  қаралануы белсенділікпен жүргізілді.

1918 жылдың  ортасынан  шетел капиталистері дем беріп, қолдаған самодержавиені қалпына келтіруді және  бүкілресейлік біртұтас жаңа империяны негіздеуді  мақсат етушілер  ұйымдастырған азамат соғысы басталып, елдегі жағдай барынша күрделене түсті. Алаштықтар  бұл соғыста алдарына қойған мақсаттарын іске асыруға мүмкіндік жасайды деген үмітпен контрреролюциялық  күштер жағына шықты.  Ә.Бөкейхан және оның серіктестері  өздерінің  мақсаттарына жету жолында   Сібірлік Колчак өкіметі, Дутовтың  казак әскерлерімен, т.б.  бірге  олардың талаптарына қосылып,  Кеңес өкіметіне қарсы қарулы күреске қатысты.  Алайда Алаш жетекшілерінің бұл үміттері де ақталмады.  Кольчак және Дутов биліктері  қазақ жерінің автономиялы тұрғыда басқарылуына үзілді-кесілді қарсы шықты.  Тіпті осындай батыл талаптары үшін алаштықтарды қудалау басталды.  Оны төмендегі: “Қырғыз болыстықтарында   өздерінің  Алашордалық кеңестері құрылғандықтан  земстволық болыстық  басқармаларға деген  жағымсыз қатынас қалыптасқан.  Аталған кеңес тарапынан  қырғыздарды орыстарға қарсы қарулы күреске шақыратын үндеулер  таратылған.  Кеңестің төрағасы және бірнеше мүшелері  тұтқынға алынды, осыдан кейін ғана  қырғыздар Сібір өкіметін таныды.

Қазіргі күні  Алаш-Орда кеңесі жоқ,  (Колчактық Сібір үкіметінің,-Ғ.Қ.) болыстық атқару комитеттері жұмыс істейді,”- [9] деген деректер арқылы білуге болады.

Азамат соғысының  шешуші кезеңіндегі  Кеңес үкіметіне қарсы әскери күштердің, солардың ішіндегі Колчак үкіметінің, Дутовтың казак әскерлерінің  жеңілістерге ұшырауы Ресей жұмысшылары мен шаруалары қолдаған Кеңес үкіметінің қуатын көрсетіп берді.

Осылармен қатар  В.И.Лениннің  ұлт мәселесіне арналған еңбектері, большевиктер партиясының  бағдарламасы негізіндегі   Кеңес үкіметінің  1917 жылғы 2 қарашада қабылдаған  Ресей халықтары құқығының Алаш Декларациясының  Алаш партиясы бағдарламасымен  ұқсастығы, осылармен қатар азамат соғысы алдындағы Кеңес өкіметі және алаштықтар арасындағы орын алған өзара келісімдер   Әлихан Бөкейхан бастаған  Алаштықтардың қарсылықтарын тоқтатып,  Кеңес жағына шығуларына мәжбүр етті. Егер де  тарихи деректерге  жүгінетін болсақ,  Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясының ұлт мәселесіне арналған бағдарламасы  Алаштықтардың жоспарымен мазмұндас болды.    “Алаш бағдарламасының,-деп жазады осы тұрғыда Мұстафа Шоқай,-кейбір баптары ... социал-демократтардың  бағдарламасымен ұп-ұқсас. ... “Алаш партиясының социализммен  ешқандай ортақтастығы жоқ еді”,-деп жазған Закия Валиди жалған айтады[10].

Ал, Әлихан Бөкейхан  студенттік кезінде  азаттық қозғалысының  демократиялық, соның ішінде социализм ілімімен жеткілікті тұрғыда айналысты.  Оны Қазақстанда қолданудың жолдарын іздестірді.    Бұған академик М.Асылбек келтіретін  “Кадеттік “Наша жизнь” газеті  1906 ж. Ә Бөкейханның  Мемлекеттік Дума  мүшелігіне  өтуінен соң ол туралы: “Орман институтының  студенті кезінде ол әрқашанда  әсіре солшылдарға  қосылатын” және “марксизм туралы таластардың  қызған шақтарында  экономикалық материализм тезистерін  өте табанды түрде  қорғайтын” деп жазды.  Астаналық орталарда  ол марксизм теориясының  тамаша білгірі ретінде танылды.  Бұл жөнінде  Ә. Бөкейханның  Омбы қаласында  халықшылдардың, эсерлердің және марксистердің  қатысуымен шыққан  “Степной край” газетінің  редакциясында  жұмыс істеуі де куәлік етеді.  Ә. Бөкейхан  газетте  “марксистік бағытты ұстанды және  сөзсіз оның жарқын, тіпті бірден-бір, жарқын  дем берушісі болды ... ”,[3.17].- деген дерек дәлел болады.        Яғни, Алаш қозғалысы жетекшілерінің  кеңестік билікті мойындауы  олардың қандай жағдайда болмасын қолайлы жағдайды  пайдалана отыра  халқын  бостандыққа жеткізуді  қамтамасыз ету  болғандығы белгілі.  Міне сондықтан да  олар лениндік  ұлт мәселесін  Кеңестік Қазақстан  жағдайында  іске асыруды   көздеді.

 Қазақстандағы  алдыңғы қатарлы  оқыған қазақ зиялы тобы өкілдерін  социализм  ілімін  халық арасында насихаттауға кеңінен қатыстыру  үшін большевиктік билік  олардың  барлығын кеңестік басшы жұмыстарға тартты. Олардың істеріне  кез-келген   тұрғыдағы бақылау жасауға  рұқсат берілмеді.  Оған: “... алашордашылар мен қырғыз қызметкерлерінің жеке мінездемелері ...ГПУ орындарына  қырғыз жауапты қызметкерлеріне, тіпті олар  Алашордаға қатысты болса  да агентуралық  жұмыстар жүргізуге тиым салынуына байланысты  толық емес, ...”   [11] деген мысал айғақ болады.

Осы мерзімнен  Әлихан Бөкейхан  Қазақстан Автономиялық Кеңестік  Республикасын жариялау,  оның территориясын белгілеу жұмыстарына белсенділікпен қатысты.  Қазақстандағы 1920 жылдардағы  болған аштыққа қарсы  мемлекеттік тұрғыдағы күрес шараларын ұйымдастырумен айналысты. Қабылданған шешімдердің орындалуын үнемі бақылауда ұстады. Қазақстандағы  аштыққа қарсы күрестің  барысы туралы: “Қазағстанның күнбатыс жағында  ашығып жатқан  қазақ еліне  тезден жәрдем  қылу ниетіменен  Семейдің губерниялық аштарға  жәрдем қылу комитеті  мынадай  шараларға кірісіп,  соларын іске асырғалы жатыр. Семей губернесінің  үйездеріне бөліп,  20 шақты  қазақтың азавматтарын жіберді.  Олардың көбінесе  жинағандары  аяқты малдар. Бұл  малдарды  осы тірі күйінше  ашыққандарға  жіберу үшін  Ақмола һәм Қостанай  губернелерінің  жәрдемдес  болып  көмек көрсетулері қажет.

Сондықтан ол жаққа  екі кісі жіберіп отырмыз. Олар біздің  аяқты малдан  берген  жәрдемдерімізді  ешкімнің қатысына қарамай-ақ  бөліп береді. Һәм Семейден  жиналған малдарды ашыққандарға  аман жеткізіп  беруге  де олар  көз болады,”[12.164]-деп жазды.

Қазақстандағы  лениндік жаңа экономикалық саясаттың  іске асуының барысын басты назарына алды.  Республикадағы азамат соғысы жылдарындағы қираған, жұмысын тоқтатқан  өндіріс орындарын қалпына келтіру,  жаңа кәсіпорындар салу, халық шаруашылығына  қажетті өнім шығару, ауыл шаруашылығын ұйымдастыру  бағытындағы істердің  қажеттігін, жетістіктерін насихаттады. Мысалы, ол 1922 жылы: “Өктәбір төңкерісінен кейін  барлық шаруа кілттерін  бейнетқорлар қоддарына алып,  байлардың құралдарын, дүниелерін қазынаға түсіріп, “развертскамен” бар азық-түлігін  жиып алып,  қолдан үлестіріп, байлардың басына  ақырзаман туғызды.

Бүгінде  жау мезгілі өткесін, байлар   тақыр тұяқ  болып кедей болғасын,  жіпті босатып, жаңа үнем саясатын шығарып,  “разверстканың” орнына  “продналог” шығарып,  байларды жұмысқа қосып отыр. Мұны түсінбеген адамдар  байлардың  дәуірін қайтарып берді деп отыр.  Бұл-қате. Байдың дәуірі қайта берілген жоқ, байдың өз табағы  өзіне қойылып отыр.

Трестер,  яғни, фабрика, зауыттар, теміржолдар, басқа үлкен  кәсіптер  мемлекет қолында қалып отыр.  Байлар қанша ызаланып,  шыбынын сүйрегенмен  олардың мемлекет дүмпуіне шыдай алмайтыны анық.   Байлықтың бір жерге, мемлекет  қолына көшуі даусыз. “Жаңа шаруашылық саясаты” байлар үшін  жасалып отырған жоқ.  Бейнетқорлар мемлекеті үшін жасалып отыр, халық шаруасын түзеу үшін жасалып отыр.

Мінеки, осы реттермен  Ресейде Өктәбір  төңкерісінен бері  шаруа түзеліп келеді.  Бұл жұмысты біз жоқтан бар етіп,  жаңадан халық шаруасын жасап келе жатқан дейміз: бұрын халық шаруасы болған емес.

Өктәбір төңкерісінің  міне 5жылдық тойын жасап отырмыз. Өткен 5 жылға қарасақ, Ресейде халық шаруасының  негізі салынып,  біраз жұмыс жасалулы.

Ағымнан қала алмайды, қазақ шаруасы да оңдалмақ. Бірақ қазақ елі  өзімшілдігін,  кертартар мінезін жоймай,  бұл қалыпта  тұра берсе,  халық шаруасының  түзу болғаны ауыр болмақ.

Сондықтан, қазақ бейнетқоры, сілкінуің керек. Төңкерістің негізіне түсіп, халық шаруасын  тірілту жұмысына  сыбанып  кірісуің жөн қадамың құтты болсын!”, [12.164,175-176]- деп көрсетіп,  жаңа экономикалық саясаттың халық мүддесіне  арналып отырғанына тоқтады, оны қолдауға шақырды.

Әлихан Бөкейхан  бұл уақытта   республикадағы жоғары кеңестік қызметтер атқара отыра  Қазақстандағы  ұлттық салт-дәстүрлерді  жандандыру, одан ары дамыту ісінің басында болды.  Халқымыздың игілікті бағыттағы  қалыптасқан сенім-нанымын жаңғыртуға үлкен үлес қосты.  Мысалы оның ҚазОАК Төрағасы міндетін атқаруы кезінде Қырғыз Халком Кеңесі төрағасы Зенкевичпен бірге қабылдап, қол қойған 1921 жылғы 29 наурыздағы :  

“Кеңестердің  Орталық Атқару Комитеті және БОКҰО (ВЦСПС) және ҚКСР өлкелік бюроларының “Мұсылман мейрамдары және  демалыс күндері туралы” міндетті  қаулысы қабылданып, онда:

“1.ҚОАК және  Қырғыз кәсіподақ бюросы  қаулысы негізінде  Қырғыз республикасы территориясындағы  мұсылман дінін ұстайтын  қырғыздар  және басқа халықтар  молынан қоныстанған  өңірлерде Губерниялық кәсіподақ кеңесі мен  Губерниялық еңбек бөлімі қаулысымен  апталық міндетті демалыс күні   жексенбінің орнына  жұма күні болып белгіленсін.

2. Мұнымен бірге  ҚКСР-ғы міндетті мейрамдарға  РКФСР Халкомыкеңесінің 1920 жылдың 17 маусымындағы республикалық Декретіне қосымша келесі діни мейрамдар енгізіледі:

      1. Гайд-Фитир (Ораза-айт)- үш күн,

      2. Гайд-Курван  (Құрбан-айт)-үш күн,

      3. Нау-руз        -бір күн жаңа санаумен 22 наурыз

 3. Аталған қаулы жарияланған күннен күшіне енеді”,- [13] делініп, бұл  діни-бұқаралық, сенімдік мейрамдардың маңызы айқындалды.

Алайда  сталиндік кеңестік билік 1920 жылдың  ортасынан   Қазақстандағы  саяси топтар, олардың қалыптасу тарихы,  қызметтері туралы бақылауды  күшейте түсті.  Әсіресе  Алаш қозғалысы жетекшілеріне  ерекше назар аударылды.  Мысалы, 1922 жылдың қыркүйегіндегі  ҚКСР ГПУ  Саяси ұйымының  (ППГПУ по КССР) Қазақстандағы  топтар туралы  хабарламалық баяндамасында: “Биылғы жылдың 15 қыркүйегіне біз Қырғыз республикасында 3 нағыз негізгі бағыттары нақты айқындалған үш топты білеміз.  1- Алашорданы  негіздеуші және құрушы бұрынғы белсенді  алашордашылардан тұратын топ, бұлар  Кеңес үкіметі мен  РКП-на қатынасында нағыз қарсылар және  Әлихан Бөкейхан арқылы  Унгернмен байланыс орнатады және  Ұлттар Лигасында өздерінің Мұстафа Шоқай міндетін атқаратын өкілі бар. Бұл топтың негізі Семей губерниясында, анығын айтқанда  құрамында  Әлихан Бөкейхан, Райымжан Мәрсекұлы, Халел Ғаббас, Міржақып Дулатұлы, Жақып Ақпаев және Қозыбағаров бар басқару орталығы  жұмыс атқаратын Қарқаралы уезінде орналасқан.

Бұл топтың басты қызметі негізінен алғанда Алаштың бағдарламасының іске асыру мақсатындаРКП –ны қаралау мен оның қатарын ыдырату,т.б. мүмкіндіктерді пайдалану, осы мақсатпен негізінен алғанда Аштыққа күрес ұйымдары құрамына (Помгол) ену, осындай өздерінің ұрандарын орындау үшін  топ үздіксіз қырғыз тұрғындары арасында болуда және болашақтарын айқындамаған қырғыз зиялылары мен байларымен байланыс орнатқан, осы арқылы олардың қызметкерлер арасындағы ықпалдары аса үлкен  және де  Семей губерниясының бұратаналарының барлығына жуығын, сонымен бірге Түркістанның бір бөлегін қамтиды ...  Барлық жұмыстарын  халыққа білім беру орындарына ену  және , әсіресе  тіпті олардың ықпалы анық сезілетін, соның ішінде соңғы уақытта Ташкентте  Жетісу мен Сырдария облыстарын  Қырғыз республикасына қосу  қосу мәселесінде айқындала түсетінСемейдегі және Ташкенттегі (АҚЖОЛ) газеттермен ынтымақтастық арқылы  жүзеге асыруға ұмтылады”,- [14] деген талдау жасалынды.

Ал, ГПУ  Шығыс бөлімінің  1923 жылдың  басындағы  “Алашорда, қырғыз  ұлтшылдық топтарының  1922 жылдың  1 қаңтарына дейінгі  уақыттағы  қызметтерінің  барысы туралы  мәлімдемесінде: “Есепті кезеңдегі  ұлтшыл топтардың қызметтерінің  белсенді түрлерінің біріне ең алдымен  Бүкілқырғыздық Кеңестердің 3 сьезін атап өтуге болады.

Кеңес  өкіметімен келіспес қарсылықтағы Ә. Бөкейхан ... бастаған бірінші топ сайлау алды науқанына  неғұрлым белсенді тұрғыда қатысты.

Өздерінің ұлтшылдық мақсаттарын іске асыруда ойдағыдай табыстарға жету жолында  бұл топ барынша өздерінің барлық ықпалдарын пайдалануға тырысты.  Осындай ұмтылыстың нәтижесінде Семей облысы Қарқаралы уезіндегі Ақаев (Бошан) және  Ақпаев (Қарасор) рулары арасындағы өзара жауласушылыққы тоқтату іске асырылды.Соңғы жағдайдың орын алуы  Қарқаралы уезінде неғұрлым белсенді топтарының болуына орай   болыстық және уездік  атқару комитеттері мүшелерін түгелге жуық ауқатты байлардан тұратын өз адамдарынан немес оларды жақтаушылардан  таңдаулары нәтижесінде болды. 

...Ақмола губерниясы бойынша Қарқаралы уезіне тікелей жақын орналасқан және соңғысымен үздіксіз жанды байланыс орнатқан  Ақмола уезіндегі сайлау алды науқанына  бірінші топтың ықпалы  ерекше әсер етті.Осының нәтижесінде  Ақмола уезіндегі сайлау алды науқаны  барлық билікті өздерінің қолдарына алу мақсатындағы “қырғыз қызметкерлерін  саяси және таптық белгілерінсіз біріктіру” деген ұранмен өткізілді. Қарқаралы уезіндегі сияқты болыстық атқару комитеттеріне басым көпшілігі  бірінші топтағылардың  мақсаттарын толығымен қолдайтын  ауқатты қырғыздар өтті. Уездік сьезге келгендердің 3\2-сі  осындай өкілдер болды”,- [15] делініп, сталиндік биліктің алаштықтардың болашағына  деген  бітіспес нақты шешімін  айқындаған еді.

Ал осыдан кейін  Әлихан Бөкейханды  Кеңес өкіметіне қарсы  деген шешім шығарылып,  Мәскеу қаласына алдырылды.  Осы арқылы оның Қазақстандағы  жағдайлардан  аластатылуы іске асырылды.   

Негізсіз жаладан соңғы рет тұтқындалып, атылғанына дейін  Әлихан Бөкейхан  өзінің қазақ халқының тарихына, болашағына арналған қызметінен қол үзбеді.  Мәсекеуге үнемі келіп тұрған  жақтастары, пікірлестері арқылы  Қазақстандағы сол мерзімдегі жағдайға қанық болды. Сталиндік тоталитарлық жүйенің  түп мәнін ұғына білді. 

“... 1932-1937 жылдары,-деп жазады Мәмбет Қойгелдиев,- Москвада КСРО халықтары  орталық баспасында  әдеби қызметкер болып жүріп, өз елінің  рухани өсуіне  елеулі үлес қоса білді.  Осы жылдары  оның қаламынан  туған көптеген  кітаптар, аудармалар , түрлі тақырыптарға жазылған  мақалалар соның айғағы. ... Әлихан  Нұрмұхамедұлына  берілген мінездемеде  былай деп жазылды: “Орталық баспада  жүргізілгенөзінің  ғылыми және әдеби  қызметі кезінде  азамат Ә.Н. Бөкейхан қазақтардың тілін,  шаруашылығын және тұрмысын  өте терең білетіндігімен қатар  өзіне жүктелген  міндеттерге  үлкен адамгершілікпен қарайтындығын танытты.” ... Әлихан  Нұрмұхамедұлы  мен оның серіктестері  өмір сүрген  дәуірде  қазақ қоғамы алдында тұрған ең өзекті мәселе- ұлттық теңдік, саяси бостандық еді”[4.36, 40].

Қазақ халқының азаттығы жолындағы табанды күрескер 1937 жылы ешқандай жазықсыз халық жауы деген айып тағылып, атылды. Алайда  өмірінің соңына дейін  Әлихан Бөкейханның  барлық ойы, арманы мен  мақсаты  туған халқын  еркіндікке, бостандыққа  жеткізу, тарихи қазақ жерінде халқының  Тәуелсіз, Мәңгілік Елін   орнату  болғандығы айғақ.

Қорыта айтқанда:

- Әлихан Бөкейхан  өзінің барша ғұмыры мен атқарған саяси, ұйымдастырушылық жұмысы  арқылы  туған халқының  еркіндігі, болашағына  арналған күресті іске асырудың, дербес мемлекетін құрудың  жолын дұрыс көрсете білген алғашқы  ұлттық қайраткер болды;

-     Бұл мақсатты жүзеге асыру жолындағы халқымыздың тарихындағы тұңғыш бұқаралық саяси партия құрып, оның демократиялық тұрғыдағы іс-қимыл бағдарламасын жасады;

-    Алаш партиясының  алға қойған жоспары мен  оны шындыққа айналдырудағы  қызметі сол мерзімдегі  халқының болашағы ойландырған жаңашыл, оқыған  ұлттық зиялы тобынан, бүкіл қазақ қоғамынан қолдау тапты;

-  Әлихан Бөкейханның және Алаш партиясының  жұртына  азаттық әперуге арналған   қызметі Ресейдегі, тіпті шет елдердегі  саяси ұйымдарға, қозғалыстарға  белгілі болды,  онымен санасулары,  белгілі кезеңдерде қолдаулары іске асырылды (атап айтқанда лениндік большевиктер партиясы);

- сталиндік биліктің Алаш жетекшілерін,  әсіресе  Ә. Бөкейханды үнемі бақылауда ұстап, соңында жазалауға ұшыратуы олардың тоталитарлық, жеке басқа табыну  саясатына нақты тоқсауыл қоятын күш екендігін мойындауынан болды;

- Өміріне төнген  қатерлерге, кездескен қиындықтарға  қарамастан  алдына қойған  мақсатына  жетудегі табандылығы, қайраты, қажырлылығы, талабы мен сенімі, іскерлігі  оны бір сәтте  алға қойған мұратынан бас тарттыра алмады;

Осылар арқылы  ол халқының  ХХ ғасырдың басындағы азаттық қозғалысының халқы таныған күрескері, бағыттаушысы  дәрежесіне көтерілді.  Бүгінгі күні оның есімі мен ісін  ата-жұртында  тұрақты да қуатты  мемлекет, жасампаз ұл болуға ниет еткен халқымызға, келешек ұрпағымызға  насихаттау, өмірінен өнеге  алу ісін ұйымдастыру аса қажеттілікке айналып отыр. Сондықтан да Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: “Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың  жасампаздығы  арасында  сабақтастық болса ғана  біз “Мәңгілік Ел боламыз”[16]- деген сөзі Әлихан Бөкейханның айшықты тұлғасын уақыт өткен сайын   сомдай түсудің келелігін көрсетеді демекпіз.

Ғани Қарасаев, тарих ғылымдарының докторы, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты

ӘДЕБИЕТТЕР

1 ҚР Президенті мұрағаты, қор 718, тіркеме 1, іс 114а пп.2 сырты 3, 3 сырты

2 Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында.-Алматы: Атамұра, 2003, 156-157 бб

3 “Алаш Орда: Қазақ мемлекеттігінің  қалыптасуы  және қазіргі заман” Халықаралық ғылыми-тәжірибелік  конференция материалдары.12-13 жэелтоқсан 2013 жыл, 242 б..

4 Бөкейханов Ә.  Шығармалар.-Алматы: Қазақстан, 1994, 384 б.

5 Қазақ газеті. 1913 жыл/Редакциясын басқарған Ғ. Халидуллин, Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева.-Алматы: “Арыс” баспасы, 2009.-480 бет.   

6. Букейханов А. Сведения о киргизском  хозяйстве.-Омск, 1902,  сс.35, 36,38, 40

7 15 лет Казахской АССР 1920-1935 гг. .-Алма-Ата-М.Казахское краевое издательство. 1935, с.15

8 Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы, избранное. Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы., Алматы, 1995, 414 б 

9 ООТМ. Қор 1617, тір1,  іс 30. п.2

10 Мұстафа Шоқай. Таңдамалы шығармалар: үш томдық. 2-т.-Алматы: “Қайнар” баспасы.-2007, 90 б

11 ҚР Президенті мұрағаты, қор 718, тіркеме 1, іс 114а, п.6 сырты

12 Әлихан Бөкейхан. Шығармаларының 9 томдық  толық жинағы. ҮІІ том (1917-1924), Астана, 2013, 520 б.

13 ҚТОМ (ГАОР), қор 5, тіркеме 1,  байлама 1, іс 36 п. 10

14 ҚР Президенті мұрағаты, қор 718, тіркеме 1, іс 114а, пп. 1, 1 арты

15 ҚР Президенті мұрағаты, қор  139, тіркеме 1, іс 550,  пп.28,29

16 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  Қазақстан халқына Жолдауы. 2012 жылғы 14 желтоқсан. “Қазақстан 2050”Стратегиясы  қалыптасқан мемлекеттің  жаңа саяси бағыты, 55 б.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?