Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Байзақ батыр жайлы не білеміз?

2726
Байзақ батыр жайлы не білеміз? - e-history.kz
Еліміздегі Жамбыл облысы, Байзақ ауданын білмейтін адам кемде-кем.

Бірақ 1938 жылы іргетасы қаланып, 1996 жылға дейін Свердлов ауданы болып аталып келген ауданға есімі берілген батыр жайлы бүгінгі ұрпақтың білері бұлыңғыр.

Деректерге сүйенсек Байзақ батыр Мәмбетұлы 1879 жылы қазіргі Тараз қаласының маңында, заманында Абылай ханның серігі болған, аты, аңызға айналған Мәмбет Құндасұлы батырдың отбасында өмірге келген екен. Мәмбет батырдың сегіз ұлының бірі болған. Байзақ батырдың кіндігінен он жеті ұл тараған.
«Қанына тартпағанның қары сынсын» демекші батырдың шыққан тегі Ұлы жүздің, Дулат тайпасы, Шымыр руына жатады. Байзақ бала кезінен бастап, атбегілік пен құс салып, аң қағуды меңгерген. Шешен, ел басқарған беделді кісілер мен билердің жанында жүріп, айтқандарын құлағына құйып өссе керек. Байзақтың бала кезінде айтыпты деген мына бір сөзі әлі күнге дейін халық жадында: Қоқандықтар билеген заманда, бір күні бала Байзақтың үлкен атасының үйіне бес-алты зекетші келіпті.
— Сені жарлы қылған біз емес, Құдайыңа жыла. Жан басы алпыс қадақ (шамамен 200 грамм салмақ мөлшері) бидайдан, үйіңдегі алты балаңа тоғыз пұт (шамамен 16 келі салмақ өлшемі) астық төлейсің, — деп олар отырып алыпты. Ол заманда салық төлей алмаған адамның берер ештеңесі болмаса, Қоқандықтар әйелі мен қыздарын алып кететін болған екен. Жалғыз сиырдың сүтіне қарап отырған жарлы шал қалай мақұл дей қойсын, қатты сасыпты. Сол кездің өзінде-ақ шешендігімен аты шыққан қаршадай Байзақ бала әлгі зекетшілердің үстіне келе қалса, жасы үлкендеу біреуі: — Бала сені жұрт шешен деседі, мынау атаңды биылғы алым-салығынан босатайық. Саған сұрақ қояйын, мәселен, адамға мына көз, мұрын, қол, ауыз қаншалықты керек? Осыған табан астында жауап тауып айта қойшы, кәне? — депті.
Сонда бала тұрып:
— Тақсыр, қапылыста шыққан сөз қанжардан өткір деуші еді. Жазатайым қытығыңызға тиіп кеткендей болсам, басыма әңгір-таяқ ойнатып жүрмес пе екенсіз? — депті. — Әу, ол не дегенің? Сөз тапқанға қолқа бар ма. Жауабың, нанымды болса, жазғырар жайым жоқ. Сөйле, қорғанба! — депті қарт зекетші.
— Е, ұлық, басымен уәде беріп, сенің сөзіңе өкпелеп не көрініпті? Бәріміз-де куәміз! — десіп, ұлықтың қасындағы нөкерлері-де қаумалап әкеткен соң Байзақ бала:
— Олай болса, тақсырым,
Сөйлейін сөздің тап шынын.
Көз деген көпті үйіруге керек,
Мұрын менменсіп шүйіруге керек,
Қол жарлының малын жылатып алуға керек,
Ауыз алғаныңды көмейге салуға керек! -дегенде, әлгі зекетшілер үйден құр қол шығып жүре беріпті.

Өсе келе ауыл, ағасы, жүзбасы, мыңбасы болған. Елді кәсіппен айналысуға үгіттеп, арық қаздырып, отырықшылыққа егіншілікке ұйытқан.
Байзақ Мәмбетұлының азаматтық пікір-көзқарасы туған өлкесін тәуелсіз ел етсем дейтін, ел басшысы ретінде қалыптасқан.
Оңтүстік өңірді Қоқан хандығы басып алғаннан кейін, ағасы Байтерекпен бірге 1821 жылы сұлтан Рүстем Асфендиярұлы бастаған көтеріліске қатысады. Көтерілісшілер қатты жазаланғанымен Байзақ Мәмбетұлы беделді адам ретінде, өз руластарына датқа болып тағайындалады. Халық оны Байзақ датқа (Датқа — парсы сөзі, дад+хаһ «тілек, әділдік» деген мағына білдіреді. Қоқан мен Бұхара хандығындағы лауазым. Дәрежесі қазақтардағы сұлтан, билермен шамалас болған) деп осы кезден атай бастайды.

40d8dec4ca6a585036992adb3d0f8731.jpg

Қоқан хандығының аумағы

Байзақ датқа Қоқан отаршыларының айтқанына көнбей, қазақтардың мүддесін қорғай отырып, тәуелсіз саясат жүргізуге ұмтылады. Отаршыларға қарсы ұлт-азаттық күресте Кенесары Қасымұлының сенімді серігі ретінде аты әйгілі болады.
Оның сарбаздары Кенесары қолына қосылып, 1841 жылы Қоқанның бірнеше бекінісін алуға қатысады. Созақ аймағын азат етуге қатысады.
1858 жылы қазақтар мен қырғыздардың Қоқан хандығына қарсы көтерілісіне басшылық жасайды. Патша генералы Колпаковскийдің әскеріне қарсы Алматыға жақын Ұзынағашта болған соғыс қимылдарына өз қолымен келіп қатысқан екен.
Әкесі Мәмбет пен Абылай ханның өсиетін ұстап, қазақтың «арқасын тамға, аузын нанға сүйеу» жолында өмір бойы еңбек етеді.

Жергілікті халықты егіншілік кәсіпке үйрету үшін кезінде 160 шақырым болар канал қаздырған.
Оның игілігін Әулиеата (қазіргі Тараз) төңірегіндегі халық күні бүгінге дейін көріп отыр.
Өкініштісі Байзақ Мәмбетұлы датқа 1864 жылы Шымкентте Қоқан хандығының әкімі Әлімқұлдың қолына түсіп оның бұйрығымен зеңбірек аузына байланып атылады.
Бұл жерде батырдың өлімі жайлы көптеген пікір бар. Оны бірнеше мәрте алдап қолға түсіре алмаған Қоқан ханы Құдияр кейін оны Әлімқұл алмастырады «Сені Ресейге аттанар елшіліктің қатарына қосқалы, сонда барасың" деген жалған, ақпарат беріп, батырдың досы Батырбек датқа арқылы Шымкентке шақыртады. 

7205731edcef05d66d12597b861814c6.jpg

Құдияр хан

Қасына бауыры Бәйтерек пен досы Жауғашты қосымша 48 жігіт ертіп, Шымкентке келеді. Қалаға келісімен оларды тұтқындаған қоқандықтар оның қасындағы серіктерінің түгел басын алып, батырды екі ай бойы зынданда ұстайды. Әке тағдырына алаңдаған ұлы, Ақмолда мың жігітті бастап, полковник Михаил Черняевтың әскерінің қатарына қосылып Шымкентке бет түзейді. 

e6c5771011a2b8fef3c53e63d6154d6a.jpg

Полковник Михаил Черняев

Шұғыл шабуылдың нәтижесінде қаланы алған оларға батырды тірі көру жазбаған екен. Қаланы тастай қашқан қоқандықтар шабуылдың алдында ғана Байзақ батырды зеңбіректің аузына байлап атады. Күл -паршасы шыққан батырдың тек екі саусағы ғана табылып, Талас өзеннің жағасындағы Сарыкемер ауылының маңына жерленеді. 

ccc6d94e1248f7baf0292af6343e9ed9.jpg

Байзақ батырдың кесенесі

Осы кезде ерлік танытып, қалаға бірінші болып кірген, Ақмолда орыс армиясының капитаны дәрежесін алып, полковник Черняев 3-ші дәрежелі қасиетті Георгий орденімен марапатталады.

2ef9e31b917c2684d7b66bfed0a1fbdf.jpg

Сарыкемер ауылындағы Байзақ батыр ескерткіші


Ел қамын жеген есіл ер осылайша ойда-жоқта қаза табады. Ту-талапайға түскен қазақ жерін, жат-жерліктерден қорғай жүріп, жолбарысша алысқанымен замана қитқұрқысынан құтыла алмады. Бірақ артында өшпес аты, көзі тірісінде жасаған ізгі істері әлі сайрап жатыр. Ол жасатқан Байзақ тоған, Базарбай тоған, Төрегелді тоған су қоймалары әлі-де халық игілігіне жұмыс істеуде. Батыр есімін ұмытылмай ауданға аты беріліп, аудан орталығында ескерткіш орнатылып, Тараз қаласындағы көшелердің біріне батыр есімі берілген. Біздің бүгінгі жазғанымыз батыр есімін ұлықтаудың бір парасы ғана деп білеміз, жасалар жұмыстар мен зерттеулер біз үшін әлі алда.

Олжас БЕРКІНБАЕВ

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?