Кеңестік билік жылдарындағы қазақстан украиндері

12 Маусым 2018
759
Мақала қазақстандағы украин ұлты өкілдерінің кеңестік кезеңдегі даму барысына арналып, қазақстандық украиндердің қарастырылған уақыттағы көші – қон үдерістерінің сипатын кешенді түрде қамтиды

Мақала барысында украиндердің қазақ жеріне келуінің алғышарттары мен барысы талданып, республикадағы негізгі мекендеу ареалдары, украиндердің ҚазКСР –ң этникалық құрамындағы өзіндік үлесі сараланады.

Түйін сөздер: украиндер, репрессия, депортация, Украина, эвакуация, тың және тыңайған жерлер, шаруашылықтар, индустрияландыру, өндіріс ошақтары, жер аудару, ұлт, этнос.  

 

Кеңестік билік жылдарындағы қазақстан украиндері

Қазақстандық украиндер еліміздегі ең бір көп санды ұлт өкілдерінің қатарында. Олардың қазақ жеріне қоныстану тарихы хронологиялық тұрғыдан ұзақ уақыт аралығын қамтиды. Тарихи деректерге арқа сүйер болсақ, 1768 жылы басып жанышталған гайдамак қозғалысы мүшелерінің Сібірге, ішінара қазақ халқы мекен еткен аумақтарға жер аударылғандығы туралы бірен – саран мәліметтер кездеседі. Бірақ, украин көшінің негізгі лектерінің бірі ХІХ ғ. 80-90 жж. және Столыпиннің реформасы аясында жүзеге асырылғанды. Нәтижесінде, ХХ ғасырдың басында украиндер саны жағынан қазақтар мен орыстардан кейінгі орынды  көтерілгенді.

Дей тұрғанмен, Қазақстандағы  украин ұлты өкілдерінің тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі кеңестік билік дәуірі. Ендеше, мақала барысында қазақстандық украиндердің кеңестік кезеңдегі дамуына  кешенді тоқталып, сол жылдарғы үдерістерді  ішкі және сыртқы факторларды негізге ала отыра қарастыратын боламыз.  

Шын мәнісінде, 1917 жылдан 1991 жылға дейін созылған кеңестік билік кезеңін қазақстан украиндерінің қалыптасуындағыекінші кезең ретінде сеніммен айтуға болады.

Кеңестік кезеңде еліміз аумағына украиндердің жаппай келуіне бірнеше науқандар тікелей ықпал еткенді. Олардың негізгілері ретіндеелде жүргізілген индустрияландыру саясатын, соғыс жылдарындағы өндіріс ошақтарын эвакуациялау үдерісін, 1947 жылғы украин депортациясын, тың және тыңайған жерлерді игеру саясатын, сонымен қатар, еліміз аумағындағы салынған екпінді құрылыстар барысын айта аламыз.

1926 жылғы жалпы одақтық халық санағының қорытындысы бойынша еліміз аумағын 860,201 украиндер мекендеген [1]. 1917—1921 жж. орын алған революция, азамат соғысы оқиғалар қоныс аударушылардың белсенділігіне кері әскер еткендігі сөзсіз. Нәтижесінде, қалыптасқан күрделі саяси, әлеуметтік ахуалға байланысты қоныстанушылар легінің күрт саябырсығаны анық.

Қазақстан аумағына келген украиндердің келесі толқыны Кеңес Одағында жүргізілген кезекті саяси науқанмен тікелей байланысты болды. Себебі, украиндердің келесі еріктен тыс миграциясы репрессивті – депортациялық сипатта жүзеге асырылғанды. Шаруа қожалықтарын күштеп ұжымдастыру мен «кулактарды тап ретінде жою» науқанының аясында 1928 жылдан Украинадан жарты миллиондай азаматтардың саяси айдауға ұшырағандығы белгілі. Олардың қатарында тек ауқатты топтың өкілдері ғана емес, сонымен қатар, орта тап пен зиялық қауым өкілдері де болған еді.Тағдыры тәлке түскен көштің едәуір бөлігі Қазақстан аумағына жіберілгенді.

Дей тұрғанмен, саяси тұрғыда жер аударулардың нағыз шыңы ретінде ХХ ғасырдың 30 жж. соңын бағалау қажет. Өйткені, сөз болып отырған жылдары еліміздің халқы одақтас республикалардан саяси себептермен күштеп қоныс аударылған түрлі ұлт өкілдерінің есебінен толыға түскен еді. Қуғын – сүргінге ұшырағандардың арасында украиндердің де саны аз еместін.

Сталиндік қуғын – сүргіннің нағыз шырқау шыңы 1937—1938 жж. сәйкес келді.Сол жылдары КСРО бойынша ІІХК (НКВД) органдары арқылы 1 575 259 адам тұтқындалып, олардың 681 692 ату жазасына кесілген екен [2].

Кеңес халқының басына нәубет болып келген аталған науқан барысында айыпталып, КарЛаг жүйесінде жазасын өтеген украиндердің саны да аз болмады.

1936 жылы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің «Украинадан қоныс аударушылар» бойынша қаулысы қабылданып, Украинаны мекендеген поляктар Қазақстанға депортациялана бастады. Халықтың әлеуметтік статусы шекаралық аймақтағы «саяси сенімсіз элементтер» ретінде айқындалды. Арнайы қоныс аударушылар поляк және неміс ұлты өкілдерінен құралып, негізінен, Житомир, Киев, Винница және Кировоград облыстарынан көшірілді [3].

1936 жылдың 20 мамыры мен 5 маусымы аралығындағы  алғашқы депортация барысында Қазақстанға – 5570 отбасы алып келінген. Украина мұрағаттарынан табылған деректерге сәйкес 1936 жылы Украинадан Қазақстанға жалпы саны 14,9 мың отбасы депортацияланып, шамамен, 60 мың поляктар мен 10 мың шамасындағы немістер қоныстандырылған [4].

Депортацияланған отбасылар тек аталған ұлттар өкілдерінен ғана тұрмады. Елімізге күштеп қоныстандырылған осы топтың арасында поляк және неміс ұлтымен шақырақ көтерген украиндер, сонымен қатар, этникалық украиндер деде аз еместін.

Соғыс қарсаңында 1939 жылғы санақ бойынша еліміздегі украин ұлты өкілдерінің саны 658 319 адамды құраған.

1939 жылдың 1 қыркүйегінде Германия Польша аумағына батыстан шабуыл жасап, ІІ Дүниежүзілік соғысы басталды. Ал 1939 жылдың 17 қыркүйегінде кеңес әскерлері құпия хаттамаға сәйкес Шығыс Польша аумағына енеді 270-271 бб. Барысында, кеңес үкіметі тарапынан «саяси сенімсіз» деп танылған поляк мемлекетінің азаматтары Сібір, Орталық Азия мен Қазақстан аумақтарына депортацияланады. 1940 жылы Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Талдықорған, Алматы және Жамбыл облыстарының аумақтарына көптеген адамдар – көтерілісші ұйымдар қатысушыларының қуғындалған отбасы мүшелері, бұрынғы Поляк армиясының офицерлері, поляк мемлекетінің полицейлері, түрмедегілері, помещиктері мен шенеуніктері және т.б. күштеп қоныс аударылды. 

1941 жылы Орталық Азияға шамамен 150 мыңдай бұрыңғы поляк мемлекетінің азаматтары депортацияланып, олардың 100 мыңдайы Қазақстан аумағына алып келінді. Бірақ, аталған топтың ұлттық құрамы тек поляк халқы өкілдерінен тұрған жоқ- тын б.. Қазақстанға тап болған Польша азаматтарының арасында поляктардан өзге украиндер, еврейлер мен беорустар да кездесетін.

Қазақстан мұрағат деректеріне қарағанда 1940 жылы республикааралық көші-қон қозғалысында Кеңес Одағының жері ресурстары аз республикаларынан 13264 шаруашылық отбасы көшірілген.Көшірілгендер арасында украин жерінің тумалары да аз еместін. Мәселен,сол науқан аясында УкраинаданАлматыға – 694, Шығыс Қазақстанға– 1084, Жамбыл облысына- 332 адам,Қостанайға - 348 адам, Павлодар облысына– 2747, Солтүстік Қазақстан– 973, Семейге– 197 адам қоныстандырылған.

Қазақстан аумағына кеңестік кезеңде украин ұлты өкілдерінің көптеп келуіЕкінші Дүниежүзілік соғысы уақытында тіркелді. Аталған үдеріс неміс әскерлері тарапынан төнген қауіптен жылдам атқарылған эвакуация барысымен түсіндіріледі.

Жау әскерлері КСРО –ң еуропалық бөлігіне ішкерілей еніп, халықтың 40%, 31 850 өндіріс орындары орналасқан аумаққа тікелей қауіп төндірді504 б.. Мемлекеттік маңызы бар өндіріс ошақтарын шұғыл тылға көшіру қажеттігі туындады.

Нәтижесінде, 1941 жылдың 24 маусымында «Халықты, мекемелерді, әскери және өзге де жүктерді, өндіріс құралжабдықтақтарын және өзге де құнды заттарды эвакуациялау туралы»БКП Орталық Комитетінің және КСРО Халық комиссарлары кеңесінің қаулысымен Эвакуациялау бойынша кеңес құрылып, оның құрамына Л.М. Каганович (төраға), А.Н. Косыгин (төрағаның орынбасары), Н.М. Шверник (төрағаның орынбасары), Б.М. Шапошников, С.Н. Круглов, П.С. Попков, Н.Ф. Дубровин және А.И. Кирпичников енеді.

Едәуір көлемдегі өндіріс ошақтары орналасқан аумақтардың бірі Украина болатын. Нәтижесінде, бірінші кезекте елдің Оң жақ жағалаудағы (Днепр өзенінен) аумақтарынан эвакуациялық тасымалдар белсенді жүзеге асырыла бастады.

Днепропетровскі облысындағы зауыттардың эвакуациялау қарбаласының тікелей куәгері, басқару лауазымындағы жұмысшылардың бірі  Костантин Степанович Грушевой: «Аталған зауыттардың толық демонтажына, станоктар мен түрлі құрал – жабдықтардың темір жол көлігіне тиеуді біз санаулы күндерде атқаруға тиіс болдық. Құрал- жабдықтарды соңғы бұрандысына дейін шешіп, темір жол платформаларына орналастырдық. Инженерлік – техникалық мамандарды, жұмысшылады азық – түлікпен  қамтамасыз етіп, арнайы жүк вагондарына (теплушка) орналастырдық. Осылайша, шілде айының соңында тылға соңғы вагонды жөнелттік" [8, 38 б.]  деп еске алады.

Жау әскерлерінің Оңтүстік – Батыс және Оңтүстік майдандарының қорғаныс сызығы болған  Днепрге шығуымен өзен бойындағы және Қырымдағы өндірісті аудандарды шұғыл эвакуциялау тынымсыз жүзеге асырылды. Қысқа уақыт ішінде тек Киев темір жол торабы арқылы ғана шығысқа  450 эшалон жөнелтіліп, барысында Украина астанасының 197 ірі өндірісті кәсіпорындары мен 350 мыңнан астам халқы көшірілді [9, 487 б.].

1941 жылдың шілде – қазан айларында тек Украинаның өзінен  тылға миллиондаған халық, 500  шамасында ірі өндіріс орындары көшірілген екен. Сонымен қатар, республикадан 6  млн. бас төрт түлік, 1667,4   мың тонна астық пен 269,5   мың тонна астық өнімдері, мыңдаған тракторлар, автокөліктер мен өзге де материалдық және мәдени тұрғыдан құнды заттар шығарылған [10, 269 -273 бб.].

Көшірілген адамдар, өндіріс орындары негізінен Қазақстан мен Сібірге орналастырылған болатын. Біздің еліміздің өзіне 1941-1942 жж. КСРО –ң еуропалық бөлігінен 220 зауыт пен фабрика, цехтар мен артелдер, сонымен қатар, 50 мың шамасында жұмысшылар мен инженерлік – техникалық мамандар орналастырылған екен. Эвакуацияланған зауыттар мен фабрикалардың орналастырылу орындары ретінде негізінен Алматы, Орал, Петропавл, Шымкент, Семей, Қарағанды және Ақтөбе сынды қалалар таңдап алынды [11].

Қолда бар мәліметтерді талдар болсақ, 1941 жылдың 1 қыркүйегіне дейін республикамызға 24 258 адам алып келінген болса, олардың 2 695 украиндер құраған екен [12].

Жалпы 1942 жылға дейін елімізге КСРО –ның еуропалық бөлігінен 532,5 мың адам эвакуацияланып, орналастырылған.  Солардың арасында 2 мыңдай Донбасс шахталарының жұмысшылары бар еді.

Соғыс жылдары елімізге көшірілген өндіріс орындарының жұмысшыларының көпшілігі қазақ  жерінде қалып қойды. Сонымен қатар, 1941—1942 жж. Украинадан Қазақстанға  52 балалар үйі эвакуацияланған екен. Балалардың бір бөлігі асырап алуға берілсе, ересектері колхоздар мен совхоздарға, өндіріс орындарына жұмысқа орналастырылған.

Қуғын сүргін  деңгейі Екінші Дүниежүзілік соғысы жылдары едәуір төмендегенімен, соғыстан кейінгі алғашқы жылдары қайта көтеріліп, Қарағандының, Жезқазған мен Ақмоланың лагерлері мен арнайы қоныстары бұрыңғы жау тұтқынында болған әскерилердің, сонымен қатар, украиндық ОУН (Украин ұлтшылдарының ұйымы) -УПА (Украин көтерілісші армиясы) ұйымдары мүшелерінің есебінен толыға бастады.   

Аталған ұйымдардың Украина аумағындағы жұмысы ертерек басталған еді. Украин ұлтшылдарының ұйымы алғаш рет 1940 жылдың ақпан айында бой көрсетеді  [13].

Кеңес билігінің Галиция, Буковина мен Волында 40 жылдардың екінші жартысында өңірлердегі ұлттық, діни ерекшеліктерді негізге алмай жүзеге асырылған  әлеуметтік – экономикалық және идеялық – мәдени қайта құрулар оппозициялық көңіл күйдің өсуіне, жергілікті халық арасындағы бағынбаушылық акциялары санының күрт артуына алып келді. Украин ұлтшылдары да Батыс Украина аумақтарында өз позицияларын бергілері келмеді. Өздерін Украина тәуелсіздігі үшін күресеміз деп танытқан топ 1943 жылдың соңы – 1944 жылдың басында «қос майдандағы күрес» тактикасынан бас тартып, өздерінің күш жігерін өңірлерде кеңес билігінің орнатылуына жол бермеуге бағыттады. Осы тұста елдің батыс бөліктеріндегі жаппай кеңестендіру ұзаққа созылған қарулы күреске, ал жаңа социалистік құрылымды жақтаушылар мен оған қарсы шығушылар арасындағы қайшылықтар нағыз азамат соғысы деңгейіне көтеріледі.  Нәтижесінде, 40 жж. соңы  мен 50 жж. басында бір жағын Украин ұлтшылдарының ұйымы (УҰҰ) және Украин көтерілісші армиясы (УПА), екінші жағын  кеңес органдары құраған тараптардың арасындағы қантөгісті алаңшаға  айналғанды [14, 19 б.].

Қантөгістің масштабын аңғару үшін төмендегідей ақпараттарға көз жеткізу жеткілікті. Құрамында 90 мың шамасында адам болған УҰҰ –ның әскери құрылымдары  1944-1945 жж. жалпы саны 14,5  мың террористік және диверсиялық акциялар өткізіп, барысында 30  мың адам опат болады. Ал өз кезегінде Львов және Прикарпат әскери округтеріндегі ІІХК –ның (НКВД) әскерлері 1944 жылдың соңында  қарсыласқа бағытталған 6,5  мың акция өткізген болса, 1945  жылдың күзіне дейін өткізген акциялар саны 27  мыңға дейін өседі  [15, 752 б.].

Бірақ, Батыс Украинадағы көтерілісшілерді басып жаныштауға қарсы ең ауқымды операциялардың бірі 1947 жылдың қазанында жүзеге асырылады. Операция тарихқа «Батыс» атты атаумен еніп, бүлікші топтың көптеген өкілдері тұтқындалып, олармен байланысты деп табылған едәуір санды  жергілікті халық Батыс Украинадан депортацияланады.

 «Батыс» операциясының нәтижелері сол 1947  жылдың қазан айының соңында қорытындыланады. КСРО Ішкі істер министрі С. Круглов КСРО Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Л. Берияға жазған хатында Украинаның батыс облыстарынан 26 682  отбасының немесе 76.192  адамның, жекелей алғанда  18 866  ер, 35 152 әйел,   22 174  балалардың күштеп қоныс аударылғандығынан хабардар етеді. Депортацияланған топтың бір бөлігі, 3000 отбасы немесе 8191 адам «Карагандауголь» комбинатына алып келінеді  [16, 287 – 288  бб.]

1953 жылғы қаңтардың өзінде Қарағанды облысының арнайы мекен – қоныстарында 7,9 мың украин болған.

Тасымалдаудың қиыншылықтары, қатал климат және оған бейімделудің салдарынан депортацияланғандар арасында,  өлім – жітім деңгейі жоғары болады. Өлім деңгейі әсіресе қарттар мен жас балалар арасында жоғары еді. Дей тұрғанмен, адам төзгісіз қиыншылықтарға қарамастан, еркінен айырылғандар күшімен Қарағанды көмір комбинаты, полиметалл және мыс рудаларының орталықтары, түсті және қара металургия кәсіпорындары, темір және тас жол тарамдары, Семей ядролық полигоны, Бақоңыр космодромы және көптеген өзге де нысандар салынады.

Украиндердің Қазақстанға келесі жылдарғы қоныс аудару үдерістері тек бейбіт бастамалармен байланысты болды. 

 1953 жылғы Сталиннің қазасынан кейін  билікке Н. Хрущевтің келгендігі белгілі. Хрущевтің еліміздің демографиялық көрсеткіштеріне түбегейлі өзгерістер алып келген бастамаларының бірі  мемлекетіміздің солтүстік бөлігінде орналасқан, түрен түспеген аумақтарды игеру науқаны болатын.

Тың және тыңайған жерлерді игеру бастамасына КСРО –ң миллиондаған азаматары үн қатты. Бастамадан дәстүрлі ауылшаруашылығы, сала бойынша қуатты инфрақұрылымы бар Украина  да шеткері қалмады.

Тыңды игерудің алғашқы кезеңінде Қазақстанға 640 мыңнан астам адам қоныс аударса, олардың 391,5 мыңы ауылшаруашылығының механизаторлары,  50 мыңы құрылысшылар, 3 мыңы медицина саласының қызметкерлері,  1,5 мыңы мұғалімдер болған еді [17,40 б.].

Тыңды игерушілердің оның патриоттық - иделогиялық тұсымен қатар,  әлеуметтік –экономикалық құрамдасына да назар аударғандығы сөзсіз. Науқан жылдары белорус шаруаларының орташа өмір деңгейі жоғары болмағандықтан, тыңды игерушілерге едәуір көлемдегі жеңілдіктердің ұсынылуы олардың назарын аударғандығы да сөзсіз. Атап айтар болсақ:

  • Тегін жол жүру мен отбасы басына 2 тоннаға дейін жүктің, үй жануарларының тегін тасымалдануы;
  • отағасына 600 және отбасының әр мүшесіне 200 рубль көлемінде бір реттік төлемнің жасалуы;
  • аттанатын орындардағы дайындаушы мекемелерге малын, астығын, картопын өткізіп, ал мекендеп, орнығатын жерден арнайы квитанция мен қоныс аударушының билеттерін көрсетіп, сондай мөлшердегі төрт түлікті, астық пен картопты алу мүмкіндігі;
  • қоныс аударған жердегі колхоздар мен совхоздар арқылы қоныс аударушылардың отағасына 1,5 центнер, отбасы мүшелеріне  0,5 центнерден қарызға астық берілді.Аталмыш қарыз үш жыл көлемінде қайтарылатын;
  • үйді және үй маңы құрылыстарын тұрғызу үшін қоныс аударушыға 15 мың рубль көлемінде ұзақ мерзімдік несие беріліп, оның 35 % мемлекет тарапынан жабылса, қалған бөлігін 10 жыл көлемінде бөліп төлеу қарастырылды. Және несиені төлеу қоныс аударушы құрылысты қабылдап алғасын үш жылдан кейін басталатын;
  • иелігіне ірі қара алу үшін 1 500 рубль көлемінде үш жылдық несие алу мүмкіндігі болды және несиені төлеу ірі қараны алғасын үшінші жылдан басталатын;
  • сонымен қатар, қоныстану орындарында көшіп келушілер ауылшаруашылығы үшін салықтан, жалғызілікті және шағын отбасылар үшін қосымшадан үш жыл мерзімге босатылатын  [18].

Нәтижесінде, ХХ ғасырдың 50- 60 жж. Қазақстанға Украинадан  ондаған мың еріктілер қоныс аударды. Еріктілер Украинаның барлық бөліктерінен, әдетте, комсомол жолдамаларымен және арнайы ұйымдастырылған шаралар шеңберінде келген болатын. Украиналықтар 1950 жж. соңына дейін қазақ жерінде 54 совхозды негіздейді. Олардың атауларының: «Киевський», «Харковский», «Полтавский», «Херсоньский» және т.б болып келуі, негіздеушілердің шығу тегінен ақпарат беретін.

Жалпы Тың және тыңайған жерлерді игеру жобасының аясында Украина жоба жүзеге асырылып жатқан өңірлерге өзінің  80 мың. жас мамандарын жібереді  [19]. 

Украиналық тыңды игерушілер туралы мейлінше облыстар негізінде айтар болсақ, оларды ең көп қабылдаған өңірлердің бірі Қостанай облысы болатын. Қостанай облысына тың көтерілген 1954 жылғы 27 ақпанның өзінде украиналық комсомолдар тобы келген келген екен.

 Тың игерушілердің келесі легі 4000 адам өңірге сол жылдың наурыз айында Мəскеу жəне Украинадан келіп, нәтижесінде, өңірге келгендер саны 6691 адамға жетеді. Барысында, 1954 жылы облысқа тыңды игеруге келгендердің 93,8 % Украинадан болғандығына көз жеткіземіз.

Облыстың жергілікті мерзімді басылымдарын негізге ала ақпарат беретін болсақ 1954 жылғы наурыз айының өзінде Қостанай өңіріне Украин КСР  Днепропетровскі облысы 631, Киев қаласы  489,  Винница облысы 414,  Кировоград  (қазіргі Кропивницкий қаласы) 404,  Одесса қаласы 399, Хмельницкий облысы  396, Ворошиловград (Луганск) қаласы 396,  Запорож облысы  316, Сум облысы  306 адамды тыңды игеруге жіберген. Аталғандардан өзге Дрогобычтан (Львов облысындағы қала), Черновиц және Закарпат облыстарынан да жастардың келгендігі белгілі [20, 5 б.].

1955 жылдың соңындағы мәліметке сәйкес, сол жылы облысқа Украинадан 283 отбасы, Беларуссиядан 6 отбасы қоныс аударылып, Қостанай ауданына – 23 отбасы (82 адам), Затобол ауданына 37 отбасы (157 адам), Горькиге – 28 отбасы (115 адам), Семьиозерныйға – 117 отбасы (418 адам), Тарановқа – 11 отбасы 50 адам), Обағанға – 1 отбасы (3 адам), Урицкіге – 22 отбасы (96 адам), Феодоров ауданына – 50 отбасы (189 адам), ішкі көші-қонда 263 отбасы (1262 адам) орналастырылған [21].

Жалпы, 1954 – 1956 жж. Қостанай облысына  150 мың адам қоныстанған болса [22,268 б.] , олардың 25 мыңы механизаторлар еді [23].

Тыңның игерілуі, оған бағытталған сыртқы көштің үлкен болуы, тиісінше,  жергілікті халықтың санын да күрт өсірді. Мұндай үдеріс ең алдымен Қостанай облысына тиесілі еді. Егер, 1940 – 1953 жж. облыс халқы небәрі 18,7%  өсіп, 441 мыңды құраған болса, тың игерудің алғашқы төрт жылының өзінде (1954 – 1958) халық саны  60% артқан екен  [22,288 б.].

Тыңды игерумен өңірдегі украин этносы өкілдерінің саны да артып, 1959 жылғы санақ бойынша 157 317 адамды құраған. Олардың 73 020 ерлер, ал 77 297 әйелдер болған  [22,288 б.].

Бір қызығы, Қостанай облысына 1956 жылы комсомолдық жолдамамен келген украиналық жастар арасында сол кездегі Киев Мемлекеттік университеті,  Экономикалық факультетінің үшінші  курсын тәмамдаған  студент, Тәуелсіз Украинаның алғашқы Президенті Леонид Кравчукте болған екен  [19]. 

Тың игеруде оның нағыз қайнаған қазанына айналған  орталықтардың бірі Солтүстік Қазақстан облысының аумағы еді. 1954 жылы 17 наурыздағы мәлімет бойынша Солтүстік Қазақстан облысына  тыңды игеруге - 2666 адам келген [24].

1955 жылы Солтүстік Қазақстан облсының Көшіру-қоныстандыру бөлімінің бастығы Х. Бейсембаевтың Орталық Комитет жанындағы Көшіру – қоныстандыру Комитетінің басшысы А.Н. Қойшығұлов атына жолдаған түсініктеме хатында облысқа Беларуссиядан 1180 отбасы, Украинадан – 89 отбасы келгендігі баяндалған .

Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында Қазақстанға қоныс аударған жерлестері туралы жекелеген ақпараттарды украин мерзімдік басылымдарынан да оқи аламыз. Украинаның Николаев облыстық «Южная Правда» газетінің 2015 жылғы 8 сәуірдегі санында1954 жылы Николаев қаласының тыңға 80 еріктіден құралған отрядты, ал жалпы тың науқанында облыстанкомсомолдық жолдамамен 3 мыңнан астам жігіттер мен қыздардың жіберілгендігі туралы ақпарат аламыз. Аталған дерек көзінде берілген мәліметке сәйкес, тыңды игеруге келген николаевтықтардың күшімен Солтүстік Қазақстан облысында жаңадан «Николаевский»совхозының құрылғандығын оқып білеміз [19].

Тыңды игеруге келушілер есебінен Қостанай облысы халқының, оның ішінде украин ұлты өкілдері күрт өскенімен, тың игерілген өзге облыстардағы демографиялық ахуал  әрқалай болатын. Біз қарастырып отырған Солтүстік Қазақстан облысының халқы сол жылдары 1939 ж.  салыстырғанда 84,5 мыңға кеміп, 1959 ж. алдыңғы халық санағындағы көрсеткіштің тек 84,4%-ын құрайды.  Қос санақ арасында облыстағы орыстар 106,3%-ға, немістер 151,6%-ға өскен. Ал, тиісінше, титулды халық қазақтар (44,1 пунктке) мен бұрнағы жылдары саны қомақты болған украиндердің (42,7 пунктке, шамамен 31,6 мыңға)  үлесі кеміген [26]. Оған өз кезегінде Екінші Дүниежүзілік соғыстың салдары, Волга бойы немістері мен поляктарды елімізге депортациялау, тың және тыңайған жерлерді игеру сынды факторлардың теріс ықпалы себеп болса керек.

Тыңды игерудің барысында Ақмола облысының аумағында да ірі демографиялық өзгерістер орын алды. Ақмола жері де тың игеру жылдары Ресейдің еуропалық бөлігінен, Украина мен Белорусиядан қоныс аударушылардың көптеп келген өңірлерінің біріне айналды. Егер, 1954-1955 жылдары аталған одақтас мемлекеттерден  елімізге 20 мың отбасы қоныстанған болса,  тыңның басы болып саналатын 1954 жылдың өзінде  Ақмола облысына 214 отбасы көшіп келген екен [27]. 

Егер қазіргі Ақмола облысының бір бөлігін құрайтын Көкшетау облысының  1997 жылға дейін жеке әкімшілік бірлік болғандығын ескерер болсақ,  көшіп тыңға келген халық туралы мәлімет нақтылына, жүйелене түседі.  Көкшетау жеріне тың игерудің алғашқы екі жарым жылында 120 мың еріктілер қоныстанған. Олардың арасында Мəскеуден машинақұрылысшылары, Украиналық металл қорытушылар, Донбасcтық шахтерлер, Молдавиялық бақша бағбандары, Беларуссия, Балтық жағалауы, Кавказ жерлерінен еріктілер жəне 34 мың комсомолдар болды [28 ].

Тың игерушілер арасында этникалық украиндердің көп болуы, өңірді мекен еткен жергілікті украин этносының санын көбейте түсті. 1959 жылғы санақ көрсеткіштері бойынша Көкшетау облысында украиндер жалпы халықтың 12,2 %- құраған болса,  тиісінше, Ақмола облысында украиндер 17,5 % деңгейін  көрсеткен[1]. Алайда, тұтас алғанда, алдыңғы халық санағымен салыстырғанда 1959 жылы украиндар Ақмола 5 мыңға облысында кемігенімен,  Көкшетау облысында 11 мыңға көбейді  [29,7 - 70 бб.].

Ал тың орталықтарының бірі болған Кереку жеріне келер болсақ, кітаптың бірінші тарауының басында жазылғандай украиндер мұнда ХІХ ғасырдың 90 жж. көптеп қоныстана бастаған болатын. Патша үкіметі құлап, қазақ жерінде Кеңестік билік орнатыла бастаған 1917 жылы украиндердің саны 40 мың. адамға жетіп,  уезд халқының  16,8% құрағанды . Жоғары миграция мен табиғи өсімнің есебінен 1926 ж. уездегі этникалық украиндердің саны 69,0 мыңға. жетіп, жергілікті халықтың 23,4% құрады. Сол жылғы мәлімет негізінде өңір украиндерінің  басым бөлігі 67,7 мың. адам ауылды жерлерді мекендеген [30].   Павлодар облысына бағытталған украин миграциясы соғыс жылдары да тоқталмады.

Тың игерудің басы болған 1954 жылы  Павлодарға – 1904 отбасы  көшіп келген  [31,80 -82 бб.].

1939-1959 жж. негізінен сырттан келушілердің есебінен алғашқы кезекте ауыл халқының саны күрт өсіп, өсім  19,0%, ал тыңды игеру облыстарында 83%-ға өскен  [32,30 б.].

Еліміз аумағында өткізілген санақ науқандарына арқа сүйей отырып, халық саны күрт өскен өңірлер қатарына Павлодар облысын да жатқыза аламыз. Егер 1939 жылғы санақ  бойынша Павлодар облысының халқы 223 257 адамды құраған болса, 1959 жылғы санақ мәліметтеріне сәйкес облыс халқы 455 013 адамға жеткен [33,13 б.].

Өңір украиндеріне келер болсақ, 1939 жылы олардың саны 45 441 құрап, 1926 жылмен салыстырғанда біршама төмендеген. Ал Тыңды игеру жобасының аясында украин этносы өкілдерінің келуімен және табиғи өсім есебінен келесі санақ қарсаңында олардың саны біршама өсім көрсетеді. 1959 жылғы халық санағы бойынша Павлодар облысы украиндерінің саны 65 888  жеткен. Бірақ, сырттан келген көштің және облыстағы өзге славян ұлты өкілдерінің күрт өсуімен, олардың жалпы халықтың санындағы үлесі біршама төмендейді. Егер, украиндер 1939  жылы жергілікті халықтың 18,1 % құраған болса,  1959 жылы олардың үлесі  14,5 % құлдырайды. ХХ ғасырдың 60 жж. басынан түрлі факторларға байланысты павлодарлық украиндердің үлесі тек азаюмен болды.

Тыңды игеру жылдары еліміздің жоғарыда аталған бес облысынан өзге де аумақтарына  да келушілер аз болмады. Сондай аумақтардың бірі Ақтөбе облысы еді.  1954 жылы Ақтөбе облысына Украина КСР-нан құрамында 1 046 адамы бар 259 отбасы қоныс аударады. Ал 1954 жылдың екінші жартысы мен 1955 жылдың 1 сəуірі аралығында Ақтөбе облысы колхоздарына құрамында 3 868 адам бар 1003 жанұя орналасады. Ал 1955 жылдың 5 сəуірінде Украина КСР-ның Харьков жəне Тернополь облыстарынан құрамында 2184 адам, оның ішінде  1321 еңбекке жарамды адамдары бар 583 отбасы  көшіп келеді. Көшіп келгендер: Мəртөкке – 92 отбасы, Жұрын ауданына (қазіргі Мұғалжар ауданы) – 41 отбасы, Ключевой ауданына (қазіргі Алға ауданы) – 75 отбасы, Родников ауданына (аудан 1957 жылы таралып, аумағы қазіргі Мәртөк және Қарғалы аудандарына қосылған) – 41 отбасы, Қобда ауданына – 93 отбасы, Новоресей (қазіргі Хромтау ауданы) ауданына – 44 отбасы, Степной ауданына (қазіргі Қарғалы ауданына) – 82, Темір ауданына – 115 отбасы таратылып, орналастырылады. Жалпы, 1954 жылдың екінші жартысынан 1955 жылдың 1- сəуіріне дейінгі аралықта облыс колхоздары 3868 адамнан тұратын 1003 отбасыны қабылдады  [34,140 б.]. 

Тың игерушілердің алғашқы легі  1954-1956 жылдардағы келгендігі белгілі. Сол көштің аясында, 1955-1956 жж.  Ақтөбе облысына қоныстанушылардың саны арта түскенді. Оны мұрағат деректері де айғақтай түседі. Айталық, 1955 жылдың 1 желтоқсанына дейінгі уақытта облыс колхоздары құрамында 7818 адам болған қоныс аударушы 1937 отбасыны  қабылдайды. Көшіп келуші отбасылардың 583 Украин КСР-нан келгендер еді. Тың игерушілердің аталған облыстың 13 ауданына орналастырылды. Оның ішінде, Степной (413 отбасы) жəне Мəртөк (327 отбасы) аудандары тың игерушілердің көпшілігін қабылдады. Мұрағат деректері бойынша тек 1955 жылдың өзінде Ақтөбе облысына 4197 тың игеруші қабылданып, олар 22 совхозға орналастырылған. Олардың ішінде, Жұрын, Талдысай, Северный, Бөгеткөл, Псков (Тереңсай) сынды совхоздарға тың игерушілер көптеп жіберілді  [34,141 б.]. 

ХХ ғасырдың 60 жылдары да тыңға келушілердің легі тиылған жоқ. 1961-1965 жылдары кеңшарларға 160 мыңнан аса адам келді .Осындай миграциялық тасқынның салдарынан бұл жылдары Қазақстанда өзге ұлт өкілдерінің де саны едәуір өсті.

1959 жылғы санақ нәтижесі бойынша бұл кезде еліміздің жалпы тұрғындарының саны- 9294741 адам болса, соның ішінде: қазақтар- 2787 мың: 29,8 %-ды ғана, ал орыстар- 3942 мың: 42,7 %-ды, украиндар- 761 мың: 8,2 %-ды, немістер- 660 мың: 7,1%-ды, татарлар- 192 мың: 2,1 %-ды, өзбектер- 136 мың: 1,5%- ды, белорустар- 107 мың: 1,2 %-ды, ұйғырлар- 60 мың: 0, 6 %-ды, кәрістер- 74 мың: 0,8 %-ды, әзірбайжандар- 38 мың: 0,4 %-ды және тағы басқалары- 508 мың: 5,5 % адамды құраған .

Ауылды жерлерденөзге тың игеру облыстарының қалаларына келгендердің десаны ерекше көп болды. 1954 жылы тың қалаларына 16, 6 мың, 1955 жылы - 47, 8 мың, 1956 жылы- 38,5 мың, 1957 жылы- 48, 4 мың, 1958 жылы- 92,4 мың және 1959 жылы- 41,8 мың адамды құраған. Нәтижесінде, 1954 – 59 жылдар аралығындатың игеру облыстарының қалаларына жалпы саны - 285, 5 мың адам келген .

Тың жерлерді игеруге келген көш пен табиғи өсімнің есебінен қазақстандық украиндер саны айтарлықтай өсті. Мысалы 1939 жылы еліміздегі украиндердің саны1939 жылғы

Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны аясындағы көш

Қазақстан ХХ ғасырдың 50 жылдарының екінші жартысынан бастап 70 жылдардың ортасына дейін индустрияландырудың қуатты дүмпуін басынан өткерді. 1959 -1975 жж. аралығында елімізде жалпы саны 2074 құрайтын ірілі ұсақты кәсіпорындар мен цехтар салынып, іске қосылды. Олардың арасынан Қазақстандық Магнитканы, Скоколов – Сарыбай тау кен –байыту комбинатын, Бұқтырма және Қапшағай СЭС-н, Ақсужәне Жамбыл ЖЭС –н, Өскемен титан – магний және Жітіқара асбест комбинаттарын, Ақсу ферроқорытпа, Павлодар алюмний және трактор, Шымкент және Қаратау фосфор, Жамбыл қосарланған суперфосфат зауыттарын, Екібастұз разрездерін ерекше атауға болады [40].

Аталғандай қуатты өндіріс кешендерінің құрылысы мен іске қосылуы барысында КСРО –ң еуропалық бөлігінен көптеген мамандар жолдамамен немесе жұмыс бойынша елімізге келіп жатты. Олардың қатарында украиндер де аз емес еді.  Табиғи өсімнің және сырттан келушілердің есебінен еліміздегі украиндер саны ұдайы өсіп отырды. Қазақстан украиндері үшін сандық тұрғыдан 1970 жылды ерекше атауға болады. Себебі, сол жылы украиндер сан жағынан рекордты көрсеткіш -  930 мыңға жеткен болатын. Бірақ, ел халқының тұрақты өсімі есебінен олардың үлесі пайыздық тұрғыдан тағы төмендеп, 7,24% құрағанды.

1970 жылғы халық санағынан кейін еліміздегі украин ұлты өкілдерінің саны ұдайы кемімелі сипат алады. Нәтижесінде, 1979 жылы украиндер 897 964 жанды құраған болса,  КСРО тарихындағы соңғы 1989 жылғы халық санағы еліміз аумағында 896 240 украиндердің мекендейтінін көрсетті. 

1991 жылы орын алған экономикалық – әлеуметтік әрі саяси дағдарыстардың ықпалымен Кеңестер Одағы ыдырап,  тарихи тұрғыдан ұзақ уақыттық үзілістен кейін Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті  негізделді. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуымен елімізді мекендейтін этностар өкілдері үшін дамудың жаңа кезеңі басталып, өз тілін, діні мен салт – дәстүрлерін жаңғыртуға мүмкіндік туды. Олардың арасында мол санды украиндер де бар еді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер мен дерек көздерінің тізімі:

  1. Всесоюзная перепись населения 17 декабря 1926 г. : краткие сводки. Вып. 4 : Народность и родной язык населения СССР. / изд. ЦСУ Союза ССР. - М, 1928.  - XXIX, 138  с.
  2. Справки 1 спецотдела МВД СССР о количестве арестованных и осужденных в период 1921—1953 гг. http://www.alexanderyakovlev.org/fond/issues-doc/1009312
  3. Каринбаев Ж.Ә.  Қазақстандағы поляк ұлтының өкілдері: қалыптасу тарихы мен бүгіні//Қоғам және дәуір. - 2015– № 1. – 50-65 бб.
  4. «Прощай Украина!...», газета «Зеркало недели»,  № 36, 7 октября 2011.
  5. A.Dybowska, J. Żaryn, M. Żaryn. Polskie dzieje od czasów naidawniejszych do współczesności//Wyd. Naukowe PWN. - Warszawa 1994.
  6. ҚР ПМ. 708-қ., 5-т., 1043-іс, 41-п.
  7. Вознесенский Н.А. Избранные произведения. 1917-1947. - М., 1979.
  8. Грушевой К.С. Тогда в сорок первом.... М.: «Известия», 1972.
  9. История Киева. Т. 2. Киев, 1960.
  10. Украинская ССР в Великой Отечественной войне Советского Союза, т. 1, Киев: Издательство политической литературы Украины, 1975.
  11. Абсеметов М.О. Эвакуированные предприятия европейской части СССР в Казахстане в Годы Великой Отечественной войны// Современные проблемы науки и образования. – 2014. – № 6.
  12. Жангуттин Б.О. Эвакуация советского населения в Казахстан, http://e-history.kz/ru/contents/view/1656
  13. Книш З. «Розбрат» : спогади й матеріали до розколу в ОУН у 1940−1941 роках. — Торонто: Видавництво «Срібна сурма», 1960.
  14. Бажан О.Г., «Операция «Запад»: из истории депортации населения Западной Украины в Казахстан», 65 лет с начала депортации жителей Украины в Казахстан. Сборник материалов заседания круглого стола (20 ноября 2012 года). / Посольство Украины в Республике Казахстан; Карагандинский государственный технический университет. – Караганда, 2012.
  15. Політичний терор і тероризм в Україні. XIX–XX ст.: Історичні нариси / Відп. ред. В. А. Смолій; НАН України. Інститут історії України. – К.: Наукова думка, 2002.
  16. Депортації. Західні землі України кінця 30-х- початку 50-х рр. Документи, матеріали, спогади. У трьох томах. Т. 2, 1946-1947 рр. - Львів, 1998.
  17. Белорусы в Сибири: сохранение и трансформации этнической культуры/ Е.Ф. Фурсова, А.В. Титовец (руководители авторского коллектива), А.А. Люцидарская и др. – Новосибирск: Изд- во Института археологии и этнографии СО РАН, 2001.
  18. Бекишев К.О. Роль содружества народов в решении хлебной проблемы в послевоенные годы. Омский научный вестник. № 5 (101) 2011, 37 б.
  19. Анатолий Сорочан. Великий подвиг народа или авантюра? Южная Правда, 8 апреля 2015 год,  http://www.up.mk.ua/mainpage/show_item/5205
  20. Анатолий Тихановский. Все на освоение целинных и залежных земель! Костанайские новости, 2014, 18 марта.   
  21. ҚРОММ. 1987-қ., 1-т, 53-іс, 92-п.
  22. Освоение целинных земель // Костанайская область: прошлое и настоящее : в 2 ч / под ред. И. К. Тернового. - Костанай, 2007.
  23. Целина – время юности и славы, героического труда//  http://kagro.kz/stati/vypuski-gazety/7-220/celina-vremja-yunosti-i-slavy-geroicheskogo-truda.html
  24. Тың игеру және тарихи дерек//http://e-history.kz/kz/publications/view/3153   
  25. ҚРОММ. 1987-қ., 1-т, 53-іс, 118-п.
  26. ҚРОММ. 698-қ., 14-т., 405-iс, 20-п.
  27. Советский Казахстан. 1920-1970 гг. – Алма-Ата: Казахстан- 1970.-402с.
  28. Борьба КПСС за освоение целины. По материалам межвузовской научной конференции (январь 1960 г.).-Алма-Ата: Гылым-1960.-342 с.
  29. Статистический сборник по отдельным показателям всесоюзных переписей населения 1939, 1959, 1970, 1979, 1989 гг. -Алма-Ата: КазИнформЦентр.-1991.
  30. Калыш А.Б. Динамика численности и география расселения населения Павлодарской области// Вестник Евразийского гуманитарного института. – 2011. – № 3-4.- 16-23 бб.
  31. Михайлов Ф.К., Шамшатов И.Ш. Народное движение за освоение целинных земель в Казахстане (1953-1960 годы). - Алматы, 1964.
  32. Құдайбергенова А.И., Кеңес дәуіріндегі Қазақстандағы көші-қон үдерістері: тарихи-демографиялық аспект (1917-1991 жж.), тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы, 2010.
  33. Павлодар облысына 75 жыл. Статистикалық жинақ//Павлодар облысының Статистика департаменті. –  Павлодар, 2013.
  34. Нұрбаева Д.З. Ақтөбе облысына тың игерушілердің келуі жəне оларды орналастыру шаралары. АқМУ ХАБАРШЫСЫ, тарих ғылымдары сериясы, 2011 жыл №1 (46).
  35. Итоги всесоюзной переписи населения 1959 года. Казахская ССР. Москва: Госстатиздат.- 1962.
  36. Асылбеков М., Құдайбергенова А. Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық жағдайы (1939- 1959 жылдар).- Алматы: Өркениет, 2005.
  37. Турунтаева Ә.Ә. Тың және тыңайған  жерлерді игеру жылдарындағы Солтүстік Қазақстан өңіріндегі демографиялық даму ерекшеліктері// Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы, 2010 жыл №3 (76).
  38. Население Казахстана в 1917-1939 гг.// http://e-history.kz/ru/contents/view/1269 
  39. Всесоюзная перепись населения 1959 года. Национальный состав населения по республикам СССР. Казахская ССР.// http://www.demoscope.ru/weekly/ssp/sng_nac_59.php?reg=91
  40. Ж.Ә. Каринбаев, Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні//Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(08).//http://edu.e-history.kz/en/publications/view/592

[1] Статистический сборник по отдельным показателям всесоюзных переписей населения 1939, 1959, 1970, 1979, 1989 гг. -Алма-Ата: КазИнформЦентр.-1991.,7-70 бб.

 

Жандос Каринбаев,

Варшава университеті, Саяси ғылымдар және халықаралық қатынастар факультетінің докторанты

Диана Каринбаева,

Варшава университеті, Саяси ғылымдар және халықаралық қатынастар факультетінің докторанты

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз