«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жаңалықтар

Зиялы заңгер

1272 0
Зиялы заңгер
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында және ҚР Конституциясына 20 жыл толуына орай Ұлы Отан соғысының ардагері, әрі 35 жыл ғұмырын прокуратура саласына арнаған Оспан Сауранбаевтың өнегелі өмірі еске түседі

Ол 1924 жылы 7 қарашада Жамбыл облысы, Шу ауданы, Белбасар ауылында дүниеге келіп, орта білім алған соң, 1942 жылдың қазан айында Ұлы Отан соғысына аттанды. Он сегіз жаста оқ пен от кешкен Хатиұлы Оспан 1944 жылы соғыста ауыр жарақаттанып, елге оралады. Заң оқуын тәмамдап, прокуратура саласына қызметке орналасып, елеулі еңбегімен елге сыйлы болады. Оның замандастарының жылы лебіздері Оспан Сауранбаевтың зор тұлғасын толықтыра түскендей. 

Қази Жұмалиев, зейнеткер:

 — Меркіде бір атышулы оқиға орын алды. Бір орыс азаматы әйеліне оқ атып, көршілерінің зәре-құтын қашырды. Жараланып, қансырап жатқан әйеліне көмектесуге келген медицина және милиция қызметкерлеріне қарсы тұрған қылмыскер жан-жағына бей-берекет оқ ата берді. Көршілер-де тырп ете алмай қалды. Ауданның барлық жауапты қызметкерлері оқиға орын алған үйдің алдына жиналды. Әлгі орыс азаматы ешкімге көнер емес, ешкімнің сөзіне-де құлақ аспайды. Мен ол кезде аудандық халықтық бақылау комитетінде қызмет істейтінмін. Барлығымыз не істерімізді білмей, қатты абыржыдық. Үйдің ауласына кіруге ешкімнің батылы бармайды. Қабаған дәу қара иттің тістері, ақсиып, адамдарға қарай атылып тұр. Сол кезде прокурор Оспан Сауранбаев үйдің ауласына беттеді. «Жолдас прокурор, кірмегеніңіз дұрыс болар, қарулы қылмыскер ауыр психологиялық жағдайда тұр, ол өміріңізге қауіп төндіреді»,-деді жұрт. Ол: «Мен соғыста бұдан да зорын көргенмін, ел тыныштығы үшін өліп кетсем-де өкінбеймін»,-деді-де алған бетінен қайтпады. Итке өткір көзімен бір қарап еді, қабаған көрінгені тиылып, қыңсылап, үйшігіне тығылып қалды.

 Ашу-ызаға мініп, көзі қанталап кеткен қарулы қылмыскер үйден шығып, Оспан Сауранбаевқа мылтығын кезеді. Ол кісі міз бақпастан қылмыскерге қарап тұрып:  — Сізді барынша заңмен қорғаймыз деп ант етемін! Өйткені сіз арсыз әйелдің жазасын бердіңіз,— деді. Қылмыскер бір сәт абдырап тұрды да, көзіне жас алып, барлық оқтары мен мылтығын Оспан Сауранбаевтың қолына тапсырды: «Господин прокурор, я вам верю как к кровному фронтовику!» — деді. Дәрігерлер әйелді аман алып қалды. Ол өзіне оқ атқан күйеуін сотқа бермеді. Оқиға осылай оң шешімін тапты. Оспан, аға бір жанұяның тағдырын трагедиядан аман алып қалды. Бұл ерлігі үшін КСРО прокуроры Руденкодан Алғыс хат алды. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» — деп Оспан ағамыз жиі айтатын. Қылмыстың қандай себеппен жасалғандығына көп мән беретін. Бір күні қырманның қарауылына қатысты мәселе қозғалды. Қарауыл бидайды ұрлап, сатып жүрген көрінеді. Сонда прокурор қарауыл жігіттің өмірін зерттей келе: «Оның әкесі Отан қорғауға соғысқа кеткенде, бұл жігіт анасының құрсағында қалған екен. Жетімдік пен жоқшылықтың зардабын көп шегіпті. Ол мұны ұрлық емес, табыс табу тәсілі деп білген. Заңды түсіндіріп едік, ұрланған бидайдың ақысын қайтарып берді. Оған қатысты іс қозғамасақ та болады», — деп үлкен адамгершілік танытты. Сол жігіт қазір бір әулеттің бас иесі. 

Тағы бір жолы жеті кісі бюрода колхоз малшысының ісін қарайды. Ол кезде-де прокурор Сауранбаев: «Малшының 11 баласы бар, сиыр кем болса солардың нәсібіне бұйырған болар. Ал қалғандарымыздың бала-шағамызды қоса есептегенде 11-ге-де жетпейді. Менің ойымша қазақ халқының санын көбейтіп жүрген азаматқа кешіріммен қарауымыз керек», — деп, бір жағынан барлығын күлдірсе, екінші жағынан 11 баланың асыраушысынан айырылып қалмауға қамқорлық жасаған.

Есімнен кетпейтін бір сөзі: «Менің кабинетімде екі прокурор бар. Біреуі мен, екіншісі мен отырған кресло. Егер мен заңға қарсы жүрсем, «кресло прокурор» маған ренжиді. Егер ол адамгершілікке қарсы жүрсе, мен оған ренжимін. Біз бір-біріміздің тілімізді тауып, дос болып отырмыз» — дегенді көбірек айтатын. Ол адам деген атқа лайықты нағыз азамат еді ғой…

Мақсұт Жұмағұл, Қазақстан Республикасы Прокуратурасының Құрметті қызметкері, зейнеткер:

 — Оспан Сауранбаевпен алғаш кездесіп, тілдескенім әлі күнге анық есімде. 1976 жылдың 15 қыркүйегінде Меркі ауданы прокуратурасына тергеуші болып ауысып келген кезімде ол кісі Меркі ауданы прокуроры болатын. Оның кабинетіне кіріп келгенімде Оспан Хатиұлы бір қарасымен-ақ менің бүкіл жан-дүниемді шарлап шыққандай әсер қалдырды. Оның «Формасыз жұмысқа келуші болма», — деген сөзін ұмытқан емеспін. Сол күннен бастап формамды тастамадым. Ол осылай мені өз қызметімді құрметтеуге және жауапкершілікті жете түсінуге тәрбиеледі. Меркідегі тергеушілік жұмысымды атқарып жүргенмін. Бірде Оспан Сауранбаев шақырып алып, прокурорлық есеп жасауымды талап етті. «Мен тергеушімін ғой, прокурордың есебін қалай жасаймын?» — деп тайсақтадым. «Прокурор болғың келсе, үйренуің керек. Саған есеп дайындауды бір рет көрсетем, екінші қайталап сұрама», — деді ол. Тағы бір жолы қылмыстық іс қозғап, дайындалған құжаттарды прокурордың алдына әкелдім. «Соттан өте ме?» — деп сұрады. «Өтетін шығар», — дедім. «Соттан өтетін болса ғана әкелесің» — деді-де, жазғандарымды қарамастан, сол күйі өзіме қайтарып берді. Бұл жағдайдан соң басым қатып, еш нәрсенің байыбына жете алмай, біраз уақыт қиналып жүрдім. Осындай күйімді көрген әріптестерім маған мән-жайды түсіндіре бастады. «Сен Оспан Сауранбаевқа «өтеді» деп өзіңе сенімді жауап беруің керек. Ол өзіне аса сенімді қызметкерлерге сенімділікпен қарайды. Есіңде болсын «шығар», «мүмкін» деген сөздерді қабылдамайды. Барлық фактілер ғылыми дәлелденген, экспертизалардан толық өткен болуы қажет. Және әрбір істің артында тұрған адамдарды толықтай анықтауың қажет. Сонда іс соттан өтеді»,-деді олар. Бұл маған үлкен тәжірибе болды. 

Осы тәсілмен бірінші жылы 46, екінші жылы 48, үшінші жылы 50 тергеу амалдарын жүргізіп, қылмыстық істерді соттан өткіздім. Мен дайындаған бірде-бір іс соттан кейін қайтарылмады. Жоғары оқу орнының заң факультетін сырттай оқып бітірген соң, екі жылдан кейін Мойынқұм ауданына прокурор болып бардым. Жалғыз мен емес, Оспан Хатиұлы тәрбиелеген кадрлардың жерде қалғаны жоқ. Қысқасы, О.Сауранбаев Меркіде жиырма жылға жуық, қатарынан төрт кезең отырған дара прокурор. Прокурорларды әр бес жыл сайын ауыстыратын қатаң тәртіп болатын. Алайда, Оспан Сауранбаев іскерлігі мен кәсіби шеберлігінің арқасында басшыларға да, партияға да өзін сыйлатып, сөзін өткізе алды. Сол кездегі ҚР прокуроры Өтеген Сейітов Оспан Сауранбаевты ерекше құрмет тұтатын. Кейін басқа прокурорлармен-де қызметтес болдым, бірақ Оспан Сауранбаевтай прокурорды кезіктірмедім. Көпшілігінің жұмыс тәртібі қиқы-жиқы, қазір бір шешім шығарса, сол күні-ақ өз сөзінен тайып, басқа шешім шығара береді. Ал, Оспан Сауранбаев бір айтқанын екінші рет қайталамайтын. Тіптен, жоғарыға жіберілетін хабарламаны бір-ақ рет жазып, бірден қол қойып, мөр басып жіберетін. Ешқашан жөндеп, өзгеріс енгізіп жүрмейтін. 

Өз ана тілі — қазақ тілін ерекше құрметтейтін. Қазақтың небір асыл сөздерін білетін. Қазақ әдебиетін аса қадірлейтін. Үйіне барып қалғанымда, әлемнің классикалық туындыларын оқып отырғанына да талай куә болдым. Көп оқып, көп ізденетін кісі еді. Тағы бір ерекшелігі, әркез галстук тағып, қысы-жазы ұзын жеңді жағалы көйлек, бас киім, костюм-шалбар, плащ киіп жүретін ерекше ер еді… 

Гүлжанат ӘБДІМОМЫНОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. mail@e-history.kz 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English