Қазақ хандығына 550 жыл

Қытайда Қазақ хандығына қатысты жиын өтті

27 Қаңтар 2015
733
0
Халықаралық Түркі академиясы (ITA) Қытай астанасы Бейжіңде биыл құрылғанына 550 жыл толатын Қазақ хандығының тарихына қатысты ғылыми жиын өткізді.

Шараны құттықтау сөзбен ашқан Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша биыл Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтетінін атап айтты. «Елбасы Ұлытау төріндегі сұхбатында халқымыздың терең тарихы ғұндардан бастау алып, көк түріктерге ұласып, одан кейін Алтын Ордамен жалғасып, Тәуелсіздігімізбен сабақтасатынын ерекше атап өткен болатын», — деген ол өркениеттері иық тіресіп мыңдаған жыл көрші болған, Жібек Жолы арқылы қадым заманнан бері байланысы бекіген ежелгі елде Қазақ хандығы тарихына қатысты жиын өткізудің маңызына тоқталды.

ecbd52628a241417bb855e444ecf6f9f.jpg

Қазақ тарихы, оның ішінде Қазақ хандығының мемлекеттік негіздері туралы жан-жақты мағлұматтар берілген алқалы жиынға қытайлық ғалымдардың қызығушылығы ерекше болды. Әсіресе Халықаралық Түркі академиясының ғалымы, профессор Бақыт Еженханұлының Қазақ хандығының тарихы туралы қытай-мәнжу мұрағат құжаттарына сүйеніп жасаған баяндамасын ықыласпен тыңдап, көкейдегі сұрақтарын қойды. Баяндамашы Қазақ хандығына қатысты ғылыми негіздегі жаңа деректер ұсынды.

e314013d5ab798c69e9e37091df6bd50.jpg

Өз кезегінде Қытай Қоғамдық ғылым академиясы Әлеуметтік зерттеулер институтының директоры, профессор Сун Чжунчжи, Бүкілқытайлық этникалық аз ұлттар тарихын зерттеушілер Қауымдастығының бас хатшысы профессор Лю Чжэньин, Қытайдың шекаралық аймақтарын зерттеу институтының бұрыңғы басшысы, профессор Ли Цин Шэн және өзге-де танымал қытай ғалымдары сөз сөйлеп, Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты өз пікірлерін білдірді.
Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясына (CASS) қарасты Этнология және антропология институтының директоры Ван Яньчжун «Бүгін қазақ тарихшыларының институтымызға келіп, баяндама жасап, пікір алмасуы біздің қазақ тарихы, жалпы қазақ еліне деген түсінігімізді тереңдете. Мұндай шаралар біздің стратегиялық маңызды көршіміз — Қазақстанмен гуманитарлық-мәдени байланысты тереңдетуге оң әсерін тигізеді», -деді.

Белгілі тарихшы, професор Бай Цуй Циң соңғы жылдары Қазақстан тарихшыларының Цин мұрағатындағы Қазақ тарихына қатысты құжаттарды жинастыру, зерттеу жұмыстарын жоғары бағалады. Оның сөзінше, 1950-ші жылдан бері қазақ халқы мен тарихы, мәдениетіне қатысты қытай тілінде 2600-ден астам ғылыми мақалалар мен ондаған кітаптар жарық көрген. Бертінде бұл салада докторлық және магистрлік зерттеу жұмыстарының саны артқан. Олардың арасында жергілікті жас қазақ ғалымдарының да қарасы молайып келеді. Бай Цуй Циң сондай-ақ «тақырыптарды қайталамау, дереккөздерді тиянақты жинақтау мен терең талдау мәселесінде қазақстандық әріптестерімізден үйренеріміз көп. Сол себепті сіздермен ынтымақтастықты арттыруымыз керек», — деді.

Тағы бір танымал ғалым Ли Цин Шэннің пікірінше, Қытай ғалымдары бұдан кейін Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты зерттеу жүргізгенде қазақ әріптестірінің сол саладағы еңбектеріне баса мән беруі тиіс.
Ғылыми басқосу соңында Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясына қарасты бірнеше институт Халықарлық Түркі академиясымен бірлесіп жұмыс істеуге деген қызығушылықтарын білдірді. Бірлесіп ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу, ортақ шаралар атқару және ғылыми жинақтар шығару туралы сөз болды. Ынтымақтастық шеңберінде Қытай мұрағаттарына жол ашылып, Қазақ хандығына қатысты тарихымызды түгендеуге мүмкіндік туары сөзсіз.

Бейжің сапары аясында Халықаралық Түркі академиясының ғалымдары Қытайдың бірінші тарихи музейінен Қазақ хандығына қатысты бұрын жарық көрмеген құнды құжаттар тапқанын айта кету керек. Қазақ хан-сұлтандарының Цин патшалығына жолдаған шағатай және қалмақ тілдеріндегі хаттары, Қазақ хандығы мен Цин мемлекеті дипломатиясына байланысты мәнжу тіліндегі маңызды жазбалар табылып, көшірмелері алынды.

Түркі академиясының ғалымдары Бейжің сапары аясында Қашқардағы мың жыл бұрын түрік сөздігін жазып, тіліміздің құдіретін дүниеге танытқан Махмұт Қашқари мен биыл мың жылдық мерейтойы аталып өтілетін Жүсіп Баласағұни бабамыздың басына барып, тағзым етті. Сонымен қатар Үрімшідегі қазақ ғалымдары мен зиялылармен кездесу өткізді.
Түркі академиясының ұйымдастыруымен өтетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына қатысты халықаралық деңгейдегі мұндай ғылыми жиындар жыл соңына дейін жалғасатын болады.

Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз