Қазақ хандығына 550 жыл

Аңырақай шайқасының 285 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

04 Желтоқсан 2014
758
0
Бүгін ұлттық музейде «Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресінің ұлы бетбұрысы» атты дөңгелек үстел өтті.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Астана қаласының активімен кездесуінде 2015 жылы қазақ халқы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтетінін айтқан болатын.

«Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осыншама танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз — бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көпғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн», — деді Елбасы.

Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы Қазақстан тарихының өзекті мәселесі болып табылады.

Аңырақай шайқасы біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңіс. Жүз жылға жуық болған соғыста бұл жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, әрмен қарайғы жеңістеріне жол ашты.

Дөңгелек үстел қатысушылары көшпенділер мемлекеттілігің құрылуы мен қалыптасуы, олардың ұлт ретінде сақталуы, жоңғар шапқыншылығынан ұлан-ғайыр жерді аман алып қалып, оны болашақ ұрпаққа аманат ету секілді тақырыптарды талқылады. Шара барысында ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы т.ғ.д., профессор Роза Қадысова модераторлық жасап отырды.

Бүгінгі буынның санасына отаншылдық пен елжандылықты сіңіруді мақсат тұтатын мәнді шараны ҚР Ұлттық музей Мәдени-білім беру жұмыстары бөлімі, ғалымдар және ҚазМУ Заң колледжінің тарих пәнінің оқытушылары мен студенттері бірлесіп ұйымдастырды.

 

Қайыржан Ғизатұлы, ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері:

«Қазақтың тарихына қатысты көптеген дүниелер ашылған жоқ. Әлі біраз зерттеулер қажет. Ұлттық музей осы олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыс істеуде. Таяуда біз Шығыс Қазақстан облысының Мақаншы ауылынан Қаракерей Қабанбайдың найзасы табылды. Ұрпақтары осы күнге дейін сақтап келген екен. Найзаның ұзындығы 3 метрден асады. Сабының жуандығының өзі адамның бір қолымен ұстауына қиын. Осыдан-ақ бабаларымыздың алып тұлғалы болғанын біле аламыз», — деді Қ.Ғизатұлы. 

Музейдің ғылыми қызметкерінің айтуынша, Шәкәрім поэмасының кейіпкері – Тоқтамыс батырға қатысты жәдігерлер де ел назарына белгілі болып отыр. 

«Арғынның ішіндегі Тобықты руында Тоқтамыс деген батыр болған. Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» поэмасындағы «Ту тіккен тобықтының қолбасшысы, Жуан таяқ Тоқтамыс...» деген жолдары осы Тоқтамысқа арналады. Бүгінгі күнің оның ұрпақтарынан батырдың байрағы мен қылышы табылып отыр. Бұл біздің тарихымыз үшін өте керемет дүние! Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында тұратын ұрпақтары осы жәдігерді Ұлттық музейге тапсырса дейміз», —  деді ол. 

Өкінішке қарай, тарихи тұлғаларымыздың ұрпақтары аталған жәдігерлерді музейге тапсыруға құлықты емес. Кейбіреулері тіпті жәдігерлерді халық назарынан тыс ұстағанды жөн санайды. 

«Көбінесе батырлар мен билердің ұрпақтары оларға қатысты жәдігерлерді музейлерге бергісі келмейді. Ұрпақтары мұны тәбәрік деп атайды. Тәбәрік етіп сақтап, елдің назарына да көрсете бермейді. Біле білген адамға бұл жәдігерлер ұлттың тәбәрік ететін дүниесі. Ел көрсін, білсін, музейге қойғанымыз дұрыс».


«Қазақстан тарихы» Интернет-жобасы

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз