Қазақ хандығына 550 жыл

Қазақ батырларының тағдыры. Уақ Баян батыр

13 Тамыз 2015
3564
0
Хан Абылай өз заманында аса жоғары бағалаған екі батыр болса, соның бірі – Баян батыр. Орта жүздің уақ руынан шыққан әйгілі батыр туралы аңыз да, ақиқат та көп.

Батыр Баян туралы тарихи деректер Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде және профессор Зарқын Тайшыбай келтірген Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатының материалдарында нақтырақ жазылады. Бұдан басқа қазақтың ұлы жырау-ақындары Үмбетей мен Тәтіқараның өлең-жырларында, халық аузында сақталған «Жантай батыр» фолкьлорлық мұрасында батыр есімі аталып, ерлігі дәріптеледі. 

Атақты Абылайдың ақ найзалы заманында ел тәуелсіздігі үшін қаһармандықтың үлгісін танытқан хас батыр Баян Қасаболатұлы 1714 жылы дүниеге келген. 

 

961b2463b9f47a54c182b72255e6bd6c.jpg

Ұлы ағартушы Шоқан Уәлихановтың «ХVІІІ ғасырдағы батырлар туралы тарихи аңыздар» атты мақаласында Баян батыр туралы мәліметтер бар. Онда «Абылайдан: «Үш жүздің батырларының ішінде бәрінен жақсы көріп, құрмет тұтатыныңыз кім?» деп сұрағанда ол былай деп жауап беріпті: «...Өз батырларымның ішінде байлығы мен батырлығы, мінезі жөнінен бәсентиін Малайсары, ақылы мен өжеттігі жөнінен уақ Баян бәрінен артық» делінеді. 

Шоқан келтірген тағы бір деректе кескілескен ұрыста жау ортасында қалған Абылайдың «мына қоршауды бұзып өтер кім бар?» деп айқайлап, сасқан кездегі сәті айтылады. Екі рет дауыстап айқайлағанда ешкім болмапты, тек үшінші дауыстағанда Баян батыр суырылып шығып, қоршауды бұзады. Ұрыстан соң, Абылай жас батырды іздеп тауып, «жауға шабарың бар, үш рет неге айтқыздың?» дегенде, Баян: «Алдымен жолды сұлтан-төрелерге бердім, одан кейінгі жол аға баласы Арғындікі еді. Ақырында ажалдан басқа жол қалмағанда өзім шаптым» деп жауап беріпті.

 

bf82daefa0ce380a8ebf26045583d77b.jpg

Халық батырына Павлодар қаласында қойылған ескерткіш

 

Ал Мәшһүр Жүсіп: «Үйде батырмын деген көп еді, түзде Баяндай көрінетіні жоқ еді» деп Абылай айтты деген сөз келтірсе, ұлы ғалым Әлкей Марғұлан батырдың бейбіт күнде ақылды, өнерпаз, сері болғанын жазады: «Серілікті жаны сүйген, әсіресе Абылайдың жауынгер батырлары. Уақ Баян батыр – атақты серінің бірі. Күйді ол алысқа шалқытып, сыбызғымен әдемі тартатын болған». 

Ғалым Зарқын Тайшыбай Омбы мемлекеттік мұрағатынан табылған Баян батыр есімі аталатын екі құжаттың табылғанын жариялаған болатын. 1760 жылдың тамыз айында жазылып жолданған полковник Лестоктың хатында көрші елдің малын шауып кеткен Қошқарбай батырдың «мәселесі» сөз болады. Тұтқынға түскен адамдар мен малды қайтаруды талап етіп Абылай сұлтанның атына жолданған хатта Баянның есімі аталады. 1758 жылы қазақтар шауып алған 89 еркек пен 137 әйел, 319 жылқы – жалпы шығыны 1990 сом 75 тиынға бағаланған мал-мүлік Сәттібай атты ел ағасы бар Айтуған, Баян, Байғұтты деген кісілерде болыпты. 

Екінші дерек Баян батырдың қайтыс болуынан хабар береді. 1773 жылғы 26 ақпанда қазақ тұтқынынан қашып шыққан қалмақ әйелі Жарга Барзадамаева Иван Шарин деген тілмашқа берген жауабында: «Мен Абылай сұлтанға қарайтын уақ болысының елағасы Баян батырдың иелігінде болдым. Баян батыр қайтыс болардың алдында мені өзінің інісі Хабин Тулту Булуковқа (Бөлек?) берді» делінген. 

Бұл деректерден Абылай дәуірінде болған «Шаңды жорықта» Баян батыр қазақ жерін көктей өтіп, тарихи атамекеніне жетпекке ұмтылған Еділ қалмақтарын аяусыз шапқаны көрінеді. М. Мағауинның: «...Жоңғар шебіне өліп-өшіп жеткен қалмақтың саны жорықтың басындағы алғашқы 170-180 мыңның оннан бірі ғана еді» дейтіні сондықтан. 

 

0ed4f9e8134ff20d1af22ff9f75e65bd.jpg

«Батыр Баян» көркем фильмі. Батыр рөлінде Жұмахан Әбдіқадыров 

 

 

Енді Батыр Баянның өміріне қатысты ел аңыздарына қысқаша тоқталсақ. Баянның Ноян деген інісі болған, ол қалмақ қызымен қашып кетеді деген аңыз әлі де айтылады. Мағжан ақын да осы жүлгемен поэма жазды. Атақты жазушы Ілияс Есенберлин де бұлардың арғы аталары Саян деген батыр деуі де қиялдан туған. Зерттеушілердің жазуынша, Ноян дегеніміз – Баянның Сары деген туысқан ағасының ұлы Қыстаубай. Мағжан оны Ноян өзгертіп жазады. Осы Қыстаубай расында да қалмақтың Лағда деген қызына ғашық болып, қашады. Әкесі Сары батыр бұған ашуланып, Баянға оны өлтіріп келуді тапсырады. Баян қуып жетсе де, оларды өлтірмей, нағашы жұрты кіші жүзге ізін суытуды айтып қоя береді. 

Баян батырдың қайтыс болуы туралы Шоқан Уәлихановтың жазбаларында бар. Қалмақ көшін тоқтаусыз шауып, сол кездегі қытай жерінің шегіне дейін тықсыра қуған батыр қайтар жолда уланған құдықтан су ішіп, жасағымен бірге қырылған. Бұл 1772 жыл. 

 

ace59f4ff737ef3b4ec7165a2f2c49a9.jpg

Баян батыр сарбаздарымен жерленген Сары-Баян жотасы

 

 

Бар қазаққа батырлығымен аян болған батыр Баянның жатқан зираты соңғы кезде табылған жаңалық десе болады. Қарағанды облысына қарайтын Шет ауданының Қарабұлақ ауылы маңындағы Сары-Баян жотасында жерленген. Батыр өмірі туралы бұрынғы-соңғы деректерді зерттеп, нақты тоқтамға келген батыр ұрпақтары (З. Олжабаев) мен зерттеуші ғалымдар (Е. Смайылов, М. Сембай) бұл шешімге шүбә келтірмейді. 

Баян батырдан тараған ұрпақ қазір Солтүстік Қазақстандағы Жұмабаев ауданында тұрып жатыр. Жазушы Хамза Абдуллиннің айтуына қарағанда, Абыл, Жарбол, Аралағаш атты үш ауылдың үшеуі де таза Баян батырдың ұрпақтарынан тұрады. 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз