Қазақ хандығына 550 жыл

Қазақ батырларының тағдыры. Шанышқылы Бердіқожа батыр

11 Тамыз 2015
1897
0
Тарихи деректерге сүйенсек, Бердіқожа батырсыз хан кеңесі өткізілмеген, жорыққа да шықпаған. Оны Ұлы жүзде Төле биден кейінгі үлкен саяси қайраткер, ірі қолбасшы мәртебесінде құрметтеген.

Шанышқылы руынан шыққан Бердіқожа батыр туралы әулие шежіреші Мәшһүр Жүсіптің, орыс офицері Иван Андреевтің, тарих білгірі Мұхтар Мағауинның, жазушылар Қабдеш Жұмаділов пен, Ақселеу Сейдімбектің, профессор Клара Хафизованың, Бақтыбай Қасымбековтың еңбектерінде аталып, батыр өмірі мен ерлігі біршама дәріптеледі. 

Шежіре қарт Мәшһүр Жүсіп батырға «Шанышқылы Бердіқожа – Абылай заманындағы ең атақты, ең сенімді батырлардың бірі» деген баға береді және оның өз ұлдарын сынауы, өмірінің ақыры туралы деректер келтіреді. 

 

2e2a3313fd4c3026b33861f3cdbe7498.jpg

Бердіқожа батыр. Бабасының бұл суретін арнайы салдырған мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов

1781 жылы Абылай хан қайтыс болғасын Алатаудан асырылған қырғыз қайтадан қазақ жеріне еміне бастайды. Міне, осы кезде Аягөз маңына қоныс тепкен Бердіқожа батыр қырғыздарға қарсы соғысқа аттанады. 1785 жылы Аягөздің тұсында батыр бастаған қазақ қолы қырғыздарға күйрете соққы береді. Бердіқожа батыр 18 жыл бойы қырғыз ауылдарымен аралас отырған жерін тастап келгенде, қырғызға қарсы шыққан жорықтарында көмек бермеген аягөздік наймандарға ренжіп, Сарыарқаға ойысады. Сөйтіп, 1783 жылы мамырда Шыңғыстау аймағына біржолата көшіп келетіні орыс офицері И. Андреевтің «Орта жүз қырғыз-қайсақтарының сипаттамалары» атты еңбегінде жазылған. Сол кезеңде Бердіқожа бастаған шаңырақтың саны үш жүз, шанышқылы ауылы малға бай, жылқысы көп болған делінеді. 

Ал Мұхтар Мағауин өзінің Бердіқожа батырдың есімімен қалай таныс болғанын сөз етіп былай дейді: «Көз алдыма, ақбайпақ қара тұлпарға мінген, мұздай құрсанған жаужүрек жас батыр елестеген. Сол күннен бастап Бердіқожа есіміне назар аударып едім. Ғылым академиясының қолжазба қорында «Бердіқожа батыр» атты жыр бар екен. Арнайы алдырып көрдім. Шақпақ жол оқушы дәптеріне араб әрпімен жазылған. Көлемі әжептәуір, бірақ әлдебір ұмытылған эпостың екі бөлек үзігі сияқты, аяғы және жоқ – жақсылығын көре тұра көңілім толмайды, іздегенім табылмаған. Әйтсе-де, Бердіқожаның Абылай заманындағы атақты ер екені, қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, керей ер Жәнібек, көкжарлы Барақ батырлармен үзеңгілес серік, қарулас батыр болғаны аңдалған». 

 

42040b9471247be7093f22884d549f8e.jpg

Қазақ-жоңғар шайқастарын көрсететін карта

«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясындағы дерек бойынша, Бердіқожа батыр Аягөз, Бұланты-Білеуті және Сарысу өзені бойындағы, Іле басындағы Талқы, Ебі, Ембі, Алакөл, Алтайдағы Ұланасу, Қандысу, Айдынсу, Шар, Шорға ұрыстарында, Қозымаңырақ, Қоймаңырақ, Ақшәулі, Итішпес көлдері маңындағы, Аңырақайдағы шайқастарда Ұлы жүз жасақтарына басшылық еткен. 

Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» романында Қабанбайдың «Дарабоз» атануына осы Бердіқожа батырдың ақбоз аты себеп болған көрінеді. 1729 жылғы Итішпес – Алакөл бойындағы ірі шайқаста атынан айырылған бас батырға өз атын беріп, қаптаған жау қолынан аман алып қалғаны баяндалады. Осы оқиғадан кейін екі батыр жан аямас дос болған екен. 

Ал батырдың өлімі туралы әрқилы дерек бар. Орыс офицері И. Андреевтің жазбасында Бердіқожа батыр аз ғана қолмен қырғызға қарсы шайқасқа аттанады. Іле өзеніне келіп, қырғыздарға таяу аялдайды. Қазақ қолы артта қалған жасақты күтіп аттарын отқа жібереді. Осы кезде қырғыздың жасағы, шамамен 80 адам, олар да аттанысқа шыққан екен, қос тігіп бейқам жатқан қазақтың үстінен түседі. Бердіқожаның басын шауып, далаға тастап кетеді. Мұндай сұмдықты көрген қазақтың артынан келген жасағы қырғыздарды қуа жөнеліп, ұрыста жеңіп, Есенгелді манаптың ұлын тұтқынға түсіріпті. Батырдың сүйегін алып еліне қайтады. Ал «Алымбектің санжырасы», «Қырғыз-қазақ шабысы» деген жазбаларда бұл оқиға мүлде басқаша сипатталады. Бердіқожа батырдың Көкшолағын алып қашқан Бөрібай деген қырғыз еліне жетіп, ақылдасып, жасанған қолмен Бердіқожа ауылын қайта барып шабады. 

 

330f005482ea095ea7cb36e6e97ac889.jpg

Бердіқожа батыр. Авторы суретші Жеңіс Қазанқапов

 

Мәшһүр Жүсіп дерегінде «Өзін жау өлтірерін білген соң, жолдасына айтқан екен: – Жау жерінде қалдым ғой, менің сүйегімді алып кете алмассыңдар, бір бармағымды кесіп алып, маңайлас жерлеріне көміңдер де, соған там салып, «Бердіқожа тамы» атаңдар. Мені есіне алғандар дұға ғылып өтер, – деп» делінеді. Бердіқожаның өлім аузында жатып тағы бір айтқаны: 

«Екіден кіші балам, 

Ержеткен соң бәлем, 

Қаратал Қояндыға қосыңды тая» болыпты. Сол баласы ер жетіп, әке кегін қайтарып, жауды Қаратал Қоянды деген жерде өлтірген екен. 

 

a3c1564cb226a2abd36cf86588514eec.jpg

Бердіқожа батырдың зираты

1685 жылы дүниеге келген Бердіқожа батыр 1786 жылы қаңтарда, мәйіт бұзылмайтын қыс кезінде қаза тапқан деген нақты дерек бар. Ұлттық энциклопедияда бұл жайлы 1690 жылы туып, 1770 жылы өмірден өтті делінген. Батырдың бейіті – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының жерінде, Дағанделі өзенінің бойында тұр. Бейіт құлап бітуге таяу. 

 

3dc689a06907543ca7297fd1009f9232.jpg

Сондай-ақ кезінде Ташкентті билеген датқа Молдақошық, атақты күйші-сазгер Қазанғап Тілепбергенұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов, жазушы Немат Келімбетов, әнші Жамал Омарова, ғалымдар Усмадияр Маханов, Досым Сүлеев, Бақтыбай Қасымбеков, боксшы Нұржан Сманов, тағы басқа қазаққа белгілі азаматтар «Алаштың алдаспаны» атанған Бердіқожа батырдың ұрпағы болып саналады. 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз