Қазақ хандығына 550 жыл

«Қазақ хандығының тарихындағы Түркістанның орны» атты конференция өтеді

01 Сәуір 2015
2051
0

01.04.15

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлесіп 2015 жылдың 2-3 сәуірі аралығында өтетін «Қазақ хандығының тарихындағы Түркістанның орны» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырады.

Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқына: «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» жолдауында: «2015 жыл — ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда. Ел бірлігі — біздің барша табыстарымыздың кілті» деп ерекше атап көрсетті. Ел тәуелсіздігін баянды да тұғырлы ету, «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру мақсатын көздейтін бұл мемлекеттік шараның маңызы аса зор. Елдік сана мен ұлттық идеологиямызды қалыптастырудың ең тиімді де ұтымды жолы. Конференция жұмысы ұлттық тарихымызды қайта зерделеуде ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын Түркістанның тарихын, Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен оның кесенесін, кесенеде жерленген ата-бабаларымыздың өнегелі жолын насихаттауға арналған. 

Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізу Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу туралы» Қаулысы бойынша бекітілген іс-шаралар аясында өткізіліп отыр. 

Конференция жұмысының негізгі бағыттары:

1. Қазақ хандығы және Түркістан. 

 2. Қазақстан тарихындағы қала мен дала. 

3. Қазақстан аумағындағы көне және ортағасырлық мемлекеттер. 

4. Қазақ мемлекеттілігі және тұлғалық фактор. 

5. Қазақ хандығының тарихы деректер мен зерттеулерде. 

6. Қазақ даласындағы Ұлттық пантеондар. 

7. Қазақ даласындағы ғылым-білім ордалары. 

Конференцияның өтетін орны: Түркістан қаласы, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығының үлкен мәжіліс залы. 

Конференцияның ресми тілдері: қазақ, орыс және ағылшын тілдері. 

Конференция жұмысына Республикамыздағы және шетелдердегі тарих, филология, философия, шығыстану, заң салаларының ғалымдары, этнографтар мен деректанушы, тарихнамашы ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының қызметкерлері шақырылады. Конференцияның материалдары жинақ болып шығады. Қазіргі таңда халықаралық конференцияға қатысуға 50-ден аса ғылыми мақалалар келіп түсті. Қазақ хандығының тарихын зерттеумен айналысып жүрген белгілі отандық зерттеушілер И. В. Ерофеева, А. Исин, Б. Кәрібаев, Н. Атығаев, Ж. Артықбаев, сонымен қатар Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының, Марджани ат. Тарих институтының, АҚШ, Түркия елдерінің ғалымдары қатысады деп күтілуде.

Дәстүрді бекем ұстанған еліміздің игі жақсылары, хан-сұлтандары мен би-батырлары дүниеден өтерінде өздерін Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлеуді ұрпақтарына аманаттап отырды. Мұның өзі құрылғанына биыл 550 жыл толатын Қазақ мемлекетінің тарихындағы киелі Түркістанның алатын орнын әйгілеп тұр.

Байланыс мәліметтері: 8 (725 33) 3-11-59, azret-sultan@mail. ru, nurlan80@mail. ru

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз