«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жаңалықтар

«ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы: табысты мемлекет, табысты ел» конференциясы

1599
«ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы: табысты мемлекет, табысты ел» конференциясы
Өздеріңіз білесіздер, көп жылдар бойы біздің тарихымыз коммунистік идеология ықпалымен өрескел бұрмаланып келді, таптық көзқарасқа бой алдырып, өткеннің бәрін жоққа шығардық.

 Бүгін Астанада «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы: табысты мемлекет, табысты ел» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Маңызды халықаралық шараны ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры мен ҚР Білім және Ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институты бірлесіп ұйымдастырып отыр. 

     Конференцияға жетекші шетелдік ғалымдар, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, еліміздің ғалым, профессорлары, жоғары және орта оқу орындарының оқытушылары, докторанттар мен магистранттар, БАҚ өкілдері қатысты. 

Конференцияның ашылу салтанаты маңызды тарихи кітаптың тұсаукесерімен басталды. Азия зерттеулері институтының директоры, Шығыс Еуропа зерттеулері институтының аға үйлестірушісі, Қазақстандағы Польшаның бұрынғы елшісі Владыслав Соколовскидің ғылыми редакциясымен дайындалған «Od Chanatu do Republiki Historyczne i współczesne uwarunkowania państwowości Kazachstanu» («Хандықтан республикаға дейін: Қазастан мемлекеттілігінің тарихи және замануи шарттары») кітабы оқырманға жол тартты. 

38f903b7cb18b65a8c7c28f9e8e69d07.jpg

Конференцияға қатысушылар «ҚР Тұңғыш Президенті және оның қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастырудағы рөлі», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және отандық тарих ғылымын жаңғырту» тақырыптарындағы секция жұмыстарына қатысуда. Салтанатты жиынды Мемлекет тарихы инстутының басшысы Бүркіт Аяған жүргізді. Пленарлық мәжіліс аясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков, Азия зерттеулері институтының директоры, Шығыс Еуропа зерттеулері институтының аға үйлестірушісі Владыслав Соколовски (Польша), ҚР Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, И. Джавахишвили атындағы ТМУ жанындағы Тарих және этнография институтының директоры, т.ғ.д., профессор Важа Кикнадзе (Грузия), ҚР Ұлттық мұрағатының директоры Марат Әбсеметов, Назарбаев Университеті Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі Саясаттану және халықаралық қатынастар кафедрасының ассоциацияланған профессоры, PhD докторы Чарльз Салливан (АҚШ); Мәскеу мемлекеттік облыстық университеті Стратегия және талдау институтының директоры, т.ғ.д., профессор Виталий Ершов (Ресей); И. Джавахишвили атындағы ТМУ жанындағы Тарих және этнография институтының директоры, т.ғ.д., профессор Важа Кикнадзе (Грузия); Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, т.ғ.д. Айдарбек Кочкунов (Қырғызстан); Гази университеті Гуманитарлық ғылымдар факультеті Қазіргі түрік зерттеулері департаменті Солтүстік-Батыс (қазақ-қырғыз) зерттеулері бөлімінің профессоры, ғылым докторы Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласун (Түркия); Корвинус университеті Халықаралық қатынастардың көп пәнді докторлық мектебінің (Будапешт) ғылым докторы Михай Аладар Добрович баяндама жасап, Қазақстан Республикасының 25 жылда жеткен жетістігі мен табыстарын, Елбасы саясатының жарқын тұстарын, қазіргі кезеңдегі тарихи зерттеулер мәселесі, отандық тарихты дәуірлеу проблемалары және т.б тақырыптар аясында сөз қозғады. 

5785d9fa42d0b16ff925c8620b1cba14.jpg

Түркияның Гази университеті Гуманитарлық ғылымдар факультеті Қазіргі түрік зерттеулері департаменті Солтүстік-Батыс (қазақ-қырғыз) зерттеулері бөлімінің профессоры, ғылым докторы Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласун екі ел арасындағы тарихи байланыстарды сөз ете отыра, түрік елінде алаш тақырыбында көптеген диссертациялар қорғалғанын айтты. 

«Түркия мен Қазақстан арасында білім мен ғылым арасында үлкен байланыстар орнап келеді. Екі елдің тарихы да көне сақ-ғұн дәуірлерінен басталып, түрік дәуірімен бірлесе оқытылады. Соңғы уақытта көптеген зерттеушілер Алаш тақырыбымен жұмыс атқарып, қазақ тарихындағы 20 ғасыр басындағы ұлт интелегенцияларынан диссертациялық жұмыстар да қорғауда. Алаштың көсемі Ә.Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы да ең бірінші Түркия елінде басталды. Осының өзі екі ел арасындағы тарихи байланысты, бауырластыққа апарып тұрғандай»,-деді Г.Ерджиласун.

Конференция мақсаты - елдің 25 жылдан бергі толағай табыстарын түйіндеу; ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан мемлекеттілігін құру мен нығайтудағы, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қалыптастырудағы, Қазақстанның тарих ғылымын жандандырудағы рөлін зерттеу; тарих ғылымының өзекті және қазіргі ұлттық тарихнаманың түйінді мәселелерін «Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясының аясында зерделеу.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English