«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жаңалықтар

Бір суреттің тарихы. Ақан Айтықов

2336
Бір суреттің тарихы. Ақан Айтықов

Уақыт өте 1941-1945 жылдардың сұрапыл кезеңі көмескі тартып келеді. Иә, бұл өмірдің шындығы. Соғыстың аяқталғанына жетпіс жыл болса да, жарқын бейнесі мен үшін  ешқашан сөнбейтін аяулы адам бар. Ол қанды қырғыннан оралмаған атам — Айтықов Ақан. Ойлап отырсам, атам біздің әулеттің негізін салып кеткен екен. Оның жалғыз ұлы — әкем Қамза. Қамзадан төрт ұл, екі қыз тарайды, олар: Манарбек, Әсия, Мәнсия, Алтынбек, Қайырбек және мен — Ақанов Маратбек Қамзаұлы. Шежіре осылай сөйлейді. 

Ауылда туылғанымнан болар, атам туралы тек жақсы естеліктер естіп өстім. Замандастары мен құрдастары ол жайлы әңгіме қозғағанда: «Қайран Ақан-ай, нағыз азамат еді ғой!» — деп сондай бір ыстық сезіммен естеріне алып отыратын. «Әкең өлсе де, оны көргендер өлмесін» демекші, ол ақсақалдар менің балалық шақтағы «тентектігімді» елемей, Ақанның немересі ретінде ылғи жылы қабақ танытатын. Әлдеқашан о дүниелік болған, мінездері дарқан, жандары жайсаң сол қарияларды бүгінде қатты сағынамын. Енді тағдырдың атамның пешенесіне жазған қысқа ғұмырындағы кейбір маңызды тұстарын баяндауға көшейін. 

Әке — шешесі және жерлестері Ақан деп еркелете атап кеткен атамның азан шақырып қойған есімі — Ахметжан. Ол 1907 жылы Ұлан ауданындағы Баяш (бұрынғы Точка) селосының маңындағы Байтеке сайында орналасқан ауыл-қыстауда туылған. Ол пысық та алғыр бала болып өседі. Төңкерістің алдында молдадан дәріс алып, сауатын ашады. 1917 жылдан кейін оқуын ауылдық мектепте жалғастырады. 30-шы жылдары Өскемендегі кеңес-партия мектебін (совпартшкола) тәмәмдайды. Бастапқы кезде «Қызыл Тас» ауылсоветінің тұтынушылар кооперациясын, содан соң «Жалғыз Тал» колхозының сауда мекемесін, ал соғыс қарсаңында осы колхозды басқарады. Куәгерлер атама сипаттама бергенде: әр сөзін тиянақты етіп айтатын сабырлы, салмақты, қолы жомарт та берекелі, дастарханы тамақтан, үйі қонақтан арылмайтын көпшіл, ел арасында беделі жоғары адам болған деп суреттейтін. 

Ақан атам әскерге 1942 жылы наурыз айында шақырылады. Көп кешікпей үйдегілер атамнан Ақмолада (Астана) әскери дайындық курсынан өтіп жатқаны туралы хат алады. Сол жылдың жазында осы қалада жасақталған 29-шы атқыштар дивизиясының (командирі полковник А. И. Колобутин) құрамында Сталинград майданына аттанады. Жиыны 11840 солдат пен офицерлерден, 74 зеңбірек, 258 миномет, 81 қондырғылы және 353 қол пулеметі, 279 танк ататын қарудан тұрған, және 633 автомат пен 9976 винтовка болған бұл дивизия полк, батальон, рота, взвод, бригадаларға бөлінеді. Өкінішке орай, атамның қай бөлімдер мен бөлімшелердің құрамында болғандығы жөнінде менің қолымда нақты айғақ-дерек жоқ, анығы: оның ұрысқа аға лейтенант шенінде және саяси жетекші (политрук) дәрежесінде кіргендігі. 

Генерал — лейтенант В.И. Чуйков басқарған 64 — ші армияның құрамындағы 29-шы атқыштар дивизиясы Донның шығыс жағасындағы Верхнерубежный хуторынан Верхнекурмоярская станциясына дейінгі аралыққа 1942 жылы 16 шілдеде басқалардан бұрын келіп орналасады. Келесі күні, яғни 17 шілдеде неміс-фашист әскері жойқын шабуылға шығады. 200 күн мен түнге созылған орасан зор Сталинград шайқасы басталады. 29-шы дивизия алғашқылардың бірі болып жауға қасқая қарсы тұрады. Біз ақмолалық әскердің соғыс қимылдарының бәрін тәптіштеп жазып жатпаймыз. Бұл мәселе көптомдық Қазақстан тарихында баяндалған. Тек айтарымыз, күші басым дұшпаннан шегіне отырып салған шайқастарында, мысалы: Ростов — Сталинград темір жолын қорғауда, тамыз айының басында Ақсай өзенінде өткен ұрыста, аталмыш айдың соңына таман Елха селосының маңындағы қақтығыста және Сталинград қаласының Киров ауданын жауға бермей ұстап қалуда асқан ерліктер танытады. 

Ол шайқастардың бел ортасында Ақанның да жүргендігі даусыз. Осы ретте атама қатысты естелік-әңгімелерді келтірейін. Оларды маған ертеректе Ұлан ауданындағы Бестерек ауылының тұрғыны Құрбанғали мен Мамай — батыр (бұрынғы Васильевка) селосындағы Бүркітбай есімді соғыс ардагерлері айтып еді. 

Құрбанғали ақсақалдың сөзі. «1942 жылдың жаз айы болатын. Сталинградқа қарай шегініп барамыз, ерсілі — қарсылы жүріп жатқан қалың әскер, ешкімді ешкім танып болмайды. Қарасам, Ақан келе жатыр, қолында соғыс алаңының картасы бар, екеуіміз құшақтасып амандасып, бес минуттай сөйлесіп үлгердік. Ол маған өз әскерінің жуықта немістердің қоршауын бұзып шыққандығын, ендігі бара жатқан бағытын айтты, қоштасарда «ауыз ти» деп қияр берді. Қиярдың тамыз айында пісетінін ұмытпасақ, онда жерлестер 29-шы дивизия Елха селосына қарай шегініп бара жатқан кезде кездесіп қалған болу керек деп топшылаймын. 

Бүркітбай қарияның дерегі. «Ақан екеуіміз бір бөлімде қызмет еттік. Мен қатардағы жауынгер, ал ол саяси жетекші болды. Сталинградқа таяу жерде окоп қазып, ұрысқа дайындалдық. Бір кезде қасыма Ақан келді, сағатына қарап, қазір шабуылға шығамыз деді. Соғыс жылдары офицерлер беліндегі құтысына арақ (не спирт) құйып алып жүретін. «Кел, шайқас алдында ішіп алайық» — деп маған да, өзіне де құйды. Шамалы уақыттан кейін біздің зеңбіректер атқылай бастады. Олар атуын тоқтатқан соң уралап алға ұмтылдық. Немістер оқты қарша боратты. Алдыңғы жақта жүгіріп бара жатқан Ақанға оқ тиіп, құлады. Қасына барсам, ауыр жарақат алған екен, дереу санитарлық көлікке тиеп, госпитальға жөнелттік. Содан кейін Ақанды көрген жоқпын». Бүркітбай ақсақал бұл оқиғаның қай күні, қай елді мекеннің маңында болғандығын есіне түсіре алмады. 

Ақан атамның жұбайы Зәйне әжем мынадай әңгімені айтып отырушы еді. 1943 жылы жазға салым біздің үйге жолдасымен госпитальда бірге жатқан, бір аяғы жоқ зайсандық солдат келген. Ақан сол жауынгер арқылы айлық жалақысынан жинап жүрген ақшасын, жазған хатын, иықтан аспалы, екі жағына қару асатын ілгегі бар офицерлік былғары белбеуін (портупея), пистолет салатын қабымен (кобура) қоса, баласы Қамзаға сәлемдеме ретінде беріп жіберіпті. Өзіне тапсырған аманатын орындап, қонақ болған әлгі жігіт бес жүз шақырымдай қашықтықтағы Зайсанға балдағымен жаяу кеткен. Мүгедек солдаттың берген уәдесіне беріктігі, арының тазалығы, мінезінің қайсарлығы тұрғысындағы тамаша адами қасиеттерін он екі мүшесі түгел кісілердің көпшілігінен биік қоямын. 

Әкемнің аузынан естіген тағы бір оқиға. 1945 жылы соғыс аяқталғаннан кейін ауылдағы үйге ұлты өзбек азаматтан хат келіпті. Ол хат: «Ақан аға, алтын аға, асыл аға! Сіз елге оралдыңыз ба? Мен немістерге бір аяғымды беріп қайттым», — деген жолдармен басталған екен. Таза жүректен шыққан шағын сөйлемнің өзінен көпұлтты сарбаздардың майдан даласында қанмен бекітілген шынайы интернационалдық достығының үлкен бейнесі аңғарылады. 

Кейде құрғақ та салқын тілмен жазылып, мұрағаттарда сақталып жатқан ресми материалдармен салыстырғанда, тірі куәгерлердің жанды естеліктері қызықтылығы жағынан әлдеқайда тартымды және әсерлі келеді.

Атамның 1910 жылы туған Кінәзия деген қарындасы болды. Осы апайымның Қайдар есімді ұлы алпыс жылдан астам уақыт Москвада тұрып, әртүрлі салада қызмет істеді (жуырда қайтыс болды). Нағашысы туралы қандай да бір деректер тапқысы келген жоғарғы білімді, көкірегі ояу, ойы сергек сол жиені мұрағаттарға сұрау салып, көп ізденді. Қайдар ағаның айтуынша, госпитальдан шыққан Ақан атамды Сталинградтағы қираған трактор зауытын қалпына келтіру жұмысына жіберіпті, одан ары қарайғы ізі жоғалады. Қысқасы, хабар — ошарсыз кетеді. 

Рас, із—түссіз жоғалған менің атам ғана деуден аулақпын. Тарихшылардың есебінше, Ұлы Отан соғысына барлығы 1 млн. 200 мың қазақстандықтар қатысыпты. Оладың тең жартысы аман — есен үйлеріне оралып, жанұяларын қуанышқа бөлесе, қалған 600 мыңы елге қайтпаған. Ғылыми шығармаларда соңғыларды қаза тапқандар мен хабарсыз кеткендер деп жалпылама көрсете салу әдеті қалыптасқан. Ал олардың аражігін ажыратып, нақты неше адамның жер жастанғандығын, қанша жауынгердің хабарсыз кеткендігін цифрдың тілімен сөйлеткен ешкім жоқ. Сондай-ақ, «хабарсыз кетті» секілді оңай терминді қолдана салмай, оның мағынасын ашып: ол майдангерлер қайда кетті?,оларға не болып қалды?, не себептен жоғалды?, оған кім кінәлі? ... т. б. толып жатқан сұрақтар төңірегінде жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстар да жоқтың қасы. 

Әрине, қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендердің туыстарына әкелген қасіретінің ауыртпалығы бірдей. Ұлдарынан айырылған аналардың, күйеулерін жоғалтқан әйелдердің, әкесіз қалған балалардың көздерінен көл болып аққан жасының, тартқан уайым — қайғысының көлемін ешқандай арифметикалық тәсілмен есептеп шығара алмайсың. Сөйтсе де, қаза тапқандарға қарағанда, хабарсыз кеткендердің туыстарының жүрегіне түсірген жарасы ешқашан жазылмайтын тәрізді. Себебі жауынгердің соғыста өлгенін анық білетін туыстарының көңілі, «уақыт емші» дегендей, біраз жылдан кейін суыйды, тырнақшаға алып айтсақ, оны «ұмытады». Керісінше, хабар — ошарсыз кеткен боздақтардың артында қалған ағайындары олардың не өлі, не тірі екендігінен беймәлім болып, өмір бойы күдерін үзбей екіұдай күй кешеді. Мұндай құбылыс осы жолдардың авторына таныс. Әлі есімде, Зәйне апамның жұбайы Ақанды күнде ауызына алып отыратындығы. Соғыс жылдары майданға кеткен ер азаматтарды ауыстырған әйелдердің бригадасын басқарып, колхоз жұмысына белсене араласқан, көктемде астық салып, жазда төрт түлікке жем — шөп даярлауда, күзде бидайды орып, қырманда бастыруда, малды қыстан аман — есен алып шығуда, жауынгерлерге жылы киім тоқып жіберуде, жалпы тылдағы ауыр қыруар шаруаны тындыруда осалдық танытпаған апам жарын ойлағанда көз жасына ерік беретін. Одан бір хабар болып қалар деген жалған сенімді арқалай жүріп дүниеден озды. Үміт сәулесі әжемнен кейін баласы Қамзаға ауысты. Еңбек жолын соғыс кезінде бастаған әкем 16-17 жасынан колхоздың, содан кейін совхоздың есепшісі (бухгалтер) болып қызмет жасады. Ол үшін 9-шы мамыр айрықша мейрам болатын. Әр жылы аталып өтетін жеңіс күні әкесі майданнан тіріліп келгендей қуанып, атаулы мерекені ерекше көтеріңкі көңілмен қарсы алатын. Ғажабы сонда, апам мен әкемнің ой — армандары енді олардың ұрпақтарына, демек біздерге көшкен сияқты. Бізде атамыздың қашан және қай жерде қайтыс болғаны жөніндегі жағымды мәліметті әлі де болса табатын шығармыз деп үміттенеміз, орыс мақалын қолдана жазсам: әрқашан «Надежда умирает последней». 

Ұлы Жеңістен кейінгі жылдары туған біздер бала кезімізде соғыс ойынын ойнап өстік. Атамның портупеясын тағынып, ағаштан жасалған қаруларымды асынып, пистолетімді кобураға салып алған мен шайқасқа сақадай сайланып баратынмын. Осы ерекшелігімді ескеріп, «майдандас» бала құрбыларым мені өздерінің командирі етіп тағайындайтын. Офицер атамды мақтан тұтып (ойын баласына қолбасшылық міндетті атқару да оңай шаруа емес), ұрыстарда шамам жеткенше «ерен» қимылдайтынмын, атама еліктеп жараланып та қалатынмын, ондай сәтте «қарулас» достарым мені жабыла көтеріп алып, санитар қыздарға апарып емдететін. Жиі қайталанып тұрған осындай «қанды» шайқастардың барысында әбден тозған былғары белбеуімді жыртып бітірдім. Келген жасымның қазіргі күнгі төбесінен қарап ойлаймын, бәлкім біреулерге қазына, байлық, асыл тастар қымбат шығар, бірақ, мен үшін соның бәрінен портупея артық еді ғой деп. Ақан атамның қолы тиген, тері мен қаны сіңген, және майданнан әдейі жіберген, ескерткіштік құндылығына баға жетпес сол бір затты ұрпақтарым үшін сақтай алмағаныма қатты өкінемін, жүрегім сыздап ауырады. Қалай болғанда да, Жеңістің 70-жылдық мерейтойының қарсаңында Атамның аруағының алдындағы «кінәмді», түптеп келгенде, перзенттік парызымды осы мақала арқылы қандай да бір деңгейде ақтадым деген игілікті сезімді көңіліме демеу етіп, өзімді-өзім жұбатамын.

Ақанов Маратбек, 

С. Аманжолов атындағы ШҚМУ, 

«Қазақстан тарихы» кафедресының доценті, 

т.ғ.к. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері

«Бір суреттің тарихы» фотожобасына қатысыңыз, біз сіздің оқиғаңызды жарыққа шығарамыз.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. mail@e-history.kz 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English