«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жаңалықтар

Тектіден текті туады

556
Тектіден текті туады

Алтайдың күн бетін ежелден қоныс қылған он екі ата Абақ керейдің бірі – шеруші. Шеруші руының үлкен бөлігін 1773 жылы Көбеген Киікбайұлы, Қырбас Рысқұлұлы деген батырлар Буыршын өлкесіне бастап апарып орнықтырған екен. Сол заманда жергілікті монғол жұртының билеушілерінен қыстау-жайлаулық жер сұрап барғанда: «Анау тасты көтерсең, сұрағаныңды беремін», - дегенде Көбеген батырдың көтерген тасы сол өңірде күні бүгін өткен заманнан жеткен тәбәрік болып тұр. Баласы Ақтайдың да дәл осындай жағдайда көтерген тасы, егін салдыру үшін қаздырған тоғамы бар. Олардың бәрін халқы ұмытпай есте сақтап келді. Көбегенұлы Ақтайдың Ажы гүн заманында «Төрт би төре заңын» түзіп қабылдауға қатысқаны, адам алатын қара бураны қамшымен ұрып өлтіруі, інісі Бозтаймен бірге апандағы аюмен алысып жеңуі т.б. ерек істері Алтайдың төрт пұшпағында аңыз болып айтылып келеді. Түрлі жағдайда өз елінен зәбір-жапа көріп қашып келіп паналағандарды бауырына тартып, соңынан қуып келгендерге құнын төлеп ел болдырған оқиғалардың өзі қаншама.

Аты аңыз болған Ақтай бидің 14 ұлы болған екен. Сол он төрт ұлдың үлкені – Бектемір. «Құт қонып кие дарыған» деп ел қадірлеген Бектемірге мыңдаған қой біткен бай болыпты. Осы Бектемірдің сегіз ұлы болған. Сегіз ұлдың бірі Аманбай да мал-дәулетті жан болыпты. Аманбайдан Мардан атты ұл туады. Одан Әтікей (Әбдікерім), Алаш, Азамат, Дүкен деген ұлдары болған. Бұл төрт ұлдың шешесі атақты батыр және би Қара Оспанның қызы Дариға. Дариға анамыз ер мінезді батыр тұлғалы өзі шешен, атақты кісі болыпты.

Әтікейдің нағашы атасы қара Оспан – Қытайға қараған керейді басқаратын төрт орын, төрт бидің бірі, атақты күйші Бейсенбінің баласы. Қытайға беретін салығын халқына төлетпегені үшін басына темір ноқта кигізіп ел аралатып масқараламақшы болғанымен, темір ноқта сыймай қойған екен. Соған қарағанда Ошың батыр да, алып денелі адам болса керек. Осы Оспан бидің қызын Қобда бетіндегі атақты Ақтай бидің ұрпағы Аманбайұлы Марданға айттырады. Ол кезде де ел ұлықтары өзарра құда-жегжат болу салты күшінде еді. Осы келінін айттырып алып келер алдында Қобда беттегі Шеруші руының биі, әрі Аманбайдың немере ағасы Сүкірбай Алтайдағы құдасы Ошыңа: «Маған Алтай-Қобдада сұлулығымен аты шыққан атақты Мысыққара атын қалауға берсін дейді. Алтайдағы құдалар қызын ұзатып, сән-салтанатпен Қобдаға бет алып Ошыңның бәйбішесі бас болып келе жатқанда Қобда бетіндегі (Монғолия жеріндегі) құдалары келін көшінің алдынан шығады. Құдалардың тарту-таралғы мен жасауға көңілдері толғанымен Сүкең сұратқан Мысыққара ат жоғына ренжіп:

- Ошың бізді теңгермегені ме, іші боқ, сырты түк бір малын қимағаны несі? - дегенге келеді. Осыдан болып Сүкірбай адамдары қызын ұзатып келе жатқан құдағиын қатты ренжітіп жолдан қайтарып, келінді жасауымен елге әкеледі. Шешесін жолдан қайтарғандығына қатты ренжіген Дариға келін адуын қайнағаларына көп өлең шығарған екен. Мысал ретінде келтіре кетейін.

Әкемнің аты Оспанды-ай,

Бәйгеге жүйрік қосқанды-ай.

Бақ қайтатын болар ма,

Алдымнан амбы тосқандай.

 

Қайнағам аты Бәйімбай,

Төске бір шыққан қайыңдай.

Ұятсыз адам болар ма,

Тартып бір кетті-ау тайынбай, -

деген екен. Бұл жерде Бәйімбайдың құдағиға қолы тиген дөрекілігін бетке басса керек. Бірақ бұл жырды Дариға емес, сол кезде ел ішіндегі қушыкеш, жағалбай Әбдірахман деген кісі шығарған деп те айтады. Қалай болғанда да бұл жыр ел арасына кең таралып айтылып, бүгінгі күнге жеткен.

Ұзын сөздің қысқасы, осы Дариға апамыздың үлкені Әтікей – еш нәрседен таймайтын, қорықпайтын ержүрек, палуан денелі батыр адам болып ержеткенін көнекөз қариялар айтып отырады. Күрескенді алып ұрар палуан, отты азамат болып өскен Әтікейдің өмірі жиырмадан асқанда мүлде басқа арнаға түседі. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары болса керек, 20-21 жас шамасында Алтынсөксеге түйе кіремен ұн әкелетін болып, Ресеймен шекарадағы Ақкөл барады. Ол кезде ел жағдайы нашар, ұн табылмайтын шақ. Сонымен Әтікей Ақкөлден ұн артып алып келе жатады. Жолдағы ұлардай шулаған жарлы-жақыбайларға 3 қап ұнды жолда таратып жіберіп, Алтынсөксеге қалған тауарларын өткеріп, 3 қап ұнның ақшасын кілтшіге қосып береді. Міне, осы ісі қылмыс деп есептеліп, Әтің ең алғаш түрмеге түскен. Өзі 1 келі ұн алмаса да ұнды рұқсатсыз елге таратқаны үшін 4 жылға сотталып, ел астанасы Ұланбатырға айдалып кетеді. Осы кезде Әтің ағамыз алғашқы әйелінен екі бала көріп үлгерген екен. «Жапон соғысында ерлік көрсеткен Дандар, Гонгор деген кісілердің есімі ел ішіне ертегідегі батырлардай аңыз болып аты шығып туған кез. Осыдан болып соңғы ұлымның атын Гонгор қойдым, мүмкін сол кезде осы бала моңғол адам боларын аузыма құдай салды ма екен», - деп отырушы еді жарықтық.

Әтің Ұланбатырда абақтыда жүргенде, өзіне әлімжеттік жасамақ болған жазасын өтеушімен төбелесіп, әлгіні ауыр жарақаттағаны үшін қайталаған қылмыс деп, екінші рет сотталатын болады. Мұны естіген шешесі Дариға әжей үш ұлын, келінін, екі немересін ертіп, мың жарым шақырымдық алыс Ұланбатырға сапар шегеді. Ол кезде машина жоқтың қасы. Бірақ қайраттты шеше неде болса сотталған ұлын анда-санда болса да көзбен көріп, шай-тамақ тасып тұрам деген байламға келіп жолға шығады. Жолда көп механат көріп, жас балалармен арып-шаршап жүріп, әйтеуір қалаға жетеді. Әтікей бұрынғы жаза мерзіміне 6 жыл қосып, 10 жылға сотталған екен. Бұлай болғанын естіген шешесі: «Мен неде болса балаларыммен осы жақта болам, ал сен қайтесің?» - деп келінге ақыл салады. «10 жыл күтем десең өзің біл, айрылам десең және өзің біл», - дегенде келіні енесі мен ерінің рұқсатымен айырылысып, елге қайтатын болады. «Ал балаларды не істеу керек, негізі шешесімен бірге болғаны жөн шығар, бірақ балалардың өздерінің ыңғайын байқайық», - деп Әтіңді бір бұрышқа шешелерін екінші бұрышқа отырғызып қойып, екі баладан: «Қайсың кімге бала боласыңдар?» - дегенде қызы шешесіне, ұлы Әтікейге жабыса кетеді. Адуын әке осылаша ұлын шешесіне бермей, абақтыда өзімен бірге алып қалады. Жұмысқа шыққанда баласын арқасына көтеріп жүріп өзіне тиесілі тапсырмасын атқарады.

Қанша әкесімен бірге дегенмен, түнде ұйқысы қанбаған, күндіз еркін жүріп тамақтанбаған баланың жағдайы күннен күнге ауырлай береді. Бұл жағдайды сырттай естіп-біліп жүрген, сол кезде Монғолия Кіші Хуралының орынбасары қызметіндегі Жәмила Әпселеңқызы Әтікейге келіп:

-Бұл баланы абақтыда жүріп өзіңмен бірге адам болдыра алмайсың ғой, мен бір қолайлы адамға беріп асыратайын, - дейді. Сонда Әтікей:

- Шешесі тұрғанда, әкем деп маған келді ғой, не көрсек те бірге көреміз, - деп бермейді.

Осылай арқаға көтеріп жүріп асыраған ұлы үнемі ауырып, ас-су келіспей, мойны ырғайдай болып, жағдайы төмендеп кетеді. Ақыры Әтің:

- Менің осы қыңыр мінезімнен, өстіп жүріп ұлымды да өлтіріп алармын, бүйтіп өлтіргенше біреуге асыратуға берейін деп ойлап Жәмила министрге хабар жібереді, бірнеше күннен соң жанына бір монғол әйелді ертіп Жәмила келеді де, баланы алып кетеді. «Сонда - дейді Әтің, - әйелдің аты-жөнін де сұрамағаныма кейін қатты өкініп едім», - деп отыратын.

Осылай түрмеде өмірін өткізіп жүргенде Әтікейдің асыл анасы дүние салады. Аяулы анасына топырақ та салуға да мүмкіндігі болмайды. Амал қанша ұлының табанына кірген шөгір маңдайыма енсін дейтін, жақын жерден шай-суын тасып берем ғой деп елден келген анасының өлімін көп күннен кейін естиді.

«Осылай уақыт зырлап өтіп, сәтіне салып абақтыдан шығып, Налайханда бірнеше ай өмір сүріп, бауырларыммен кездесіп, адам қатарына қосыла бастадым. Налайханда бір рет өкімет тойында, бір рет халық тойында күресіп екеуінде де бірінші болдым», - дейтін. Әтіңнің бойы ортадан биіктеу, шымыр денелі, бұлшық еттері білем-білем болып тұратын. Мен көрген 1960 жылдар аяғында ол кезде ол кісі елуден асып кеткен кезі болатын. Бейбіт өмірде көп жүре алмай, тағы да 5 жылға сотталады. «Ол кезде Ұланбатыр қаласы да шәкене, ал Налайхан да кішкентай елді мекен, адамдары да аз болатын», - деп отыратын.

«Алдында 4, одан кейін 6, енді 5, барлығы 15 жылға сотталғаннан кейін, енді қайтып адам қатарына қосылмайтын шығармын деп ойладым. Осылай қайтадан түрме табалдырығын аттап, ағаш дайындап жүріп менімен басы піспейтін бір мықтымен түскі аста төбелесіп қалдық. Өліспей беріспейтін жағдайға жеттік. Ақыры әлгі монғолдың дәуін көтеріп әкеліп, тамақ пісіп жатқан тай қазанға лақтырып жібердім. Адамдар жүгіріп жетіп, дереу қазанннан шығарғанымен ыстық суға күйген әлгі адам өліп кетті. Осыдан кейін қайтадан 20 жылға соттап, осының 8 жылын қатаң режимдегі абақтыда өткердім. Мұның қиындығы: 8 жылда екі тізем мен екі шынтағым, маңдайым мүйіз болып қалды», - дейді.

Әтің ағамыз әңгімесін былай жалғастырды: «Бұдан шыққан соң да: «Мен енді талқаным таусылған адаммын, енді маған түктің де қажеті жоқ», - деп тағы бірнеше қылмыс жасап, жалпысы 17 рет ісімді қаратып, қосындысы 82 жылға сотталғаныммен, осының 27 жылын абақтыда өткіздім.

Осы жаза кесімінің соңғы кезінде мен деп келіп, бір шыны шай беріп көзге көрінген бір де бір туысым, не танысым болмады. Өйткені бірнеше бауырларым да, менен әбден түңілген болатын. Абақтыдағыларға жылына бір рет ұйымдастырылатын қайырымдылық күндерінде тек менен басқасының туысы, не әйелі мен балалары келіп, азық-түлік, шай-тамақ жеткізіп беріп, мәре-сәре болып жататын. Мен ғана екі қолымды төбеме қойып, нарда құлазып жататын едім. Сонда ойыма ешқандай жақсы өмір елес бермеуші еді, тек қана бұл өмірден қалай тезірек жоғалсам екен деп ойлайтынмын.

Осылай абақтыда 30 жылға таяу өмір сүріп, әбден үйренгендіктен, екі көзім қанға толып, қылмыс жасап, кесел шығарсам деп ойлап екі қолымды төбеме қойып, төбеге қарап жатқан күндердің бірі еді. Басқалары үлкен залда, соңдарынан келген ағайын-туысымен, әйел, бала-шағаларымен мәре-сәре болып жатқан шағында маған тәрбиелеушіміз келіп:

- Әтікей, сізді біреулер шақырады, - деді Залға шығып қарасам, мен танитын бір адам жоқ, аң-таң болып тұрып әлгі тәрбиелеушіге келіп:

- Сен мені неге мазақтайсың, мені шақырған адам жоқ! - деп дүрсе қоя бердім. Тәрбиешіміз сыртқы есікте сүйеніп тұрған бір жас жігітке ертіп келді. Әлгі жігіт:

- Сіз Әтікей деген кісісіз бе деді моңғолш,а. «Иә мен Әтікеймін», - дедім. Жас жігіттің жанында құндақтаулы бала көтерген әйел адам тұрды, тегі сол жігіттің әйелі болса керек. «Сізді шақырған біз едік, сыртқа жүріңіз», - деді моңғолша. Есік алдында ол кезде бастықтар, бюро мүшелері ғана мінетін бір қара «Волга» тұр. Жігіт әлгі машинаның артқы есігін ашып мені кіргізіп, өзі жаныма отырды. Ал келіншек баласымен алдыңғы орынға жайғасты.

Жігіт бір сумканың аузын ашып, дастархан жайып, үстіне неше түрлі тағаммен қоса бірнеше бөтелке қымбат арақ қойды. Мен аң-таңмын: «Әлдебіреу мені тағы сынға салып отыр ма, болмаса тағы бір мазақтың түрі ме?» - деген ой келді. Сол кезде жігіт құйған арағының бірін маған, бірін келіншекке беріп, бірін өзі ұстап отырып:

- Әтікей гуай, сіз өзіңіздің Гонгор деген балаңызды білесіз бе? – дегенде, өмірімде алғаш рет қорыққаным ба, ұялғаным ба, қуанғаным ба білмеймін, кеудемдегі жүрегім аузыма тығылып, тек басымды ғана изеуге шамам келді.

«Сол Гонгорыңыз мен боламын, мынау келініңіз, ал анау немереңіз», - дегенде жыларымды да, күлерімді де білмей аңырып қалдым. «Сол үшін, балаларыңызбен кездескеніңіз үшін ішейік», - дегенде түрмеде бір тамшысына зәру болып жүрген арақтың бір рөмкесі тамағымнан тас жұтқандай болып, әрең өтті. Осы жағдайымды түсінген жігіт: «Мені жақсы адамға беріпсіз, әкем Сыртқы істер министрі Дүгэрсүрэн деген кісі. Мені тәрбиледі, оқытты. 2 жоғарғы оқу орнын бітірдім. Мені сізге сол кісі жіберді, 7 күннен кейін тағы келемін», - деп, әкелген тамағын сумкасымен қоса беріп, кетіп қалды. Тамақты жанымдағыларға таратып бердім.

Жеті күн бойы: «Бұл не, түсім бе өңім бе? Әлде мені алдап жүрген біреу ме?» - деп ойлаумен болдым. 7 күнім 7 жылдай болды. Айтқанындай келесі жетінші күні Гонгорым бір өзі ғана, анадағы «Волга» машинасымен келді. 7 күннің рұхсат қағазы бар екен, соны көрсетіп мені үйіне алып кетті. Сонымен Дүгэрсүрэннің үйінде 7 күн болдым, күндіз бәрі жұмысқа кетеді. Ал мені күзететін адамдар бар сияқты үйден аттап шықпаймын. Гонгордың жұмысы – Налайханның ар жағындағы жасырын ұшақ алаңында соғыс самолетін ұшырады екен. Не керек, 7 күнім бітіп, мені апарып саларда Дүгэрсүрэн маған: «Сені мен кепілдікке алып босаттырсам, бейбіт еркін өмірге шығып, адамша өмір сүресің бе?» - деді. «Егер шынымен олай болса, адам болам ғой»- дедім. Бірақ: «Ондай күн қайда, бекер сөз болар», - деп, онша сенгем жоқ.

Осыдан толық бір ай өткен соң мені Жоғарғы сотқа алып жүрді. Бірнеше қабат үйдің үстіне алып шығып ,бір кеңсенің есігін ашқан полицей Жоғарғы сот осы деп енгізді. Үлкен контордың төріндегі адам кіп-кішкене боп көрінді. Жақындасам, әлгі адам бастық екен: «Сен бүгіннен бастап босатылдың, бейбіт өмірде адал еңбекпен жақсы өмір сүр!» - деп, «Босатылды» деген анықтама қағазды қолыма бергенде, өмірімде қатты тебіренгенім сол болар, көзімнің жасын тыя алмадым.

Далаға шыққанымда Дүгэрсүрэн, Гонгорым және келіншегі, шешесімен тосып тұр екен, барлығы мені шын жүректен құттықтады. Өздері ертіп жүріп, қаладағы үш бауырыммен кездестіріп әрқайсысының үйіне он күннен қондырып, бір күні Дүгэрсүрэн өзі Баян-Өлгийге баратын ұшаққа отырғызып: «Өлгейден сізді адамдар тосып алады, »- деп салып жіберді.

Өлгейде бірнеше туыстарым мен аймақ басшылары тосып алып, атақонысым Ұланұқсындағы туыстарға әкеп салды. Кейін білдім, мұның бәрі Дүгэрсүрэннің арқасында жасалған, жоғарғы жақтың тапсырмасы екен.

Ағайын-туысым келе салысыммен төбесіне көтеріп, екінші рет әйел алып беріп, отау көтеріп, ағайынға сауын айтып той жасады. Тойда шашуға сексендей ұсақ, жиырмадай ірі қара, елудей сырмақ келді. Ол кезде сырмақ деген – ең асыл, ең әдемі бұйым болатын. Ағайын ақылдасып: «Бұған албаты адам қол болмайды», - деп ақылына көркі сай, қолынан да, тілінен де келетін Дүрімхан деген жеңгелеріңді алып берді. Сол кісімен жас ортасынан ауғанда отасып, 3 ұлды болдым. Коммунизм, Социализм, Коммунизм деп аттарын өзім қойдым, - дей келе: - Қарағым Ғылым, мен халханың темір шідерін талай үзгеніммен, ақыры мына жеңгеңнің шуда жіптен өрген тұсамысына тоқтадым. Ол қалай дейсің ғой, мен елге келгеннен кейін де, балалы-шағалы болғаннан кейін де ащы суды қоя алмадым. Мен босап келген кез – арақтың молайған, «кәдірінің артқан» кезі еді. Барған үймінің кейбірі мені сыйлағаннан, кейбірі қорыққаннан арақ құяды. Сол арақты іше-іше, үйге кейде таң атарда, кейде түн ортасы ауғанда келгенде, мына жеңгелерің басын жастыққа салмаушы еді. Үнемі күтіп отыратын. Аттың дыбысы шығысымен далаға шығып, сулықтап түсіріп, аттың ерін алып қаңтарып, өзімді қолтықтап үйге әкеп, төсекке отырғызып аяғымды легендегі жылы суға малып, темекімді орап аузыма салып, сіріңкені шағып тұтатып беріп бәйек болудан жаңылған емес. Бұл жеңгелерің мені осылай шуда жіппен тұсап тоқтатты.

Дегенмен, сонда да маған бәле-жала кезікпей тұрмады. Ел күзеуге еңкейгенде Соғақтың елі шетінен бие байлап қымыз ашытып, бір-біріне қымыз қыдырып ішіп мәре-сәре болады. Сондай бір күндерде бір ауылға келсем, қымызға қызған адамдардың ішінен кеуделілеу біреуі:

- Әй Әтікей, сені бұл жерде өлтіре салсам тышқақ лақтың құны жоқ сенде! - дегеніне ызаланып:

- Рас айтасың, 17 рет сотталып 82 жылға кесіліп келген менде не құн бар дейсің! Ал өлтіре ғой! - деп жалаңаш кеудемді тосқанда әлгі адам қалтасынан пышағын шығарып кеудеме ұрды. Екі рет құдай сақтап ылғи сүйекке тиген пышақ кеудеме дарымады. Содан кәрі жыным қозып ызаға булықтым ба, әлгі кісінің қолындағы пышағын жұлып алып: «Кісі пышақтаған олай болмайды, былай болады», - деп жалғыз ұрғанымда, пышақтың ұшы өкпеге дарып кеткені. Содан ол кісіні аймақтық ауруханаға әкелді. Кеудемде екі жерден жарақатым бар мен де ауруханаға түстім. Дәрігеріміз – хирург бауырым Құзыкей. Содан жанымдағы палатадағы әлгі кісінің көңілін сұрап келіп:

- Әй жаман неме, неғып жатырсың жалғыз жерден пышақ сұққанға. Екі жерден пышақ салғызған мен де жүрмін ғой міне! - деп әзілдеп шықтым.

Содан ісім заңға өтті. «Жасыңыз мынау, алпыстан асқан. Енді сотталу сізге де, соттау мұндағы бізге де ұят болып тұр», - деп 1000 төгрөгке айыптады. Мен айып салған заң қызметкерлеріне:

Қарақтарым, рақмет. Менде ақша жоғы белгілі ғой мен сендерге қап мен арақтың бөтелкесін әкеліп берсем бола ма? - дедім. Ол кісілер: «Болады-болады, ол да ақша ғой», - деді. Сол кезде ұнның жаңа қабы 3 сом 60 тиын, арақтың бөтелкесі 50 тиын тұратын. Полициядан шықтым да, бір дүкенге кіріп, қалтамдағы ақшама 5-6 келідей кәмпит-тәтті сатып алып, бірінші 10 жылдық мектептің алдына келіп, топ-топ болып сабақтан үйге беталған балаларды шақырып алып, әлгі кәмпит-тәттіні үлестірдім. «Қарақтарым, мен Әтікей деген аталарың боламын, сендер үйге барып шайларыңды ішкен соң маған тошалүйлеріңде бос жатқан ұнның қанары мен арақтың бөтелкелері болса, маған әкеліп беріңдерші, - дедім.

Сол-ақ екен, әрі-беріден соң қалың бала жан жақтан құйылып, қап пен бөтелкені үйіп тастады. Соңғы келген ересек балаларға бөтелкені қанарлатып көтертіп, әкеліп беріп тапсырғанда, жиылған қап пен бөтелкенің бағасы әлгі айыппұлдың 1000 төгрөгінен асып түсті, - деп айтып отырушы еді.

Әтікейдің бетінің мөрі бар, қарсы келген жан бұрылып кете алмай ығына жығылушы еді. Жарықтық 1968 жылы Алтай сұмынындағы туыстарға әдейі амандасып келіп, оншақты күн жүріп қайтқанда, әкемнің бауыры Бәкей бір ат, мен бір ат, Бәкейдің үлкен ұлы Қабылхан қос көзді дүрбі беріп, разы қылып қайтарып едік. Бұл менің сол оншақты күнде, сондай-ақ арнайы барып қонып отырғанда өз аузынан естігенім және көзіммен көргендерім еді. Әтікей – қылмыстан қылмыс жасап, ұзақ жылдар түрмеде өмірін өткізген тағдырлы адам ғана емес, қазақтың қайсар рухы болғандығы үшін де ел-жұрт оны ұмытпай, жақсы көрген болар. Монғолияның түрме әлемін отыз жылдай қолына ұстап тітіреткен Әтікей ағамыз тағдыр тәлкегімен жазықты-жазықсыз темір тордың ар жағына барған талай-талай қазаққа қорған болып, таяқ пен тепкіден азат қылғандығы туралы сол жандардың өздері жыр ғып айтатын еді. Әйгілі Қара Оспанның жиені, Ақтай батырдың ұрпағы Әбдікерім Марданұлы – тағдыры күрделі тұлға болып, ел аузында айтыла бермек.

 Әтікейдің бауыры алтайлық

Мерзетханұлы Ғылым

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. mail@e-history.kz 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English