«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жаңалықтар

ӘЛИХАН ЖӘНЕ ҚАРҚАРАЛЫ ПЕТИЦИЯСЫ

2457
ӘЛИХАН ЖӘНЕ ҚАРҚАРАЛЫ ПЕТИЦИЯСЫ
Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, алты миллион қазақ халқының саяси санасының оянғанын білдіретін құжат ретінде таратылған бұл петициялардың тарихи маңызын ерекше атаймыз

  Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866-1937) — XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға. 

  1905 жылы 25-26 маусымда Қоянды жәрмеңкесінде ерекше оқиға болды. Үш жүз қазақтарының өкілдері бас қосқан үлкен жиындарда бүкіл халық атынан Ресейдің ең жоғарғы билік орындарына жолданған бірнеше құжаттардан белгілі. Құжаттар Ресей имеператорына, Министрлер Кеңесінің төрағасына, ішкі істер министріне жолданған. Петицияларды дайындап, халық өкілдеріне қол қойғызғандардың ішінде қазақ зиялылары Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбай, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Көлбай Тоғысұлы, Ахметқали Аяғанұлы бар. 

  Бұл, патша өкіметінің отарлау саясатына ашықтан-ашық петиция арқылы наразылық білдірген қазақ қоғамы атынан ұлт-азаттық өкілдерінің алғашқы қадамдары еді. 

  1905 жылы шілде айында Қоянды жәрмеңкесінде патша өкіметінің жүргізіп отырған саясатына қарсы Мақсұт Бекметевтың басшылығымен үнпарақ (листовкалар) таратылды. Ол Омбыдағы студенттердің, почта-телеграф қызметкерлерінің де ереуілдерін ұйымдастырушылардың бірі еді. Патша полициялары мен жандармдары революциялық үгіт жүргізгені үшін М. Бекметев қуғындалып, 1906 жылы абақтыға жабылды, айдауда жүріп 1912 жылы қайғылы қазаға ұшырады [1]. 

  Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, алты миллион қазақ халқының саяси санасының оянғанын білдіретін құжат ретінде таратылған бұл петициялардың тарихи маңызын ерекше атаймыз. 1905-1907 жылдардағы Орыстың бірінші революциясы бүкіл Ресей халықтарының саяси-азаттық санасына козғау салды. Қазақ халқы сияқты бұратана халықтарды да саяси бостандыққа шақырды. 

  Бүкілресейлік саяси ереуілдің әсерімен Қазақстан қалаларында: Семейде, Қарқаралыда, Қарағандыда, Өспенде, Спасскіде т.б. жерлерде манифестациялық толқулар кең өріс алды. Қарқаралыда почта-телеграф кызметшілерінің ереуілі болды. Патша өкіметінің Қазақстанда жүргізіп отырған отаршылық саясатына қарсылық білдіріп, әр жерден петициялар жіберіле бастады. Соның бірі жоғарыда айтылған Қоянды жәрмеңкесінен жолданған петиция. 

b069bb943b07307c96219499f9df1231.jpg

Бұл петицияның негізгі талаптары төмендегідей: Жағдайды оңалту және қазақ халкының экономикалық ахуалын көтеруге мүмкіндік беру үшін қазақ өлкесін басқарудағы орын алып отырған төмендегі кемшіліктерді жойып, халықтың қазіргі тіршілік жағдайына үйлесімді, қолайлы шаралар қолдану қажет деп білеміз: 

1. 1891 жылғы 25 наурызда қабылданған «Далалық ережеге» сәйкес қазақтардың діни істері ішкі істер министрлігінің құзырында қалып отыт Жергілікті әкімшілік орындары соңғы кезде бірсыпыра қуғын-сүргін шараларын жүзеге асырды. Атап айтқанда, 1903 жылы Петропавл, Көкшетау, Павлодар және Семей уездерінде белгілі-белгілі қазақтардың үйлері тінтілді. Соның барысында алынған кітапханалар әлі күнге дейін иелеріне қайтарылмай отыт Ол, ол ма, Көкшетау уезінің қазақтары Наурызбай Таласұлы мен Шаймерден Қосшығұлұлы өздерінің діни нанымы үшін алғашқысы Енисей губерниясына, екіншісі Якут облысына жер аударылды. 

«Далалық ереженің» 99-бабы бойынша медресе (мектеп) ашуға және мешіт салуға Қыр өлкесі генерал губернаторының рұқсаты керек. Соған қарамастан, жаңадан мектеп ашуға және мешіт салуға рұқсат берілмек түгілі, Семей мен Көкшетау қалаларындағы мешіттердің жанындағы мектептерді жергілікті әкімшілік жауып тастады. Сол себепті де «Далалық ереже» бойынша туылғандық туралы тіркеу кітабы ауылнайдың қолына берілді, ал ауылнайлардың көпшілігі сауатсыз. Крестьян бастықтары шетелге паспорт беруді ауылдың немесе болыстың салық қарызы болса тоқтатып қояды. Жоғарыдағыларды атап көрсете келіп, мыналарды қажет деп санаймыз:

1. Ар-ождан бостандығы, діни сенім-наным бостандығы, Қыр өлкесінің қазақтары үшін сайланып койылатын ерекше діни басқарма, басқа мекемелерге жалынбай-ақ мектептер мен мешіттер салу және ашу тәртібі, қазақ, татар, араб тіліндегі діни кітаптарға цензураны жою, туу туралы тіркеу тәртібін діни басқарма орындарына беру, шетелге шығатын паспорт берудің заңды тәртібін белгілеу. 

2. 1902 жылдан бастап Қыр өлкесінде қазақтың ұл балаларына арналып ауыл мектептері ашылды. Оларда сабақ қазақша жүргізіледі, бірақ қазақ тілін оқыту жөніндегі талабымыз орындалмады. Бұл мектептерде қазақ сөздерін орыс әрпімен жазуға үйретеді, ал орыс әріптері қазақ тілінің фонетикасын толық бере алмайды. Қазақ тілін оқытпауды және қазақша сөзді орыс әрпімен жазуды білім беру емес, басқа бір беймәлім мақсатты көздеу деп түсінген қазақтар бұл мектептерге балаларын бермей қойды. Соның салдарынан алғашында әкімшіліктің қысым жасауымен тек кедейлердің балалары мен жетім балалар ғана жиналды. Басқалар оларға ақша берді, басқаша айтқанда балаларды жалдап оқытып жатырмыз. 

1880 жылдың басынан бері Қыр өлкесінің барлық қалаларында қазақ балаларына арналған мектептер бар еді. 30 орындық интернаттарда шіркеу шәкірттері мен қала оқушыларынан 300 бала жататын. 1890 жылдан бері қарай бұл интернаттар ауыл шаруашылығы мектептеріне айналдырылды, олардың Қыр қазақтарына ешқандай қажеті жоқ. Ауыл шаруашылығы мектептерінен соңғы 15 жылдың ішінде бірде-бір ауыл шаруашылығы маманы шыққан жоқ. Ауыл шаруашылығы мектептерін бітіргендер де, бұрынғы интернаттарды бітіргендер де қазақ интеллигенттері болып қалыптасты, алайда маман болып шықпады [2]. 

1890 жылдан бастап Омбы гимназиясының жанындағы 25 орындық пансион жабылып қалды. Қазақтың бірен-саран жоғары білім алғандары болса, осы пансионда тәрбие алып еді. Аталған интернаттармен ауыл шаруашылық мектептерін бітіргендер Омбыдағы орталық фельдшерлік және мал дәрігерлік мектептерде оқуын жалғастырды. 

Гимназия пансионы жабылып калған соң, қазақ балалары гимназияларға түсе алмай, демек одан әрі жоғары білім ала алмай қалды. Қолында стипендия тағайындау билігі бар жергілікті әкімдер тиесілі стипендияны қазақ балаларына емес, басқалардың балаларына береді. Ал қазақ арасында білімге деген құштарлық үлкен, сондықтан да қазақтар балаларын қалалық училищелерде өз қаржысына оқытуға мәжбүр болуда. Жоғарыдағыларды көрсете келіп, қазақ даласында білім беру ісін дұрыс жолға қою керек деп санаймыз. Ол үшін; ауыл мектептерінде қазақ әліппесін енгізу, қазақ тілінде сабақ беру, мемлекеттік тілді міндетті түрде үйрету, жабылып қалған интернаттар мен Омбы гимназиясының жанындағы пансионды қалпына келтіру керек. 

Сондай-ақ Семей гимназиясы жанынан қазақ балаларына арнап пансион ашылсын, кәсіби мектептер мен жоғары оқу орындарына түсу үшін стипендиялардың саны көбейтілсін. 

3. Қазақ халқының күнделікті қажетін жария етіп отыру үшін қазақ тілінде газет шығарылсын, ол үшін цензурасыз газет шығаруға және баспахана ашуға ешқандай бөгет жасалмасын. 

4. Соңғы 15 жыл бойы Қыр өлкесін отарлау жүріп жатыр. Қазақтардың қарауындағы жер жыл сайын тарылып келеді. Мал шаруашылығы негізінен экстенсивті екені мәлім және мал жайылымына өте көп жер керек. Ресейден қоныс аударушыларға ең тәуір жерлер, тұщы су көздері тартып алынып берілуде. Бұлай болмас үшін қазақтардың иелігіндегі жерлер олардың меншігі деп танылсын. 

5. Қыр өлкесі мемлекеттік меншік басқармасы қазақтарды ата қонысынан ығыстырып, жерді қазынаға алуда. Демек, қазынаға алынған жерлерден қазақтар қуылмасын, екі ортада жік шекарасы қалдырылсын, оның иінін мөлшерлеуге қазақтар қатыстырылсын. 

b94461a49ac14c4efaefad139defb197.jpg

6. Қолданылып келе жатқан «Далалық ереже» қазақ тұрмысының қазіргі жағдайына сай келмейді. Басқаны айтпағанның өзінде, «Далалық ереженің» 120 - бабы бойынша қазақтардың жері қауымға ортақ саналады, ал қыстау мекендері иесінің немесе бірнеше адамның меншігі, олар оны басқаға сыйға тартуға немесе сатуға құқылы. Сондықтан «Далалық ережені» қазақ депутаттарының қатысуымен өзгерту керек. Әйтпесе, ондай ереже керек емес. 

7. Болыс кеңселерінде іс қағаздары орысша жүргізіледі. Осының салдарынан жергілікті халық тіл білмеген соң, оларды болыстың немесе ауылнайдың хатшылары қанап келеді. Қыр өлкесі генерал-губернаторының ерекше жарлығына сәйкес төтенше съездердің үкімдері мен шешімдері орыс тілінде жазылады. Сөйтіп соттың немесе дауласушы екі жақтың бақылауынан тыс қалған хатшылар ойына келгенін істейді. «Далалық ереженің» - қазіргі штаты бойынша уездер мен облыстық басқармада қазақ тілінің аудармашылары болуға тиіс. Соған қарамастан жергілікті әкімдер аудармашылық қызметке қазақша білмейтін орыс шенеушіктерін алады, олар болса үшінші бір адамның көмегіне жүгінеді. Кейбір крестьян бастықтары қазақ тілінде жазылған өтініштерді қабылдамайды, сондықтан қазақтар ешқандай көмегі тимесе де қайдағы бір дүмше адвокаттарды жалдайды. Қазақтардың мүддесі үшін мыналар қажет: болыс кеңселері мен халық соттарында ісқағаздары қазақша жүргізілсін; аудармашылыққа қазақ тілін білетін және қазақша сауатты адамдар алынсын; қазақтар өз құқықтарына нұқсан келсе, арызды ана тілінде бере алатын болсын. 

8. Сот әділ болуы үшін судьялар өзі қызмет ететін халықтың тілін білетін болсын. Соған қарамастан судьялық және тергеушілік қызметтерге қазақтың тілін білмейтін орыстар тағайындалады. Неге екені белгісіз, қазақ халқы қалың уездерге қазақ заңгерлері тағайындалмайды, соның салдарынан Қыр өлкесінде сот әділдігіне нұқсан келуде. Сондықтан судьялар қазақ тілін білуі шарт және де қазақ даласына присяжной сот жүйесі енгізілсін. 

9. 1902 жылдан бастап Қыр өлкесінде крестьян начальниктері қызметі енгізілді. Олар ешқандай пайда әкелген жоқ, қайта атқамінерлер санын көбейтті. Уезд бастығы біреу еді, енді төртеу болды, сөйтіп халыққа әкімшілік қысымы көбейді. 1905 жылдан бастап урядник қызметі енгізілетін болды. Олардың Қырға керегі болған емес, болмайды да. Сондықтан крестьян бастықтары мен урядник қызметі жойылсын. 

10. «Далалық ереженің» 17-бабына сәйкес Қыр өлкесінің генерал-губернаторына қазақтарды әкімшілік жолымен басқа жаққа жер аудару құқы берілген. Осы бабтың кесірінен талай адам жазықсыз, заңсыз жапа шекті. Демек, заңдылық пен құқық мүддесі үшін бұл бапты жойып, қылмыс жасағандар тек сот алдында ғана жауап беретіндей тәртіп қажет.

11. Патша биылғы ақпанның 18-де шығарған Мәртебелі жарлығымен орыстың заң шығару жиналысына халық сеніміне ие болған лайықты адамдарды шақыратынын жария етті. Қазақ халқының мүдделері мен құқықтарын колдау үшін осы заң шығару жиналысына біздің де депутаттарымыздың қатысуы қажет. 1905 жылғы 26 маусым, Қоянды жәрмеңкесі. 

12. 767 адам қол қойды. Екінші бір патшаның атына жазылған жолдама-хатта Қарқаралы уезінен сайланған 42 адам қол қойған. Бұл петицияның өкімет орындарын ерекше абыржытьш, әуре сарсаңға салған. Өйткені, оған қол қойғандар түгелге жуық ел билеуші қазақтар еді. Ондаған жылдар бойы айтқанына көніп, айдағанына жүрген момын, қараңғы, «бұратана» халықтың бұлайша оянуына үкімет қатты сескенген еді. Генерал-губернатор бұл хатты алғаннан кейін Қарқаралыға жедел хат жолдап: «Осы петицияға қол қойғандардың арасынан ең болмаса бірнеше адамды тауып, аты-жөнін хабарлаңыз» - деп нұсқау келген. Қарқаралы оязының бастығы Осовский былай деп жауап жазады: «Арыз Омбыға, Әлихан Бөкейхановтың атына кетті. Ол осы петицияны жазуға басты ұйымдастырушы және жетекші. Кейбір деректерге қарағанда арыздың бастапқы текстін жазған Ақбаев. Сондықтан, Бөкейханов тек дем беруші ынтагер деп, есептеледі. Халық өкілі атынан сайланғандар: Әлихан Бөкейханов пен Жақып Ақбаев». Міне ХХ ғасыр басындағы қабылданған маңызды тарихи құжат осы мағынада болып еді.

Темірғали Аршабеков, Қарағанды облыстық Бейнелеу өнері мұражайы директорының орынбасары

ӘДЕБИЕТТЕР 

1. Аршабеков Т.Т. Шаймұқанов. Д. Қасиетті мекен-Қарқаралы. Қарағанды. -2006.- 106 б 

2. Тайшыбайұлы. «Қарқаралы петициясы». Орталық Қазақстан, 28.06, - 0.7.2000)

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. mail@e-history.kz 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English