«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жаңалықтар

Қобыланды батыр жыры (толық нұсқа) - Марабай жырау ІІ бөлім (Ә.Диваев)

1053
Қобыланды батыр жыры (толық нұсқа) - Марабай жырау ІІ бөлім  (Ә.Диваев)

Қобыланды батыр — қазақ халқының мазмұны бай да салалы эпостық дастандарының бірі. Жыр көп замандар бойы өмір сүріп, ірі- ірі эпос айтушыларының қолынан өткен. Қобыланды жырының 29 нұсқасы бар, «Қобыланды батырды» Марабай, Мергенбай, Біржан Жасымбаев, А. Айтабанов, К. Еламанов, Сыр бойындағы белгілі айтушысы Тұяқбайлар жырлаған.  Айтушылардың осыншама көп болуы жыр сюжетінің халыққа кең тарағандығын көрсетеді.«Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасы бар.

Төмендегі сілтемеде:  Қобыланды батырдың өмірбаяны 

Жырдың жалғасы: Басы сілтемеде 

Бейшара болған Аналық

Баласына жете алмай,

Үйіне қайтып кете алмай,

Жапанда тұрып зарлады:

—Он сегіз мың ғаламның

Падишасы, Хақ Жаппар,

Есіттің бе сөзімді,

Жылатпа менің көзімді.

Он үш жасар Қобыланды

Ерінбей сүйер кезің-ді.

Мұхамбет атты, әй, тақсыр,

Жалғызымның артынан

Тар жерде ал өзімді.

Омар, Оспан екі жар,

Қауас, Қияс екі жар,

Сіздерден басқа кімім бар?

Бас-басыңа бір жандық,

Дем бермесең, біз қалдық.

Асқардан асып бұл кетті,

Белден асып ел кетті.

Біз пақырға көзің сал,

Әруақтар, сізді тербеттім!

Бір жылқыдан кем шаппас

Келінжан баққан Бурыл ат.

Денеңе мылтық тигізбес

Дәуіт соққан жалаңқат.

Қынаптары сары алтын,

Ұстаған жері сап алтын,

Балдағы алтын шар болат.

Шырағымның шыбын жан

Жасаған, саған аманат!

Қалғып кетсе қағып жүр,

Адасып кетсе, бағып жүр,

Көл иесі Қамбар-ай,

Жол иесі Қамбар-ай!

Қамбар өзің қолдасаң,

Қолдамайтын кім бар-ай!

Қазанға қайдан қол жиды

Қараман деген заңғар-ай!

Қараман жиды санатты,

(Қырғыздар ішер арақты)

Жалғызым қылды талапты.

Мұхамбет атты, әй, тақсыр,

Өз қолыңа тапсырдым

Атадан тақ шырақты!

Қала қалмас Тайбурыл

Қатар шапқан жарыстан.

Жау іздеді жалғызым

Жақын емес, алыстан.

Қыс болғанда жылқы ықпас

Ойға біткен қамыстан.

Осы кеткен қозымды

Өз қолыңа тапсырдым,

Шер Ғали атты арыстан!

Осы кеткен жалғызым

Есен барып, сау келсе,

Егіз туған көк бөрі

О да сенің жолыңа!

Егіз туған көк бұқа

О да сенің жолыңа!

Егіз туған көк айғыр

Бұл да сенің жолыңа!

Өлгенде көрген жалғыз ұл

Тумады ма сорыма?!

Осы кеткен қозымды,

Алланың досты Мұхамбет,

Тек тапсырдым қолыңа!

Аязды күні айналған,

Бұлтты күні бұрылған,

Айқара бесік таянған,

Дыбысы шықса оянған,

Алтыннан бесік игізіп,

Ақ торғынға бөлеген,

Өлгенде көрген көбеген,

Жұрт тілегін тілеген.

Қабырғам жездей қайысқан,

Көтергенде бесікті

Он бармағым майысқан,

Тас емшегім иіткен,

Тар құрсағым кеңіткен,

Балапан қаздай еріткен,

Алсам қолым талдырған,

Сүйсем мейірім қандырған,

Денемнен шыққан балдырған.

Шаһизинда хазірет,

Жарылқаушы Құдірет,

Үмбетім деп еске алсаң,

Алланың досты Мұхамбет,

Жалғызыма жәрдем ет!

Қараман кетті жиып қол,

(Сөйлейді сөзді оңды-сол)

Осылайша зарланып,

Құдайға [қатты] зар қылып,

Жылаумен қалды кемпір сор.

Қобыланды мінген Тайбурыл

Елбең-елбең жортады

Атандай төсі салынып.

Қала берді кемпір-шал

Әруақтарға жалынып.

Бұл жерден Бурыл гуледі,

—Әйт, жануар, шу,—деді.

Бірде шауып желеді,

Кешегі кеткен қосынға

Тұлпар туған Бурылмен

[Тоқтамай шауып келеді.]

Құртқаның айтқан жерінде

Жатыр екен көп қосын.

Артық туған Қобыланды

Гулетіп келді бесінде.

Қобыланды батыр келсе, Қараман батыр Қазанның қаласын, дұшпандардың жай-күйлерін білмек үшін жіберген он сегіз жансызы қайтып келіп отыр екен. Қобыландыны көргеннен кейін амандасып отырып, мынау сөздерді айтады:—Сырлы қаланың олжасы мол екен, атысар адамы жоқ екен. Қазанның өзінің жатқан Қара қаланың бір жағы аққан су, биік жар екен,

бір жағы жеті қабат қазған ор екен. Қайрат етіп алған кісіге онда да олжа мол екен. Қазан қаласы бұл жерден қырық күншілік шөл екен.

Жансыздардың бұл сөздерін есіткеннен кейін Қараман батыр:—Кімде-кім батасын оқып, малтасын жеп, ат құйрығын сүзіп, Қазан қаласына ат қойып, қамалды бұзып, осы жақтан адамдарға олжа салса, сол адам осы қосынға бас болады,—деп атына мініп жөнеп кетеді.

Қобыланды батыр сол арада сол күні жатты. Екінші күні жатты, келесі күні (үшінші күн) дұшпанға аттануға көңілі қобалжып, тау басына шығып, Тайбурылдың құйрығын сүзіп, кекілін талдап, көңілін алдап, теңселе басып ырғалып, көп қосынды жөнелтіп жіберіп, Тайбурылмен оңаша қалып атына

айтқан сөзі:

—Төрткілдеп соққан төбедей,

Шаншармын найза жебедей,

Ескіден қалған көнедей,

Тойтармаған шегедей

Жаңылдың ба, Тайбурыл,

Мінейін деп тұрғанда,

Анаңыз Құртқа не деді?

Қыдыра жалды жылқыдан

Бурыл қалмас деп еді.

Әуелі Алла анайым,

Хақ жаратқан Құдайым,

Ұжмақта хорлар сымбатты

Үйдегі Құртқа жұбайым.

Жұбайым Құртқа болды деп,

Жемеймін, Бурыл, уайым.

Анаңыз «тұлпар» деуші еді,

Анаңның сөзін сынайын.

Біздің ауыл қалыста,

Есебі жоқ алыста.

Қаса тұлпар ат болсаң,

Тұлпарым, бүгін қарышта!

Қырық күншілік Қазанға

Бір мезгілде жетуге

Сіздей малға алыс па?

Қатын Қобылан қалды деп,

Кешегі кеткен жолдасқа

Қоямысың намысқа?!

Дұшпанның келдім кезіне,

Тұлпарым, саған айтайын

Сал құлағың сөзіме.

Қырық күншілік Қазанды

Намаздігер өткенше,

Намазшамға жеткенше,

Түсірмесең жүзіме,

Көрсетпесең көзіме,

Онда шешең, мұнда мен

Қалады көңілім өзіңе!

Осылай толғап болды да,

Артық туған Қобыланды

Тобылғы сапты қамшыны

Толғап ұрды санына.

Астындағы тұлпардың

Жаман батты жанына.

Жанына батпай не қылсын,

Сауысқан, қарға тойынды

Санынан аққан қанына.

Қобыландының қамшысы

Тайбурылға шын батты,

Шыбын жаны тым тәтті.

Құрбысында адам жоқ

Қобыландыдай сымбатты.

Жанына қамшы батқан соң,

Жоғарғы ерні жыбырлап,

Төмені ерні қыбырлап,

Иегімен сыбырлап,

Тайбурылға тіл бітті

Тәңірі оны сөйлетті.

Тайбурыл сонда сөйледі:

—Назбедеуге бітер жал,

Кімге келмес керімсал,

Алуа менен шекер-бал.

Салып едің қамшыңды

Шығара жаздың кеудемнен

Бір шыбындай жанымды.

Артық туған Қобыланды нар,

Қызылбастың жұртына

Осынша болдың ынтызар.

Басымды түзеп, сал жолға,

Төрт аяғым тең жорға.

Үстімде сен есенде

Қажу бар ма мен сорда!

Айтқаның жерде қалар ма,

Құртқа сынды жұбайға

Жаратқан соң Құдай ат қылып,

Сіз секілді сыбайға.

Қырық күншілік Қазанға

Бір мезгілде жет дейсің,

Ұшқан құсқа оңай ма?

Қиын да болса, Қобыланды,

Қиналамын, қайтейін,

Уәдеңіз солай ма?

Қазанның Сырлы қаласын

Намаздігер өткенше,

Намазшамға жеткенше

Түсірмесем жүзіңе,

Көрсетпесем көзіңе,

Сөйтіп мінген Бурылды

Сол жерде шал Құдайға.

Қобыланды сынды батырдың

Көңілі бітіп Бурылға:

—Әйт, жануар, шу,—деді,

Аршындап Бурыл гуледі.

Тау мен тасты көрмеді,

Табаны жерге тимеді.

Көлденең жатқан көк тасты

Тіктеп тиген тұяғы

Саз балшықтай иледі.

Қараша емес қауыс-ты

Қоңырлатып дауысты,

Берсін кімге намысты.

Күн төбеден аумай-ақ,

Түзеді Бурыл шабысты.

Қос құлағы тігілді

Қайырға біткен қамыстай.

Түс ауған соң бүктелді

Илеуі жеткен қайыстай.

Байлаулы малдай шешілді,

Төрт аяғы көсілді.

Кешегі кеткен қосынға

Бұлаңдаған Бурылмен

Артық туған Қобыланды

Аңғытып жетті бесінде.

Қол соңында барады

Қара Боқан жаурыншы.

Боқанға келді:—Арма!—деп,

Алдыңда кісі бар ма?—деп.

Сонда Боқан сөйлейді:

—Жылқы ішінде ала-ды,

Қылшық жүнді қара-ды

Осынау дөңнің астында

Аққозы кетіп барады.

Тайбурыл атты құтыртып,

Оған да келді сыпыртып:

—Үлкен едің, арма,—деп,

Алдыңда кісің бар ма?—деп.

Аққозы айтты аланы,

Қылшық жүнді қараны.

—Осы таудың астында

Қосдәулет кетіп барады.

Тайбурылды құтыртып,

Оған да жетті сыпыртып:

—Үлкен едің, арма,—деп,

Алдыңда кісі бар ма?—деп.

Қосдәулет сонда сөйледі:

—Алыстан айқын көрінген

Қылшаң жүнді қара-ды.

Адасты деп ойлап ек

Қобыланды сынды баланы.

Оңдаса Құдай сапарды,

Бәнденің болмас шарасы,

Қызыл тілді сөйлеткен

Қаусырма жақтың арасы.

Жеткен-ді деп ойлаймын

Өз көңіліме шамасы.

Кешегі қонған мезгілден

Шапқаннан бері, шырағым,

Көрінген жоқ көзіме

Құрдасыңның қарасы.

—Әйт, жануар, шу,—деді,

Бурыл тұлпар гуледі.

Емен найза қолынан,

Жұлдызы туды оңынан.

Бір сағаттай болмай-ақ,

Екпінді тұлпар Бурылмен

Қобыланды сынды батырың

Қараманға жетті соңынан.

Қобыланды жетіп сөйлейді:

—Болғаның ба, досым-ай,

Мақтаған атың осыма-ай?!

Он екі күнде келерсің,

Менің жауға тіккен қосыма-ай!

Тауға біткен татыр-ай,

Жарасар құрған шатыр-ай.

Анау күні «қатын» деп,

Қарамай кеткен батыр-ай!

Қатын да болса білдің бе,

Құртқамның асыл затын-ай!

Қатынның баққан атын-ай,

Қалсаң өлім жақын-ай!

Жүрмейсің бе, Қараман,

Үш күн кейін соң қалып,

Мен де озып барамын.

Жүре берді бұларға

Жалғыз сағат қарамай.

Қала берді көп қият

Бірі еруге жарамай.

Бұл жерде Бурыл гуледі.

—Әйт, жануар, шу—деді.

Көлденең жатқан көк тасты

Тегістеп тілген тұяғы

Саз балшықтай иледі.

Қарсы келген қабақтан

Бурыл қарғып жөнеді.

Аманбайдың «Ақ тікен»

Асып Бурыл жөнеді.

Байалышты құмайттан,

Бүлдіргенді шүңейттен,

Асу-асу шөлдерден,

Қасқалдақты көлдерден,

Асқар-асқар белдерден,

Ылай-батпақ көлдерден,

Қан сасыған жерлерден.

Үмітін үзіп жол шекті

Қараспанды жайлаған

Қалың қыпшақ елдерден.

Хан жайлаған Қаратау,

Би жайлаған Алатау

Одан да өтіп жол шекті.

Сол төбе мен бұл төбе,

Бауыры шұбар кең төбе,

Күдердің қара дөңінен

Бесінде өтті шенінен.

Астындағы Тайбурыл

Арандай аузын ашады,

Аяғын топ-топ басады.

Бір төбенің тозаңын

Бір төбеге қосады.

Жаңбырдай тері сіркіреп,

Жауған күндей күркіреп,

Қар суындай тасады.

Құлан менен құлжаның

Ұзатпай алдын тосады.

Көл жағалай отырған

Көкқұтан менен қарабай

Көтеріліп ұшқанда,

Белінен кесе басады.

Өлген құстар көп қалды,

Ақсары менен лашын

Өлген құсты жеп қалды.

Қоғалының Қулы көл,

Жекендінің Желді көл,

Қызғыштының Қызыл көл,

Сеңгір-сеңгір таулардан

Секіріп Бурыл жөнеді.

 

 

 

 

Астындағы Тайбурыл

Құбылып, ойнап жер басты.

Алдыңғыдан артқысын

Сынық сүйем кем басты.

Шалқайып ұшқан қоңыр қаз

Тозаңынан адасты.

Бірде шауып желеді

Құбылып ойнап жер басып,

Дөңгеленіп келеді.

Намаздігер өткенде,

Намаз-ақшам жеткенде

Қазанның Сырлы қаласын

Қобыланды батыр көреді.

Қазандының көп жылқы

Жатыр екен далада,

Қаланың сыртқы баурында.

Бұлаңдаған Бурылмен

Қобыланды жетіп келеді.

Артық туған Қобыланды

Қуалап жылқы алады,

Айдап жөнге салады.

Бір уақытта көңіл қылады,

Бұзайын деп ойлайды

Қазанның Сырлы қаласын.

Қобыланды жалғыз ат қойып,

Қаланың аузын қандатты,

Көшенің аузын шаңдатты.

Қақпадан атын қарғытты,

Қандектен оғын ырғытты.

Туырлығын тоқым қып,

Керегесін отын қып,

Үрерге итін қоймады,

Сығарға битін қоймады.

Баспақты сиыр танаға.

Жан шығармай далаға,

Мал шығармай салаға,

Өтірік емес, жан аға,

Он екі күн сәскеде

Жалғыз адам құтқармай,

Сырлы қала бәндесін

Артық туған Қобыланды

Айдап шықты далаға.

Жалғыз бұзып Қобыланды,

Бұл қаланы алады,

Артық бақыт татады.

Қарауыл қарап қайтпаққа

Бұлаңдаған Бурылмен

Асқар тауға барады.

Таудың шығып басына,

Ақ найзаға сүйеніп,

Жан-жаққа көзін салады.

Қараса көзі көріпті

Қалың қият көк қосын.

Олар да келіп қамайды

Қазанның Қара қаласын.

Көп қияттың басы Қараман батыр қырық мың қолменен Қара қаланы қамаса да, ордан өте алмай, күші жете алмай жатыр екен. Өздерінен һеш нәрсенің өнбейтінін біліп, Қараман батыр жолдастарына айтты:—Мен Қобыланды батырға барайын, сол келіп алып бермесе, біздің қаланы алатын түріміз

көрінбейді.

Қараман Қобыландыға келіп тұрып айтқан сөзі:

Қобыланды сынды-ай батырға

Қараман келіп сөйледі,

Сөйлегенде не дейді:

—Артық туған Қобыланды,

Балтам тастан өтпейді,

Жамандар сөзді кектейді.

Жүрмеймісің, батырым,

Қызылбастың кентіне,

Сізсіз күшім жетпейді.

Қобыланды сонда сөйлейді:

—Атан ба екен, нар ма екен,

Жая ма екен, жал ма екен,

Шекер ме екен, бал ма екен,

Ер бұзбаған шәһарді

Қатын бұзған бар ма екен?!

Мал саттым базар бөзіне,

Салсаң жылқы тоқтайды

Арқаның бөрі көзіне.

Аспаймын құлақ сөзіңе,

Жолама менің өзіме.

Қатын деп айтқан сөзіңді

Сен бір айтсаң, екі айттым.

Келмеді ме кезіңе,

Көрінбе менің көзіме!

Неше батыр болсаң да,

Үйде қалған Құртқаның

Сатса алмаймын өзіне.

Өзі түгіл, алмаймын

Сағынғанда бір ауыз

«Қалқамжан» деген сөзіне.

Қараман бұл сөзді есіткеннен кейін шыдап тұра алмай, ашуланып, өкпелеп жөніне жүре берді. Қобыланды батыр артына біраз қарап тұрды да: «Қанша айтқанменен жылы бірге жолдас, жасы бірге құрдас еді, жаңсақтан айтқан бір ауыз сөзіне бола көңілін қалдырмай-ақ қояйын»,—деп, шақырып алып өкпе-

кінәларын айтысып, екеуі де қосынға келді.

Қобыланды қырғыздың қазған орынан Тайбурылды секіртпекші болып, атына арнап айтқан сөзі:

Қобыланды тұрып сөйледі:

—Мал саттым базар бөзіне

Салсаң жылқы тоқтайды

Арқаның бөрі көзіне.

Тұлпарым, саған айтайын,

Құлағың сал сөзіме.

Шекер менен бал қандай,

Жая менен жал қандай?

Атаңыз тұлпар деуші еді,

Қырғыздың қазған орынан

Қарғимысың, хал қандай?

Тайбурыл сонда сөйлейді:

—Артыңда қалды еліңіз,

Болды ма менде кегіңіз.

Анамыз Құртқа деген соң,

Сатылмайды теріміз.

Қысылған жерде дем берсін

Жылқышы Қамбар піріміз!

Ойыңа алсаң, қоймайсың,

Артық туған шеріміз.

Салған қолқаң сол болса,

Қарғысам қарғып көрейін,

Тәуекел етіп көріңіз.

Қобыланды сынды еріңіз

—Әйт, жануар, шу,—деді,

Бурыл балқып гуледі.

Ортасына шәһардің

Бурыл келіп топ етті,

Жердің шаңы бұрқ етті.

Төрт аяғы тиген жер

Тесіле жаздап солқ етті.

Іркілмей Қобылан жүрген соң,

Қайтпасын батыр білген соң,

Қара қасқа ат мінген,

Ат құйрығын шарт түйген.

Артына сауыт бөктерген,

Алдына дабыл өңгерген,

Алмағанға дем берген,

Азды-көпті тең көрген,

Құдайдан дұшпан сұраған,

Жау көрмесе жылаған.

Қолына жұмсақ болсын деп,

Найза ұстаған жеріне

Топтап барқыт ораған.

Шын қаһары келгенде,

Жаңбырлы қардай бораған.

Суда болар сары сазан,

Молдалар айтар бес азан.

—Жеке ме, бала, жеке,—деп,

Алдына шықты ер Қазан.

Қазан келіп сөйлейді:

—Атыңды сұрасам, кім деймін,

Жөніңді сұрасам, кім деймін?

Анаңды сұрасам кім деймін,

Шешеңді сұрасам кім деймін?

Қалжың сөзге көнбеймін.

Ашуыма көп тисең,

Үстіңдегі ақ сауыт,

Астыңдағы бурыл ат

Қан тигізбей бер деймін.

Атыңның жалы жатыпты,

Алыс жолдан келгендей.

Қабағың сенің қатыпты,

Түн ұйқыңды бөлгендей.

Атыңның жалы жатыпты,

Көп шабуыл көргендей.

Қобыланды сонда сөйлейді:

—Мал саттым алтын-күміске,

Ат беруге қимаймын

Сендей дінсіз, жөнсізге

Ат алудан қашпаймын,

Алғанымша, асықпа.

Келмей жатып, ат сұрап,

Қызылбас неден есірді.

Қырғыздың қызы сұлу деп,

Сүйемін деп келіп ем

Бұл сапарда жесірді.

Шыдамасаң бері кел,

Көрсетейін кесірді.

Атасы жаман, анасыз,

Атамды сұрап не етесіз?

Атаңыз бар-ды жетесіз,

Анаңыз бар-ды некесіз.

Жоқ сөзді айтып не етесіз?!

Көзіңді сал ойныма,

Қылыш тиер мойныңа,

Қан сорғалар қойныңа.

Атаңа нәлет ит қалмақ,

Басылмаған есерсің.

Патшадан киген қаттауың

Қан қылмай-ақ шешерсің.

Қара қасқа тұлпардың

Сауырынан түсерсің.

Мойныңнан аққан қызыл қан

Шамаң келсе ішерсің.

Жауға шабар ер жігіт

Жаманнан ақыл сұрамас.

Бетімнен қаһар шығады

Жаңбырлы қардай аралас.

Мұсылманның баласы

Өзім өлмей, жыламас.

Іздегенім Қызылбас,

Аты-тонын һәр жерде

Беруші еді сендей нас.

Қылышпенен өлтірсем,

Қиқаладың дерсің сен.

Найзаменен өлтірсем,

Миқаладың дерсің сен.

Садақпенен өлтірсем,

Қапыл қалдым дерсің сен.

Мылтықпенен өлтірсем,

Жазым қалдым дерсің сен.

Мінген атың құла ғой,

Сендер көп те, мен жалғыз.

Қолыңа келді бір бала,

Білгеніңді қыла ғой.

Ел жайлауы Арыс-ты,

Батырлар қылды намысты.

Әуелі тәуір сөйлесіп,

Артынан шайтан жабысты.

Шайтан емей немене,

Ырғай сапты сүңгіні

Ырғай-ырғай салысты.

Итерісіп тұрысты,

Найза қанға майысты.

Ат тізесін бүгісті,

Бүге-бүге тұрысты,

Қанжар қалды қайысып,

Семсер қалды майысып.

Қақырғаны қан татып,

Түкірігі жын татып,

Ерлер жаннан түңілді,

Аш күзендей бүгілді.

Бір уақыттар болғанда

Артық туған Қобыланды

Найзасын ырғап ендірді,

Ат көтіне міндірді,

Қазанды жерге төндірді.

Ту жығылар айшықты,

Ақ денеден қан шықты,

Суырып алды, жан шықты.

Тысқы қорған ішінде,

Ішкі қорған тысында,

Қазан ердің аузына

Қобыланды құйды балшықты.

Қазан аттан құлады,

Көріп кәпір шулады.

Шәрі байтақ жұртына

Тегіс хабар салады,

Халқын жиып алады.

Жалғыздығын білген соң,

Қобыланды сынды баланы

Самсап тұрған көп кәпір

Тұрған жерде қамады.

Артық туған Қобыланды

Жалғыздығын білген соң,

Толып жатқан кәпірдің

Қамағанын көрген соң,

Жалғыздықты айтып жабығып,

Бір Тәңірге зары қып,

Қобыланды тұрып сөйледі:

—Өзі болат, өзі өткір

Бұрынғы ердің найзасы.

Бақ қараған жігіттің

Басында болар айласы.

Алды-артымда таяу жоқ,

Қараспандағы халқымның

Қайда бір маған пайдасы?

Мініп шықтым елімнен

Астымда Бурыл дөненді,

Көкке тойған көбеңді.

Қызылбас қашып, мен қалсам,

Ерлігімді айтар деп,

Қараспанды жайлаған

Қалың қыпшақ көп елге.

Мал саттым базар бөзіне,

Салсаң жылқы тоқтайды

Арқаның бөрі көзіне.

Сал құлақты сөзіме,

Құдай жалғыз, мен жалғыз,

Бір шыбындай жан үшін,

Жан жаратқан бір Құдай,

Жалынамын өзіңе.

Бұл дұшпанның қолында

Қаза жетіп, мен өлсем,

Үстімдегі ақ сауыт,

Астымдағы Тайбурыл

Жалғызымның есі деп,

Кім көрсетер апарып,

Кемпір-шалдың көзіне.

Сүйдеп айтып болған соң,

Қиналарын білген соң,

Бауыры жазық Тайбурыл

Шығыршық атып ойнайды.

Артық туған Қобыланды

Ерегескен дұшпанын

Басын жоймай қоймайды.

Қылқобызға жағады

Қарағайдың шайырын.

Пішеншілер алады

Тырмасы менен айырын.

Шабамын деп батыр тұр,

Қырылуға кәпір тұр—

Алла берсін қайырын!

Шабайын деп Қобыланды

Тайбурыл атты аршындап,

Бурыл тұлпар ұмтылды,

Аузынан аққан ақ көбік

Омырауын жапты балшылдап.

Кейін қалып, көп шаншып,

Ақ сүңгісі шабалы.

Қарап тұрса Қобыланды,

Әскер басы көп төре

Алдынан шулап өтеді.

Шабайын деп Қобыланды

Алтын-ды қалпақ, жез телпек

Баса киді көзіне.

Тыңдасаңыз құлақ сал,

Кенелтейін айтқан сөзіме.

Артық туған Қобыланды

Қырық шәрлі қызылбас

Қырық кісідей батырдың

Көрінбейді көзіне.

Қабағынан қар жауып,

Кірпігіне мұз тоңып,

Қатуланып, қаттанды,

Буырқанды, бұрсанды,

Мұздай темір құрсанды.

Самсап тұрған кәпірге

Қобыланды жалғыз тиеді.

Бөлек-бөлек қылады,

Бөлінген қойдай қырады.

Қасқыр шапқан қойдай қып,

Қамап кетіп барады.

Жолбарыс шапқан құландай

Шошып кетіп барады.

Ұрттап ішіп, қан төгіп,

Тойып кетіп барады.

Үш мың атты бір сайға,

Төрт мың атты бір сайға

Қойып кетіп барады,

Қайтарында алмаққа

Тізгіндерін қосақтап,

Қойып кетіп барады.

Тұла бойы сал болып,

Ақ білегі қан болып,

Көргендерге таң болып,

Үсті-басы шаң болып,

Жау үстіне жол салды,

Үкімін батыр мол салды.

Он жеті күн болғанда,

Мың сан қолды тауысып,

Тайбурыл атпен бұлаңдап,

Қобыланды жалғыз бұ қалды.

Сол қаланың әйелі

Ерлерінен айрылып,

Бәрі де жесір, тұл қалды.

Әбзел салды алаға,

Тәңірі берді көп бақыт

Қобыланды сынды балаға.

Ат қоймаққа ойлады

Қазанның Қара қалаға.

Нақ бесінде жад етті

Жеті кәміл бабаға.

Мал шығармай салаға,

Жан шығармай далаға,

Жалғыз адам құтқармай,

Сырлы қала бендесін

Артық туған Қобыланды

Айдап шықты далаға.

Қазанның екі қаласын,

Қазына алтын-күмісін,

Малын, жанын ызғытып,

Осыншама көп малды

Айдап жөнге салады.

Жалғыз туған Қобыланды

Артық бақыт табады.

Толып жатқан көп жаман

Көп олжаға кенелді.

Қаладан сыртқа шыққан соң,

Көп қосын көшпей бөгелді.

Атадан жаман туғандар,

Екі-үш күн етке тойғандар

Қоста отырып кеңесті,

Кеңескенде не десті:

—Жалғыз жүріп Қобыланды

Қаланы бұзып алдым дер.

Толып жатқан жаманға

Олжаны өзім салдым дер.

Жиып шықты Қараман

Қияттан мың сан нөкер деп.

Қобыланды елге сау барса,

Сәніміз біздің кетер деп,

Ақылдасты көп қият:

—Жалғыз атты қыпшақты

Өлтіріп кетсек нетер?—деп.

Айтса дағы қылмады,

Мұрады қабыл болмады.

Артық туған Қобыланды

Толып жатқан қиятты

Есепсіз малға тойғызды.

Жамандардың бұл сөзін

Қараман біліп қойғызды.

Қобыланды батырдың Қараман құрдасы тұрып Қобыландыға:—Қазанның екі қаласын алдық, тек бұл олжаменен ғана қайту ұят-ты. Осынау жақта Көбікті деген хан бар, оның елсіз далада жатқан көп жылқысы бар, соны да ала қайтайық,—деп ақыл салды. Қобыланды да мұның бұл сөзін мақұлдап, екеуі жүріп кетті.

Ақылдасып батырлар,

Көшпей, тоқтап бөгелді.

Аттанып шыққан қырық мың қол

Көп олжаға кенелді.

Қараман, Қобылан бас қосып,

Көбікті ханның шәріне

Екі көкжал жөнеді.

Қалған қолға тапсырды

Қазаннан алған көп елді.

Базарда болар ақ мата,

Ойнақтайды жас бота.

Көп қосынның ішінен

Қараман менен Қобыланды

Көбікті ханға бет алып,

Сапарланды ел жата.

Көбіктінің көп жылқы

Жатыр екен алдында.

Екі бөрі бас қосып,

Жетіп келді таң ата.

Гүрлетіп жылқы алады,

Айдап жөнге салады.

Таң сарғайып атқанда,

Таң шолпаны батқанда.

Белес-белес қыр екен,

Оқпанды сай жер екен.

Көбіктінің тарлан ат

Жылқы ішінде тұр екен.

Жамандатқыр Тарлан ат

Құйрығын құстай тарады.

Желкесінен қарады,

Бауырынан жарады.

Әуеге қарап есінеп,

«Ием бе?» деп кісінеп,

Жау екенін білген соң,

Сыртына құйрық салады.

Қайта айналып шәріне

Тарлан ат қашып барады.

Жалғаса қуған екеуі

Қарасын көрмей қалады.

Қашып барып Тарлан ат

Шәріге барып еніпті.

Есітті дүбірін Көбікті,

Ат барған соң демікті.

—Үйдемісің, Қарлыға,

Ат ертте,—деп жекіпті.

Базардан келген қасық-ты,

Тарлан атқа Көбікті

Ер салуға асықты.

Ат басындай тас шоқпар

Тақымына басыпты.

Тарлан атты Көбікті

Еріндіктеп алады,

Беліне терлік салады.

Айдауға кеткен жылқының

Артынан қуып барады.

Қобыланды батыр мен Қараман екеуі олжа жылқыларын алдарына салып, ызғытып Сарыөзенге келіп жеткен еді. Қобыланды жолдасы Қараманға:—Мен көптен бері ұйқы көрмей, тыным алмай ат соқты болып қалдым, бір азырақ ұйықтап алайын,—деп, бір таудың бауырына жатып қалды. Қараман батыр жылқыны күзет қылып тұра берді.

Сол уақытта Көбіктінің келуі.

Күн сәскеге жеткенде,

Сарыөзеннен өткенде,

Тау суындай сарқырап,

Ақ сауыты жарқырап,

Тарлан атпен Көбікті

Артынан жетті барқырап.

Көбікті сонда сөйлейді:

—Ел иесіз дедің бе,

Көл иесіз дедіңбе?

Мал иесіз дедің бе,

Жан иесіз дедің бе?

Өрісте жатқан жылқымның

Өрісін бұзған кім еді?!

Жусап жатқан жылқымның

Жусауын бұзған кім еді?!

Батыр жігіт қайдасың,

Батырлар табар айласын.

Сол уақытта Қараман

Көбіктіні шанышпаққа

Қарамандай еріңіз

Оңтайланды найзасын.

Қараман ерлік бастады,

Ерлігін Алла қоспады.

Денесіне тигізбей

Көбікті дінсіз, ит қалмақ,

Қараманның найзасын

Шоқпармен қағып тастады.

Ұмтылуменен Көбікті

Қараманды ұстады.

Көбіктінің ерлігі

Мұсылманнан асады.

Жас күшіктей шыңғыртып,

Қараманды Көбікті

Тақымына басады.

Қулық пенен сұмдықты

Көбікті тағы ойлады.

«Оянып кетсе, болмас» деп,

Қобыландыны Көбікті

Ұйықтап жатқан жерінде

Тоғыз қабат тор салып,

Бекітіп әбден байлады.

Ол уақытта Қараман

Ұйықтап жатқан Қобыланды

Оятуға болмады.

«Енді үзіп кетпес» деп,

Қобыландыны Көбікті

Оятпаққа сайланды.

Түртіп еді Көбікті,

Қобыланды батыр тұрмады,

Ұйқысын Қобылан бұзбады.

Дұшпан деген ойда жоқ,

Жиып алды Көбікті,

Қару-жарақ бойда жоқ.

Хабарсыз жатып дұшпаннан

Басынан өтті дүние боқ.

Аңдаусыз жерде Қобыланды

Бәнде болып дұшпанға,

Табанына тиді шоқ.

Бір уақытта оянып,

Қобыланды батыр көсілді.

Дұшпан деген батырдың

Әлі де жоқ есінде.

Көбіктінің байлаған

Тоғыз қабат торының

Бес қабаты шешілді.

Көбікті тұр таң қалып,

Қобыланды қалды сандалып.

Қобыланды батыр сасады,

Басынан бақыт қашады.

Ыза болып Қобыланды,

Жын қаққанға ұқсады.

Кісен салып Көбікті,

Қараман менен Қобыланның

Аяқтарын тұсады.

Жеті кәміл бабасын

Жад етуге жаңылды.

Не қылса да бұларды

Енді қара басады.

Бұл екеуін Көбікті

Тақымына қысады.

Қос батырдың қос тұлпар

Жылқысына қосады.

Белес-белес бел еді,

Тарлан атпен желеді.

Асып туған қатардан

Көбікті дағы ер еді.

Дұшпанын батыр мұқатып,

Аулына батыр кетеді.

Қалыңнан соққан қарсақтай

Салақтатып Көбікті,

Тақымында қос батыр

Ұлы сәске кезінде

Шәріне кеп енеді.

Көбікті келе сөйлейді:

—Үйдемісің, Қарлыға,

Түздемісің, Қарлыға?

Жер астына бір түсер

Бұл адамның барлығы—

Алланың көп дүр жарлығы!

Қайысқан болат сынғандай,

Желіккен көңіл тынғандай.

Өтірік қандай, шын қандай?

Сені берсем күйеуге,

Екі бәнде әкелдім

Бас жетімге қылғандай.

Көгершін қонып қабаққа,

Сухары беріп тамаққа.

Жауып таста апарып

Алтын кілтті лабаққа!

Қарлыға мінген кер еді,

Маң-маң басып келеді.

Анасы әйел демесең,

Бұл шәһардің бегі еді.

Байлауда жатқан батырды

Екеуін екі қолтыққа

Боғжамаша қысып ап,

Ақырын алып жөнеді.

Көгершін қонып қабаққа,

Сухары беріп тамаққа,

Апарып жауып тастады

Алтын кілтті лабаққа.

Қарлыға екі батырды жауып отырып ойлады: «Мен бұрыннан да мұсылман болуға құмарланып жүрген адам едім, егер бұл екі жігіттің ішінен ер болғандайы табыларлық болса, сонысымен қашып кетейін, болмаса екеуі де лабақта жатып шірісін»,—деді де, қос батырға мынау сөзді айтады.

—Тауда бітер айтатыр,

Ол татырда мал жатыр.

Байлауда жатқан қос батыр,

Мейіз берсем жеймісің?

Далада жатқан жылқымды

Айдап қашқан ермісің?

Қолыңды шешіп, қашырсам,

Қарлыға қыз қашырмай,

Өзім қаштым дермісің?

Қараман сонда сөйледі:

—Менім өзім нашармын,

Түтікпенен аузым ашармын.

Бұл бейнеттен құтқарсаң,

Болайын сізден тасадтық.

Қарлыға, босат қолымды,

Бұл шаһардан қашамын.

Қобыланды сонда сөйледі:

—Хош-аман бол, Қараман,

Сен қашсаң да, мен қашпан,

Ат жолынан адасқан,

Ердің жолын Тәңірі ашқан.

Алты жаста ат мініп,

Он үш жасқа келгенде,

Аман қалған жоқ еді

Қызылбасқа бір жастан.

Қаш, Қарлыға, қасымнан,

Езе берме бұл жақта

Дәулет құсы ұшты деп,

Бір сағат болмай басымнан.

Өшті болған атаңнан

Өшімді алмай, мен қашпан!

Кекті болған атаңнан

Кегімді алмай, мен қашпан!

Кәпірге деп жаратқан

Дұшпан қылып Құдайым

Қобыландыны ол бастан.

Қалам салдым қалтама,

Алты жаста ат мініп,

Он үш жасқа келгенде

Таулар күйіп, тас жанды

Қобыланды деген зарпыма!

Қорған болып туғанмын

Туғаннан-ақ халқыма.

Асықпай тұр Қарлыға,

Бір мінерсің Бурылдың

Жайдақ сауыр артына.

Әуелі Құдай ағындым,

Ата-анамды сағындым.

Жауға бәнде болғаным

Қара басып өзімді,

Ұйқы басып көзімді,

Кәміл пірді жаңылдым.

Омар менен Оспандай,

Ішім толды пұшманға-ай!

Кәміл пірді жад етпей,

Бәнде болдым дұшпанға-ай!

Егер пірді жад етсем,

Дұшпан батар болар ма,

Мендей арыстан қошқарға-ай!

Қараман, барсаң сәлем де

Азулы деген көлдерге,

Асқар-асқар белдерге.

Қараспанды жайлаған

Қалың қыпшақ елдерге.

Жана сәлем дегейсің

Ат жүгіртіп, құс салған,

Найза ұстаған ерлерге.

Жана сәлем дегейсің

Тұлпар мініп, ту алған

Бұрынғы жолдас, бектерге.

«Кәпірге бәнде болды» деп,

Үлкен аға, кіші іні,

Көз салмасын біздерге,

Ей, дариға, дүние-ай!

Асқар-асқар белдерім,

Азулы деген көлдерім,

Қараспанды жайлаған

Қалың қыпшақ елдерім!

Ол елімде көп еді

Тұлпар мініп, ту алған,

Қатар өскен жасымнан

Найза ұстаған бектерім.

Жазым болып, көз жұмсам,

Аға, інім жоқ еді

Кім іздейді көлдерім?

Еске түсіп жылаймын

Неше алуан жерлерім.

Қараман жана сәлем айт,

Мені іздемей жатпасын

Қатар туып, тең өскен

Құрбы туған бозбала.

Бәнде болып жатырмын,

Қазам жетіп, көз жұмсам,

Кәпірлердің айтқаны

Келмеді ме басыма.

Осы емес пе деген сөз—

«Опасыз дүние» ақырда!

Қобыланды сөзін айтып болғаннан кейін, Қарлыға Қобыландыға:—Мен сіз екеуіңіздің аяқ-қолдарыңызды шешіп босатайын. Өзім де мұсылман болып сізбен бірге болайын,—деді де, екеуінің де аяқ-қолын босатып, Қобыландыға «тұр» деп еді, Қобыланды батыр тұрмады.

Қарлыға қыз көтеріп тұрғызуға қолайланып көтеріп қарап еді, бір аяғын да қозғалта алмады.  Қарлыға қыз кеше бір қолыменен көтерген Қобыландының бүгін бір аяғын қозғалта алмағандығына ашуланды. Ақырында жанындағы Қараманға:—Жылқыға барып Тайбурылды алып кел, «ердің жаны атыменен тең» деп кәпірлер айтушы еді, атына қыл бұрау салып шыңғыртсақ, батырдың өзі де шыдап жата алмас,—деді Қарлыға.

Қараман Тайбурылды алып келгеннен кейін, Қарлыға айтқанындай қылып еді, Тайбурыл шыңғырды. Атының даусын есіткеннен кейін Қобыланды батыр шыдап жата алмай:— Не қылсаң да, кәпір, өзіме қыл!—деп ақыра түрегеліп еді, есікті мойнына іле шықты. Қарлыға қыз:—Кел, батыр, үйде жатып жаудан кек ала алмайсыз, атқа мініп майданға шығыңыз!— деді де, өзі жаяу Қобыландылардан қалмай жылқысын айдасып жүре берді. Бұл соныменен доғарыла тұрсын. Енді Қобыланды батырдың әруағына мініп, Тайбурылдың үстінде жарқылдап, олжа жылқыны айдап бара жатқандағы түрін сымбаттап жазылған өлеңді қалдырмайық. Ол өлең мынау:

Артық туған Қобыланды

Тайбурылға мінеді.

Бадана көзді ақ сауыт

Денесіне киеді.

Беліне байлап болатты,

Қарына найза іледі.

Қараман мен екеуі

Арманда қалған қос батыр

Көбікті ханның жылқысын

Және де айдап жөнеді.

Артық туған Қарлыға

Боз жорға аттай ырғалып,

Асқар-асқар бел қалып,

Ата-ана, қарындас,

Қалың шәһар ел қалып,

Туып-өскен жер қалып,

Қобыланды еске түскенде

Қыздың шері қозғалып.

«Бір жасаған Құдайым,

Һәр іс салса көнем,—деп,

Арманым жоқ дүниеден

Қобыландымен бас қосып,

Бірге жүріп өлсем»,—деп,

Өзі жаяу Қарлыға

Қос батырға қосылып,

Әкесінің жылқысын

Бірге айдасып жөнеді.

Құба дөңнен өткенде,

Сарыөзенге жеткенде,

Көбіктінің Тарлан ат

Әуеге қарап есінеп,

Ием бе деп кісінеп,

Жау екенін білген соң,

Жылқы ішінде ала-ды,

Қайта айналып шаһарға

Тарлан ат қашып барады.

Жалғасып қуған екеуі

Қарасын көрмей қалады.

Өзі жаяу Қарлыға

Тарлан аттың артынан

Бұ да салды қалаға.

Ат та енеді қалаға,

Қыз да кірді қалаға.

(Өтірік емес, жан аға,)

Қыздың көңілі көп ғашық

Қобыланды сынды балаға.

Тарлан аты қашып келіпті,

Есітті дүбірін Көбікті.

Ат барған соң Көбікті,

—Ат ертте,—деп желікті.

Сол дыбыспен Қарлыға

Әкесіне келіпті.

Қарлыға келіп сөйлейді:

—Көзге түсер биік там,

Таң болар мені көрген жан.

Ұйқымды бұзба, атажан,

Сорлы атам, неге желіктің?

Өзім жаңа байладым—

Өзіңе серік тұлпарың

Жем жейін деп келіпті.

Осы сөзбен Қарлыға

Көбіктіні жатқызды,

Әбілетке батқызды.

Тарлан атқа Қарлыға

Алтын тұрман ер салды,

Аз ғана азық жем салды.

Қобыланды еске түскенде

Қыздың шері қозғалды.

Ақмоншақ атқа мінеді,

Ноғай бөркін киеді,

Төбе шашын түйеді.

Ақ сүңгісін қолға алып,

Оқ жыландай толғанып,

Қобыландыға қосылып,

Әкесінің жылқысын

Бірге айдасып жөнеді.

Сарыөзеннен өткенде,

Күн сәскеге жеткенде

Құнан да аттың тынысы

Оттамайды, жусайды,

Бүгжеңдеп жүрмей келеді

Жамандатқыр көк бесті.

Қашаған көктің інісі

Жылқы ішінде ала-ды,

Қылшаң жүнді қара-ды.

Әуеге қарап есінеп,

Ием бе деп кісінеп,

Жау екенін білген соң,

Құйрығын құстай тарады,

Желкесінен қарады,

Бауырынан жарады.

Қайта айналып көк бесті

Шәһаріне қашып барады.

Жалғаса қуған үшеуі

Қарасын көрмей қалады.

Қашып барып көк бесті

Шәріне барып еніпті.

Есітіп дүбір Көбікті,

Ат барған соң желікті.

Кеткенін біліп қызының

Қаһарланып Көбікті,

Көк бесті атқа ер салды.

Азғана азық жем салды

Ат басындай тас шоқпар

Көбікті батыр қолға алды

Көбікті мініп атына,

Бұрынғы тартып салтына

Жылқысын алған ерлердің

Көбікті түсті артына.

Көк бесті ат қашып кеткеннен соң, Қарлыға Қобыландыға:— Сен әкемді хайламенен өлтірмесең, күшпен өлтіре алмайсың, әкемнің үстіндегі ақ сауытты өзім соғып едім, кіндік тұсынан үш көзін кем соғып едім, сол жерінен болмаса, өзге жерінен оқ өтпейді,—деді. Қобыланды Қараманға жылқыны топтатып айдатып жіберіп, өзі Аллаға тәуекел қылып, келер жаудың жолын тосып, қасқайып тұра берді.

Көбікті ханың келеді,

Белес-белес бел еді,

Өзінің кәпір халқына

Белгілі болған ер еді.

Бірде шауып желеді,

Ұлы сәске кезінде

Тау суындай сарқырап,

Ақ сауыты жарқырап,

Қобыланды сынды батырдың

Үстіне келді барқырап.

Қобыланды сонда сөйлейді:

—Басымнан дүние өттің бе,

Шын бұйрығым жеттің бе?

Өлшеулі күнім біттің бе?!

Қысылған жерде жар болмай,

Ықылас ата шашты Әзиз,

Жеті кәміл пірім-ай,

Сарт болып-ақ кеттің бе?!

Сыңғыр қолым сынды ма,

Шыққыр көзім шықты ма?!

Жалғыздық қайғы басымда,

Жолдасым жоқ қасымда.

Мұндай қайғы көрмедім,

Өзімнің өмір жасымда.

Жалғыз шығып елімнен,

Артықша жедім уайым.

Шыбыным сізге аманат,

Жарылқаушы Құдайым!

Пірлеріне сиынып,

Артық туған Қобыланды

Қорамсаққа қол салды,

Бір салғанда мол салды.

Көп оғының ішінен

«Сұр жебе» деген оқ алды.

Суырып алған сұр жебе

Көп оғына жол салды.

Кезегендей кезеді,

Созаған-ай созады.

«Қалмақы ердің қасы,—деп,

Ақмоншақ аттың басы,—деп,

Қақ жүректің тұсы,—деп,

Өлер жерің осы»,—деп,

Толықсып келген кәпірді

Артық туған Қобыланды

Толғап атып салады.

Кірістен шығып кетеді,

Кәпірге таман жетеді.

Қобыландының оғымен

Көбіктінің кеудесі

Ұшып бірге кетеді.

Анда қалды бөксесі,

Оқпен кетті кеудесі.

Артық туған Қобыланның

Қабыл болды тәубесі.

Кәпірлерге Қобыланды

Жасынан-ақ жау еді.

Қылыш шауып, оқ атып,

Дұшпанын алды мұқатып.

Қобыландыны бұл сапар

Жасаған Құдай қалады.

Көп сиынып, жад етіп,

Жеті кәміл бабаны.

Көбікті кәпір дінсіздің

Оқпен түскен кеудесі

Анадай жатқан шылбырға

Еңбектеп кетіп барады.

Шылбырын қолға алады,

Оқпен түскен кеудесі

Қару қылар қуат жоқ,

Қобыландыға қарады.

Қобыланды мініп атына,

Суырып алып қылышын,

Көбіктіні шабады.

Ерегескен дұшпанын

Мұқатып әбден алады.

Қақ маңдайға Қобыланды

Қылышыменен салады.

Қозғалуға дәрмен жоқ,

«Қызың жетсе он беске

Атып өлтір бетбақты».

«Өлтірме» деп Көбікті

Сақалын жұлып жылады.

Қобыланды басқа шапқан соң,

Көбіктідей батырдың

Екі қолдан әл кетіп,

Жаһанамға жан кетіп,

Шоқпары түсіп қолынан

Топырақ қаба құлады.

Көбіктіні өлтіріп,

Сәтіне ісін келтіріп,

Ақмоншақ атты жетелеп,

Жүруге жолын төтелеп,

Қарлығаға қосылып,

Жібектей болып есіліп,

Қарлыға менен Қобыланды

Аударыспақ ойнайды.

Артық туған Қобыланды

Ерегескен дұшпанын

Басын жоймай қоймайды.

Белес-белес бел еді,

Белгілі болған ер еді.

«Қобыландыдан артық па

Өліп кетсе жаным»,—деп,

Алдында бір тоғайда

Қараман тосып тұр еді.

Қобыланды менен Қарлыға

Үстіне жетіп келеді.

Қараман шықты алдынан:

—Жылқы жайдым жапанда

Асқар үлкен тауға,—деп.

Артық туған Қобыланды,

Қайрат қылдым жауға,—деп.

Жетіп келді Қараман:

«Құрдасжан бізге сауға»,—деп.

Қобыланды сонда сөйлейді:

—Жая менен жал құрдас,

Шекер менен бал құрдас.

Көбіктінің көп жылқы

Олжаға қоспай ал, құрдас.

Қараман сонда сөйлейді:

—Мал саттым базар бөзіне,

Салсаң жылқы тоқтайды

Арқаның бөрі көзіне.

Жаман-жақсы айтсам да,

Наз етемін өзіңе.

Олжаның келдім кезіне,

Құлағың сал сөзіме.

Көзің қиып берсеңіз,

Құрдасжан, сауға өзіме.

Қобыланды сонда сөйлейді:

—Құртқа баққан Тайбурыл

Астымда дөнен мінгенім.

Тайбурылды мінген соң,

Дұшпанға теңдік бермедім.

Он үш жасқа келгенше

Басыма келген кемшілік

Көбіктіден көргенім.

Ата-ана, көп елім

Хабарсыз жатыр жерінде,

Көп қайғының ішінде.

Менің бүйтіп жүргенім

Мынау тұрған Қарлыға,

Ата-ана, көп жұртын

Қиып еді мен үшін

Артықша тиіп пайдасы.

Көбіктінің өлгені

Қарлыға қыздың айласы.

Көбіктінің көрдің өлгенін,

Тәңірім бақыт бергенін.

Қызметі көп еді,

Артықша мақтап айтпаймын.

Көбіктінің Қарлыға

Өзі сүйсе берейін.

Қарлыға жауап айтқанша,

Қараман келіп сөйлейді:

—Мұңлық пен Зарлық,—деп,

Түйенің көркі—нарлық, деп,

Жүктің көркі—сандық, деп.

Сауға тілеп, өтініп,

Құрдасымнан қыз алдым

Татулыққа таңдық деп.

Қарлығаны Қараман

Жетектеп ала жөнелді,

 «Құрдасжан берді, алдық»,—деп.

Мінген аты дөнен-ді,

Үшеуі тоқтап бөгелді.

Азырақ тұрып сөйлесіп,

Болғаннан соң үш көкжал,

Көбіктінің жылқысын

Гулетіп айдап жөнелді.

Ақ сүңгісі шимайлы,

Кейін қалды көп елі.

Түнімен айдап жылқыны,

Ертең дәл түс болғанда,

Қазаннан алған көп малмен

Жат деп кеткен жерінде

Жатыр екен көп қосын.

Көбіктінің жылқысын

Гулетіп айдап келеді.

Ақ бөкендей жосылды,

Қияттан шыққан көп қолға

Үш көкжал келіп қосылды.

Атқа мініп желгендей,

Ер қадірін білгендей

Қобыландымен ісі жоқ.

Құрметтейді көп қият

Қараманды сол жерде,

Қызды өзі алып келгендей.

Нәсілі жаман көп қият

Қараманды көтеріп,

Ат үстінен алады,

Астына мамық салады.

Қобыланды сынды батырдың

Атын ұстар кісі жоқ.

Нәсілі жаман көп қият

Бұл батырмен ісі жоқ.

Мінген аты қызыл-ды,

Іс тағдырға сызылды.

Олжаға көңілі біткен соң,

Толып жатқан көп қият

Көшпекке көңілі бұзылды.

Байдың қызы жамылар

Масаты шекпен қамқадан.

Қобыландыменен ісі жоқ,

Үдере көшті көп қосын.

Керуен барып қонған соң,

Артық туған Қобыланды

Жалғыздық айтып жабығад

Бір Тәңірге зар қылып.

Жалғыздық жаннан өткен соң,

Сүйекке намыс жеткен соң.

Қарамандай құрдасы

Көп қиятқа бас қосып,

Есіне алмай Қобыланды,

Көптік етіп мастанып,

Жалғыз тастап кеткен соң,

Қобыланды жылап сөйлейді:

—Опасыз дүние осы ма?

Жалғыздық түсті басыма.

Толып жатқан қияттан

Жан келмейді қасыма,

Жаман да болса, дүние-ай.

Көптің ісі бітеді,

Жалғыздың ісі жетеді.

Еңбекпен тапқан олжамды

Қияттар алып кетеді.

Ақылсыз туған мен ақымақ

Бүйтіп жалғыз жүргенше,

Қараспанды жайлаған

Жалғасы келесі бөлімде: Қобыланды батыр жыры (толық нұсқа) - Марабай жырау ІІІ бөлім

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. mail@e-history.kz 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English