«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жаңалықтар

Бір суреттің тарихы. Насыр Қоқымбеков

784
Бір суреттің тарихы. Насыр Қоқымбеков

66a6de93d170b599248050aab5fa0b85.jpg

17.04.15

Менің атам Насыр Қоқымбеков тірі кезінде 9 мамыр мерекесін жыл сайын асыға күтуші еді. Бұл күні омырауына барлық орден-медальдарын тағып, бізбен соғыс туралы естеліктерімен бөлісіп, альбомдағы суреттермен жекелеп таныстырып, әңгімелегейтін. Альбомға қарап отырып сөйлегенде соғыстың сұрапыл күндері еске түсіп, бірге жүрген және қайтыс болған жолдастарын сағынып, көңілі бір босап қалатын. 

Ұлы Жеңіс күні - фашистерді жеңген күн ретінде бағалы. Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ азаматтарының ерліктері мен есімдері айтылып, теледидардан да көрсетілуде. Осы Ұлы Жеңістің- 70 жылдығына орай мен де өз атам туралы айтпақпын. Атам  өзінің өмірбаянын өз қолымен жазып қалдырған қолжазбасы үйімізде әлі күнге сақталып тұр және онда былай деп баяндалады: «Мен, Қоқымбеков Насыр, 1924 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданында өмірге келдім. Ашаршылық жылдарында әке-шешем қайтыс болды. Ата-анамнан жалғыз қалдым. Мені Фрунзедегі балалар үйіне қабылдады. 1930 жылы Пржевальскідегі Дзержинский атындағы балалар үйінде 1941 жылға дейін тәрбиелендім және сонда тәрбиеші де болдым. 1942 жылы маусым айында өз еркіммен әскерге сұранып, армия қатарына қабылдандым. Осы жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында Сталинград шайқасына қатыстым. Содан кейін Уфа қаласында кіші командирлер оқуына түсіп, оны үздік бітірдім. 1944 жылы офицерлер оқуына жіберілдім. Сталинград майданында 333-дивизия 1016 артиллериялық полкте барлаушы қызметін атқардым»-деп жазылған еді. 

c9d0d4654669376a29e27b272c887958.jpg

527d7f4442e60c63eb9d16a63cdff5b9.jpg

Атамның әскери шені — майор болған. Ұлы Отан соғысыны ІІ дәрежелі ордені мен Сталин және Маршал Жуков медальдарының иегері. Ұлы Отан соғысының жан беріп, жан алысқан қиян-кескі майданында асқан ер жүректілігімен, әділетсіздікке қаны қас, қиындыққа қайтпас қайсарлығымен көзге түскен атам Отан алдындағы өз борышын адал өтеп, жеңіспен оралып, кеудесіне 12 түрлі медаль тағып келді. Соғыстан 1947 жылы оралады. Соғыстан кейін Алматы қаласындағы Қазақтың Абай атындағы Мемлекттік педагогтік институтына түсіп, география мамандығын алып шығады. 1947-1988 жылдары ұстаз, директордың оқу- тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Жас ұрпаққа тәрбие беру саласында 50 жыл еңбек еткен. 

Соған дәлел ретінде 1947 жылы Шу ауданындағы Шоқпар станциясында қазіргі № 18 Мұхтар Әуезов мектебінде біраз жылдар мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Бұл сол кездегі ең бір абыройлы, беделді мамандықтардың бірі. Сол кездің өзінде-ақ еңбекқорлығымен, өз қызметіне деген ынта жігерімен, дарынымен көзге түскен жас жігітке аса жауапты қызметтер сеніп тапсырылған. Ауылдық кеңестің депутаты, мектепте кәсіподақ ұйымының төрағасы, партия комитетінің хатшысы жұмыстарын атқарды. Бірнеше жыл ұстаздық жұмыс жасап, одан кейінгі уақытта директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Осы жылдарда оқу министрлігінің «Құрмет грамотасымен» Қазақ СССР оқу-ағарту ісінің үздігі төс белгілермен марапатталды. 

Жұмысына адал, жастарға үлгі-өнеге, жанашыр аға өзіне дейінгі де, кейінгі кісілерге пайдасын тигізді. Зейнетке мектеп табалдырығынан шықты. Қаншама үлгілі, үздік шәкірттер тәрбиелеп ұшырды. Сол шәкірттері қазіргі таңда бір-бір қызметтің иелері. Олар: Болат Бодаубеков- журналистика саласында еңбек еткен. Жанабаев — Казпотребсоюз басшысы. Джасыбаев Бөкенбай — "Қазақстан темір жолының" Алматы жолаушылар-тасымалы директоры, Онланбаев Усен - ПЧМ бастығы. С. Иманбердиев — Халық шаруашылық институтында кафедра меңгерушісі. Усенбаев Мақсұт - № 18 М.Әуезов орта мектебінің директоры болған. Ченсизбаев Сәрсенбек — құрметті теміржолшы. Абирбаев Қойтан — байланыс бөлімшесінің бастығы. Куляшбекова - Алматы мал дәрігерлік институтының меңгеруші. Қауменов Ораз Шоқпар стансиясында Ораз Жандосов мектебінде мұғалім қызметін атқарады. Бұл кісілерді білетін себебім, кезінде атам осы кісілерді менің шәкірттерім, олар осындай қызметтер жасайды деп, үлгі ретінде, әрі шәкірттерінің мәртебесіне риза болып айтып отырады екен. Жолы түскенде кейбір шәкірттері үйге келіп аман-саулығын сұрап, мектептегі түлектер кездесулеріне де алып баратын.

Соғыс — адам жанын қинайтын ең ауыр, ең ащы азап. Осы соғысқа Кеңес Одағының миллиондаған адамы қатысты. Солардың ішінде қазақ халқының батыры, атамыз Бауыржан Момышұлы да болды. Міне, менің атам осы кісімен соғыстан кейінгі уақытта бірге демалыс орындарына демалуға барған кездегі қызықты кездесулері , жарасқан әңгімелері туралы қызықтыра баяндап бергенде біз беріле тыңдаушы едік. 

Атам бар кез қызық өтуші еді, сол кездер есіме түссе қатты сағынамын. Атам бізді мынау үлкен, мынау кіші деп бөлмейді, бәрімізбен бірдей әңгіме айтатын. Балалық шағы, ата-анасымен бірге өткізген күндері, ата-анадан жастайынан айырылып, ашаршылық жылдарына тап болған. «Аштықта жеген құйқаның аузыңнан дәмі кетпес»-демекші нанға зар болған небір қиын күндерді, одан кейінгі күндерде балалар үйіне тәрбиеленгенін, балалар үйіндегі өткен күндерін айтып еске түсіретін. Содан бір әңгімесінде бірде атам Пржевальскідегі Дзержинский атындағы балалар үйінде жүрген кезінде қасындағы дос баласы екеуі далада өсіп тұрған жас емен ағашына өз аттарын ойып, таңба қалдырып кеткен екен. Кейін уақыт өте келе ауылында мұғалімдік қызметте жүрген кезде өзі өскен балалар үйін көруге барады. Қайтар уақытта сол бала кезінде таңбасын қалдырған емен ағашына барса ағаш жазылған жазуымен бірге үлкейіп өсіп кеткен екен, Бала кезінде қалдырған таңбасының сол күнге дейін тұрғанына таңғалғаны тағы бар. Одан кейін сұрапыл соғыстың халыққа тигізген зардабы туралы айтып, өзі болған Сталинград түбіндегі болған ұзақ кескілескен шайқаста ыстық- суық демей, күн-түн демей,қар-боран демей соғысқан күндерді, халық басына туған ауыр күндерді жаны, жүрегі ауыра жеткізетін. 

Жеңіс бізге қаншама миллион адамдардың төгілген қанымен келді. Соғыс салған қасірет әрбір жанұяның тарихында із қалдырды. Ұлы Отан соғысы тарихы туралы қаншама шығарма жазылып, қаншама кино түсіріліп жатса да оның тарихын еш уақытта ұмытпаймыз. Міне, менің атам осындай ер жүрек, батырлығымен еліне оралып, еліне көптеген еңбегін сіңіріп, артына мол мұра, өшпес өнеге, көптеген білімді шәкірттер, ұрпақ қалдырды. Өмірден өткен атам биыл 89 жасқа толып отыр. Жыл сайын туған күніне балалары, туған-туысқандары жиналып атамның естеліктерін айтып, суретті альбомдарын сағына ақтара ашып сырласады. Суреттегі әр бейне әр кезді баяндап айтып тұрғандай сыр шертеді. Суретті альбомға қарап отырып мынандай ойға келемін: «Менің атам осы өмірінде қаншама іс тындырған»- деп қайран қаламын және болашақта мен атамның ұстаздық жолын жалғастырамын, халқыма зор пайдамды тигізіп, көптеп үлесімді қосамын.

9169ebad523e1f36542375b055cf1030.jpg

Асылхан Әсел Асылханқызы,

Жамбыл облысының Шу қаласындағы №49 негізгі мектеп

«Бір суреттің тарихы» фотожобасына қатысыңыз, біз сіздің оқиғаңызды жарыққа шығарамыз.



Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. mail@e-history.kz 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English