Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мағаз Разданұлының үш томдық «Таңдамалы шығармалары» таныстырылды

1170

 Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақ әдебиетінің аса бағалы қазынасы – Мағаз Разданұлының үш томдық «Таңдамалы шығармалары» таныстырылды. 

Мағаз Разданұлы – ХХ ғасырдың екінші жартысында Қытайдағы қазақ руханиятының ауыр жағдайын басынан кешкен, ұлттың жаны мен сөзін арқалаған санаулы қаламгердің бірі. Оның әр шығармасы арғы беттегі қандастарымыздың мұңы мен сағынышы, шері мен арманынан өрілген көркем шежіре.

Бүкіл ғұмырын қуғын-сүргін мен еңбек лагерінде өткізсе де, қолына қалам алғанда туған топыраққа деген махаббатын ұмытпады. Оның шығармалары – Алтайдың ақиықтарын жырлаған рухани ескерткіш, заман шындығын шежірелеген көркем құжат.

«Сарыбел», «Ата заман сөйлейді», «Алтайдың ақиықтары», «Арман-ай» секілді туындыларында Мағаз Разданұлы ұлттың тарихын, болмысын, табиғатпен үндестігін, адам мен қоғам арасындағы күрделі байланыстарды өзіндік үнмен өрнектеді.

Жазушының шығармалары алғаш рет академиялық форматта жинақталып, кирилл графикасына түсіп, кең аудиторияға ұсынылуы – үлкен әдеби жетістік. Жиналған жұрт игілікті істің басында жүрген тележурналист, зерттеуші Қуаныш Ілиясұлына және «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорына алғыс білдірді.

Қытай қазақ әдебиеті – қазақ әдебиетінің бөлінбес бір саласы. Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Асқар Татанайұлы, Жақсылық Сәмиұлы, Омарғазы Айтанұлы, Күнгей Мұқажанұлы, Қабылқақ Күлмесқан сынды ірі қаламгерлермен бірге Мағаз Разданұлының орны да биікте. Оның шығармашылығы тек әдеби мұра ғана емес, ұлттық сана мен тарихи жадты сақтаудың жарқын үлгісі.

34 жасында қуғынға түсіп, 55 жасында туған жерге оралған жазушының өмірі – қасірет пен қайсарлықтың көрінісі. Оның қаламынан туған әр жол – туған топыраққа тағзым, ұрпаққа аманат. Бұл әдеби кеш бір жазушыны еске алу ғана емес, ұлт тарихына сәуле түсірген тұлғаны қайта тану.

Фотоматериалдың авторы: Артем Чурсинов