Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Октябрь Революциясы орденін иеленген қазақтар

2291
Октябрь Революциясы орденін иеленген қазақтар - e-history.kz
«Қызыл қазанның» 50 жылдығы қарсаңында ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Ленин орденінен кейінгі аса маңызды орден бекіту туралы шешім қабылдады

Октябрь Революциясы ордені 1967 жылғы 31 қазанда бекітілді, ал 4 қарашада бірінші рет табысталды. Октябрь Революциясы орденінің бірінші кавалерлері – Ленинград пен Мәскеу сияқты батыр-қалалар болды. Бұл орденді 19-22 желтоқсанда одақтас РСФСР мен Украина республикалары иемденсе, 1968 жылғы 22 ақпанда «Аврора» крейсері иеленді.

Сол күні  Иван Баграмян, Александр Василевский, Филипп Голиков, Андрей Еременко, Георгий Жуков, Иван Конев, Николай Крылов, Кирилл Мерецков, Кирилл Москаленко, Константин Рокоссовский, Василий Соколовский, Семен Тимошенко, Василий Чуйков, Константин Вершинин, Николай Воронов және Сергей Горшков сынды 16 жоғары әскери қолбасшы, Совет Одағының маршалдары марапатталды.

Орден жарғысы

Октябрь Революциясы орденімен ССРО азаматтары, кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар және еңбекшілердің басқа да ұжымдары, әскери бөлімдер мен құрамалар, сонымен қатар республикалар, өлкелер, облыстар мен қалалар марапатталған. Бұл орденмен шетел азаматтары да марапаттала алады.

Орденмен белсенді революциялық қызметі, Совет үкіметін құру мен нығайтуға қосқан зор үлесі үшін; 

социализм мен коммунистік құрылысты құрудағы ерен еңбегі үшін; халық шаруашылығы, ғылым мен мәдениет саласындағы зор жетістіктіктері үшін; Совет мемлекетінің жауларымен ұрыста көрсеткен ерекше батылдығы мен ерлігі үшін;

ССРО қорғаныс қабілетін нығайтудағы ерен еңбегі үшін; ерекше жемісті мемлекеттік және қоғамдық қызметі үшін;

Совет Одағы мен басқа мемлекеттер халықтары арасындағы достық байланыстарды, халықтар арасындағы бейбітшілікті жан-жақты дамыту мен нығайтуға бағытталған белсенді қызметі үшін Октябрь Революциясы орденімен марапатталады.

Октябрь Революциясы ордені сол жақ кеудеде, Ленин орденінен кейін тағылады. Марапатталған кісі қайтыс болғаннан кейін Октябрь Революциясы ордені отбасында қалады. Орденнің бетінде жалғыз ғана «Аврора» крейсері бейнеленген. Орден бесбұрышты жұлдыз пішіндес. Жұлдыз алтын жалатылып, қызыл эмальмен боялған, ал фондағы бесбұрыш күмістен жасалған. Орденнің жоғары жағында қызыл туға «ОКТЯБРЬСКАЯ РЕВОЛЮЦИЯ» деген жазу жазылған. Орденнің төменгі жағында коммунистік белгілер – орақ пен балға орналастырылған.

«Аврора» крейсері

Орденнің көп бөлігі күмістен жасалған, ал орақ пен балға алтын, күміс, палладий мен мыстан жасалған. Мысалы, 1975 жылғы үлгі 28 г күміс пен 0,2 г алтыннан тұрады. Орден 106 462 рет берілген. Осының ішінде тек 24 адам ғана орденді екі мәрте иеленген.

Олардың ішінде 28 жыл бойы ССРО Байланыс жолдары министрі Борис Бещев, Бас хатшы Леонид Брежнев, генералдар Игорь Илларионов пен Виктор Меримский, адмиралдар Николай Ховрин мен Борис Ямковой, дипломаттар Анатолий Ковалев пен Владимир Павлов, советтік танктердің құрастырушысы Жозеф Котин, астроном Андрей Северный және актер Иосиф Туманов.

Қазақтар да бұл орденді иеленген. Олар: ССРО құрметті мұнайшылары Ғазиза Әбдіразақова, Базарбай Қосмағамбетов, Сафи Өтебаев және қазақтың тұңғыш және соңғы советтік ғарышкер Тоқтар Әубәкіров.

Еліміздің мемлекет және партия органдарының қызметкерлері де марапатталған. Олар: ҚазССР-і ОК-нің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев, ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағалары Исатай Әбдікәрімов пен Мақтай Сағдиев, Министрлер кеңесінің төрағалары Байкен Әшімов, Елубай Тайбеков пен Өтешқали Атамбаев, ОК екінші хатшысы Сағидолла Қубашев, обкомдардың бірінші хатшылары Кеңес Аухадиев, Қосай Егізбаев, Оразбек Қуанышев, Қасым Төлебеков, облыстық атқару комитеттерінің төрағалары есен Тасқынбаев пен Рахымжан Шаяхметов, ҚазССР-і орман және ағаш өңдеу өнеркәсібінің министрі Молдан Әлдербаев және Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов.

Көптеген ғалымдар да осы орденмен марапатталған. Олардың ішінде техника ғылымдарының докторы Әбілқас Сағыновтың, ҚазССР еңбек сіңірген өнертапқышы махмұт Ақбиевтің, ҚазССР ғылымы мен техникасына еңбек сіңірген қайраткер Әбікен Бектұров, Қазақстанның энергетика ғылымының негізін қалаушы Шафик Шоқин, металлургия саласының мамандары Айтмұхамед Абдуллин, Асқар Қонаев, Әшім Омаровтардың есімдері ерекше аталады.

Орденмен Әлжаппар Әбішев, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Олжас Сүлейменов сынды жазушылар, Әбділда Тәжібаев пен Асқар Тоқмағамбетов сынды ақындар, Ораз Әбішев, Кәукен Кенжетаев пен Сералы Қожамқұлов сияқты актерлер мен режиссерлер, СССРО Халық әртістері Сыдық Мұхамеджанов пен Ермек Серкебаев, суретші Әбілхан Қастеев, мүсінші Хакімжан Наурызбаев сияқты көптеген мәдениет пен өнер қайраткерлері де марапатталған.

1991 жылғы 21 желтоқсанда Октябрь Революциясы ордені соңғы рет табысталған. Қазақ тау-геологиялық экспедициясының бастығы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Аймағамбет Ойнарбаев (суретте) орденнің соңғы иегері атанған.

24 жылдың ішінде бұл орденмен 106 462 адам марапатталған.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?