Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақ патшаның алдында

1806
Ақ патшаның алдында - e-history.kz
1873 жылдың қаңтарында патшалық Ресейдің астанасы Санкт-Петербург қаласына Семей губерниясына қарасты Зайсан уезінен 18 адамдық делегация келіп жетеді

Кенесары көтерілісінен соң, қазақ даласындағы хандық жүйе біржола күйреп, Ресей патшалығының отарлық саясаты күшейе түсті. Бір жағынан сол кездерде хан тұқымы, ақсүйекпіз дейтін төрелер әр руды жеке билеп, хандық билікті әлсіретті. Зайсан, Тарбағатай және Көкпекті өңірлерінде де төрелер ықпалы о баста күшті болғанмен, артынан қожырады. Ресей заңдары елдің ішкі ісіне араласқанда бұрынғы ықпалынан айырылды. Бұлар тіпті Кенесарыға қосылуға да ниет білдірмеді, артынан әскер шығарып қумады да. «Төресіз ел болмайды» деп сеніп келген қазақ арасына патша шенеуніктері жаңа саясатты қолданды. Солай бола тұра ел есінде Байжігіттер төресі Қамбар, Төртуылдар төресі Дайыр деген түсініктер ұзақ уақытқа сақталып қалды.  

Сонымен не керек, 1873 жылғы қаңтар айының басында Зайсан, Тарбағатай және Көкпекті өңірінің игі жақсылары артынып-тартынып, ұлық патшаға өздерінің адал сезімдерін білдіру үшін арнайы орталыққа келіп жетеді. Бұларды Зайсан приставы* бастайды. Ен даланың еркін қазақтары сән-салтанаты жарасқан қалаға алғаш рет келуі. Олар алып шаһардың жарқ-жұрқ еткен сәулетіне, самаладай жарқыраған жарығына, қала тәртібіне сүйсіне жүріп, өздеріне әзірленген үйге жетеді.

Қазақтарға арнап дайындалған үй екі қабатты еңселі үй, баспалдақпен жоғарыға көтерілуі тиіс еді, келген делегаттардың арасында денесін май басқан, семіздері әлгі баспалдақтан көтеріле алмады. Күтіп жайғастырушы тарап та бұл жайттарды алғаш көріп, таңдай қағып жатты. Келіп үйге орналасқан соң олардың арасында ас-тағам жөнінде қиындық туған көрінеді. Биік жасалған үстелдер мен орындықтарға, әс үйде әзірленген дәмі тіл үйірген түрлі тамақ атаулыға сенбеген дала шонжарлары біршама уақыт қауқылдасып уақыт алған екен. Қош, сонымен уақыт өте патша әкімшілігінің шенеунігі* мен тілмаш есауылдың* араласуымен екі жақ та тіл тауып, мұндай кіші-гірім мәселе шешімін табады.

Ақыр аяғында барлығы орнығып болған соң, мемлекет императорымен кездесу күні де белгіленеді. Қаңтар айының 7 күні болатын шоқыну парадында олар императормен кездесетін болып келісті.

Көрген жандардың естеліктеріне қарағанда, шеруге қатысқан дала шонжарларының сыртқы салтанаты мен жүріс-тұрысы таңғажайып сәтке бөлеген. Қазақ әйелдерінің бар өнерін салып жасаған киімін киіп шыққан қазақ сұлтандары мен жақсылар дүйім жұртты шынымен сүйсіндіргендей еді. Жұмсақ та барқыт матадан тігілген шекпен-шапанның не түрі, пүліш, батсайы дей ме, алуан түрлі матадан тысталған сырт киімдер, оюлы, өкшелі саптама етіктер, шошақ тымақтар, түкті бөріктер, айыр қалпақтар мен алтыннан жасалған сөмкелер, кеуде толы күміс медалдардың сылдыры, оған жалғасқан хас шеберлердің қолтаңбасындай шынжырлы тізбектер сыңғыры, кавалериялық қылыштардың жарқылы қараған жанның есін алғандай айбатты да салтанатты еді.

Парад аяқталғаннан кейін қазақтарға қамал ішінде  дастархан жайылып, белі майысқан үстел үстіндегі тәтті жеміс-жидекпен бірге шай беріледі. Келесі күні олар Императордың қабылдауында болды. Кездесу патша сарайының ақ залында Батыс Сібір генерал-губернаторлығының депутаты және Ішкі істер министрінің қатысуымен өтті.

Делегация құрамындағы жас үлкені, жолы да даңғылы сұлтан: «Аса құрметті император...» деп сөз бастады. Император одан орыс тілін қаншалықты білетінін сұрағанда, ол әрең сөйлеп тұрған екен. Сұлтанның қиналған жүзіне зер салып қараған император ары қарай қинауды жөн көрмей, арнайы аудармашы алдырады.

Қазақ сұлтаны*: «Біз Қазақ Даласының ең таңдаулы, игі жақсылары болып келдік. Сізге көптеп алғыс айтамыз. Сіздің ашық жүзіңізді өзімізбен туған жерімізге алып қайтамыз. Сізге бас иеміз» деді сөзін жалғап. Одан кейін ол: «Сізге келе жатқанда аспанда қанша жұлдыз болса, сонша адам сізді мадақ тұтатынын байқадық. Және өзімізді өте бақытты сезіндік» деп императордың атына біраз жылы лебіздерін арнады.

Осыдан кейін жаңа «Ережелер» үшін алғыс жаудыруға шыққан дала өлкесінің басқа да қазақтары «Сіздің ерліктеріңізді тыңдай келе, сізге үлкен алпауыт империяның жан-жағынан келетін неше түрлі мақтаулы сөздерге қосыламыз. Бізден де осындай жылы сөздерді қабыл алыңыз» деп патшаға мадақ айтты.

Ал император тарапынан қазақтарға қандай сөз айтылды, не дегені жайлы нақты ақпарат жоқ. Кездесу осындай ауанда өтіп, алғыс айтудан басқа мәселе көтерілмегенге ұқсайды.

Бұдан соң келген қонақтарды қаланың көрнекті жерлерімен, музейлермен, тарихи орындарымен және оқу ордаларымен таныстырады. Делегация Петербургтегі Нейакиев шіркеуіне, зоологиялық мұражайға, қоғамдық кітапханаға және инженерлік қамалға барады. Олар кітапхананың шығыс бөлімінің қазыналарын қызығушылықпен қарап, әсіресе, көне де қасиетті Құранға ерекше назар аударады. Бұдан шығып, Мариндік театрға барып «Патша үшін өмір» қойылымын тамашалап, күнді жақсылап өткізеді. Қала халқы жиі жиналатын цирк театрына қатарынан екі күн барып, тамашалап, мәз-мейрам болап қайтады. Еркіндікке берілген бос уақыттың бірін патшаның фарфорлық зауытына барып, жұмыс барысын өз көздерімен көріп қайтады.  

Қыр қазақтарының патша сарайындағы кездесуі мұнымен бітпейді. 17 қаңтар күні олар «ұлы» Владимир Александрұлы князға таныстырылады. Князь қазақ сұлтан-билеушілерімен сөйлесу барысында 1868 жылы жорықтарында Дала өлкесінің шығыс бетіне бармағанына өкінетінін айтты. Қазақтардың арасында орысша біршама білетін бір жас сұлтан* князьға өзінің сұлтан әкесінің атынан сәлемдеме жасады. Одан соң ол «ұлы князьға» сұңқар құспен қатар бұлғын және түлкінің терісін сыйға тартады.  

Ақпанның алғашқы күндері шығыс шонжарлары қайтуға жолға дайындалып, 3 күні туған жеріне тартады. Дала қазақтарының Петербургтай алып та әсем шаһарға келуі естен кетпестей зор әсерге бөлеген секілді. Оларды «ұлы императордың» жылы қабылдауы, өркениет ошағы, алпауыт Ресей мемлекетінің кіндік қаласын көру бақыты ендігі жерде орыс әкімшілігі мен қазақт билеушілерінің арасын жақындата түскені анық.

Айтпақшы біз ең басты дүниені ұмытып барамыз: қыр қазақтары Петербургте болған күндерінің естелігіндей болып тарихи фотосуретке түседі. Фотограф Лоренц түсірген суретте 18 адам бейнеленген. 

Солдан оңға қарай, 1-қатар: Сәттібаев Ыбырай (болыстың ұлы); Ибрагимов Жеңіс (сұлтан, болыс); Жұқышев Ташкенбай (Көкпекті орыс-қазақ мектебінің оқушысы); Әлиханов Ислам* (аға сұлтан болған обер-офицер Әлихан Тілеубердиннің ұлы); Доланов Жағыбай (би).

2-қатар: Шыңғысов Құлеке (сұлтан, Өскемен уезі бастығының кіші көмекшісі, хорунжий); Сегізбаев Бұтабай (Тарбағатай болысы); Шаянбаев Төгіс (Тарбағатай жерінің ел жақсысы); Жамантаев Жансұлтан (төре, Кендірлік болысынан); Дайыров Мұхаммедсұлтан* (төре); майор Тихонов* (Зайсан приставы); Жайықов Қожамжар (Найманның Қаракерей Қожамбетінен шыққан би).

3-қатар: Есаул Власов* (тілмаш); Боқатов Мәз (Найманның Төртуыл Қара Ертіс елінің болысы); Майкөтов Досқан (болыс); Монкин Мәжит (Тарбағатай елі Шілікті болысының биі), Красильников* (патша әкімшілігінің шенеунигі); Босқынбаев Билеуші (Көкпекті орыс-қазақ мектебінің оқушысы); Монтин Мырзахан (Тарбағатай елі Арғанаты болыстығына кандидат).

«Ұлы император», Ресей империясының патшасы Александр ІІ атына көп-көп мадақ айтқан қазақ сұлтаны, төре тұқымы Мұхаммедсұлтан Дайырұлы болса, әке сәлемін жеткізген жас пері Ислам Әлиханұлы еді. Ал бұл сапарға әлдеқандай себебі болды ма, болыс Бұтабай Жондыұлы бармай қалған. Ол өзінің орнына «Сегізбаев» деген кісіні жіберген екен.

 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?