Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бала Шәкен неге жылады?

2205
Бала Шәкен неге жылады? - e-history.kz
Кейде «Серектастың» басында жылап отырған Шәкенді көріп, неге жылап отырғанын сұрағанда апам қатты ұялып, Шәкенге қолын сермеп, «тоқтат» дегендей ым жасайды

Атақты Баянауылды кім білмейді... Бұл – Баян-аула, Жақсы-аула, Жаман- аула деп үшке бөлінеді. Сабындыкөл, Жасыбай көлі, Торайғыр көлі, Біржанкөл атты әдемі көлдері және бар. Тіпті тастарының өзі «қыздың жиған жүгіндей» демекші, бірінің үстіне бірін сәндеп қолмен қалағандай, кейде әртүрлі бейне, енді бірде қолдан қашаған мүсін секілді болып көрінеді. Қарағай, аршалар осы тастарды қақ жарып, тап төбесіне өседі. Бұлар қайдан нәр алады, немен қоректенеді – еш адамға белгісіз. Егер түнде, қараңғыда, тау арасына шыға қалсаң, оның тастары мен ағаштары ертегідегідей неше түрлі құбыжық дүниелерге, адам көрмеген ғажайып аңдарға айналып кетеді. Тіпті кейбір қурап қалған ағаш бұтақтары арбиып-тарбиып, «Жезтырнақтың» қолындай, желкеңнен бас салайын деп тұрған сықылды көрінеді. Сәл дыбыстасаң, бүкіл тау-тас жаңғырығып, жан-жақтан қаптап шулап қоя бергенде, табиғаттың осынау таңғажайыбына қайран қаласың.

Баянға алғаш келіп көрген адам: «Апыр-ай, мына жерде туып-өскен адамдар қалайша ақын, әнші болмасын» деп қайран қалатын. Ол рас еді. Тіпті әрбір тастың атының өзі жыр жолдарындай жүрекке жылы тиеді. Мысалы: «Ақбеттау», «Үш шошақ», «Көгілдір тау», «Зеңгіртас», «Күркетас», «Қойтас», «Серектас», «Көктас», «Аралтас», «Найзатас», «Ертас» болып кете барады.

Туған жер

Сол Баянның «Ақбеттауының» бауырында, сары жазықтың ортасында, Айман бұлақтың түбінде, «Қызыл шіліктің» тау жақ бетінде қарағайдан салынған екі бөлмелі аласа ғана үй болатын.

Бұл Айманның кенжесі Кенжетайдың үйі еді. Кенжетай жасынан мойнына мылтық асынып, ит жүгіртіп, құс ұшырып, аң аулап, қолынан домбырасы түспеген, ән салуды жанындай жақсы көреді екен.

Кенжетайдың сол кішкентай үйінде Қали әнші, Ысқақбай күйші, Дүйсенбай ертегіші, Рахметқожа қиссашы, өзінің сауық сүйгіш ағасы Мұзапар, інісі Қажымұрат, тағы басқа ел жақсылары жиналып, ойын-думанды қатты қыздыратын. Таң атқанша ән айтылады, күй тартылады, ертегі, қиссалар оқылады.

Кенжетайдың үш ұлы – Әбдікәрім (Абдан), Шаһкәрім (Шәкен), Әбдірахім (Кәукен) болды. Біз кейін Абдан, Шәкен, Кәукен аталып кеттік. Жаңағыдай кештерде біріміз әкеміздің, екіншіміз шешеміздің алдына отырып алып, сілеміз қатқанша тыңдап, көзіміз қалай ілініп кеткенін білмей қалатынбыз.

Біз үшін Қалидың әні, Ыскақбайдың күйі өмірде бір қол жетпейтін қиял сияқты көрінетін. Кейде:

– Ал, қане, Шәкітай мен Кәукешті тыңдайық. Ал, бір-бір ән айтып беріңдер, – деп Кәкең (Қали) домбырасының құлағын бұрай бастайды.

– Шәкен, сен «Екі жиренді», ал Кәукен, сен «Қара торғайды» айт, – деп әкеміз қостап кетеді.

Сөйтіп, біз де ән салған боламыз.

– Бәрекелді, бәрекелді, міне, тамаша балалар, – деп Қали мақтайды.

– Осы екеуінен түбінде әнші шығады, – деп басқалары да мадақтай жөнеледі.

– Ал енді, Қали, өзің тағы бір әнге басып, құлағымыздың құрышын қандыртшы...

– Иә, иә, балаларды қайтесің... өзің... тағы бір... – деп, отырғандар орындарынан бір-бір қозғалысып қойысады.

Ұйқы ашылып кетеді. Екі көзіміз Қалидың тартқан домбырасында, енді қазір таудан аққан бұлақтай Қалидың көмейінен әдемі бір ән төгілгелі тұр. Бұл неткен ғажап ән, неткен ғажап үн, кім үйреткен оны Қалиға?! Сарқырап құйылып жатқан не деген дауыс? Біз үшін бұл түсініксіз құбылыс. Тек осы күнге дейін бізге Қали өнері естен қалмайтындай рухани азық болғаны рас.

* * *

Қали мол денелі, алып кеуделі, қыр мұрынды, жалтыр бас, кішкене ғана шоқша сақалы бар, сирек мұртты, ашық мінезді кісі еді.

Біз Қалиды жезде дейтінбіз. Оған себеп, Қали әкеміз Кенжетайдың ағасы Мұзапардың үлкен қызы Қапанға үйленген. Қапан Қалидан көп кіші. Жасында Қали сөз салғанда, Қапан «бармаймын, оған тұрмысқа шықпаймын» деп қарсылық жасаған. Қапан еркін өскен, сөзге шешен, өткір қыз болатын.

Бірақ біздің ауылдың Қалиды сыйлайтыны соншама, барлығы Қапанды ортаға алып үгіттей бастады. Бірақ Қапан оның біріне көнбей, «бармаймын деген соң бар­маймын» деп қасарысып отырып алады.

Қапан тек «Кішкентай ағатайынан» ғана қорқады. Ол – Кенжетай. Ал, Кенжетай – Қалидың өнеріне бар жан-тәнімен құлаған адам. Оның үстіне екеуі жан дос. Кенжетайдың ұғымында Қалидың аузынан шыққан сөз екі болмауы керек.

Ауылда да Кенжетайдың абыройы үлкен. Ол – әнші, ол – аңшы, ол күйші және атақты Айманның кенжесі. Сондықтан тентектеу болып өскен, сөзге шешен. Тіпті одан кейбіреулер кәдімгідей сескенетін де. Әрі Кенжетай арабша оқыған, хат таниды. Мұзапардың әйелі Жұмагүл шешеміз үшін дүниедегі жеті ғаламның тілін білетін оқымысты. Ол үйдің қожасы Мұзекең емес, Жұмагүл шешеміз болатын.

Жұмагүл шешей Кенжекеңді қатты сыйлайды және аздап қорқатын да секілді. Өйткені, қайнысына «тентегім» деп ат қоюы тегін болмаса керек.

Қапанның көнбегенін естіген Кенжетай жеңгесіне: «Қызыңа айт, Қалидай адам сөз салып отырғанда, қолын қақпасын! Істі насырға шаптырма! Менің мінезімді білесің ғой» деп салмақ салады.

Ақыры не керек, Қалиға Қапан қосылып, аяғы той жасаумен біткен.

Қали тоқсанға келіп дүние салды. Сол жылдар Қапанмен бірге кешкен өмірінде Қапанға деген махаббаты таусылмай кеткен адам. Екі сөзінің бірі Қапан. Қандай әңгіме айтпасын, оның ішінде Қапансыз әңгіме болмайтын.

Қали сөзге шорқақтау адам. «Маған сөз сөйлетіп қайтесіңдер, оданда мен ән айтайын, сөзді сендер сөйлеңдер» дейтін-ді. Сөзінің мәтелі: «Онда қапы бар ма», болмаса «есеп бар ма» деп басқаның сөзін қошаметтеп қана қояды. Бұған қоса Қали, сондай аңқау, адамға зияны жоқ, өте қарапайым адам еді. Бір жылы ол көп жолдастарымен Қоянды жәрмеңкесіне келеді. Ойын-сауық қызып жатқан кез. Ән салынып, күй тартылып, би биленіп, неше түрлі қызық әңгімелер айтылып, думан қыза бастаған. Осы думанның ішінде ән шырқап Қали отырса керек. Осы кезде сыртта да бір қызық оқиға болады. Үлкен брішкеге пар ат жеккен орыс мұжығы ауылдың шетінен өтіп бара жатып, ат күзетуші қазақ жігітінен мына екі атымның бірі ақсап қалды, бұдан әрі жүре алатын түрі жоқ, не ақшама сау ат тауып бер, немесе мына ақсақ атымның үстіне ақша қосып ал деп жалынады.

– Апыр-ау, мен атты қайдан табам, мына аттардың бәрінің иесі бар...

– Көмектесіңіз, барар жер әлі алыс, жете алатын емеспін....

– Мұныңыз қиын болды-ау өзі, енді қайтсем екен? – деп жігіт қиналған болады да, ақсақ атты алып қалып, орнына Қалидың жалғыз атын беріп жіберіп, үстіне ақша алады.

Сөйтіп, ақсақ атқа Қалидың ер-тоқымын салып қояды.

Кешқұрым жұрт тарай бастайды. Қалилар да аттарына мініп кете барады. Қали жолшыбай байқаса, астындағы аты ақсайды.

– Ойбай-ау, мынаған не болған, таңертең сап-сау еді ғой?! – дейді.

– Ой, байқамағансың ғой, бұл ертеден ақсақ болуы керек, – десіп жұрт күледі.

– Жоқ, таңертең сап-сау болатын, онда қапы жоқ, – деп Қали аң-таң. Аттың о жақ, бұ жағынан шығып қарап, – Мынау менің атыма ұқсамайды! Иә, онда қапы бар ма... Менікі емес... – дейді. Бұған жұрт ду күліседі. Сол кезде атты айырбастап жіберген жігіт: – Онда біреу сау атты ақсақ атқа айырбастап жіберіп келе жатқан шығар, – депті жымиып...

Қали домбырасын қолға алып, құлағын бұрап жіберіп, қағып-қағып жібергенде, ғажайып өзгеріске енетін. Жаңағы сөзге орашолақ Қали емес, бәйгеге қосатын жүйрік аттай сыланып сала беретін. Өткір көздері күлімсірей қадалып, екі беті қызарып, жайдарыланып, домбыраның құлақ күйіне барлық тәнін, жанын бергендей төніп отырған сәтінде, енді оның кеудесінен ғажайып ән сазының төгілетінін сезесің.

Қали ән айтқанда, тыңдаушыда ол халықтың тамаша әуенін әдемі айтып отыр деген ғана ой тумайды. Өзінің жаны­нан, жан күйзелісінен шыққан ән болып көрінеді. Қали өзі ән шығармаған адам. Бірақ халық көп әндерді Қалидың әндері деп кеткен. Оның себебі, Қалидың әнге деген ерекше көзқарасы, махаббаты, әнді жан-тәнімен айтуы талай әндерді Қалидікі дегізіп кеткен.

Ол асқақтата «Ардақты», шалқыта «Шаманы», балқыта «Мақпалды», ыза кернегендей қалыпта «Жанботаны», жүректен жалын боп шыққан «Құлагерді» айтқан кезде, басқа Қали болып көрінеді көзіңе. Оның көз қарасы, бет құбылысы, денесінің бейімделуі сол ән үшін жаралғандай. Ол сұлу да, әдемі де, ашулы да, ызалы да, күлдіргі де, нәзік те боп көрінетін.

Күн батар кешке жақын таудан асып,

Шапақтап қызыл алма нұрын шашыл.

Ақшам мен намаздыгер арасында.

Аһ ұрып қосылады екі ғашық, –

деп «Шамаға» салғанда, жаңағы қызарып батып бара жатқам Күн нұрының астында құшақтасып келе жатқан екі ғашық суреті көз алдыңа елестемей қояр ма?!

Айман ата ►

Қалидың өзінің мәтелі болатын – «Шамаң келсе, «Шаманы» айт» деген. Расында, «Шама» – өте қиын, күрделі ән. Қалидың өз айтуы бойынша, ол «Шаманы» Жарылғапберді әншіден үйренген. «Жарылғапбердідей әнші қайда» деп таңдай қағатын. Өзінің ұстазына сондай қошамет көрсетуші еді. Ал, мен өз басым Қалидан артық «Шаманы» айтқан кісіні естігем жоқ. Шынында да Қалидың «Шамаң келсе, «Шаманы» айт» дегені дұрыс сөз. Осы күнгі әншілеріміздің де «Шамаға» шамасы келмей-ақ жүр...

Қали өзі тұстас әншілерді мақтап, әрқайсысына орынды баға беріп отыратын. Оның ішінде Әміре Қали үшін ерекше орын алады. «Әміреден әнші аспайды» деген – Қалидың сөзі. Луначарскийдің шақыруы бойынша, Парижге бару үшін Әміре екеуі Мәскеуде жарысқа түскенін көп айтатын. «Менен ол жақсы айтты және оның дауысы сондай әдемі, онда қапы жоқ» дейтін.

Қалидан ән үйрену өте қиын. Бір айтқан әнін екінші рет қайталатсаңыз, алғашқы айтқанына ұқсамай кетеді. Негізі сол ән, бірақ Қали оны қайталағанда басқаша өңдеп әкетеді. Шынында да, Қали әнді айтқан сайын, оны құбылтып, әртүрлі мәнерге салып, өз тарапынан әнге әдемі ырғақтар қосып, өрнектеп отырады. Онысы негізінде халық әндерін бұзып, өзгертіп жібермейді, қайта әндерді құлаққа жағымды етіп, одан да әрі құлпыртып жібереді.

Халық әнінің әдемілігі де, қасиеті де осында ғой. Өйткені, талай жылдар, ғасырлар бойы Қали сықылды тамаша әншілердің өңдеуіне түсіп, бұлақтың қайрақ тасындай, артық-кемі жоқ жұмырлана, тазара түскен ғой.

Олай дейтінім, Қалидың ән айту мәнеріне, оның құбылысына қарағанда осындай ой туады. Тіпті жалғыз Қали емес, халқымыздың талай-талай тамаша әншілері әнге өзінше әдемілік қасиет қосып, өзіне тән әдемі өрнектермен әнді түрлендіріп, құлпыртып, «Пәленбай әнші осылай айтады» дегізіп кеткен ғой. Шебер әнші өзі ән шығармағанмен, «мы­нау ән Пәленбай әншінікі» дегізеді. Мысалы, Қалидың «Жиырма бесі», Тоқбайдың «Екі жирені», Жарылғапбердінің «Шамасы». Әміренің «Ағаш аяғы» дегізіп кету ғажайып әншілеріміздің құдіреттілігі емес пе?

Халқымыздың осынау әншілерімізді шын сүйіп, пір тұтатыны осыдан да болса керек.

Әрине, халық әндері ғылыми зерттеуді керек қылады. Ол музыка зерттеушілерінің ісі. Тек «қай әнді кім шығарды» деп, көп әндердің авторларын шатыстыра бермей, оның негізінен, көркемдігін тексеру керек қой деп ойлаймын...

Әкей Қалимен бірге ел аралап, көп уақыт жүріп қайтады. Қали мен Кенжекең ауылға келген соң-ақ, ән думаны қайта басталады. Қыз-келіншектер, ел жақсылары жиналады, сол жиында Қали бізге де ән айтқызады. Мақтап та қояды және әнді қалай айту керектігін үйретеді.

ІІІәкеннің бізден гөрі өнерге деген қабілеті, ынтасы көбірек еді. Ол әкеміздің, болмаса Қалидың бір айтып берген өлеңін табанда қағып алатын да, бізге қайта айтып беретін. Қалидың ән айтып отырғандағы бет құбылысын, қимылын аудырмай салатын. Қалидың өзі мұны көріп қарқ-қарқ күліп, Шәкеннің бетінен сүйіп: «Мынау үлкен әртіс болады, онда тіпті қапы жоқ» деп арқасынан қағады.

Қалидың адамшылығын, оның өнерін, әнін біздің елде жақсы көрмейтін жан кемде-кем еді. Ол табиғат берген дариядай дарынын өзінің елінен аяп қалған жоқ.

Тоқсанға дейін домбырасы қолынан түспеген Қали, өмірінің ақырғы айларында Алматыға келіп біздің үйде, Шәкеннің үйінде Қапан екеуі көп уақыт жатып, талай әндер айтып, талай әңгімелер шертілді. Шәкеннің Қалиды жақсы көруі ерекше болатын. Тіпті Қали ән айтпаған күннің өзінде оның жанынан шықпай, Қалидың әңгімесін, оның қарапайым бала сықылды мінездерін, оның артистік қасиетін қатты сыйлайтын.

Алматыға келе қалса, алдымен Шәкен өз үйіне шақырып, жібермей айлап жатқызатын. Осындай бір Алматыға келіп көп күндер қонақ болып, кетерінде: «Шәкен, Кәукен қарақтарым, енді сендерді көре алам ба, көре алмаймын ба...» деп көзіне жас алып, бетімізден сүйіп еді. Онысы рас болды. Қарағандыға барған соң, көп ұзамай дүние салды. Тек оның әні қалды.

* * *

Шәкен еркінірек, өжеттеу болып өсті. Оны ауыл-аймақ жақсы көріп, ән салдырып, тақпақ оқытады, ертегі айтқызады. Жұмысқа бейімділігі аздау еді, тек қайда ойын-сауық болса, сонда жүретін.

Марқұм шешеміз «бұзауды бағып кел, болмаса тезек теріп келе қойыңдар» десе, Шәкеннің не іші, не басы ауыра қалады. Анамыз қаттырақ айтса, «Серектастың» басына шығып алып, екі аяқты салбыратып жіберіп жылайды да оты­рады.

– Сенің жұртты қылжақ қылғанда басың ауырмайды, ал жұмысқа келгенде бас та, іш те ауыра қалатыны қалай? – деп, апам ренжитін еді.

Шәкеннің қалжыңқой екені рас. Ауылдағы қыз-келіншек, кейбір жігіттердің мінез-құлқын аудырмай салып, жұртты қыран күлкіге батырады. Ауылда Ысқақбай деген күйші болды. Орта бойлы, қара шұбар, арық кісі. Екі көзі жоқ, су қараңғы. Күйді ғажайып әдемі тартады және өзі де күй шығарады. Күй тартқанда, қыза-қыза бір орында отырмай, жорғалай жөнелетін. Күй сарынына берілуі соншама, қара терге түсіп, еңкілдетіп жібергенде, тіпті көзі көретін адамға ұқсап кететін.

Жас Шәкен артқы жақта түрегеп тұр

Осы Ысқақбайдың күйлерін Шәкен жанындай жақсы көріп, күні-түні үйренуге тырысады және дәл Ысқақбай болып айнытпай күй тартады.

Біздің ауылдың бір жақсы қасиеті – ән-күй болмай қалған кеште қисса оқылады, ертегі айтылады.

Рахметқожаның әндетіп айтатын «Шәкір-Шәкірат», «Мұңлық-Зарлық», «Қасен-Құсайын» тағы басқа дастандар мен қиссалар таңның қалай атқанын сездірмейді. Ал Дүйсенбайдың ертегілері ше?! «Көроғлы», «Шаһамұран патша», «Ескендір Зұлқарнайлар» осы күнге дейін есте. Дүйсенбай ертегіні асықпай, баппен тамаша айтады.

Суық қыстың кешінде самауырынды бұрқыратып қайнатып, жылтылдап жанған пеш отының жарығында күрең шай­ды сораптап тартып қойып, әңгіме айтып отырған қиссашылар мен ертегішілерді тыңдауға не жетсін?

Рахметқожаға қиссаны ауылдың еркек-әйелдері жиналып, әсіресе, оразаның ұзақ кешінде айтқызады.

– Сәресіге осы жерден-ақ барамыз, ал, Қожеке, бірдеңе деп жібер, – деп қолқалайды. Бәрі алқа-қотан жайласып оты­рып алады. Ауыз ашылған, намаз оқылған, мал қораланған, тек енді сәресіге дейін қисса тыңдау ғана қалған. Ауылдың балалары да қалмайды, біз де барамыз. Мақсат – ұйықтап қалмау, бізге мұндайда ұйқыдан басқа жау жоқ.

Қожекең – орта бойлы, селдір сақалды, қабағы түсіңкіреген қара кісі.

Қолына қобыз алып, алғашқыда баяулата бастайды. Содан қыза келе екі көзі жұмылып, қабағы салбырап, екі беті қызара бөртіп, даусы күжілдеп, сол айтып отырған қиссаның оқиғалары ішінде өзі бірге жүргендей, күңірене боздап отырады.

Шәкір деген атыңнан,

Тасқа жазған хатыңнан,

Айналайын Шәкірат, –

деп басталатын «Шәкір-Шәкіратты», одан қала берді «Мұңлық-Зарлық», «Ер Сайын», «Хасен-Құсайын», «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» дастандарын айтқанда, тап бір қазіргі теледидар көргендей көз алдымыздан өтіп жатады. Жас кездегі сол әңгімелер осы күнге дейін есте қалған. Шәкен кейінгі кездерде де «Еңлік-Кебек». «Қалқаман-Мамыр», «Ер Сайын» қиссаларын домбыраға қосып жақсы айтып жүрді. Ал Дүйсенбайдан естіген «Ескендір патша», «Көроғлы» «Шаһамұран патша» сықылды көп ертегілерді мен де осы күнге дейін жақсы білем.

Дүйсенбай, Қоқыш, Төлеу үш ағайынды. Пұсырман деген кісінің ұлдары. Біздің қатты сыйласатын көршіміз болған. Өте кедей тұратын. Таудан ағаш түсіруге жалда­нып, өздерінің қара күштеріне ғана сенетін. Тек Төлеу ғана кейіннен оқу оқып, көзі ашылды.

Коқыш Дүйсенбай сияқты ертегі айта білмейді. Өзінің мінезі де шәлкестеу.

Осы үш ұлдың анасы Үндемес шешей сағыз қайнатады. Ол кісінің сағызындай сағызды еш жерден таба алмай­сыз. Қыз-келіншектер бастарындағы ақырғы орамалын берсе де, Үндекеңнің сағызын алмай қоймайды. Ал, Үндекеңнің шайы ше? Бүкіл Баянауылға аңыз болған. Таңертеңнен кешке дейін, сары самауырыны бір сөнбей қайнап тұрады, жалғыз көк сиырының сүті шайға құюмен кетеді.

Ауылға келген, кеткен адамдар Үндекең үйінен шай ішпей кетуі мүмкін емес. Осы Үндекең Шәкеннің кіндік шешесі-тін. Кейінгі кезде Шәкен оқуда көп жүріп қайтқанда, Үндекең үйінен айқайын сала шығып: «Сен алдымен маған бетіңнен сүйгіз, содан кейін Жамалға барасың» (Жамал – біздің анамыздың аты) деп, алдымен Шәкеннің бетінен жы­лап келіп сүйіп, «ал енді Жамалға бар» деп қоя береді.

Шәкенді өз баласынан кем көрмеуші еді. Осы кісінің ортаншы ұлы Қоқыш, біздің Тәттібай атты ағамыз екеуі таудан ағаш түсіреді. Қысы-жазы бірдей екеуі екі өгізді мініп алып, таң атпай тауға барып, ағаш кесіп, кешке жақын ауылға тасиды. Біздің үйдің есігі алдында «Ақбеттаудың» май қарағайлары үйіліп жатады. Шәкен екеуіміздің де «жұмысымыз» аз емес, сол дөңбектердің үстіне ат қылып мініп алып кешке дейін ойынға батамыз.

Тәттібай мен Қоқышқа, әсіресе, қыстыгүні қиын. Баянның қысы өте қатты болады. Екеуі қас қарая таудан үйге қайтады. Өздерін де, өгіздерін де аппақ қырау басқан, үсті-бастары мұз сіреу. Аяқтағы етіктері сіресіп қатып қалып, үстегі тон мен тері шалбар иілуге келмей, әбден әбігерге түсіреді.

Әрине, мұндайда алдымен шайға кіріседі. Қоқыш үйінде ештеме бола қоймайды да, Тәттібаймен бірге біздің үйге келеді. Шәкен екеуміз Қоқаңның бізге келгенін іштей жақсы көреміз және қашан тамақтанып болып, жатар екен деп асыға күтеміз. Өйткені, Қоқаңнан ертегі естуіміз керек.

Шай ішіп, бой жадырағанша Қоқыш пен Тәттібайдан анда-санда «Аһ, уф!» дегеннен басқа үн шықпайды.

Кешкі ас ішіліп болған соң, көп кешікпей төргі үйге сәкінің үстіне төсек салынып, сонда жата кетіседі. Шәкен екеуміз Қоқаңның екі жағынан орын аламыз да, жатар- жатпастан «ертегі айт» деп қолқа саламыз оған.

Тәттібай іргеге қарап жатады да, сәлден соң-ақ қор ете түседі. Ал біз ертегі тыңдаймыз. Қоқаң бізден оңай құтыла алмайтынын біледі де, әңгіме бастайды.

– Баяғыда, осы «Ақбеттау» мен «Үш шошақтың» аралығында «Бұғы су ішкен» деген бұлақ болды, – деп бастайды Қокаң әңгімені. – Сол «Бұғы су ішкен» бұлағының бойында «Бәкене қарағай бәйтерек» дейтін адам айтқысыз үлкен бәйтерек болды. Мына Тәттібай жақсы біледі. Әй, Тәттібай! Әлгі сенің қызыл өгізің дөңбекті тарта алмай құлап қап еді ғой, міне тап сол жерде, – деп Тәттібайды бір-екі нұқып қояды.

Тәттібай оған: «Әу, ант ұрған-ау, ана балаларға айта берсеңші, менде нең бар» деп, оны ұнатпай қынжылып қалады.

– Ол бәйтерек болғанда да ғажап үлкен бәйтерек еді. Биіктігі аспанмен тілдеседі, ал әр бұтақтарының жуандығы сондай, мына мені мен Тәттібайдың құшағын қосса жетпейді.

– Солай емес пе, Тәттібай? – деп қалады. Ол – Тәттібай ұйқыға кетіп, қорылға кіріскен кез. Оны енді оятуға қимайды да, Қоқаң әңгімені әрман қарай жалғастырады.

– Бір мезгілде күн қарауытып, аспанды қара бұлт басып, қатты дауыл тұрып, айнала алай-түлей болды да кетті. Желдің күші соншалық, жаңағы бәйтеректі тал шыбықтай селкілдетті. Қас қағым сәтте жаңбыр құйып, артынша қар жауды. «Бұл не сұмдық» деп, Тәттібай екеуміз қорыққаннан, бір күрке тастың астына кіріп алып тапжылмай қарап отырмыз. Бір сәтте күніміз түнге айналып кетті. Біздің қорыққанымыз сонша, басымызды шекпенімізбен бүркеп, құшақтасып жатып қалдық. Сол кезде күн жарқ ете түсті де ашылып кетті. Ақырын ғана шекпеннен басымызды шығарып қарасақ, жаңағы бәйтеректің басына келіп бір самұрық құс қонған екен... Бәйтеректің басы иіліп, солқылдап, жерге әрең-әрең тимей тұр.

Ал енді, балалар, жаңағы самұрық болғанда, құс атаулының ішіндегі алыбы екен. Үлкендігі түйеден де үлкен бе екен... Әрбір қанатының ұзындығы мына Тәттібай екеуміздің құлашымызды қоссақ, сондай бесеу бар. Ал басы біреу емес, екеу. Екеуі екі жаққа қарап тұр. Тістерін шықырлатқанда арасынан от шығады, жаңағы найзағайдай жарқылдаған сол екен. Әрбір көзі тай қазандай. Біраз қарап жаттық та, етіміз үйренген соң басымыз­ды көтердік. Сөйтсек, самұрық алыстан әбден шаршап келген екен, бәйтеректің үстіне отырысымен, мына Тәттібайға ұқсап ұйқыға кетті. Бағанағы соққан дауыл осының қанатының лебі екен. Ал қарлы жаңбыр көзінің жасы мен түшкірігі екен.

Ал, балалар, бұл самұрық енді ешқайда бармайды, шаршап келген ғой, сондықтан ол таң атқанша тапжылмай ұйықтайды. Енді сендер де ұйықтаңдар, қалғанын ертең айтам, – деп бір аунап түседі де, Қоқаң да қор ете қалады. Біз көпке дейін ұйықтай алмай жатамыз. Жаңағы самұрық көз алдымыздан кетпейді. Аздан соң ол түске де енеді. Түні бойы самұрықпен әуре боламыз. Кейде ол екеумізді екі қанатына отырғызып алып, аспанға алып ұшады. Сондай биік, құлап қала жаздаймыз. Кейде Ер Төстік сықылды самұрықтың балапандарын жеуге бара жатқан айдаһар жыланды қылышпен шауып тастап, балапандарын аман алып қаламыз. Оны білген самұрық бізге қатты риза болып, «Ақбеттаудың» шыңына алып шығып, бар әлемді көрсетеді.

Таңертең кеш тұрамыз. Біз тұрғанда Тәттібай мен Қоқыш тауға кетіп қалады. Олар келгенше «самұрық енді не болды екен» деген оймен Қоқаңды асыға күтеміз. Кешінде «Ал, Қоқа, самұрықтың ұйқысы қанды ғой, енді не істейді?» деп сұраймыз.

– Иә, балалар, дұрыс айтасыңдар, оның ұйқысы әбден қанды. Бірақ оның енді өте қарны ашты. Сондықтан көзін ашып жан-жағына қарап, қатты бір сілкініп еді, жер қозғалғандай болды. Қанаттарын қомдап, ұшып та кетті.. Ал, балалар, бұл бір жегенде бір жылқы, бірнеше қой жейді. Оларды тауып алғанша көп уақыт керек. Барар жері алыс, сондықтан ертең кешке дейін ұшады. Сендер де дем алыңдар, – деп Қоқаң тағы ұйқыға кетеді. Әңгіме аяғы тағы да бітпей қалады...

Қоқыштың осындай әңгімелерін, оның қарапайымдылығын, аңқаулығын, тепсе темір үзгендей қара күшін Шәкен өте жақсы көреді және жанынан қалмайды, оның істеген істерін қызық көреді.

Бір күні Қоқаң есік алдындағы жер ошақта бауырсақ пісіріп отырған Мәйдә деген жеңгесінің қасына келіп шарадағы пісіп тұрған бауырсаққа қол салды. Мәйдә қолындағы кәкпірмен қолына салып қалды да:

– Тәйт әрі, немене сен үшін пісіріп отыр деймісің, – деді. Жанындағы әңгіме-дүкен құрып отырған келіншектер:

– Жарайды, Мәйдә... Берсейші, бір-екі бауырсақ, немене, байғұстың қолынан ұрып, – деп қалжыңға айналдырады.

– Е, одан кім аяп отыр, керек болса мына қазандағы бауырсақтан ала қойсын, көрейін өнерін! – дейді Мәйдә.

– Ал егер осы қайнап жатқан бауырсақтан жалаңаш қолмен қос уыс алсам, ана шарадағы бауырсақты бересің бе?

Мәйдә ойланбастан: «жарайды, берейін» деді. Қыз-келіншек, бала-шағалар жинала қалдық. Қоқаң құдықтан бір шелек мұздай су әкелді де екі қолын білегіне дейін сыбанып, қолдарын суға салып біршама уақыт отырды.

Бір мезгілде Мәйдә қазанның астына Баянның сап-сары май қарағайын үсті-үстіне тастап өртей бастады. Шатыр­лап жанған май қарағайдың жалыны соншама, тіпті қазанды көрсетпей кетті. Бауырсақ қатты қайнаған майдың ішінде секіріп бырт-бырт жарылып, аспанға ата бастады.

– Ал, қане отырасың ба осылай? Әлде қорқып қалдың ба? – дейді Мәйдә. Оны жан-жақтан қыз-келіншектер де қостай кетіп, Қоқышты түрткілей бастады. Сол сәтте Қоқаң, көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, күректей екі қолын қазанға салып жіберіп, қос уыс бауырсақты уыстаған бойы шелектегі суға сала қойды. Жұрт шу ете түсті. Қоқаң сөйтіп ұтып кетті...

– Әй, жынды, шарам босаса әкеп бер, – дегеннен басқа Мәйдә сөз қата алмады.

Осылайша балалық бал дәурен өткен туған жерден біз ерте кеттік. Содан Баянауылға араға көп жылдар салып, тек соғыстан кейін, 1946 жылы ғана қайта келдік. Шәкен бір кезде ыстық ұя болған, бүгінде құлап қалған қараша үйдің бұрышын құшақтап тұрып көп жылап еді...

* * *

Шәкен екеуміз тетелес өстік. Сол себептен болар, көп қалжыңдаса беретінбіз. Мен соңғы кездерде Шәкеннің «өнер қысып жылап отыратын тасы» деп жолдастарына «Серектасты» көрсетіп күлдіретінмін. Ондайда Шәкен:

– Кет, пышылдамай, – деп мұртынан бір күліп қоя салады.

«Өнер қысып жылап отыр» деген сөз тегіннен-тегін шықпаған еді.

Біздің әкеміздің Айманұлы Аббас деген дәрігер ағасы болған. Бұл кісі Баян ауданында аса қадірменді адам еді. Сол көкеміз атына мініп алып, ағайындарды аралап «Халдерің қалай, ауру-сырқаудан амансыңдар ма? Бала-шаға аман ба?» деп сұрап жүретін.

Шәкен Айманов Семей музыкалық театрында

Көбіне біздің үйге келіп, келінінен: «Жәмке, халдерің қалай? Балалардың қарны ашып қалмады ма?» деп сұрайтын.

Кейде «Серектастың» басында жылап отырған Шәкенді көріп, неге жылап отырғанын сұрағанда апам қатты ұялып, Шәкенге қолын сермеп, «тоқтат» дегендей ым жасайды. Сол кезде Әбағаң (Аббасты Әбағаң дейтінбіз):

– Жәмке, Жәмке, оған ұрыспаңыз, ұрыспаңыз. Ол тегін жылап отырған жоқ. Оны өнер қысып жылап отыр. Менің ар­тыма мінгестіріп жіберіңіз, мен үйге алып кетейін, – деп Шәкенді үйіне алып кетеді. Әбағам жалғыз Шәкенді ғана емес, бәрімізді де осылай үйіне алып барып, тамаққа тойғызып, төр алдына төсек салдырып, түні бойы ертегі айтқызады. Біз Рахметқожа мен Дүйсенбайдан үйренген ертектерімізді айтып береміз.

Шәкен кейін артист болған соң ауыл үлкендері «Апыр-ай, Әбағам Шәкенді жасында «өнер қысып жылап отыр» деуші еді, жарықтық біліп айтқан екен ғой» деп таңдайларын қағатын.

Әрине, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, Шәкеннің үлкен дарын тұғырына көтерілуіне оның туған жері, тәлім алып өскен, қоршаған ортасы, жас кезінде құмарта тыңдаған әншілер, күйшілер, қиссашылар, ертегішілер тікелей себеп болғаны хақ.

Жалғасы бар...

Кәукен КЕНЖЕТАЕВ.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?