Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#100шайқас: Қытайлармен қырқыс

2490
#100шайқас: Қытайлармен қырқыс - e-history.kz
Ен даланы дүбірге бөлеген сақтар дәуірінен соң тарих сахнасына ғұн мемлекеті шықты

Ұлы Дала  мен Қытай шекарасын бөлген Ұлы Қытай қорғаны ғұндардың тынымсыз шабуылы мен мазасыз соғыстарынан қорғану мақсатында, өздері бірнеше жеңілістен кейін, б.з.д. 207 жылы салына бастады. Ал әлем халқын сапырған ұлы қоныс аударуда Еуропаға ат басын тіреген Аттиланың 451 жылғы Римге шабуылынан кейін көп ұзамай Рим империясы құлады, бұл құдіретті ғұн армиясының, соғыс өнеріндегі қуаттылығы әлемдік деңгейде теңдессіз болып, шырқау шыңына жеткенін көрсетті.

Ғұн империясы – ежелгі түркі мемлекеті. Б.з.д. ІІІ ғасырда ғұндар құрамында түркі тілінде сөйлеген тайпалар қыпшақтар, қаңлылар, үйсіндер, Жетісу бойынан ығысқан сақтар болды. Ұлан-ғайыр даланы ен жайлаған ғұн империясы үш бөліктен тұратын. 

Бірінші бөлікте негізінен басым сюннулар, олар б.з.д. 1 мыңжылдықтың ортасынан бастап хуанхэ өзенінің орта тұсы мен төменгі ағысындағы қазіргі Қытай жері мен Орталық Азияның көп бөлігін қамтып, бүгінгі түсінікпен айтқанда, Шығыс Түркістан мен Оңтүстік Манчжурияға дейінгі аумақты алып жатты. Екінші бөлігі сыртқы Моңғолия мен солтүстік Манчжурияда түркі-моңғол тілдерін араластырып сөйлеген сәнбилер әулеті болды. Үшіншісі таза түркі тілінде сөйлеген тайпалар: олар ішкі Моңғолия, Байкалда, Ордос жазығы, Алтай, Тарбағатай, Жетісуға дейінгі байтақ өлкені мекендеді. Біздің ата-бабаларымыз негізінен осы үшінші бөліктен кеп шығады.

Ғұн империясының басқару әдісі, билік жүйесі, жалпы мемлекеттік құрылымы қатал иерархиялық сипатта қалыптасты. Б.з.д. V-ІV ғасырларда кішкентай ғана ғұн тайпасының әскери демократиясынан өсіп шыққан ғұн үстемдігі көршілес тайпалық одақтармен және қытай патшалығымен соғысу нәтижесінде әбден шыңдалып дамыды. Тек әскери принциппен ұйымдастырылып орталықтандырылған империяның өзіндік қалыптасып-даму ерекшелігі бар.

Мемлекеттегі әрбір ер адамның негізгі басты борышы әскери қызмет болып саналды. Әрбір ғұн жауынгер атанды және әскери міндетті орындауға бас имегендерді өлім жазасына кесуге жарлық шығарды. Барлық ер адам балалық шағынан өмірінің ақырына дейін қатал бекітілген әскери қызметке жазылып тұрды, әрқайсысы өз басшысының бұйрығымен соғысты.

Ғұндар ұзақ қашықтыққа тез жететін атты әскер дайындап жетілдірді. Атты әскер сақ жауынгерлерінің негізгі күші секілді ғұнның ең басты қаруы, көлігі болды. Соғыс кезінде садақты, қылыш пен найзаны қатар пайдаланған.

Ғұндардың ең басты қаруы – садақ. Иіні сүйекпен қапталған ғұн садағының ұзындығы 140-160 см-ге дейін жетті. Сонымен бірге ат үстіндегі айқас үшін екі жүзді семсер, бір жүзді палашты ойлап тапты.

Фут деп аталған қысқа шоқпарды ғұндар әскери қару ретінде пайдаланған. Ғұндар бұғалық тастау әдісін жетік меңгерді. Жалпы алғанда ғұн дәуірлеген тұста олардың соғыс тактикасы да әлемнің таңдайын қақтырды, үрейін туғызды.

Қытай тарихшысы Сыма Цянь жазған деректерге қарағанда, Беспалық құмды аймағының терістік жағы алдыңғы Хань патшылығы тұсындағы үйсіндердің дуньхудағы жері деп есептелген, кейінгі Хань патшалығы кезінде бұл жерге ғұндар ордасын тікті. Осы оқиғаға орай үйсіндердің көсемі ғұндардан шекаралық аймақты босатуды талап етті. Қанды соғыс туарынан қауіптенген ақсақалдар кеңесі Мөдеге жерді беру туралы ақыл айтады. Бұған қатты ашуланған Мөде тәңірқұт: «Жер – мемлекеттік негізі, оны бергуе бола ма?» деп қаһарын төгеді. Содан атқа қонып, ермегендердің басын алып, шығысқа шеру тартады. Дуньхуларға, үйсіндерге тұтұиылдан шабуыл жасап, оларды талқайндайды, басшысын өлтіріп, адамдары мен мал-мүліктерін олжалайды. Ғұн патшасының алғашқы қадамы осылай басталады.

Б.з.д. 202 жылы Қытайдағы азамат соғысы аяқталады, ел билігіне Хань династиясы орнығады. Жаңа мемлекеттің негізін қалаушы Лю-Бан ел шекарасын қауіпсіздендіруге тырысып, осы жылдың қысында ғұндарға қарсы соғысуға әскер шығара бастайды. Алғашқы қақтығыстан соң-ақ Мөде әскерін кері шегіндірді, олардың соңына түсіп, ізінен қалмайға аттанған Хань жауынгерлері негізгі армиядан көз жазып қалады. Шағын жасақтың құрамында қытай императорының өзі де бар еді. Мұны дереу байқаған ғұн сарбаздары шегіністі тоқтарып, төрт атты қосынмен Байдан тауының маңында императорды қоршауға алады. «Жет күн бойы таудағы және сырттағы хань әскерлері бір-бірінен азық-түлік, әскери көмек те ала алмады, – деп жазады Сыма Цянь, – батыстағы сюннулар әскері ақ аттарға, шығыс беттегілер тұмсығында ақ дағы бар сұр аттарға, ал солтүстіктегілер қара тұмсықты аттарға, оңтүстік тарапы жирен аттарға мінген».

Бұл шайқаста ойсырай жеңілген император ғұндармен достыққа негізделген бейбіт келісімге келуден басқа амалы қалмайды және Мөде тәңірқұтқа үйіндегі ханшайымды беріп әрең жан сақтайды.

Осылайша ғұндардың жауынгерлік құдіретінен қытайларлар секілді оған шекаралас жақын елдер қатты сескенді. Шығыстағы Хингай тауларынан бастап батыстағы Римге дейін ат шалдырған ғұн бабамыз осынау ұлан-байтақ даланы қаруының күштілігімен және жетілген әскери тактикасының мықтылығымен бағындырғаны айтпаса да түсінікті.

 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?