Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер - Президент

2539
Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер - Президент - e-history.kz

«Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз»,- деп ҚР Президенті бүгін жариялаған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтып өтті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мақаласында қазақтың  рухани және мәдени құндылықтарын әлемге Абай арқылы таныту керектігін айта келе, Абайдың әлемдік деңгейдегі кемеңгер екендігіне тоқталды.  

«Мен көп жылғы дипломатиялық қызметімде басқа елдердің саясаткерлерімен, түрлі сала мамандарымен жиі кездестім. Шетелдіктермен адамзатқа ортақ көптеген түйткілді мәселе туралы пікір алмасып, ой бөлістім. Жалпы, олар Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктері жөнінде жақсы біледі. Ал рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс емес. Осы орайда «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?», деген сұрақ туындайды.

Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады.

Абайдың ақындық қуатының терең тамырына үңілген зерттеушілеріміз оның қазақ фольклорынан, Шығыс пен Батыстың сөз өнерінен, орыс әде­биетінен, тарихи еңбектерден сарқыл­мас нәр алғанын айтады» делінген мақалада. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы ақынның діни көзқарасына да баса назар аударып, оның діни бағыттағы еңбектері, бүкіл мұсылман әлеміне бағытталғанын баса айтады.  

«Абайдың асқан ойшылдығы оның діни талғам-танымынан да айқын көрінеді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», дейді. Бұл ой-тұжырымға Шығыс пен Батыс философтарының еңбектерін терең біліп, зерттеп, зерделеп барып жеткені анық. Ал отыз сегізінші қара сөзінде Аллаға деген көзқарасын толық білдіреді.

Абайдың рухани өресіне баға берген дінтанушы философ ғалымдар оның «кәміл мұсылман» ұғымына ерекше назар аударады. «Кәміл мұсылман» ұғымы тек қазаққа ғана емес, бүкіл мұ­сылман әлеміне қатысты айтылса керек. Міне, біздің ойшыл Абай, хакім Абай – әлемдік деңгейде осы діни көзқарасы арқылы да биіктей беретін тұлға.

Елордада барлық діннің басын қосып, дәстүрлі жиын өткізіп келе жатқанымызды білесіздер. Мұндай іс-шаралардың мақсаты мен ұлы Абай ұстанымының арасында өзара үйлесімділік бар.

Ақынның барша адамзат баласының жан дүниесінің тазалығын сақтауға деген ниеті бәрімізге ой салады», деді Мемлекет басшысы. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?