Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлттық құндылықтар дәріптелетін жыл

2151
Ұлттық құндылықтар дәріптелетін жыл - e-history.kz
«Біздің жастарымызды, Қазақстанның болашағын әр салада қолдауымыз керек», – деп елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, әрбір елдің болашағы – сол елдің жас буын өкілдерінің қолында екендігі белгілі

Сондықтан да тәуелсіз еліміздің келешегін кемел, абыройын асқақ, тұғырын биік, әлемдегі беделін айқын ету жолында жастарға деген сенім мен артылатын жүктің де салмақты болары анық.     

 2019 жылдың «Жастар жылы» деген ресми атауға ие болғаны бәрімізге белгілі. Бұл дегеніміз тек жастарды ғана назарға алу емес, сонымен қатар қазақ елінің дүние жүзіндегі бәсекеге қабілетті дамыған елдермен бір деңгейде, бір ақпараттық ағында, бір толқында көріне алу қырымен де тығыз байланысты. Еліміз егемендік алғаннан бастап жастарды қолдау мақсатында түрлі іс-шаралар, бағдарламалар мен бастамалар қолға алынып, мемлекет тарапынан қаражат бөлінді. Қоғамның әр түрлі саласында өскелең ұрпақты жан-жақты демеу негізінде тыңғылықты жұмыстар жасалып, сол атқарылған істер өз жемісін беріп келеді. Соның айқын дәлелі ретінде тәуелсіздік алған кезеңнің басында, яғни 1993 жылдан бастап қазақ жастарын шетелде оқытуды көздейтін «Болашақ» халықаралық бағдарламасын мысалға келтіре аламыз. Бағдарлама арқылы қаншама қазақ баласы алпауыт елдердің білім беру аясындағы тың тәжірибемен танысып, оны қазақ топырағында іске асырып, пайдаға жаратуда жұмыс жасауда. Бұдан бөлек өнер, ақпарат, техника, кәсіпкерлікті дамыту саласында да көптеген идеялар жүзеге асырылу үстінде.

 Үстіміздегі жылдың жастарға бағытталуында өзіндік маңыздылығы мен терең астары бар. Білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үймен қамтамасыз ету мен жұмыспен қамту, спорт, мәдениет, кәсіпкерлікті дамыту және тағы басқа да салалар бойынша өзекті мәселелер көтеріліп, 2019 жылдың жастарды жаңа серпінге жетелейтініне сенім білдірілді. Артылған үмітті ақтау үшін, ең алдымен, өз құндылықтарымызды жете түсініп, дәріптеуден бастау қажет. «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті», – деп Ахмет Жұбанов атамыз айтқандай, әрбір қазақстандық қазақ тілін қастерлеп, ана тілімізде таза сөйлеуді жете меңгерсе, білімі, тәрбиесі, еліміздің тарихы мен дәстүрі теңесіп, үлкен олжаға айналары сөзсіз. Өйткені, өз тіліңді меңгермесең, өз еліңнің өткені мен бүгінін білмей, болашағын да бағамдай алмайсың. Екіншіден, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – деп М.Әуезовтің ұлағатты сөзін алға тарта отырып жастар жылында жас буынды ұлттық тәрбиеге баулу да мәнді болмақ. Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген мақал бар. Болашақ ұрпағымызға ұлттық тәрбие беруде ұлт көшбасшысы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы ұлттығымыз бен ұлылығымызды көрсететін тарихи құндылықтарымыздың үлесі зор. Осы негізде мынадай тәрбие құралдарын алға тарту тиімді:   

  1. Патриоттық  тәрбие – Тәуелсіз Қазақстанның әр жас жеткіншегінің

жүрегінде Отанына, жеріне, еліне деген ыстық сезім, шынайы сүйіспеншілік ұялату. «Жиырма жас тарихи ерліктер жасайтын жас», – деп Бауыржан Момышұлы келтіргендей, жас буынның бойында еліне, кіндік қаны тамған жеріне деген тұрақтылық пен батылдық, қайсарлық сынды қасиеттер табылса, атар таңымыз бен батар күніміздің тыныш әрі жарқын боларына кепіл мол. Қазақ халқы ұрпағын атқа мінгізу арқылы оны батылдыққа, сенімділікке, жинақылыққа тәрбиелеген. Ат пен ер-жігітке байланысты халқымыздың мақал-мәтелдері де бар: «Ер қанаты – ат», «Жылқы – малдың патшасы», «Жақсы аттың терісі, Қайыс болар, көн болмас» және тағысын тағы. Ұлдарымызды атқа мінгізу арқылы отаншыл ұрпақ тәрбиелеп өсіруге аса көңіл бөлуіміз керек.

2. Кәсіптік тәрбие – жас буынның мамандық таңдауына ерік беру. Біздің бабаларымыз түрлі кәсіптің озық үлгісіне машықтанған. Ұрпақтарымызды ата-баба кәсібіне баулуда, дұрыс бағыт беруде тарихымыздағы ақиқаттарды ескергеніміз жөн. Бұл тұрғыда жастарды кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы іс-шаралар көбейіп келеді.

3. Дәстүрлі  тәрбие  – ата-бабаларымыз күмбірлеген күйімен, асқақтата салған әнімен, ғашықтық және батырлар жырымен, мақал-мәтел, шешендік сөз, аңыз-әңгіме, дастандарымен ғасырлар бойы өз ұрпағын тәрбиелеп келгені тарихи шындық.  Дана халқымыз өз перзентін жан-жануарларға, аң-құстарға теңеу арқылы еркелеткен. Мысалы, «ботақаным», «қошақаным», «құндызым», «көгершінім», «қарғам», «қозым» және т.б. Ақын-жазушылардың көркем туындыларында да теңеулер көптеп кездеседі. Мысалы, Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңінде «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» деген теңеулері нақты дәлел. Сөзге шешен ұлтымыздың тарихи тамырының тереңінде айбынды, қайсар, жалынды  ұрпақ тәрбиелеуге негіз бар.

4. Эстетикалық тәрбие – жеке адамның эстетикалық мәдениетін дамыту.  Ұлы Дала өркениеті – жас ұрпақты әсемдікті игеруге, сұлулықты сезініп, қастерлеуге, эстетикалық тәрбие алуға жетелейді. Алтын адам ұрпағы ұлыларды ұлықтайды, ұлылыққа ұмтылады.

5. Рухани тәрбие – адамзат баласының өзіндік санасын дамытуға бағытталады.  Ұлы Даладағы ойшылдардың, рухани көшбасшылардың ілімін ұрпақ бойына дарытумен Мәңгілік елдігімізді дәлелдейміз. Бүгінгі таңда Ұлы тарихымызды оқыту арқылы ұрпағымызды дін жолынан адасудан, өзге діннің жетегінде кетуден қорғай аламыз.

6. Экономикалық тәрбие, түп негізі еңбек тәрбиесінде жатыр. Еңбек – адам бойында тәртіптілік, ұжымшылдық, ұқыптылық, іскерлік, шығармашылық, т.б. қасиеттерді дарытуға бағытталған. Қазақ халқы ерте заманнан-ақ Шығыс пен Батысты байланыстырушы жол торабында түрлі сауда-саттықпен айналысып, өзге елдермен байланыс орнатты. Парасаттылықпен еңбек етті.

7. Экологиялық тәрбие – жастардың экологиялық көзқарасын, санасын, табиғатқа деген үлкен жауапкершілік, қарым-қатынасын  қалыптастыру. Келер ұрпақ болашақта дархан даламыздың табиғи байлығын, сұлу да шипалы өсімдіктердің құндылығымен әлемге танытуды жадында сақтау қажет деп білемін. Экологиялық тәрбиені қолға ала отырып, Қазақ топырағында туризм саласын биік деңгейге көтеру, сапалы қызмет ұсына білу тиімді. Жоғарыда айтылған тәрбие бағыттары ұлттық тәрбиенің қағидалары болып табылады.

Ұлттық құндылықтардың қатарын күре тамыры тереңге жайылған, сыры мен жұмбағы мол тарихымыз бен салт-дәстүріміз жалғастырады. Кино, театр, телевизия саласындағы үздіктерімізді үлгі ете отырып, өскелең ұрпақты сапалы дүние жасап шығаруға үйрету және білімін арттыру өзекті. Сонымен қатар, археология, музей, түркі халықтарының негізін қарастыратын түркітану ғылымының бастау көзіне қайта оралып, түркі халықтарына ортақ ескі жазба ескерткіштерімізді одан әрі зерттеп, аударып, сыры мен мәнін ашу жолында еңбек етсек, төл тарихымызға деген үлкен қазына. Жастарды халқымыздың сан ғасырлық мұрасымен сусындатып, ұлт тарихы, білім, дала фольклоры мен музыка, өнер, денсаулық сақтау, халықаралық сипаттағы тарихымызбен таныстыру, сол негізде Мәңгілік еліміздің туын ұстап, рухы биік, болмысы барыстай жеке тұлға етіп шығару – жастар жылында жалғасын табары айқын.

Қорыта айтқанда, ХХІ ғасыр ақпараттық және техникалық бәсекелестік заманында, қазақ ұрпағын сапалы біліммен нәрлендіріп, саулығын қамтамасыз ету, даналықтың исі аңқитын салт-дәстүрімізді алға тарта отырып тәрбиелеу, тарихымыз бен танымымызды теңестіріп, сол арқылы ақпараттық ағынмен келетін қақтығыстарға төтеп беру мен ата-бабамыз арман етіп өткен тәуелсіздігімізді мәңгі сақтап қалу –  Қазақстанның әрбір азаматының иығына жүктелетін парыз.

Қанайбекова Элмира Төреқұлқызы, ҚР Ұлттық музейі, Ғылыми-әдістемелік жұмыс бөлімі, Жазба ескерткіштерді зерттеу секторының сарапшысы 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?