Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҚазССР-дің соңғы, Қазақстанның тұңғыш президенті

1677
ҚазССР-дің соңғы, Қазақстанның тұңғыш президенті - e-history.kz
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысының лауазымына келген төртінші қазақ болды. Одақтас республика Назарбаевтың кезеңінде тәуелсіздігін алды

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылғы 6 шілдеде Алматы облысы Шамалған ауылында Әбіш пен Әлжанның отбасында өмірге келген. Нұрсұлтан туып-өскен Шамалған көшіп-қону учаскесі, жергілікті партия органдарының жоспары бойынша болашақта Ресейден шыққандарды орналастыратын аумақ болуы керек еді.

Бұл туралы өз кітаптарында Н.Назарбаев былай еске алады: «Егер қазақ үйіне месхеттік түріктің үйі жапсарлас салынса, ал келесі үйлерде Богдан, Рихард, Олег тұрып жатса, қайтіп бөлінеді...»

Оның әкесі тек қазақша мен орысша ғана біліп қойған жоқ, сонымен қатар жер аударылып келген балқарлардың арқасында олардың да тілін түсініп, сөйлей алған. Әбіш тамаша әнші, шебер етікші әрі диірмен ісін де жақсы білген кісі болған. Нұрсұлтан Әбішұлының шешесі Әлжан молда отбасында Жамбыл облысының Қасық ауылында дүниеге келген. Әкесі діндар адам болуы себепті оны жер аударып Шамалғанға әкеледі, сол жерде ол өзінің болашақ жарымен танысады.

Заманның қиындығына қарамастан Назарбаев ешқашан қол қусырып отырмаған: әкесіне шөп дайындауға көмектессе, шешесіне – қант қызылшасы егістігінде, малды қарап, алма мен картоп өсірісіп көмектескен.

Назарбаевтар отбасы

Елдің болашақ президенті мектепке 1948 жылы барған, сабағын жақсы оқыған, сабақтан қолы бос кезінде күреспен шұғылданған, сырнай мен домбырада ойнаған. Мектеп бітірген соң Нұрсұлтан Әбішұлы Алматыға С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түсуге барады, алайда, жалғыз ғана бір балл жетпей оқуға түсе алмағанымен, оның алдынан басқа мүмкіндіктер ашылады.

1958 жылдың жазында ол Киев азаматтық авиация институтына емтихан тапсырады. Оның құжаттарын қабылдайды, бірақ отбасылық кеңес Нұрсұлтанның Украинаға кету бастамасын құптамайды – Назарбаев қалады.

Н. Назарбаев «Ленинская смена» газетінен БЛКЖО ОК-нің жастарды Қарағанды металлургия зауытының құрылысына шақырған үндеуін оқып, 1958 жылдың қыркүйегінде Теміртауға келеді. Ол кезде Теміртау жан-жағын құрылыс қоршаған шағын ғана жұмысшылар қаласы еді.

Құрылыс жобасының басшылығы жас, батыл қазақтың бойынан әлеует көргенімен, жұмысты тоса тұру керек болды. Осылайша Нұрсұлтан Әбішұлы Днепров металлургия комбинаты жанындағы №22 Днепродзержинск КТУ-ге келеді. КТУ қабырғасында Назарбаев жарты жыл оқиды. Днепродзержинскідегі уақыт Назарбаевтың ұйымдастырушылық және шешендік қабілеттерін де аша түсті. Днепродзержинскіге қазақ әртісі Б. Төлегенова келіп, концерт бергенде Назарбаев жерлесіне ақпараттық қолдау көрсеткен, осы кезден оның ұйымдастырушылық қабілеті байқалған. Шешендік қабілетінің арқасында жергілікті жігіттермен төбелісіп қалған қазақ жігіттерін депортациялау мәселесін Назарбаев реттеп берген.

Назарбаев, сол жақтан екінші

Теміртаудағы төтенше жағдай туралы Назарбаев елге келген соң бір-ақ біледі. 1960 жылдың 26 сәуірінде Назарбаев училищені үздік бітіріп, Қазақстан Магниткасына – «Қазақстан металлургия зауытына» келеді.

Мансабындағы осы кезең туралы Назарбаев өзінің «Әділеттің ақ жолы» кітабында былай дейді:

«Горновойдың еңбегі деген не? Бұл сол скрап бөлшектегіш ауыр сүңгі және оны күреу үшін керек жалпақ күрек деген сөз. Ал анау ішкі жағында температурасы 2000 градусқа жететін нағыз тозақ жатады. Оның үстіне газ бен шаң. Жігіттерге түсетін салмақ та орасан ауыр болатын. Металл балқыту барысы шағынуға да, демалуға да мүмкіндік бермейді – тек өзіңе сен. Машықтығың жетпейді екен металл тез қатып қалады да, үсті-үстіне апат болады.

Сөйтіп, сынып қалған құралды шығарып алу үшін асбест желбегеймен тікелей жалынға кіріп-шығуға тура келеді. Бір ауысымда жарты шелек тұзды су ішіп, сонша ылғал термен шығып жатады. Жұмыстан соң жарты сағат мұздай суға түсіп, жан шақырасың. Егер, жаз болса сыртқа шыға қалсаң, онда да 35 градус күйіп тұрады. Жігіттер ылғи титықтап шаршап шығады, бұлшық еттері тынығып та үлгермейді, көбісінің мұрнынан қан кетеді – бәрі бірдей шыныққан жандар емес қой. Бірсыпырасы шыдай алмай, кетіп те жатты».

Осы кезде Назарбаев қаланың белсенді өміріне араласа бастайды, ал ЛКЖО-ның Х съезінде мінберден «Карметтің» жұмысшы жастарының тұрмыстық мәселелерін де көтереді.

1962 жылғы 27 шілдеде Назарбаев кеңестік делегация құрамында Хельсинкиде өткен Жастардың VIII дүниежүзілік фестиваліне барып, коммунизмнің басымдығы туралы американдық делегациямен диспутқа қатысады. Осы жерде ғарышкер Ю.Гагаринмен кездеседі.

Елге оралған соң Нұрсұлтан Әбішұлы үйлену тойын жасайды, ал 1962 жылдың қыркүйегінде Қарағанды политехникалық институтының Теміртау филиалының металлургия факультетіне жолдама алады.

1967 жылдың шілдесінде Нұрсұлтан Әбішұлы институтты бітіріп, домна цехының аға газшысы болып зауытқа қайтып оралады. 1969 жылғы жазда Назарбаевқа Теміртау қалалық комитетіне партия жолына ауысуға ұсыныс жасалады. Ол бұл ұсынысты қабыл алып, 1969 жылғы 9 шілдеден бастап партияның өнеркәсіп-көлік бөлімін басқара бастайды.

Бірнеше жылдан кейін, 1973 жылы, оны «Карметкомбинат» партия комиссиясының хатшысы қылып тағайындайды. Бұл лауазымда Назарбаев өндіріспен, комбинатты жабдықтаумен және жөндеумен, металлургтардың тұрмыстық мәселелерімен айналысады. Ол өз идеяларын дәлелдей алатын, себепсіз сынамайтын және кәсіпорынды ішкі жағынан білетін. Бұл жұмысы елеусіз қалмады – елімізге осындай өршіл кадрлар керек еді.

1978 жылы Назарбаевты Қарағанды партия обкомының хатшысы, ал 1979 жылы – Қазақстан Компартиясы ОК өнеркәсіп, көлік және байланыс жөніндегі хатшысы етіп тағайындайды. Назарбаевтың мансабының шарықтап өсуіне Қазақстан ОК бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев қолдау көрсетті. Республиканың бірінші басшысына Қазақстанның ірі кәсіпорнында мықты мектептен өткен жас металлург ұнайды.

Н.Ә. Назарбаевтың Халық депутаттары съезінде сөз сөйлеуі

1984 жылғы 22 наурыздан бастап Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ ССР Министрлер Кеңесін басқарды, ол сол кездегі одақтас республикалардың Министрлер Кеңесін басқарған ең жас Төраға болды.

Сол кездегі ҚазССР-і көбіне тау-кен өнеркәсібі жағына көбірек көңіл бөліп, сол себепті халық тұтынатын тауарларды дамыту жағынан республика әлеуетін жоғалтып отырған еді. Нұрсұлтан Әбішұлының республика басшыларымен жүргізбекші болған конструктивті диалогы түсінбеушілік пен жігерсіздікке кездесіп отырды. Бұндай жағдайда жаңа Қазақстанды құру мүмкін емес еді. Осылайша, Қазақстан Компартиясының XVI съезінде Назарбаев сөйлеген сөзінде қызмет бабы бойынша кезіккен тұралап қалған консерватизм көріністерін сынға алды. ҚазССР Министрлер Кеңесі Төрағасының баяндамасында бірінші хатшы Д.А.Қонаевтың аты аталмаса да, оның сөзі кімге бағытталғанын бәрі іштей ұққан еді.

1986 жылдың аяғында КОКП ОК Д.Қонаевтың отставкасын мақұлдап, оның орнына Ульянов облысының бірінші хатшысы Геннадий Колбинді тағайындайды. Қазақстанда тұрмаған, халықтың мүддесінен бейхабар адамның тағайындалуы билікті сынауға әкеліп, соңы жаппай шерумен аяқталды. Шеру әскери бөлімшелермен аяусыз жаншылып, аяғы Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына ұласты.

Назарбаев жанжалды ауыздықтауға қатысып, оқиғалардан кейін өзі жастармен кездесуге барып, жағдайды түсіндіреді. Колбин бастамашыл, жігерлі Назарбаевта саяси қарсыласын, оппонентін көріп, оны қорқытуға, беделін түсіруге, тіпті оның лауазымын өсіріп, басқа республикаға ауысуына да қолжеткізбекші болған.

Мансабының осы кезеңі туралы Назарбаев былай еске алады:

«Тоқырау кезеңінде республика басқаруында орын алған әдіс-тәсілдердегі қателіктер туралы республика партсъезінің мінберінен айтқаннан кейін мен қиын уақытты бастан кешірдім. Бірақ көп айға созылған қысымға төтеп бердім. Оның үстіне тәжірибем де болды – басы артық дербестік мені бұрын да «ыңғайсыз бағынышты» қылған».

1989 жылдың жазында Мәскеуде ССРО халық депутаттарының І съезінде реформалар, идеологиялық аспектілер мен экономикалық мәселелер қызу талқыланды. ССРО халық депутаттарының І съезінің жоғары мінберінен Назарбаев 12 тармақтан тұратын өз бағдарламасын айтып берді. Экономикалық реформалардан басқа бұл тармақтарда экономикалық «тоқырау» кезінен бері келе жатқан саяси және экологиялық мәселелердің шешімі де айтылды.  Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Арал мен Семейдегі экология апатына, Байқоңыр мен Майқайыңдағы кемсітушілікке және басқа да бірқатар экономикалық мәселелерге көңіл бөлді. Съезд соңында Назарбаевты ел басшылығына тағайындау туралы шешім қабылданды.

1989 жылдың 22 маусымында пленумның 158 қатысушысының 154-і ОК Пленумы тарихындағы бірінші жасырын дауыс беру барысында Нұрсұлтан Әбішұлының кандидатурасы таңдалды. Бір айдан кейін, 1989 жылдың шілдесінде, Назарбаев одақтас республиканың басшысы ретінде шахтерлердің ереуілі болып жатқан Қарағандыға келеді. Шахтерлердің жалпы экономикалық және тұрмыстық талаптары ішінде Семей полигонын жабу туралы да үндеулер де болды. Бұл жанжалда Назарбаев ереуілшілер жағына шықты. Білетініміздей, 1991 жылғы 29 тамызда Н. Назарбаевтың Жарлығымен Семей сынақ полигоны жабылды.

Тағы бірнеше айдан кейін, 1989 жылдың қыркүйегінде, Назарбаев КОКП ОК Пленумында сөз сөйлеп, желтоқсан оқиғаларының қатысушыларын қорғады. Осындай өз қателігін мойындау 1986 жылғы қанды оқиғаға қатысушылардың ісін қайта қарап, заңсыз сотталғандарды ақтауға мүмкіндік берді. Осымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды мекендеген этностардың ұлттық – мәдени дамуына белсенді араласып, халыққа діни санасын қайтарып, барынша сенімдерін нығайтуға тырысты.

Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңес мінберінде

1990 жылғы ақпанда Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайланды, ал 24 сәуірде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Қазақ ССР Президенті лауазымын бекітті. Жарты жылдан кейін, 1990 жылғы 25 қазанда, одақтас республиканың жаңа сайланған Президенті «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны қабылдады. 20 қарашада вице-президент, Премьер-министр лауазымын құруды қарастыратын «Мемлекеттік билік құрылымдарын жетілдіру мен Қазақ КСР-індегі басқару және Қазақ КСР-інің Конституциясына (Негізгі Заңөзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылады. Осымен қоса, Министрлер Кабинетінің құрылуына байланысты Министрлер Кеңесі жойылды.

Басқарудың жаңа құрылымдарының құрылуына қарамастан, 1990 жылғы сәуірден 1991 жылғы тамызға дейін Қазақ КСР аумағында параллельді екі мықты аппарат болды: Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитеті және Қазақ КСР Президенті және ешқайсысы да өз өкілеттігін екіншісіне бергісі келмеді. Бұл жағдай 1991 жылғы тамызда, тамыз бүлігі кезінде шешілді. Тамыз бүлігі кезіндегі Нұрсұлтан Әбішұлының іс-қимылы Президент қойын кітапшасының бес бетінде егжей-тегжейлі жазылып, қазір тарихи құжат болып саналады.  Бүлік нәтижесін түрліше айтуға болады, бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы үшін ОК-ден кету тамыз бүлігінің қорытындысы болды.

1991 жылғы 1 желтоқсанда бірінші халықтық Президент сайлауы болып, Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жетті. 10 желтоқсанда Президентті ұлықтау рәсімі өтіп, 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданып, қазақ мемлекеттігінің көп ғасырлық тарихындағы жаңа парақ ашылды.  

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?