Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қаңғып келген шүрегей»

1999
«Қаңғып келген шүрегей»   - e-history.kz
ҚазССР ОК бірінші хатшысы лауазымында Геннадий Колбиннің пайда болуы әртүрлі қабылданды, бір жағынан бұл «1986 жылғы желтоқсан», екінші жағынан «Тұрғын үй-91» бағдарламасының іске асуы

Геннадий Васильевич Колбин 1927 жылғы 7 мамырда Свердлов облысының Нижний Тагил қаласында өмірге келген. Ұлы Отан соғысының қызу шағында он бес жасар Геннадий Колбин зауытқа қалыпшының оқушысы болып жұмысқа тұрады, ал 1943 жылдан бастап өзі де Нижний Тагил артелінің құрамында аяқ киім жасай бастайды.

1943 жылы Геннадий Колбин Нижний Тагил тау-кен металлургиясы техникумына қабылданып, бұл оқу орнын 1947 жылы бітіріп, конструктор-технолог мамандығын алып шығады. Нижний Тагилдегі зауыттағы он екі жыл жұмыс істеп Колбин конструктор-технологтан, технологиялық бюро бастығы, бас инженер орынбасарына дейін өседі.

Жұмыс арасында Геннадий Колбин С.М.Киров атындағы Орал политехникалық институтында сырттай оқып, оны 1955 жылы бітіреді. 1959 жылы Колбин партиялық қызметке келеді, алдымен зауыттың партия комитетінің хатшысы, кейіннен Нижний Тагилдің Ленин аудандық комиссиясының екінші және бірінші хатшысы болады.

1970 жылы Колбинді Свердлов обкомына хатшы қылып тағайындайды. Облыстық комитетте Колбин екінші хатшы лауазымына дейін өседі, алайда туған облысының обкомын басқару Колбинге бұйырмайды. Советтік партия субординациясы билік сабақтастығын талап еткенімен, Мәскеуге жоғары лауазымға кетіп бара жатқан Яков Петрович Рябовтың орнына үміткер обкомның екінші хатшысы Колбин ғана емес еді, себебі Колбиннің тамаша ұйымдастырушылық қасиеттері болғанымен, оның бойында мүлдем көшбасшылық қабілет жоқ еді. Осылайша Свердлов обкомының бірінші хатшысы лауазымына Борис Николаевич Ельцин Свердлов обкомының құрылыс бөлімінің бастығы бекітіледі. Бұдан соң Колбин Грузияға екінші хатшы болып кетеді де, Ельциннің алдынан советтік саясат элитасына жол ашылады. 

1975 жылы Геннадий Колбин Грузия ОК екінші хатшысы лауазымын атқаруға кіріседі. Оның саяси мансабының осы кезеңі Эдуард Амвросиевич Шеварднадзенің жұмысымен тығыз байланысты. Сол кезде Грузин ССР-і елдегі әлеуетті тынышсыз аймақ болып саналатын.  

Екінші хатшы лауазымында Колбин жемқорлықпен және бейресми экономикамен күрес жөніндегі Э. Шеварнадзенің реформаларын іс жүзіне асырады. Кадрларды тазалау барысында  20 министр, 44 аудандық комитет хатшысы, 3 қалалық комитет хатшысы өз лауазымдарынан айырылды. 1983 жылғы 5 маусымда Ульянов облысында төтенше жағдай туындайды: «Александр Суворов» теплоходы қатты жүріп келе жатып көпірге соғылып, 330 жолаушы зардап шегеді. Тексеру жүргізу Саяси бюро мүшесі Гейдар Алиевке жүктеледі.

Жарты жылдан кейін, 1983 жылы 15 желтоқсанда, Ульянов обкомының бірінші хатшысы И. Кузнецов «спирттік ішімдікке салынғаны үшін» лауазымынан босатылып, оның орнына Геннадий Колбин тағайындалады.

Геннадий Васильевич Колбин алкогольге қарсы белсенді кампания бастап кетеді. Ол алкогольді сату квотасын шектеп, «алкогольсіз үйлену тойын», «салауаттылық аймағын» енгізеді. Колбиннің бастамасымен импорттық материалда дайындалған шарап малазықтық ашытқысына айналдырылды, сыра шығару тоқтатылды, ал отбасылық мерекелер партия, кәсіподақ немесе комсомол мүшелерінің қатысуымен өтетін болды. Геннадий Колбин алкоголь ішуді тоқтатуды тек қана қарапайым халықтан ғана емес, сонымен қатар жоғары билік басшыларынан да қатаң талап етті.

«Мені жүзімшілер өлкесінде де ішкіздіре алмаған, сендерге де босаңсуға жол бермеймін!»

Алкогольмен күресе отырып Колбин азық-түлік дүкендерін басқа тауарлармен толтыруға тырысты. Осылайша, Ульянов облысының азық-түлік дүкендерінде грузиндік мандариндер, балықтың сирек түрлері және көптеген басқа тауарлар пайда болды.

Колбин жемқорлықпен күресін жалғастыра берді, осылайша, облыстың барлық аудандарында тазалау жүргізілді (26 аудан хатшысынан бесеуі ғана орындарында қалды). Геннадий Васильевичтің сырты келбеті мен әдеттері туралы оның көмекшісі былай деп еске алады:

«Ол көріксіз, қабарыңқы ер адам еді, үнемі бір түрлі «бір қырындап» жүретін, алақаны үнемі терлеп тұратын, сонысынан ол қатты ыңғайсызданатын. Бірақ жұмыста ол өзіне және жанындағыларға өте талапшыл болатын, кез-келген жұмысты бүге-шігесіне дейін істейтін. Кейде әйел ретінде мен оны аяйтынмын да. Таңертеңнен кешке дейін тек қана темекі шеге беретін, жұмыс істейтін де кофе ішетін».

Колбин үшін жұмыс бәрінен де маңызды болды:

«...ақырына дейін шындықты айтар болсақ, ол бір түрлі күтімсіз-күйсіз болатын... Жейдесінің жеңі үнемі «түте-түте», жағасы кір-кір болып жүретін. Бірде мен есік қақпастан оның кабинетіне кіріп қалдым, ол аяғына эластик дәке байлап жатыр екен, ал дәке болса кір! Мен оған «Әкеліңіз көмектесейін» дедім, ол ыңғайсызданып, балағын түсіре бастады. Сосын тромбофлебитпен ауыратын, кез-келген сәтте өліп кетуі мүмкін екенін айтты. Үйінде өле ме, жұмыста өле, айырмашылық қандай. Мен не айтарымды білмедім». 

Колбиннің тірі кезінде-ақ оның әйелі Софья Ивановна алкоголизммен ауырады деген сыбыс шыққан еді, бұл да Колбиннің ішімдікпен күресін түсіндіре алар еді. Дегенмен де, ол қызы Марина мен немересін қатты жақсы көрді. Ульянов обкомының бірінші хатшысы болып жүрген кезінде қызын орыс тілі кафедрасына орналастырып, ал обком саяжайын қайтадан салып, отбасын сонда көшіреді, немересіне арнап үйдің жанынан ағаш үйшік салып береді.

Бірінші хатшы Ульяновтағы көпір құрылысына да атсалысады. Колбиннің бастамасын бірден қолдамайды – құрылыс өте қымбат әрі ауқымды болып көрінеді. Оған альтернативтік нұсқаларды ұсынады, бірақ Колбин өзінің ескі танысы, сол кезде бүкілодақтық құрылысты басқарып отырған Борис Ельцинге қолқа салады. Бұдан басқа, Колбиннің бастамасы бойынша Ульяновта қайта құру кезінде жұмысын тоқтатқан Микроэлектроника орталығы мен Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы (қазір – Ульянов мемлекеттік университеті) ашылады.

1986 жылдың 16 желтоқсаны Колбин тыныш Ульянов облысынан Қазақстанға ауысады. Одақтас республиканың бірінші хатшысы лауазымы Колбинге Саяси бюро мүшелігіне өту мүмкіндігіне жол ашса, Горбачев:

«Қолыңнан не келетінін көрсет, барлық ойларыңды, әзірлемелеріңді жүзе асыр», –

деп бата береді. Алайда, Колбиннің келуі қазақ жастарының көтерілуіне себеп болып, «Алматыдағы желтоқсан» оқиғаларына ұласады. Осы шерудің және оны аяусыз басудың нәтижесінде 8,5 адам ұсталып, 1,7 мың адам ауыр дене жарақаттарын (негізінен бас сүйек-ми зақымы) алды, 200-ге тарта адам қаза болды.

Желтоқсан оқиғасының қайғылы салдыры туралы айтудың бірінші талпыныстары түбірінен жұлынып, олардың авторлары ұлтаралық алауыздықты қоздырушы деп айыпталды. ССРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Мұхтар Шаханов бұл туралы алғаш рет Алматыда ССРО Халық депутаттарының І съезінде ашық айтқан еді. Оның сөзі тек қана Колбинге әсер етіп, ол үзіліс кезінде Шахановтың нөміріне қоңырау соғып:

«Мұхтар, сен не істедің? Сен мені өлтірдің!»

дейді.

Колбиннің Қазақстандағы тұрмысы туралы оның замандастарының естеліктері сақталған. Қазақстан ОК іс басқармасының меңгерушісі болған Андрей Григорьевич Статенин былай дейді: «Мен Қонаевпен жұмыс істедім. Саяси бюро мүшесі ретінде оның азық-түлікті Мәскеуден фельдъегерлік байланыспен мырышпен қапталған контейнермен алдыратынын білетінмін. Болған іс болды. Бірақ барлық шонжарлық әдетіне қарамастан, үйінде жиырма тауық ұстап, тек солардың ғана жұмыртқасын жеу деген ой ешқашан Қонаевтың басына келмес еді. Әрине, Колбин үйінде тауық ұстаған жоқ, оның резиденциясының жанынан арнайы құс қора салынды».

Колбин маңызды мәселе – тұрғын үй мәселесін шешуге тырысты. 1987 жылдың қаңтары жағдайы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған республиканың барлық тұрғындарын «Тұрғын үй-91» бағдарламасы бойынша пәтермен қамтамасыз етуге сөз береді. Колбиннің жарты жылдан кейін баяндаманы қазақша әзірлеп, оқимын деген сөзін популистік деп айтуға болады, әрине, ол сөзінде тұрған жоқ.

Бұдан басқа, Колбин жабайы үйректерді атып, дүкендерді арзан етпен толтырудың ерекше тәсілін ұсынды. Дәл осы Колбиннің кезінде көп жылғы үзілістен кейін тұңғыш рет Наурыз мейрамы тойланды. Колбин Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі мақта ұрлығымен күрес жүргізді. Колбиннің мақта ұрлаушылармен жүргізген белсенді жұмысы елеусіз қалмай, 1989 жылдың жазында оны Мәскеуге ресурстар шығынын, тәртіптің бұзылуын, мемлекеттік жоспардың орындалуын қадағалайтын орган – ССРО халық бақылауы комитетін басқаруды ұсынады. Бұл лауазым үшін Борис Ельциннің де күрескенін айта кету керек.

Колбинді тағайындағаннан кейін Ельцин оппозицияға кетеді. Комитетте Колбин көп істеген жоқ, біраз уақыттан кейін ССРО жойылады. Колбин одақ маңызындағы дербес зейнеткер ретінде екі жылын өткізеді, 1992 жылдан 1998 жылға дейін «Мосуралбанк» ААҚ Директорлар кеңесінде төрағалық етеді.

1998 жылғы 15 қаңтарда Колбин қызы мен жиеніне қонаққа бармақшы болып метроға отырады. Аяқ астынан жүрек ұстамасы ұстап, метро вагонында қайтыс болады. Қазақстан ОК-нің кезіндегі бірінші хатшысының мәйітін ешкім іздемей, бес күн бойы сұраусыз жатады, содан Колбинді үй-күйі жоқ жан ретінде жерлеу туралы мәселе қарастырылады. Милиционерлердің біріне оның түрі таныс болып көрінеді, көп ұзамай туыстары да табылады. Колбин Мәскеудегі «Троекуров» зиратында жерленген. 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?