Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Скворцовтың саясаты

2018
Скворцовтың саясаты - e-history.kz
1938 жылдың мамырында Сталин Л. Мирзоянды Мәскеуге шақыртып, республиканы басқаруды Николай Скворцов дегенге жүктейді

Қазақ ССР-ін ол жеті жыл бойы басқарады. Ол басқарған жылдары Ұлы Отан соғысы болып, халық талай қасіретті бастан кешті.

Николай Александрович Скворцов 1899 жылдың 14 қазанында дүниеге келген. Н. Скворцов қарапайым шаруа отбасында Астрахань губерниясының Цветное селосында туып-өсті. II Николайдың тақтан бас тартуын, монархияның құлауы мен республикалық құрылыстың алғашқы қадамдарын жас Скворцов Қызыл гвардияның қатарында қарсы алды. Ерікті қарулы отрядта Н.Скворцов 1919 жылға дейін қызмет етіп, Каспий-Кавказ майданының әскери хабарламалар басқармасының жөнелту пункті бастығының көмекшісі лауазымына дейін өседі. 

Сол жылы  Николай Александрович Скворцов большевиктер партиясына мүшелікке өтеді. Көп ұзамай қызметі аяқталғаннан кейін, 1919 жылдың сәуірінде, Николай Скворцовты Астрахань губерниясының Красный Яр уездік атқарушы комитетінің қаржы бөлімін басқаруға жібереді.

1920 жылдың наурызында Н.Скворцовты Астрахань губерниясының 4-ші жеке айып бөлімінің әскери командирі ретінде қайтадан әскери қызметке шақырады. Бұл қызметте ол көп болған жоқ, 1920 жылдың тамызына дейін ғана болды. «Айыптылармен» сәтті жұмыс істегеннен кейін оны Қалмақ автономиялық облысына ауыстыруды ұсынады.

1920 жылдың қыркүйегінде ол Манычский уездік бандиттікпен және қашқындықпен күрес комиссиясы төрағасының орынбасары болып тағайындалады.1921 жылдың мамырында Николай Александрович Манычский уездік комиссиясы БКП (б) үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, кейіннен – халыққа білім беру уездік бөлімінің меңгерушісі және Манычский уездік атқару комитетінің орынбасары болып партия жұмысына кіріседі.

Н.А. Скворцовтың Манычский селосындағы жұмысы 1923 жылдың мамырына дейін созылады. 1923 жылдың мамырынан 1924 жылдың қазанына дейін Ремонтненский уездік атқару комитетінің жергілікті білім бөлімін басқарады. 1924 жылдың қазанынан 1925 жылдың қазанына дейін Н. Скворцов РКП (б) Ремонтненский уездік комитетінің хатшысы лауазымын атқарады. 1925 жылдың күзінде ол Қалмақиядан кетеді, енді оны Солтүстік Кавказдың Сальск округіне жібереді. Бұдан кейінгі үш жыл бойы ол округтік білім бөлімін басқарады.

1928 жылы ол Сальск округтік атқару комитеті басшысының орынбасары болып тағайындалады. Жаңа лауазымында Скворцов 1930 жылдың қыркүйегіне округтің жоспарлау бөлімін басқарады.  

1930-1934 жылдары Николай Скворцов Мәскеудегі жоспарлау-экономикалық институтында оқиды, қазір ол – Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университеті. Партияның басқарушы органдары бөлімінде Скворцов 1938 жылғы ақпанға дейін қызмет істейді. Жұмысқа деген құлшынысы оны мансап сатысында жоғарылата берді.

Николай Александрович партия номенклатурасының неге бағынатынын жақсы біліп алады, бәлкім, оны репрессиядан құтқарған да сол білімі болар. Бұдан басқа Ленинград облыстық комитеті мен қалалық комитетінің бірінші хатшысы Андрей Жданов, басқарушы партиялық органдар бөлімінің меңгерушісі Георгий Маленков Скворцовты қолдап жүретін.

Сталин Жолдас! Сіздің, ПОЖБ (партия органдарымен жұмыс бөлімі) қателігіне қатысты ескертуіңізден соң, мен ПОЖБ жұмысындағы кемшіліктерді жою, аппаратты тексеру және аппараттың көптеген жаңа әрі тәжірибесі аз жұмысшыларын тәрбиелеу бойынша шаралар қабылдап жатырмын. Бұл жұмыстарды тәжірибесі аз орынбасарлармен істеуге тура келеді, өйткені Скворцов, Бурмистенко, Донской, Пономаренко, Селезнев сияқты үздік орынбасарлар жергілікті жұмысқа тағайындалып қойған...

Бірінші бетте «Менің архивім. Ст.», «Маленков жолдастан» деген белгі бар.

1938 жылдың 7 мамырында Қазақстан ОК Бюросы Мәскеудің шешіміне арқа сүйей отырып, Скворцовты республиканың екінші хатшысы етіп бекітеді. Бір аптадан кейін Сталин Қазақ ССР бірінші хатшысы міндетін атқарудан Мирзоянды шеттетеді де, бұл лауазымды Скворцов атқарады.

Республика басшысы болған кезде Н. Скворцов жергілікті тұрғындар арасынан кадрлар дайындайды. Қаныш Сәтбаевты, Дінмұхамед Қонаевты, Ілияс Омаровты, Жұмабай Шаяхметовты, Нұртас Оңдасыновты ілгерілеткен осы Скворцов деп саналады. Жұмабай Шаяхметов республика Компартиясы ОК бірінші хатшысы, Ілияс Омаров – идеология жөніндегі ОК хатшысы, Нұртас Оңдасынов 1938-1951 жж. Халық Комиссарлар Кеңесін басқарған.

Өз кезегінде Қазақ ССР-і мен оның басшылары өмірі туралы көп білетін Н. Хрущев Оңдасыновтың, Скворцов пен Шаяхметовке сыни мінездеме берген. Атап айтқанда, ол республикадағы халық шаруашылығының дамуы мен тың игеруді кінәға қойған. Дінмұхамет Қонаев Скворцовтың сырт келбетін былайша сипаттайды:

«Иә, қазанбас, қисайта қойған кекілі, өңменіңнен өтетін жанары бар, кең жауырынды, қалың ерінді, ІІ Николайдың бұл аттасы түрімен-ақ жүрегінің түгі бар талайларды сескендіре алар еді. Алайда, Скворцов өзіне қарата да алатын еді. Ол шын көңілден күлетін... Ол кен өндіру мен байыту, металды балқыту мен шығару технологиясын өте жақсы білетін... Сыртынан оны «Партиялық Мәртебелі Николай Үшінші» деп атайтын».

Соғыс кезінде Қазақстан майдан арсеналы болғаны анық. Қазақстандықтардың жанкештілігінің арқасында қысқа мерзім ішінде 460 зауыт, фабрика, шахталар мен кен орындары, олардың ішінде 220 эвакуацияланған кәсіпорындар іске қосылды. Майданға керек азық-түлікті де Қазақстан жіберді.  

Репрессиялар да жүріп жатты. ССРО Жоғарғы Кеңесі депутаттарын тұтқындау туралы И.В. Сталин мен Л.П. Берияға Н.А.Скворцовтан 03.04.1939 № 368/ш шифрлі жеделхат

«[...] ССР Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаттары Қоныспанов, Қожаев, Өмірзақов, Манкиннің буржуаздық-ұлтшыл ұйымға тиесілі екендері анықталды. Олардың әрқайсысына төрттен алтыға дейін тура, үштен беске дейін жанама дәлелдер бар, сонымен қоса, ССРО НКВД-да олардың қастық жұмыстарын дәлелдейтін агентуралық материалдар бар. [...] бірыңғай жағдай ретінде, соңғы күнге дейін партияға қарсы жұмыс жүргізіп отырған Манкин мен Қужановты тұтқындауға санкция беруді табанды түрде өтініп сұраймын. Оларды тұтқындау өте қажет, екеуі де жұмыссыз отыр. Сіздерден тапсырма сұраймын.

Қазақстан КП (б) ОК хатшысы СКВОРЦОВ [цитата соңы].

Шифрлі жеделхатқа қол қойылған: «Манкин мен Қужановтың тұтқындалуына» және «Берия ж. хабарланды» белгісі қойылған.

Скворцовтың кезінде Қазақстанда «қауіпті» әдебиетті тартып алу жүргізілді. Қазақстан КП (б) ОК «Қауіпті әдебиетті тартып алу туралы» 1938 жылғы 28 мамырдағы Қаулысы бойынша кітапханалардан, кітап қоймаларынан, сауда желілерінен Асфендиаров, Ілібаев, Қоңыратбаев, Жансүгіров, Тоғжанов, Жүргенов, Құлымбетов, Нұрмақов, Майлин, Сейфуллин, Шонанов сынды «қауіпті» авторлардың 97 әдебиет алынған.

Соғыс аяқталардың аз алдында Николай Александрович жедел түрде Мәскеуге іссапарға жіберіледі. 1945 жылдың қарашасында ол ССРО техникалық мәдениет халық комиссары болады. 1947 жылғы ақпаннан 1953 жылғы наурызға дейін Н. Скворцов ССРО совхоздар министрлігін басқарған және ССРО Министрлер Кеңесі жанындағы Ауылшаруашылығы мен дайындамалар жөніндегі бюро құрамына кірген.

1953 жылғы наурыздан қарашаға дейін ССРО Ауыл шаруашылығы министрлігі алқасының мүшесі болған. 1953 жылғы қарашадан 1957 жылғы наурызға дейін Н. Скворцов ССРО азық-түлік тауарлары өнеркәсібі министрлігінің Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы лауазымын атқарған. 1957 жылдың мамырынан 1965 жылдың қазанына дейін Н. Скворцов – ССРО Мемжоспар жанындағы Союзглавпищепромсырье бастығының орынбасары.

Дәл осы уақытта ол ССРО Мемжоспар жанындағы Жоғары экономикалық курстарда оқыған. 1966 жылдың шілдесінде Н. Скворцов зейнетке шығып, одақтық маңыздағы құрметті зейнеткер болады.

1974 жылғы 15 қаңтарда Мәскеуде өмірден өтеді, егер оның алдында қызмет еткен тұлғалардың өмірі қалай аяқталғанын ескерер болсақ, осы уақытқа дейін өмір сүруінің өзі жаман емес. 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?