Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаштың тұңғыш құрбаны

1678
Алаштың тұңғыш құрбаны - e-history.kz
Бірақ, былтырғы ізденісіміз біршама жемісті болды. Іздеу нәтижесінде Қазы Нұрмұхамедұлының кенже інісі Кенжеғазының Астанада тұратын қызы Нұрфатиманы таптық

Бүгінгі біздер, кешегі өткен Әлихан Бөкейхан бастаған Алаштың көшбасшы қайраткерлерінің отарлық жағдайдағы Қазақ елін тәуелсіз мемлекетке айналдыру бағытындағы күрес жолдарына үңілгенімізде, олардың нағыз тәуелсіздікті алған жағдайда елді бастай да, басқара да алатын саяси күшке айналғандарын көреміз.

1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында өткен ІІ Бүкілқазақ құрылтай жиналысында Алаш автономиясы жарияланып, оның өкіметі Алашорда құрылғанда, күн тәртібіне елді қорғай алатын қарулы күшті құру мәселесінің қойылғанының өзі-ақ жоғарыда айтқандардың дәлелі іспетті.

Біз, Алаш басшыларының осы бағыттағы іс-қимылдарын айтқанда, олардың әскери доктринасы болды деуімізге және осылай айтуымызға толық негіз бар. Доктрина сөзінің мәні «саяси тұжырым», «саяси принцип» деген ұғымдарға саятыны белгілі. Мәселеге осы тұрғыдан келетін болсақ, Алаш басшыларының «Қазақ» газеті және т.б. басылымдардағы мақалаларындағы ойлары, құрылтайда қабылданған Алаш партиясының бағдарламасында Алаш милициясына қатысты арнайы тараудың болуы [1, 90], сол құрылтайда бұл мәселенің күн тәртібіне қойылуы, Халел Ғаббасұлының арнайы баяндама жасауы, көп ұзамай, қарулы күштерге басшылық жасайтын соғыс министрлігінің құзыры берілген Алаш Әскери кеңесінің құрылуы және т.б. олардың әскер мәселесіне қатысты нақты көзқарастарының, яғни доктринаның болғанын көрсетеді.

Жалпы, Алаш әскерінің мәселесі өте тартымды, сонымен бірге толық ашылмаған тақырып. Әсіресе, сол кездегі болған біраз кәсіби әскери мамандардың өмір тарихтары мүлде зерттелмеген. Мәселен, Семейдегі Алаш әскерінің командирі, штабс-капитан кейіннен подполковник Хамит Тоқтамышевтың да өмір тарихы белгісіз. Кешегі күнге дейін оны башқұрт жігіті деушілер болды. Белгілі зерттеуші Берік Әбдіғали Ресей архив деректеріне сүйене отырып, оның қазақ, семейлік, түп атасы төре екендігін айтады. Хамит та, оның інісі де кадет корпусында оқыған көрінеді. Сол сияқты Алаш әскерін құруға белсене қатысқан майдангер-офицер, подполковник Қали Самратбековтен де білетініміз шамалы. Білетініміз: Қали Самратбековтің 1915 жылы жараланып, Мәскеуде госпитальда жатқандығы [2, 190 б.], төре затынан болуы және Семейде жерленуі.

Омбыдағы Колчак үкіметінің Алаш автономиясын мойындамаса да, оны мүлде таратып жібермей, оған төзулерінің себебінің бір ұшы қазақ жігіттерінен жасақталған әскердің соғыса алатындығында жатты ма дейміз.

Өйткені, азамат соғысы ұзаққа созылса, қазақтан да әскер жасақтауға болатынын Алаш полктері көрсетті. Мәселен, Лепсі уезінен жасақталған «Торыала атты» Алаш полкінің жігіттерінің соғыстағы кәнігі қимылдары, ерліктері туралы «Сарыарқа» газеті, кейіннен «Тар жол, тайғақ кешу» романында Сәкен Сейфуллин де жазған [3, 293].

Осы мақаланың тақырыбына арқау болған Қазы Нұрмұхамедұлы туралы да көп нәрсе әлі көмескі. Осы бір жиырманың ішіндегі уыздай жас жігіттің өмірінен білетініміз: оның Семей уезінің Еңірекей болысында туғандығы, руы сыбан екендігі, қызылдар атып кеткенде Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқып жүргендігі, прапорщик әскери шенінің, әйелінің және бір жарым жастағы ұл баласының болғандығы [4].

Бұл қанды оқиға алаш әскерінің келешегі үшін үлкен қатер екендігін ел басқарған қазақ азаматтары сезді. Сондықтан Қазының қазасына үлкен саяси мән берілді. Жерлеу рәсіміне алаш туын көтерген азаматтардың барлығы жиналады, жан тебірентер сөздер сөйленді. Міржақып Дулатов «Тұңғыш құрбан» деген өлеңін оқиды, Райымжан Мәрсеков, Мұстақым Малдыбаев және т.б. азаматтар сөз сөйлейді. Алаш азаматын соңғы сапарға шығарып салып тұрып айтқан Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Мұны өлді демеңдер. Бұл күні һәм мұнан соңғы азаматтар мына мен сияқты болып «ұлтым деңдер» деп өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті. Қарағым, Қазы, өліміңе өкінбе! Арманың жоқ, құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орның бөлек» деген жалынды сөзі көпшіліктің жүрегінде жатталды [4].

Десек те, кешегі күнге дейін осы адам және оның туыстары туралы мәлімет жоқтың қасы болды. 2013 жылы біздер (Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының жетекшісі, профессор Мұхтарбек Кәрімовтің басшылығымен) бұрынғы Еңірекей болысы жеріндегі Үшбиік ауылдық округіне арнайы барып, тұрғындарымен әңгімелессек те ешқандай мәлімет ала алмадық. Ауыл тұрғындарының арасында сексенді еңсерген, тоқсанның ішіне кірген жандардың жоқ екендігін естідік. Тіпті отызыншы жылы туғандардың өздері де бірлі-жарым көрінеді. Үлкендердің негізі 40-50-ші жылдары туғандар. Ескіні білетіндер қалмаған. Тек қана бір азамат ертедегі Еңірекей болысының ауылдарының реттік санын жерге байланыстырып айтып берді. Біз соған да риза болдық. Аягөз ауданы мен қаласынан жүргізген іздестіру жұмыстары да нәтижелі болмады.

Одан арғы іздестіру барысында біздер Семейдегі Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заманғы тарихи құжаттандыру орталығының қорынан Еңірекей болысы 9-шы ауылының старшыны Нұрмұхамед Атағарин деген кісінің есімін кездестірдік [5]. Жанағы Үшбиік ауылының тұрғындары бұл кісіні де білмеді.

Бірақ, былтырғы ізденісіміз біршама жемісті болды. Іздеу нәтижесінде Қазы Нұрмұхамедұлының кенже інісі Кенжеғазының Астанада тұратын қызы Нұрфатиманы және осы кісінің сіңлісі, марқұм Гүлфатиманың Ақсу ауданының орталығы Жансүгіровте тұратын балаларын таптық. Осы аталған адамдарды табуымызға Нұрфатима Кенжеғазықызының ері, қарағандылық журналист марқұм Мазғұт Халиоллиннің және әулеттің туысы, семейлік журналист марқұм Жұмағазы Алмабаевтың әр кездерде газеттерде жарияланған мақалалары негіз болды [6].

Нұрфатима Кенжеғазықызының айтуынша Қазы бес ағайынды болыпты (Құдайберді, Ісіләм, Тәуелқазы, Қазы және Кенжеғазы). Үлкен әкелері Атағара молла екен. Осы бес ағайынды жігіттердің әкелері біздер атын архив құжаттарынан кездестірген Нұрмұхамед Атағарин көрінеді. 1918 жылы 15 мартта шыққан «Сарыарқа» газетінің 21-санында айтылғандай Қазының сүйегі ескіше қаракерей, сыбан. Бұлардың аналары тобықты Кеңгірбай бидің шөбересі екен. Атағарадан Быламық пен Нұрмұхамед туыпты. Қазының әйелі орыс қызы болыпты. Туыстары Қазының қайын атасы генерал болғанын айтады. Кейіннен Қазының жесірі Ресейге қоныс аударыпты. Бірақ, 30-шы жылдары Семейге келіп, Семей ет-консерві комбинатының директоры болып тұрған Қазының ағасы Тәуелқазы Быламықовқа (1937 жылы «халық жауы» деп ұсталып, атылған) інісінің, 1918 жылы Алаш қаласында қызылдар атып кеткен кездегі үстіндегі жейдесін әкеліп берген көрінеді. Әйелі Қазының тұяғы – баласының да 9 жасқа келіп, шетінеп кеткенін айтыпты.

Жалпы, Қазы сияқты Алаштың алғашқы әскери маманының туысы болу бұл әулетке өте ауыр тиген. Қараормандай осы әулеттен бүгіндері қалғаны Кенжеғазының қыздарының ұрпақтары ғана көрінеді. Қарағандыда тұратын, біздер хабарласқан Нұрфатима апайдың айтуынша, бұл әулет тұқымдарына қатысты деректерді айтпауға тырысқан. Себебі, сол 20-жылдардан-ақ бұларды жергілікті беелсенділер Қазының туысы деп, қырларына ала бастаған. Үлкен ағаларының бірі – Тәуелқазының өзі Нұрмұхамедов деген аттан қашып, Нұрмұхамедтің ағасы Быламықтың атын өзіне фамилия етіп алған көрінеді. Осы бес азаматтың үлкендері Құдайберді мен Ісләмнің қайда кеткенін туыстары әлі күнге дейін білмейді. Сол бір қиын қыстауларда бас сауғалап, Ресейдің ішкі өлкелеріне немесе Қытайға қоныс аударды ма деп те ойлайтын көрінеді.

Ал Нұрфатима апайдың әкесі Кенжеғазы да үнемі қудаланыпты. Ол елден жырақтағы Тарбағатай ауданы жеріне қоныс аударған көрінеді. Сонда мұғалім болыпты. Ол кісінің жұбайы Хұсни Көкпектінің қызы, ұлты татар екен. Советтік қысымнан шошығандары сондай, Ақсу ауданының орталығы Жансүгіровте тұрған, өмір бойы ұстаздық жасаған, бүгіндері марқұм болған Гүлфатима Кенжеғазықы балаларына ата-бабасының тарихын ақырын ғана айтып отыратын көрінеді. Соның өзінде де ол кісі сыртқы елге бұл сырымызды айта бермеңдер дейді екен. Баласы Серікжанның айтуынша ол кісі маңайындағы сүйегін сұраған елге «мен арғынмын» дейді екен. Зиратының басындағы құлпытасына да осылай жазылыпты. Ал, Нұрфатима апай «Сарыарқа» газетіндегі айтылғандар бәрі шындық, біз қазіргі Жарма ауданы жерінде болған Еңірекей болысының тумасымыз, сүйегіміз сыбан деді. «Сіңілім Гүлфатиманың балаларына арғынбыз деп айтуының өзі, біз жасымыздан сезініп өскен қорқыныштан болғаны анық. Шынына келгенде, біздің ұлы шешеміз, яғни Нұрмұхамедтен туған бес азаматтың аналары қазақтың ұлы билерінің бірі – Кеңгірбай бидің шөбересі еді» дейді Нұрфатима Кенжеқазықызы. Сол сияқты Нұрфатима Кенжеқазықызының айтуынша, Нұрмұхаметтің ағасы Быламық Атағариннің ұрпақтары Аягөз қаласында тұратын болулары керек. Быламық ұрпақтарымен бұл кісі 70-ші жылдардың ішіне дейін хабарласып тұрыпты. Бүгіндері олардан еш хабары жоқ.

Бізді ойландырған нәрсенің бірі – Қазының әскери шені. Қазының прапорщик болғаны анық. Оны алаштықтар да жазған. Сол кездегі Қазы оқыған Семейдегі мұғалімдер семинариясында әскери мамандықтың берілмегені белгілі. Сол сияқты Қазы жиһангер соғысына да қатыспаған, әскерде болмаған адам. Тегі, алаштықтар жергілікті әскерилермен жасаған келісім бойынша Қазы Семей гарнизонында қысқаша курстан өтіп, прапорщик шенін алды ма екен деп те ойлаймыз. Бұны Қазының атасы, сол кездегі ықпалды адам генералдың да алаштықтарға жасаған қолдауы ма деп қарауға болады. Қалай болғанда да, Қазы Нұрмұхамедов – Алаштың алғашқы әскери мамандарының қатарынан орын алатын тұлға.

Қазіргі кезде Алаш қайраткерлеріне, жалпы Алаш тарихына байланысты тыңғылықты зерттеулер өмірге келіп жатыр. Бірақ, солардың кейбірінде жаңсақ пікірлер айтылуы да мүмкін. Әрине, бұл жерде авторларды кінәлау қиын. Қайта, рахметтен басқа айтар жоқ. Себебі олар шым-шытырық және там-тұм деректерді пайдалана отырып, тылсымға кеткендей дүниелерді жарыққа шығаруда.

Даулы мәселенің бірі – әскерді жаттықтырып жатқан Қазы Нұрмұхамедұлын Семей Совдепінің солдаттарының қай жерде атып кеткендігі. «Алаштану мәселелері» жинағында: «Семей қаласындағы келесі бір тарихы орыны – Алаш милициясының командирі Қазы Нұрмұхамедұлы құрбан болған жер. Бүгінде бұл арада «Жеңіс» гүлзар бағы тұр. Көнекөз қарттардың айтуынша, мұнда ертеректе ашық алаң болған» делінеді [7, 157]. Шынында, бүгінгі, жанынан Алаштың көшбасшысы Әлихан Бөкейханның еңселі ескерткіші орын тепкен Жеңіс скверінің орнында, патша заманында базар алаңы болыпты, ал кейіннен жергілікті совет өкіметі базарды қазіргі орнына көшіріп, алаңды «Қызыл әскер алаңы» деп атапты. Қазы Нұрмұхамедұлының қай жерде қаза тапқаны «Сарыарқа» газетінде нақты айтылған. Онда сойқан қызыл гвардияшылардың Алаш қаласы жаққа Ертістен өтіп барғаны да жазылған.

Осы бір Қазы Нұрмұхамедұлына байланысты «Сарыарқа» газетінде басылған «Алаш құрбаны» мақаласы – сөз жоқ, осы күнге дейінгі бірден-бір дерек. Ресми қабылданған пікір бойынша мақаланы жазған адам белгілі жазушы Бейімбет Майлин делінеді. Бірақ, бұл пікірге қарсылар да бар екендігін білеміз. Олар мақаланың авторы Бейімбет Майлин емес, семейлік, кейіннен белгілі жазушы болған Сәбит Дөнентаев екенін айтады және оның бүркеншік аты «Бәйімбетеді»  дейді. Бәйімбет Сәбеңнің үлкен әкелерінің бірі көрінеді. Біз бұл жерде әріден келе жатқан осы бір даулы пікірлерге тереңдемей-ақ өз ойымызды айтқымыз келеді. Бейімбет Майлинді жақсы білген, ол кісінің жерлесі, халқымыздың тағы да бір ерекше перзенті Серке Қожамқұловтың айтқанына көңіл аудардық. Ол өзінің «Шеберлік мектебі» деген естелік кітабында Бейімбеттің сол осы оқиға болған кезеңде өз елінде болғанын «Бекең бұл кезде ауылда, Әйет болысында мұғалім еді» деп көрсеткен [8, 80].  

1918 жыл алашордалықтардың қызметінің ең қарымды кезеңі болғандықтан, алдағы уақыттарда да Қазы Нұрмұхамедұлы, подполковник Хамит Тоқтамышев, подполковник Молданияз Бекімов, подполковник Қали Самратбеков, штабс-капитан Нұғыман Сарбопин сияқты және т.б. Алаш идеяларын іс жүзінде іске асырған әскери қайраткерлердің есімдерін мәңгілік жасаудың шараларын қарастырса дұрыс болар еді.

Қазы Нұрмұхамбетов сияқты халқымыздың аяулы перзентінің есімі қашан да бүгінгі қазақстандықтардың есінде болуы тиіс. Ол үшін Семейде және басқа қалаларда көшелерге Қазының аты берілсе, Қорғаныс министрлігінің әскери музейіне де осы адамның белгілері қойылса және Қазыға қаза тапқан Семей қаласының Алаш бөлігіне ескерткішін қойса, нұр үстіне нұр болар еді. 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Алашорда. Сборник документов. – Алматы: Айқап, 1992.
  2. Соғыстағы қазақтар //«Қазақ» газеті. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998.
  3. Cейфуллин С. Тар жол, тайғақ кешу. – Алматы: Жазушы, 1977.
  4. Мұхамедханов Қ. «Алаш» съезінің ақиқаты» //«Жас алаш» газеті.– 1992, 17 сәуір.
  5. ШҚО ҚЗТҚО. Ф. 50, тізім 1, іс 58, п.14
  6. Халиоллин М. «Алаштың тұңғыш құрбаны – Қазы Нұрмұхамбетов туралы не білеміз?» «Егемен Қазақстан» газеті. – 2003, 28 мамыр.
  7. Сыдықов Е. «Алаш қаласы және ондағы тарихи орындар» // Алаш мәселелері, 1 т., Семей, 2010. 
  8. Қожамқұлов С. Шеберлік мектебі. – Алматы: Өнер», 1993

 

Мұхтарбек КӘРІМОВ, Семей қаласы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?