Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жетісудағы Алаш әскері

2074
Жетісудағы Алаш әскері - e-history.kz
Семей қаласында большевиктерді құлатудың сәтсіз әрекетінен соң Алаш жасағы 1918 жылғы 17 мамыр күні Сор шатқалына көшті

Қазақстан аумағында 1918-1920 жылдары болған азаматтық соғыс тарихы әлі күнге дейін толық зерделенбеген және көптеген «ақтаңдақтарға» толы. Тарихта «азаматтық» деген атпен белгілі болған бұл соғысқа қазақтардың Алашорда әскерінің «Ақ әскер» құрамында, адмирал Колчак  жағында қатысуы туралы көпшілік әлі біле бермейді.

1918 жылы билікке коммунистердің келуімен алашордашылар большевиктерге қарсы лагерге өтті және олардың жақын одақтасы казактар болды. Орал, Орынбор және Сібір казактарымен уағдаластыққа қол қойылды. Бірінші кезде казактар Алашорданың құрылып жатқан милиция жасағы үшін нұсқаушы болды. Әр аймақта, әсіресе Батыс Қазақстанда Жымпитыда, Қостанайда, Торғайда, Атбасарда құрылған милиция бөлімдері негізінде Алаш жасақтары құрылды. 1918 жылдың басында Семей қаласында 200-ден астам адамнан тұратын Алаш милициясы құрылды, нұсқаушылар болып есаул Машинский басқарған жергілікті казактар тағайындалды.

Алаш әскеріне қатысушыларының тізімі Қазақстан мен Ресейдің мұрағат қорларында табылған құжаттар негізінде қалпына келтірілу ізденіс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні Жетісу майданына қатысқан 800-ге жуық Алаш сарбазының есімін анықтадық. Олардың ұрпақтарының көпшілігі ата-бабалары қолына қару алып, өз жерін большевиктерден қорғаған Алаш әскерінің жауынгерлері болғанын білмейді. Қазақтың жас жігіттері Алашорда көшбасшыларының және белсенділерінің шақыруы бойынша Алаш идеясына және өз елін, жерін қорғау үшін қолына қару алды. Әскери қызметке «қызыл лаңкестен» сақтану мақсатында, жаңа биліктен қорыққандарынан әскери қызметке барып жатты. Кейбіреулері қызыл жасақтардың қолынан қаза тапқан жақындарының өлімі үшін кек алу ниетімен, басқалары ақша табу үшін материалдық мүддемен барып жатқандары да болды.

Ресей мемлекеттік әскери мұрағатындағы «Ақ әскер» қорында жауынгерлер мен офицерлердің тізімі көрсетілген құжаттарының шамалы ғана бөлігі сақталғанымен, жігіттерді әскерге кім шақырғаны, бөлімдерді кім қалыптастырғаны жөнінде ешбір мәлімет жоқ. Белгіленген тәртіпке сәйкес және Алашорда мен Сібір үкіметі арасындағы уағдаластық бойынша жұмылдырумен және бөлімдерді құрумен тікелей Алашорда көшбасшылары және белсенділері айналысты. Әр алаш жүздігін, эскадронын, жасағын, полкін құру басында кім тұрғаны туралы құжаттарды әлі толық анықталмады. Тек сол кездегі газеттердің жекелеген үзіндісі, құжаттардағы естеліктер мен сирек шолулар ғана бар.

Жетісудағы Алаш әскери құрылымдары

Жетісудағы Алаш әскерінің тарихы да барлық өңірлердегідей милиция жасақтарын құрудан басталды. 1918 жылы Верный қаласындағы алғашқы Жетісу облыстық қазақ съезінде милиция жасақтарын құру мәселесі қаралды. Алашордалық милицияны құру Ы. Жайнақовқа, О. Әлжановқа және С. Сабатаевқа тапсырылды. О. Әлжанов уездік комиссардың орынбасары ретінде Лепсі уездік милициясын құру үшін қаражат бөлу туралы өтінішпен Жетісу облыс басшысы Шкапскийге ресми түрде жүгінген. М. Дулатовтың естелігінде Шкапский қазынадан 500 000 қаражат бөлгенін, оны О. Әлжанов Лепсі қазынашылығына тапсырып, оны кейін большевиктер ұрлап алып кеткенін айтады.

Отыншы Әлжановтың басшылығымен Лепсі уезінің милиция жасағы базасында шамамен құрамында 300 әскері бар Алаш жасағы құрылды. Алайда қару-жарақ пен әскери киім-кешектің жетіспеуіне байланысты жасақ Мамонтовтың жасағымен тікелей соғысқа шықпай Мақаншы мен Бақты жаққа шегінген. Жасаққа сол сияқты жас қазақ гимназисттері, орыс тілін білетін мұғалімдер тартылған, бірақ әскери нұсқаушылар болмаған.  Әлжанов өз жасағымен Бақтыға келген, онда жергілікті казактардың қолдауымен жауынгерлік дайындықтан өткен.

Семей және Жетісу өңірінде алаш әскерін құруға, жігіттерді әскерге жұмылдыруға басқа да Алаш партиясының белсенділері – Садық Аманжолұлы, Рамазан Мәрсекұлы, Базарбай Мәметұлы, Нүсіпбек Жакыппаев, Жұмахан Күдерин, Қожамсейіт Ниязов, Мырзахан және Керімбай Төлебаевтар, Кеңсебай Үмбетбаев және басқалары тікелей түрде жұмыс істеді. Олардың өздері де әскер қатарында болғаны туралы деректер кездеседі. Мысалыға Кеңсебай Үмбетбаевқа хорунжий атағы берілді.

Алаш әскери жасағын құрумен Жетісу облыстық Алашорда кеңесі Қытайдағы Шәуешек қаласында Сібір үкіметінің консулы Долбежев және Жетісу облыстық басқарушысы Балабановпен бірлесе отырып айналысты. Тікелей әскери қызметке шақырумен жергілікті болыстық атқарушы комитет арқылы жергілікті уездік кеңес айналысты. Жұмылдыруға жататын жігіттер толық киім-кешегімен, ал аттар толық ат әбзелімен қабылдау пунктіне ұсынылуы тиіс болды. Жүздіктер құрылғаннан кейін еріктілер ретінде жұмылдырылғандар ақ әскердің үнемі және партизандық қосындылардың құрамына «Сібір казак полкінің штаты» бойынша кіргізілді және барлық ризық түрлері (азықпен, шаймен, темекімен және ақшалай қамтамасыз ету) берілді. Еріктілер ретіндегі жүздіктегі қызметке бойдақтарға айына 60 рубль, үйленгендерге 160 рубль төленді.

Қазіргі таңда мұрағаттан алынған құжаттардан біз Жетісу майданында құрылған алғашқы Алаш жүздігінің мынадай командирлер тізімін анықтадық: Н.Д. Кольц – әскер старшинасы, Сергиополь жүздігінің командирі, Гилев – подъесаул, 3-ші Сергиополь Алаш жүздігінің командирі, Ступин – прапорщик, Алаш жүздігінің командирі, Полторацкий – есаул, 1-ші Бақты Алаш жүздігінің командирі, Легостаев – хорунжий, 2-ші Үржар Алаш жүздігінің командирі, Лютик – штабс-капитан, Ақсу Алаш жүздігінің командирі, И.Л. Белянин – поручик, Үшарал алаш жүздігінің командирі; Хлыновский – аға урядник, Сергиополь Алаш жүздігінің командирі.    

1-ші Алаш атты әскер дала полкі

Семей қаласында большевиктерді құлатудың сәтсіз әрекетінен соң Алаш жасағы 1918 жылғы 17 мамыр күні Сор шатқалына көшті. 23 мамырда алаштықтар астыртын ұйымның жасырын жүрген 35 орыс офицерін қазақ даласына қашуына жәрдем жасады, олар Алаш жасағын дайындау жұмыстарымен айналысты. Бір ай ішінде кадрлық офицерлер Алаш жасағының жігіттерін оқытты. Жасақ үш жүздікке, жүздік взводтарға бөлініп, командирлер тағайындалды. Жасақ түзеліп, полк құрылымына айналды. Жасақ командирі болып Омбы қаласынан келген кадрлық офицер, Бірінші дүниежүзілік соғыстың қатысушысы, капитан Хамит Тоқтамышев тағайындалды, ал қалған командалық және нұсқаушы лауазымдарына астыртын ұйым мүшелері ие болды.

10 маусымда Семей коммунистері өз жағдайының нашарлауын сезініп, Барнауылға шегінді. 19 маусымда Алаш жасағы атқыштар взводымен, пулеметші командасымен бірге есауыл Машинскийдің жалпы қолбасшылығымен Семейден Барнауыл майданына шегінген қызылдардың ізіне түсті. Ол жорық туралы «Сарыарқа» газеті былай деп жазды:

«Алтай губерниясы бағыты бойынша большевиктердің ізіне түскен алаш жасағы 17 шілдеде сәтті оралды. Осы жасақ 52 қазақ бен 21 офицерден тұрды. Жасақ басшылары Тұрағыл Абаев, Биахмет Сәрсенов, Қаражан Үкібаев, Тоқтар Бегметов, Ғабдолла Қаскеев және басқа да мырзалар болды. Батыл дала жастары көптеген большевиктермен бірнеше рет күреске шықты, соңғылары қысымға шыдай алмай, қаша бастады. Тұрағылдың айтуы бойынша, қазақ жастары күресе алған, қорықпаған. Күрес кезінде  «Алаш» сөзін айтқанда өз өмірлерін ұмытқан. Большевиктер жағынан үшеуі өлтірілген, екеуі жараланған, 11-і қамауға алынып, бізде 8 ат, шамамен ақшалай 100 рубль және көп қару қалған. Қамауға алынғандар арасында Қазиді өлтірген большевик бар. Момынжан большевиктің басын шапқан. Алаш жасағы бір адамды жоғалтқан. Қайта оралған жасақтың рухы көтеріңкі».

1918 жылғы тамыз бен қыркүйекте Семейдегі Алаш жасағы полк мәртебесін алып, әскери даярлықпен, оқумен, саптық даярлықпен белсенді түрде айналысты. Сонымен қатар полк негізінде білімді қазақтар қатарынан кіші офицерлердің (вахмистрлердің) даярлығы өтті. Кіші офицерлердің жетіспеушілігінен «Свободная Речь» газетінде мынадай хабарландыру шықты «1-нші Алаш атты әскер дала полкіне»: «Вахмистрлер мен взвод командирлері лауазымдарына вахмистрлер (артиллерия фельдфебельдері),  кавалерия және артиллерия унтер-офицерлері қажет. Вахмистр жалақысы айына 300 руб. Аға унтер офицеріне 250 руб., кіші унтер офицеріне 200 руб., отбасына деген үлес айына 100 руб. Полк штабына хабарласыңыз: Алаш қаласы, Береговой және Ертіс көшесінің қиылысы».

Алашорда мен Уақытша Сібір үкіметінің арақатынасының толық анықталмағанына байланысты, нақтырақ айтқанда, соңғысының Алашордаға сенім білдірмеуіне байланысты Алаш полкін ұстау және жаңа полкті ашу мәселесі созыла бастады. Соған қарамастан, Сібір үкіметі Алашорданың большевиктерге қарсы, әсіресе, жауынгерлік операцияларға қарсы мүмкіндіктерін пайдалануға қызығушылық танытты.

Адмирал Колчак және 2 Алаш полкі

Адмирал Колчактің тапсырмасымен 2-ші Дала Сібір корпусының командирі генерал-майор Матковскийді 1918 жылғы 12-22 қазан аралығында Жетісу майданына бөлімдерді қарау және алаш әскери бөлімдері мен  бөлімшелері бойынша соңғы шешім қабылдау үшін арнайы жіберді. 12 қазанда Семей қаласына ағылшынның төтенше уәкілі сэр Элиотпен бірге келді. Корпус командирі 1 Алаш полкін 5-нші Сібір атқыштар дивизиясына қосуға, бұл ретте полк атауын «1-ші Қазақ атты әскер полкі» атауына өзгертіп, дивизия басшылығына толық бағындыруға шешім қабылдады – «Қазақ атты әскер полкі жақын күндері майданға аттандыру және дивизиялық атты әскер ретінде жұмыс атқару үшін 5-ші Атқыштар дивизиясына уақытша қосылды».

Полк командирі болып Хамит Тоқтамышевтың орнына әскери старшина Н.Д. Кольц  тағайындалды. Эскадрон командирлері болып: 1-нші эскадронда – штабс-капитан Е.Г. Попов; 2-нші эскадронда – штабс-капитан М.А. Рыбин тағайындалды. Рыбинді ауыстырғаннан кейін командир болып А.М. Зароастров келді. Ал 3-нші эскадронда корнет Вишняков болды.  

5-нші Сібір атқыштар дивизиясында 1919 жылғы 16 қазанда Алашорда әскери кеңесінің белсенді қатысуымен қазақтар қатарынан 2 Қазақ атты әскер полкі құрылды, басшы болып бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, Жетісуда туған подполковник Ғали Самұратбеков тағайындалды.

Атаман Анненков әскеріндегі 3 Алаш полкі

Жаңадан келген атаман Б. Анненков басқаша әрекет етті. Ол, керісінше, өз жасағын кез келген толықтыру мүмкіндігін жібермеді. Оның жасағында татар және башқұрт бөлімшелері және екі қытай ротасы мен екі ауған және парсы ротасынан тұратын шетел батальоны болды. Семейде ол Алашорданың қазақ бөлімдерін құру туралы ниетін қолдап, бастамашылықты өз қолына алды. Капитан Тоқтамышевқа «Партизандық Қазақ атты әскер полкін» құру тапсырылды. 5-нші Сібір дивизиясының 1-ші Қазақ атты әскер полкінің құрамына кірмегендерді Тоқтамышев өз жасағына алды. «Сарыарқа» газетінде (№ 65) тиісті бұйрық мәтіні жарияланды – «атаман Анненковтың батыл жігіттер қатарынан 1 Қазақ полкін құру туралы № 180 бұйрығы. 3-тармақ. Менің басқаруыма келген артиллерия капитаны Тоқтамышевқа айбынды Қазақ полкін құруды бұйырамын, оған, бірінші кезекте, орыс тілін меңгерген қазақтар кіру қажет, сондай-ақ офицерлік мектеп ұйымдастырсын. Осындай полк құру майдан күшін толықтыру үшін аса қажет. Сонымен бірге қазақтардың жалынды ниеттерін орындауға кез келді, себебі  олардың майданға, өз кеуделерімен туған жерін қорғауға, жауын жоюда батылдығын көрсетуге деген ұмтылысын бәрі де біледі. Олар Жетісуда большевиктердің күл-талқанын шығаруға дайын. Бірінші Қазақ полкі бұйрыққа сөзсіз бағыну, тәртіптілік ұстанымен ұйымдастырылады. Оқыту – казак үлгісі бойынша. Батыл жігіттер қызметтен бас тартпауы қажет, ал ауылдардағы ақсақалдар мен мырзалар олардың шайқасқа баруына қарсы болмауы қажет».

Командир болып Тоқтамышев, орынбасары болып «Алаш Дала жасағы» 3-нші эскадронының бұрынғы командирі штаб-ротмистр Высоцкий тағайындалды. 1-нші жүздіктің командирі болып хорунжий Мартемьянов, 3-нші жүздіктің командирі болып поручик Спасский, 4-нші жүздіктің командрі болып подпоручик Сайфуллин Құрбанғали, міндетін атқарушы поручик Бобырев, шаруашылық бөлімнің бастығы болып прапорщик М.Г.Шидловский тағайындалды.

Сондай-ақ Алашорда көшбасшыларының жұбайлары Елена Бөкейханова мен Гүлбахрам Тынышпаеваның көмегімен қазақ және татар әйелдері қысқа уақыт ішінде полк әскерлеріне 1000 жейде мен жылы киім тігіп берді.

1919 жылғы 11 маусымда Партизан дивизиясы бойынша бұйрықпен 1 Партизандық казак полкінің негізінде 2 Алаш полкі құрылды. Командир болып есаул Николаев қалдырылды. Өкінішке қарай, бұл полк бойынша құжаттар әлі табылмады. 

1919 жылғы 11 маусымдағы сол бұйрықпен Алашорда көшбасшылары армандаған 1-нші және 2-нші Қазақ партизандық атты әскер полктерінен Алаш атты бригадасы – «Қазақ жеке бригадасы» құрылды. Бригада командирі болып капитан Тоқтамышев, ал «1-нші Қазақ партизандық атты әскер полкінің» командирі болып штаб-ротмистр Высоцкий тағайындалды. Бригада штабы Семей қаласында болды. Кейіннен Тоқтамышевқа полковник атағы берілді. 

1919 жылғы қыркүйекте «3 Қазақ партизандық атты әскер полкі» құрылды. Командирі болып Үшарал гарнизонының басшысы, алаш жүздігінің командирі поручик И.Л. Белянин тағайындалды. Полк командирінің көмекшісі болып есаул Мартемьянов, 1-нші жүздік командирі болып С.В. Сололихин тағайындалды.

1919 жылдың 1 қазанында Сібір корпусының командирі бұйрығымен, Алаш жігіттерін оқытып дайындайтын арнайы 4 эскадрондық құрамы негізінде «Алаштық қазақ атты кадрлық полкі» құрылды. Полктің штаб-пәтері мен екі жүздігі Зайсан қаласында, ал екі жүздігі Көкпектікте орналасты. Еріктілерді іріктеу Алашорда аймақтық кеңесі арқылы тағайындалған өкіл арқылы жүзеге асырылды. Алашорданың облыстық кеңесінің құзіретіне еріктілерді жалдауға жүз мың рубль көлемінде алдын ала көмек көрсетілді. Полк командирі болып 2-нші Партизан Қазақ атты полкінің штаб-ротмистрі, ұлты татар  Нигматулов тағайындалды.

Бұдан басқа «Құлжа жеке бригадасын» құру үшін Құлжаға іссапарға жіберілген полковник Сидоров жасағында Бригада Штабының бастығы болып кадр офицері, Нарын уезінің бұрынғы комиссары, Алашорда үкіметінің мүшесіне кандидат, капитан Молданияз Бекімов тағайындалды.

Ақ әскерлер құрамында полк молдасының болуына ресми түрде рұқсат етілгенін атап өткен жөн, бұл жөнінде Корпус бойынша арнайы бұйрық қабылданды: «Қазақ полктері жігіттерінің діни-ождандық қажеттіліктері үшін дінбасыларды (молдаларды) қазынадан күтіп-ұстауға қаражат бөле отырып, оларды шақыртуға рұқсат етемін».

Сонымен қатар әскер құрамына атаман Дутовтың Оренбург әскерінің бір бөлігі кірді. Әскерді басқарған генерал Анненков 3 Қазақ атты полкінің және Іле ұйғырлар полкінің негізінде Жергілікті (Туземная) дивизияны құруды жоспарлаған. Сонымен қатар полковник Яо Тай Джу басқарған Манжүр атты әскер бригадасының құрамына Құлжадағы қазақтар мен қалмақтардан құралған «Қазақ-қалмақ атты әскер полкі» кірді.

Семей-Жетісу өңіріндегі Алаш әскерінің құрылу тарихына, басшылығына осылайша қысқаша шолу жасадық. Әскери қимылдарға, Алаш әскерінің тағдыры туралы басқа мақалаларда көрсетерміз. Айтарымыз: Алашорданың әскери мұрасы әлі де зерттеуді талап ететінін, соның ішінде елдің арасында қалған естеліктерді жинау қажеттігін, алаш әскерінің қаһармандарының есімдерін қайтарып, ұрпақтарын табу қажеттігін атап кету керек.

 

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?