Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тың игерудің трагедиясы

2593
Тың игерудің трагедиясы - e-history.kz
Қорлыққа шыдай алмаған ағаларымыз жер-жерлерде қарсы шығып, бой көрсеткендерін, мәселен Ақмола базарының ішінде үлкен ақсақалдарымыз шананың жетегін қару қылып сілтей жапырған

1930 жылы КСРО Егіншілік халық комиссары Я.А. Яковлев компартияның ХVІ сиезі мінберінен жасаған баяндамасында «Біздің есеп бойынша Қазақстанда егін егуге жарамды 50-55 млн гектар жер бар, соның 36 млн гектары солтүстік өңірде» деген еді (ХVІ съезд Всесоюзный Коммунистической партии. Стенографический отчет. М., 1930, 584-б).

Яғни, отарлаушылар қазақ даласын игерудің амалын ерте қарастырған болатын. Совет үкіметі бұл шаруаны бастап жіберуге алғашқы жылдары қаржылық тапшылықтан игере алмаса, ел экономикасы оңалып келе жатқан тұста екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті де, мойын бұра алмады.

Сөйтіп бұл шаруа екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қолға алынды. Әуелі «ССРО экономикасын дамытудың жолдарын қарастыру» және «Мемлекетті азық-түлікпен қамту» деген бастама көтерілді.

Осы мәселені шешу үшін 1950 жылы арнайы комиссия құрылды. Бұл комиссия 1952 жылы мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөліп, аталмыш мәселе 1953 жылы тамыз айында ССРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында талқыланды.

Кешікпей осы жылдың 3-7 қыркүйегінде КОКП Орталық Комитетінің кезекті пленумы өтіп, астық өндіру жайын басты планға шығарып, мал шаруашылығы екінші планға шегерілді.

Сөйтіп,1954 жылы өткен КОКП Орталық Комитетінің пленумы «Тың және тыңайған жерлерді» игеру жайлы шешім қабылдады. Бас хатшы Хрущев тарапынан астық өндіруде Американы қуып жетіп, басып озу жайлы ұран тасталды. Ол үшін Қазақстандағы 6,3 млн. гектар тың жерді игеру мақсаты қойылды. СОКП Орталық Комитеті үндеу тастап, күллі Совет халқын «Қазақстанның тың жерлерін игеруге» шақырды.

«Тың игеру үшін» деген ұранмен 1950-ші жылдардың ортасында советтің түрмесінен босап шыққан 10 миллион адамды (көбі басбұзар, қылмыскер) қазақ жеріне тайлы-тұяғымен түгелдей аттандырды. Аз уақыттың ішінде 1,5 миллион адамды қаңбақша айдап әкелді. Соның салдарынан 1959 жылы халқымыз қарашаңырақ атамекенінде соры қайнап 30 пайыздан аспай қалды.

Көкшетаулық тарихшы-ғалым Қадыржан Әбуов болса: «Қазақстандағы тың жерлерді игеру идеясы тек экономикалық қажеттіктен туған жоқ. Ол патша үкіметінің колониалдық саясатын одан әрі жалғастыру шарасы болып табылады. Сол тұстағы Совет елінің басшысы Никита Сергеевич Хрущев осыдағы «тың эпопеясының» түпкі мақсаты жайлы: «Патша өзінің барлық әдістерін қолданып бұл аймақты (Қазақстанды айтады) ұзақ мерзім ішінде орыстарға толтыра алмаса, мен советтік тәсілмен бір демде толтырдым» дегенін келтіреді (Қадыржан Әбуов. Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерінен. Алматы: Қазақстан,  1994. 96-97-бб.).

Осы жылдары Қазақстанға келген Бас хатшы Н. Хрущев Жалтыр стансасында күллі тыңгерлер алдында сөз сөйлеп былай деген: «...жергілікті халықтан үміт күтпеңдер. Қазақтар жаратылысында тоғышар, жалқау халық. Мына жердің иесі олар емес, сендерсіңдер. Өз жерлеріңе ие болыңдар!» деп тыңгерлерді еліртті (Айқын газеті. Тың игеру: ақиқат пен аңыз. 10.04.2013)

Көзі қарақты ұлтшыл тұлға, тың игеру науқанын өз көзімен көрген Қасым Тәукенов ағамыз: «1960-шы жылдары Тың өлкелік «Целинный край» газетінде «Человек в ушанке» деп қазақтарды есекке теңеп фельетон жазылды. Тың игереміз деп келгендер күні-түні арақтан көз ашпай, мас күйінде көзіне қазақ түссе, тағы жануарды көргендей қуа жөнеліп, тепкінің астына алды. Ондай қорлыққа шыдай алмаған ағаларымыз жер-жерлерде қарсы шығып, бой көрсеткендерін, мәселен Ақмола базарының ішінде үлкен ақсақалдарымыз шананың жетегін қару қылып сілтей жапырғандығын көзім көрді. Тың өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Т.И. Соколов: «Қазақ халық емес, оларды немістермен будандастырып жаңа ұлт жасау керек» деген бастама көтеріп, тәжірибе ретінде Қостанайда Дәмелі Жақсылықова дейтін қазақ қызына шошқа бақтырып, неміс жігітіне тұрмысқа шығарып, сол үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағын берді. Бұл істі барша қазақ қыздарына үлгі етіп ортаға ұран тасталды. Газет-журнал жаппай насихаттады» дегенді айтады (http://www.namys.kz. Қасым Тәукен. Далам жыртылды, тілім қырқылды).

Сол сияқты тың науқаны кезінде істің басы-қасында жүріп, басшылық қызмет атқарған Федор Моргун өзінің естелігінде: «Тың игеру қарқын алған 1955 жылдың өзінде қатты эрозия басталды. Жердің ылғалды қабаты жойылғандықтан күннің ыстығы 60 градусқа дейін жетті. Жер бедері тілім-тілім, торкөзденіп жарылды. Солтүстік аймақтарда бұрын болмаған шаң боран пайда болды. Тыңда таза пардың көмегінсіз шығымды егін өсіре алмайсыз. Егіншілік тәжірибесінде жылына 300-350 миллиметр кем ылғал түстетін ауданда парды қолданбай астық алу мүмкін емес еді» дейді (Ф.Моргун. Тың туралы ойлар. Мәскеу, 1969. 74-б).

Ешқандай зерттеп-зерделеусіз шұғыл басталған бұл іс Қазақстанның қара топырақты құнарлы аймақтарымен бірге шұрайлы жайылымдықтар, тіпті қыратты сортаң жерлерде өткір соқаның жүзіне ілікті. Қысқасы, қазақ даласының ішек-қарны ақтарылды (Шерхан Мұртаза).

Қазақстандағы тың игерудің барысы жайлы шындықты жазған экономист Сергей Марков: «Тың игерушілер қазақ даласындағы көне мәдени мұра ескерткіштер мен қорған төбелерді, тарихи адамдар жерленген мавзолейлерді, жай қарапайым бейіттерді болат сүңгімен қирата алмаған жағдай да, оқ-дәрімен қопарып, түбірімен жойды» дейді (Қадыржан Әбуов. Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерінен. Алматы: Қазақстан, 1994. 83-85-бб.).

Мысалы, Ақмола атырабына белгілі тұлға Белібай мен атақты Ыбырай Жайықбаевтың бейіттері жалғыз түнде жыртылып кетті. Әйгілі қаламгер М. Шолоховтың артында қалған қолжазбаларында айтылғандай: «Қазақстандағы тың игеру жыртқыштық әдіспен іске асырылды» («Егемен Қазақстан» газеті, 28 қаңтар, 2004).

Мұндағы тарих ескерткіштерді жоюдың арғы жағында тың игеру емес, халықтың тарихи жадысын жоюдың залым тәсілі іске асып жатты. Бұның сыртында тың және тыңайған жерлерді игерудің рухани және экономикалық зардаптары көп болды. Атап айтқанда:

• 1954 жылдың наурыз айына дейін Қазақстанға тың игеру үшін 200 мың адам сырттан көшіп келді.

• 1956 жылы 640 мың тыңгер келіп қоныстанды.

• Осы жылдары Совет Армиясынан босатылған жауынгерлер топ-тобымен келді.

• 1954-1958 жылдары елімізде жаңадан 337 тың совхозы бой көтеріп, оларға түгелдей орысша атау берілді.

• Тың игеру барысында жоспарланған 6,3 млн гектардың орнына 8,5 млн. гектар жыртылды.

• 1960 жылдарға қарай Қазақстанның тың өлкелерінде 9 млн гектар жер жел эрозиясына ұшырады.

• Топырақтың сапалы қыртысы 15-20 пайыз, кей жерлерде 23 пайызға дейін бүлініп, құнарын жоғалтты.

• Қазақстанға 1954-1962 жылдары тың игеруге сырттан 2 млн адам келді. Сол себепті қазақ халқы өз жерінде азшылық жағдайына түсті.

• 1960 жылдың басында Тың өлкесіндегі барлық облыс пен аудандық қазақ газеттері жабылып, іс-қағаздар тек орысша жүргізілді.

• Совхоздарда жергілікті халықтың ерекшеліктері ескерілмей, кейбір қазақ ауылдарына да шошқа өсіруге нұсқау берілді.

• 1962 жылы Н. Хрущевтің бастамасымен Қазақстанның солтүстік облыстары (Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, СҚО) тың өлкесіне біріктіріп, Ақмола қаласы Целиноград деп өзгертілді.

• Тың игерілген облыстарда 700 қазақ мектебі жабылды. Бірен-саран қазақ балалары мектеп-интернаттарда оқытыла бастады. Бұл оқиға қазақ жастарының ұлттық тілі мен мәдениетінен қол үзуіне әкеп соқтырды.

• Ақмола қаласында қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектеп қалса, Көкшетауда ол да болмады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Тың игеру жылдары жер құнары азып, атамекен тозды. Кербез сұлу Көкшетаудағы сексен көлдің сәні кетіп, Сарыарқаның шалғыны жойылып, жайлауы жүдеді» деп жазса («Егеменді Қазақстан», 4 желтоқсан, 1992 ж.), осындағы тың игеру науқанын көзімен көрген, кезінде облыс басқарған көзі қарақты ағамыз Қасым Тәукенов: – Тың трагедиясын ешқашан ұмытуға болмайды, өйткені далам жыртылды, тілім қырқылды! Бұған себеп болған дүние тың игеру болатын, – дейді.

Біздің көптеген тарихшыларымыз осы трагедияны жабулы қазан күйінде қалдырып, қозғауды қажет етпейді. Үлкен институттарды басқарып отырған профессор, академиктеріміз туған өлкесінің тарихына бей-жай қарағаны соншалық, төл мамандығы, яғни жеп отырған наны – тарих саласына да қиянат жасап отыр. Солтүстік облыстардан шыққан белгілі тарихшыларымыз 1950 жылдардағы қазақ азаматтарының ұлттық кемсіту мен мансұқтау ісіне қарсылық ретінде қамшы көтеріп, келімсек тыңгерлерді ат бауырына алып сабау оқиғалары көп болғанын жасыруға бар. Қазір мұның бірі де айтылмайды. Сондықтан тарихи сана дегенде ұлттар лабораториясына айналып, жойылуға шақ қалған қасіретті кезең тарихын түбегейлі зерттеп, деректерін халық санасына, жадысына сіңіруіміз керектігі айқын бола түсті. 

 

Мақала зерттеуші Бекен Қайратұлының «Қазақия қалай отарланды?» кітабының деректері бойынша жазылды

 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?