Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әлихан фельдшерге неге сенді?

1437
Әлихан фельдшерге неге сенді? - e-history.kz
Жалғасы. Басы Алаш автономиясына 101 жыл толуына орай 11 желтоқсан күні «Шипагер Шегіров» деген тақырыппен берілген болатын

Мазмұнды мақаланың жалғасында медицина қайраткерінің отбасылық өмірі, ағасы Жаманбайдың тағдыры және есімі елеусіздеу ерлерді насихаттау ісіне қатысты мәселелер көтеріледі.

 

 

Оқыңыз: Шипагер Шегіров

Алашқа жақындық. Әлиханның хаты.  Артқан сенім

Кәсіби қызметі медицина саласы бола тұра, Аманбай Шегіровтің Алаш Орда жұмысына қатысы бар ма? Алаштың қандай ардақты тұлғаларымен араласты? Көсем Әлихан Бөкейханмен арақатынасы қалай өрбіді?

Баршамызға белгілі, Алаш қайраткерлерінің кез келгені оқыған мамандықтарынан бөлек басқа салаларда да аз қызмет сіңірген жоқ. Қоғамдық түйткілді мәселелерді шешумен қатар ағарту ісімен, демократиялық бағытты ұстанып, сол жолда жас ұрпақты жаңа заманға бейімдеу, халықты сауаттылыққа үндеу ісі Алаш зиялыларының өздеріне тілеп алған қосымша жүк болатын. Бұл шаруаға олар саналы түрде барды және оны ойдағыдай атқарып шықты да. Дәрігерлікті жаны қалап сүйсіне қызмет атқарған Аманбай Шегіров пен ұлт зиялыларының басын бір жерге жинап, саяси көзқарасы мен ерекше қабілетінің арқасында лидерге айналған Әлихан Бөкейхан екеуі тығыз байланыста болған. «Қазақ даласындағы бүкіл діни-саяси қозғалыстың басшысы» ретінде сипатталған Ә. Бөкейхан 1906 жылғы 8 қаңтар күні Павлодардан Семейге баратын жолда ұсталған. 15 сәуірге дейін ол Павлодар түрмесінде отырды. Ол түрмеде отырып Мемлекеттік Думаның мүшесі А.М. Колюбакинге хат жазады. Аталған хаттық толық мәтіні ғалым Сұлтан Хан Жүсіп құрастырып шығарған Әлихан Бөкейхан шығармаларының 5-томының 46-ншы бетінде  тұр [1].

 

Құрметті Александр Михайлович!

 

Черносотеншілерден (қаражүздер) құтылғаныңыз үшін шын жүректен қуаныштымын. Хаттың 14-бетіндегісін «Наша Жизнь» газетіне шығаруыңызды сұраймын. Басқа да сондай газеттен маған қырсық кездескенін байқайсыз.

Мен К.Д. Мемлекеттік думаға кандидат ретінде съездің орнына түрмеге түстім. Менен князь Д.И. Шах.-қа дұғай сәлем.

 

Қолыңызды қыстым.

Ә. Бөкейханов.

 

Хаттың соңғы жағында Алаштың арысы хаттың жіті қадағаланып отырғанын ескерте келіп, «Егер хат жазғыларыңыз келсе, онда былай жазыңыздар: Павлодар. Медициналық фельдшер Аманбай Шегіровке, ішіне Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановқа. Мемлекеттік Думада жолыққанша» деп аяқтайды. Демек, осы хатты түрмедегі Бөкейхановқа жеткізуші, екі ортадағы делдал Аманбай Шегіров екеніне анық көз жетеді. Ішкі құпиялар жазылатын хаттарды сеніп тапсырғанына қарағанда Әлихан Бөкейхан медициналық фельдшер А. Шегіровке сенген, көп үміт артқан.

Тамырын тереңге жайған алып бәйтеректей Әлиханның лидерге айналуы көптеген қарқаралылық жастардың жанарына үміт отын жақты. Ә. Бөкейханды аға тұтып, соңынан Әлімхан Ермекұлы, Мұхамедия Оспанов, Жақай Байыров, Нығмет Нұрмақов, Мұстафа Шантин, Әубәкір Нұрманов, Имам Әлібекұлы, Әбжан Ноғаев, Қапал Қайсақов, Мәннан Тұрғанбайұлы, Рақымбай Сапақов, Иманбек Тарабаев секілді қалың шоғырдың бел ортасында Аманбай Шегіровтің болуы заңдылық еді.

Сүйген сұлулар. Шаңырақ шаттығы. Қалған із

Аманбай Шегіровтің алғашқы жары Бәлішкен Сәрсенбайқызы – Том қаласындағы медициналық оқу орнын бітірген дәрігер. Қарқаралы уездік фельдшерлер қоғамы құрылғанда қатардағы мүшесі болып қабылданған акушерка әйел осы кісі. Бәлішкен Шегірованың кәсіби қызметін адал атқара жүріп, өз еркімен жұмыстан шығып, мүгедектік алғаны жайлы қарқаралылық өлкентанушы Е. Мұстафиннің зерттеулерінде жазылған. Ол 1930 жылдың 5 тамызында акушерлік қызмет көрсетіп жүрген Шегірова 1931 жылдың 20 ақпанында ауырып, қызметтен босағаны және 5 күннен кейін мүгедектік тағайындалғаны жайлы архивтік материал ұсынады [2].

Аманбай Шегіровтың екінші әйелі Ділшат атақты татар көпесі Бекметевтер әулетінен шығады. Оның әкесі Ғұбайдулла қажы өз дәуірінің сыйлы кісісі, қадірлі адамы болыпты. Қарқаралыға мешіт салған Құнанбай, кейіннен Абай түсетін көк үйдің қожайыны Халиолла осы Ғұбайдолланың немере інісі еді. Қарқаралының беткеұстар азаматы деп білген ел-жұрт мәселесін шешу үшін оның үйіне жан-жақтан келіп жататын деп еске алады көзін көргендер. Дертіне шипа іздеген науқастар мен мәселесі ушыққан, өмірде жолы болмай тарыққан дәрменсіздер Қарқаралыдағы Ғұбайдоллаға бір жетсе, оның көмегі арқылы төңіректегі қасиетті жерлерге түнеу, тілек тілеумен дегендеріне жетеді екен. Кейде қажының өзі жол бастап, кейде көмекшілеріне бастатып, қажыққан жандарға қол ұшын созудан тартынбапты. Сал тартқандар, көзі суалғандар мен бедеулікке ұшыраған әйелдер Мекке көрген қажының шарапатымен киелі жерлерге түнеп, ертесінде көрген түстерін жорытып алады екен. Баласыздарға бала бітірген мұғжиза ісі Ғұбайдолладай қамқор жандардың шын пейіл, адал ниетімен оңғарылса керек-ті. Ділшат орта бойлы, арықтау келген, үй шаруасына мығым, тамақты өте дәмді әзірлейтін, киім тігіп, тоқитын еңбексүйгіш адам болыпты. 1977 жылы 27 мамырда Алматыда қайтыс болып, Кеңсайға жерленген екен.

Жұрттың баласын өз баласындай қараса да, тағдыр Аманбайдың өз перзентін сүюге жазбапты. Екі әйелінен де ол бала көрмеген. Алайда Жаманбайдың үлкен қызы Нұржамал мен Ыбырайдың немересі Нұрпейіс дәрігердің баласындай болып үйінде қамқорлығында өскен. Бұл деректердің барлығын да Ерлан Мұстафиннің «Останется в памяти народа...» мақаласынан алып отырмын.

Аманбай Шегіровтің баласы есепті інісі Нұрпейіс Ыбыраев Алматы ауылшаруашылық институтында білім алған. Оқу аяқталғанда оны майданға алып кетті. 5 жыл ол байланысшы болып қызмет етіп, көптеген әскери наградаларды иеленген. 1998  жылы Түрікменстанда қайтыс болды.

Ал Нұржамал бой жеткен соң, Молдабаев Тәшім Бұхарбайұлы деген кісіге тұрмысқа шығады. Біраз уақыт бойында Ташкент қаласында тұрған дейді. Нұржамалдың 1925 жылы туған тағы бір қызын Аманбай асырап алып, оған «Искраида» деген есім береді. «Шегірова Искраида Аманбайқызы» деп жазғызады. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін жақсы бағаға бітірген Искраида (суретте) Жалалабад облысының прокуроры Құрбан Колчаевқа тұрмысқа шығады. 1947 жылы сол жаққа көшеді. 1955 жылы күйеуі қайтыс болып, Батырлан, Светлана, Нәсіп деген балаларымен Қазақстанға қайтады. 1961 жылы екінші рет Рысалдин Балшақан Барлықұлы деген азаматпен тұрмыс құрады. Одан Мая есімді қызды сүйеді. Искраида Аманбайқызы 1965 жылдан бастап Алматы облыстық сотының мүшесі ретінде қызметін бастап, 1970 жылдан 1985 жылға дейін Алматы облысы Қаскелең ауданының халықтық сотының төрағасына дейін көтерілген екен. 1985 жылы қайтыс болған.

Аманбайдың екі ағасы мен жалғыз қарындасы туралы деректер баршылық. Жаманбай мен Аманбай екеуі Том қаласына оқуға барғанымен, тегі бірдей екі баланы қабылдамайтынын біліп, ағасы әкесінің ағасының есіміне орай «Мананбаев» деп аталады. 1877 жылы туған Жаманбай Мананбаев (суретте) Том орман техникумын бітіріп, орман шаруашылығы технологы мамандығын алып шығады да, Кентте орман технологы болып еңбек жолын бастаған. Боқты орман алқабының қорықшысы ретінде 1909 жылдан қызметін жалғастырған ол 1912 жылы император ІІ Николайдың Станислав лентасындағы «Ынта-жігері үшін» күміс төсбелгісімен марапатталыпты. Аштық жылдары ауылдан кетуге мәжбүр болған Жаманбайдың отбасы алыстағы Хабаровскіден бірақ шығады. 1941 жылы сондай қайтыс болады.

Ал екінші ағасы Ыбырай туралы деректер аз. Оның себебін бұл ағасының өмірден ертерек өтуімен байланыстыруға болатын шығар. Жалғыз ұлы Біләл да соғыс құрбаны болып кете барған. Ыбырай екінші рет шаңырақ көтеріп, одан 5 бала сүйсе де, барлығы аштық жылдары шетінеп, тек Нұрпейіс деген ұлы аман қалады.

Үш ұлдың қарындасы Үрімбала Құтпанбай деген азаматқа тұрмысқа шығып, одан Рақым, Нұрлан деген екі ұл көріпті. Осы Нұрланнан 1929 жылы туатын Әнел есімді апа қазір Астанада тұрады.

Ескеретін дүние. Қайта оралған бақ. Сөздің түйіні

Жинақталған біршама деректерге сүйене отырып, кәсіби фельдшер, Қарқаралы фельдшерлер қоғамының алғашқы жетекшісі, аймақтағы алғашқы дәріхананың қожайыны, қоғам қайраткері Аманбай Шегіровті ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушы әрі азаттық жолында аянбай қызмет қылған Алаш зиялысы деп тануға толық негіз бар екені дәлелденеді. Бұл жерде ескеретін бір жайт, Алаш қозғалысына қатысушылардың тізімінде «А. Шегіров» деп жазылған азаматтың Аманбай емес екендігі, Орынборда өткен екінші жалпықазақ сьезіне қатысушы Шегіров Ахмет екеуін шатастырмау қажеттігі. Бұл Ахмет – Қарағандының Нұра өңірінен шыққан тұлға. Осының әлдебір жиендерінен туған, қазіргі кезде Францияда адвокат қызметін атқаратын Станисловас Томастың қателесіп жүргені сондықтан. Ол Шегіров деген тегіне орай Аманбай мен Ахметті ағайынды деп ойлайды және солай түсінеді [3].

Алайда Аманбай Шегіровтің тұлғасын зерделей келе, біздің ұғынғанымыз: саналы өмірінің алғашқы кезеңдерінде Алаш мүддесі жолында тік тұрған зиялы ретінде советтік дәуірде кәсіби қызметін жалғастырып қазақ даласының әр тарабында еңбек сіңірген, сөйтсе де тарихтың көмбесінен есімі біржолата өше жаздап барып қайта жанған пассионар тұлға Аманбай Шегіровті танимын. Әлі де зерттеп тани түсуге мүдделімін. Алаш зиялысы дегенге лайық деуіміздің бір сыры, онымен жолдас болған К. Төгісов, Н. Құлжанов секілді азаматтардың кейін Алаш мүддесінен суып, тіпті жаулық көзқараста болғандығын ескерсек, мұндай жат қылықтан біздің кейіпкеріміз ада болған секілді.

Қараңыз: Дәрігер Аманбай Шегіров

Алаш қозғалысы тоқтап, партия жабылып, ұлттық үкіметке шектеу қойылған соң, Аманбай Шегіров ғұмыр талқаны таусылғанша жан қалауы өз мамандығының ізіне түскенімен қадірлірек. Аманбай Шегірұлының тарихи тұлғасын лайықты танып, насихаттай түсу мақсатында мынадай ұсыныстар жолдаймын:

- Аманбай Шегіровтің есімін Алаш ұлт-азаттық қозғалысына қатысушылардың тізіміне қосу; Алаш қозғалысына қатысты энциклопедиялық жинақтарға, анықтамалық кітаптарға тұлға есімін жазу;

- «Қарқаралы» энциклопедиясының тұлғалар қатарына енгізу;

- Қарқаралы қаласы бойынша ономастикалық комиссиясының қарауына бір көше есіміне немесе медициналық мекеме атауына ұсыныс түсіру;

- Қарқаралыдағы Аман Шегіров тұрған ағаш үйдің сыртына ескерткіш тақтайша орнату;

- Аманбай Шегіровтің өмірі мен тарихи қызметі жайлы терең зерттеулерге жол ашу, Қарқаралы-Том-Алматы-Қызылорда-Семей бағыты арнайы экспедициялар ұйымдастыру;

- Тұлғаның жерленген жерін анықтап, зиратын көтеру, басына арнайы құлпытас жасату;

- Аманбай Шегіровтің балалары, ұрпақтары жайлы қысқаша кітапша шығару;

- Алаштың медициналық фельдшері жайлы зерттеулер жүргізіп жүрген Е. Мұстафин, Ю. Попов, т.б. өлкетанушылар еңбектерін ынталандыру.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі алашшыл азаматтар кәсібіне адал берілгендігіне қарамастан, қоғамдық жұмыстармен де қауырт әрі қарбаласта айналысуына тура келді. Уақыт қысылтаяң шақта осындай ділгірлікті талап етті. Ақ халатты абзал жан Аманбай Шегіров өмірінің қызулы шағы осы кезең бе деп тұжырымдауға келетіндей. Себебі Алаштың арыстары Әлихан Бөкейхан, Ақпайдың Жақыбы, Смахан төремен  бірге тізе қосып, иық теңестіріп, қатар қимылдап, қысқа уақыт шегіндегі ұлт тағдыры жолында қызмет сіңіргеннен артық бақыт болар ма, сірә.

Соңы.

Әдебиеттер:

1. Жүсіп С. Әлихан Бөкейхан. Шығармалары. – Астана, Сарыарқа, 2016.

2. Мұстафин Е. // Останется в памяти народа... NDH порталы, 2018.

3. Житель Парижа оказался потомком знатных казахов. // tengrinews.kz      

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?