Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жайнақовтың жан досы

1766
Жайнақовтың жан досы - e-history.kz
Үлкен Алматы болысының биі, қажы Дүйсебай Шоманақұлының әулеті мен ұлы, алашордашы Түлембай Дүйсебайұлының өмірбаяны жайлы жас тарихшы Н. Сәдірбекұлының мақаласын шыққан болатын

Ы. Жайнақұлы және оның Алаш комитетіндегі мұраттас достары Жетісудағы азамат соғысы кезінде ақгвардияшылар жағында болып, Алаш атты әскерін құрып советтерге қарсы майдан ашады. Бұл жылдар қазақ халқының ұлттық санасының өскен, автономия алып жеке ұлт болу жөніндегі идеяның «Алаш мұратының» пайда болған кезі еді. Түлембайдың да саяси көзқарасы сол Алаш жолында болды. «Алаш» полктары туралы деректер өте аз. Соған қарамастан соңғы жылдары Б. Әбдіғалиұлының зерттеулері бұл тарихи ақтаңдақтың орнын толтырып, жаңа жол ашты. Түлембай Дүйсебайұлымен інісі Нүсіпбек Жақыпбайұлы Жетісудағы азаматтық соғыстың нақ ортасында болды. Б. Әбдіғалиұлының «Жетісу майданындағы Алаш әскері» мақаласында осы оқиғалар туралы біршама толық баяндай келіп, орысша тілге сауатты, әскери бұйрықтарды орындай алатын жас гимназист жігіттердің соғысқа алынғанын, олар үшін әскери дайындау курсы ашылғанын көрсеткен [1].

Басы: Дүйсебай қажы мен оның ұлы Түлембай

Тағы да жоғарыда айтып өткеніміздей, Ыбырайым мен Түлембай бала кезден бірге өскен достар болған, рулас ағайын, бір гимназияда оқыған, бірге қызметтес. Жетісудың Алаш комитетін де бірге құрған. Әкесі Дүйсебай қажының хиссасында: «Ибраһим, Түлембай екі балам, Сіздерге өмір берсін Алла тағалам» деп мейіріммен бата бергені белгілі. Бірақ Азамат соғысы жылдары Түлембайдың аты-жөні анық аталған басқа бір дерек кездеспеді. Жетісу энциклопедиясын құрастырушылар ішінде М. Әбдешов «1919 жылы 27 ақпанда большевиктермен байланысы бар деген жаламен Түлембай Дүйсебаевты, Мырзахан Төлебаевты, т.б. алаш азаматтарын Батыс Сібірде құрылған Уақытша үкімет тұтқынға алған. М. Тынышпаевтың жоғарғы билеуші адмирал Колчакқа 1919 жылғы 16 сәуірде жазған хатында бұл азаматтарды түрмеден босату жөнінде өтініш жасаған» дейді. Сонымен қатар осы энциклопедиядағы деректе «Дүйсебаев Түлембай азамат соғысы жылдарында Үржар, Қапал өңірінде Алаш әскерін жасақтауға белсене араласып, ақгвардияшылар жағында соғысқан, 2 рет жараланған» делінеді [2].

Түлембайдың жан жолдасы Ы. Жайнақұлының сол 1918-1923 жылдар аралығында болған Жетісу майданындағы ақтар мен қызылдар арасындағы соғыста қызылдардан жеңілген соң арғы беттің қазағы қалың тұратын Құлжа, Шәуешек аймағына біржолата қоныс аударғанын білеміз. Бұл туралы азды-көпті зерттеулер бар. Д. Қыдырбекұлының «Алашорданың Жетісудағы тарихы» мақаласында бұл оқиғаларға кеңірек тоқталған [3]. Онымен бірге басқа Иса Тергеусізов, Садық Аманжолов сияқты азаматтар да болған. Д. Қыдырбекұлы сол мақаласында Ы. Жайнақұлы мен И. Тергеусізұлы 1940 жылдарға дейін арғы бетте өмір сүріп, сол жылдары қытай ұлтшылдарының қолынан қаза болған дерек келтіреді.

Бұлардың ішінде Садық Аманжолов (суретте) сияқты, Алаш қозғалысының ішінде болған кейбір азаматтар 1922-1923 жылдары соғыс біткен соң, алашордашыларға амнистия шыққанын естіген соң, елге қайтып келген, келген соң Совет өкіметінің органдарына жұмысқа кірген. Қалдыбай Абдуллин де амнистиядан соң Совет баспасөз орындарында Алаш мұраты үшін журналистік қызмет етті. «Қасқарау» деген лақап атпен мақалалар жазды. Жетісудағы Алаштың тағы бір азаматы, Түлембайлардың пікірлес досы Қайсерке Тоқсанбаевтың тағдыры толық белгісіз, бірақ қуғын-сүргінге ұшырағаны анық. 1924 ж. Верный түрмесінің құжаттарында тағы бір Алаш азаматы А. Құрманбаевтың «пожизненное заключение» алып, түрмеде жатқанын білдік. Түлембайдың немере інісі Нүсіпбек Жақыпбаевтың Алашордаға амнистия жарияланғаннан кейін дәрігер болғаны, 1923-1924 жылдары Жетісу облысы денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1924-1926 жылдары Жетісу губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, губерниялық атқару комитетінің мүшесі қызметтерін атқарған, 1925 жылы дәрігерлердің Бүкілодақтық 1-съезіне, Орынборда өткен губерниялық денсаулық сақтау бөлімдерінің съезіне қатысқан. Зерттеулерге қарағанда 1932 жылы қайтыс болған [4].

Ал Түлембай Дүйсебайұлының Совет кезеңіндегі өмірі туралы бір жазба  дерек кездестіре алмадық. Қытайдан қайтты ма, жоқ сол жақта қаза болды ма, ол жағы белгісіз. Әйелі, бала-шағасының тағдыры қалай болғаны ойландырады. Жетісу энциклопедиясын құрастырушылар «Дүйсебаев Т. Совет үкіметі кезінде Алматы қалалық су шаруашылығы жүйесінде қызмет еткен. Одан кейінгі өмірбаяндық деректері белгісіз» деп жазыпты. Ешбір дерек көздерді көрсетпегендіктен, анық-қанығын біле алмадық. 

Жоғарыда айтылған 1999 жылы шыққан «Қажы сапары» кітапшасын құрастырушылар мынадай қызық дерек келтіреді: Қасенбай Садабайұлы Нұрғазиев деген ақсақалдың айтқан деректеріне сүйеніп Түлембай төңкерістен кейін «Бопақ молда» деген атпен өмір сүрген екен. Бопақ деген жеңгелерінің еркелетіп қойған аты дейді. Бопақ молда кейінге дейін Алматы облысында өмір сүрген, әйелі орыс еді, артында екі қызы қалды, өзін Саратовқа жер аударған деп жазыпты. Соған қарағанда Түлембай қытайдан қайтып келіп елге келіп тыныш өмір сүрді ме екен деген ой туады. Дүйсебай қажының өзін 1925 жылдарға дейін өмір сүрген депті. Сондай-ақ Дүйсебай қажының Шилікемер маңында Қаскелең өзенін байлап, «Дүйсебайдың байламасы» (тоған) деген арық жасатқанын, елі егіншілікке үйреткенін, Жанғойлық Әлмембет еліне де еңбегі сіңгенін де сол «Қажы сапары» деген кітапшада атап жазыпты. Дүйсебайдың байламасы Алматы округінің 1920, 1930 жылдардағы топографиялық  карталарында «Дюсебаев пруд» деп көрсетілген.   

Тағы сол жоғарыда аты аталған кітапшаны құрастырушылар Амангелді Дүйсебаевтан естіген ауызша деректе Дүйсебай қажыдан төрт бала болған: Еспембет, Рыспамбет, Әміржан, Досымбек деп (Түлембай жоқ бұл жерде). Қажы атамыз екі үлкен екі баласы Еспембет, Рыспамбетпен бірге қуғын-сүргін көріп түрмеде қайтыс болған (қай жылы екені белгісіз). Қазіргі Селекция (Мерей) ауылында мешіті болған, қазір мешіт орнына мектеп салынған депті...

Бірақ бұл кісілер Дүйсебай қажы шежіресін Жолсейіттен емес Ерубайдан таратады. Мықты шежірешінің өзін шатастыратын шытырман болып тұр. Жоғарыда Дүйсебай қажы хиссасының басында өзін таныстырып: «Дүйсебай Шуманақ ұғлы менің атым, Болады Жолсейіттен нәслі затым» дегенін келтірдік. Кітапшаны құрастырушы Ғ. Бұрқанатдинұлы да әбден шатасып «Дүйсебай қажы нешеу болған?» деген сұрақ қойыпты.

Бұл ауызша деректердің бір қателігі болғанның өзінде оны тексеру қажет етеді. Мүмкін Түлембай мен Бопақ молда бір адам болар. Мүмкін Шуманақ әулеті ұрпақтарының басқа біреуі болар, Дүйсебай қажының басқа бір баласы болар деп ойладық. Ол заманның ауқатты би, қажы кісілерде бір емес бірнеше әйел алатынын ескерсек, «бұл төрт баласы басқа бір әйелінен туған балалары болды ма екен?» деген сұрақтарды өз-өзімізге қойдық та, ары қарай зерттеуді жалғастыра бердік.

Сөйтіп жүргенде бұл сұрақтардың бірсыпырасының жауабын «Жетісуым – жеті құтым, ырысым» атты кітаптан тапқандай болдық. Кітап авторы Ү. Бүркітбаеваның елден жинаған мәліметтері нақтырақ және әлі бұл кісі ата-баба тарихын зерттеу үшін архивтермен өте көп жұмыс істегені байқалады. Ү. Бүркітбаеваның кітабында жазылғандарға қарағанда, Дүйсебайдың кіші ұлының аты Төлеубай екен, әкесімен бірге қажылыққа барып, қажы атанып келген сол дейді. Осыған қарағанда «Бопақ молда» деген жанама атпен аталып жүрген сол кісі екенін енді анық білдік. Және Дүйсебайдың ұлдары: Түлембай, Шүлембай, Әсембай, Бижамбай, Бастыбай, Төлеубай. Осы ұлдарының  ішінде дінге зеректеуі Төлеубай болса керек, сол 1911 жылы 58 жастағы Дүйсебай би қажыға аттанар алдында жасы 18-де екен, әкесіне серік болып Меккеге барып келген. Бұған қажының өзі жазған:    

«Төлеубай жиырмада болар қажы,

Сегіз жастан оқыдың қысы-жазы,

Басшы болып апарсаң Қағбаға,

Атаңыз екі дүниеде сізден разы» деген өлең жолдары куә.

Дүйсебай би мен оның әулеті тарихы ішінде зерттеуші Үміткен Бүркітбаеваның осы жазғандары шындыққа жақын. Оның үстіне Ү. Бүркітбаева – бала кезінде Төлеубай молданы көзбен көрген екен. Ол кісі Шилікемерде ветсанитар болып жұмыс істеп 1960 жылдары қайтыс болған. Дүйсебай бидің жазған хиссасын араб жазуынан кириллицаға көшіріп таратқан, сақтаған да осы кенже ұлы Төлеубай молда. Ал Саратовқа жер аударылған да Төлеубай емес, Алашордаға қатысқан ағасы Түлембай Дүйсебаев екені анықталды. Демек, «Түлембай Дүйсебаев Жетісудағы болған қызылдармен соғыста 2 рет жараланып, кейін Совет орындарына қызметке тұрған, 1930 жылдар басында репрессияға ұшырап, Саратовқа жер аударылған, қайтып келіп Қаскелеңде тұрған» депті [5].

Әрине Ү. Бүркітбаеваның «Түлембай Дүйсебаев репрессияға ұшыраған, қайтып келіп Қаскелеңде тұрған» деген сөздері ауыл адамдарынан естігендері болғандықтан тағы да мұның растығын тексеруді қажет етеді. Егер репрессия құрбаны болғаны растайтын құжаттар табылса, Түлембай Дүйсебаевтың атын ақтап алуға арналған (жазықсыз саяси қуғын-сүргін құрбаны болғаны үшін реабилитациялау) құқықтық іс-әрекеттерді бастау қажет деп ойлаймыз. Қолымызда репрессияға ұшырағаны туралы құжаттар болмағандықтан, әзірше кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймыз.

Қорыта айтқанда, қасқарау Шуманақұлы Дүйсебай би мен оның әулетінің тарихы туралы ашылмаған біраз деректерді архивтерден таптық. Әзірге осы, нүкте қоймаймыз. Зерттеу жалғасын табады. Іздеген адамға әлі де талай мәлімет табылары хақ. Кейде архивтерде отырған тарихшылар бір әулеттің тарихын көз майын тауысып жылдар бойы іздейді. Әулет тарихы, шежіре үшін ауызша деректер маңызды болғанымен, жазбаша деректер одан да маңыздырақ. Соңынан дау тудырмайды.

Бұл Дүйсебай қажы әулетінен басқа да көптеген әулеттердің тарихы Алматы облысының архивтерінде шаң басып жатыр. Архивте сақталған материалдардың негізінде «Үлкен Алматы болысының қазақтары» деген тақырыпта мақалалар сериясын жариялау ойымызда бар. 

Сөз соңында айтарымыз, Президент Н. Назарбаевтың «Туған жер», «Архив-2025» бағдарламасы осындай әр кісінің өз ата-баба тарихын зерттеп-білуіне, өз өлкесінде әлі ашылмай жатқан тарихтың сырларын зерттеуге, жастарға оқытып, үйретуге арналған. Оқып іздеп, талаптанған кісіге архивтер тарихтың қазынасы екені даусыз. Шежіре тарихты зерттеу – көріп отырғаныңыздай жұмбақ шешкенмен бірдей қиын әрі қызықты шаруа. Жетісу жерінің, жалпы барлық Қазақстанның аймақтарының тарихын зерттеушілер, өлкетанушылар, студенттер, тарихқа, ата-баба шежіресіне әмме қызығушылар ҚР Орталық мемлекеттік архиві және Алматы облысының мемлекеттік архивіне келіңіздер, архивтер зерттеушілерді есігін айқара ашып күтеді. Архивке келіңіздер, әулетіңіздің, еліңіздің, жеріңіздің тарихын зерттеңіздер.

 

Нұржан СӘДІРБЕКҰЛЫ, тарихшы, архивист

 

  1. Берік Әбдіғалиұлы «Жетісу майданындағы Алаш әскері», Қоғам және дәуір журналы. №1 (53) 2017.
  2. «Жетісу» энциклопедия, Алматы: Арыс баспасы 2004.
  3. Дулатбек Қыдырбекұлы «Алашорданың Жетісудағы тарихы», Ана тілі газеті 24.12.2015 .
  4. «Алаш» қозғалысы. Құраст: Е. Тілешов, Д. Қамзабекұлы, И. Нұрахмет. Алматы: «Сардар» баспа үйі 2008. 
  5. Үміткен Бүркітбаева «Жетісуым – жеті құтым, арысым»: Тарихи деректер. – Алматы: «Нұрлы Әлем», 2009.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?