Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абай қолтаңбасы қалған үңгір

2479
Абай қолтаңбасы қалған үңгір - e-history.kz
Қарт Шыңғыстаудың батысына қарай орналасқан, табиғаттын ерекше жаратылысынан пайда болған, Шаған өзенінің іргесіндегі – Қоңыр әулие үңгірі туралы тарихи деректер мен аңыздар ел арасында ежелден мәлім

2017 жылдың 12 сәуірінде Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланды. Еліміздің қоғамдық мәдени өмірінде үлкен сілкініс тудырған аталмыш бағдарламада Елбасы «халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек» деген мәселе көтерді. Бұл «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы болатын. Содан бері «Рухани жаңғыру» аясында еліміздің киелі орындары мен мен тарихи ескерткіштерінің тізімі жасалып, ғылыми сараптамадан өтті. Бұл жоба аясында өлке тарихының да беймәлім беттері қайта жаңғырып, отандық тарихтың алтын қорын байыта түсті.

«Қазақстанның киелі жерлер географиясы» тізіміне Шығыс Қазақстан облысынан кірген санаулы ескерткіштердің қатарында Қоңыр әулие үңгірінің тарихи маңызы айрықша.

Бүгінгі таңда Қоңыр әулие үңгірі мемлекет қарамағына алынып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне қызмет етіп отыр. Көне дәуірдің көзіндей Қоңыр әулие үңгіріне тарихы мен аңыздары, суының емдік қасиетінің арқасында жылына 10 мыңға жуық турист келіп кетеді.

1. Үңгірдің табиғи-географиялық сипаттамасы. Шыңғыстаудағы Қоңыр әулие үңгірінің биіктігі 3 метрден – 25 метрге дейін жетеді, ұзындығы 100 м.-ден асады. Үңгірдің аузы тар, адам сияқтындай ғана көлемде. Үңгірдің оң жағында тар қуыс кеңейе келе ұзындығы 12 м, биіктігі 5 метрдей үлкен бөлмеге ұласады. Оның теріскей жағында күмбез тәрізді биік төбесі бар бөлме тәрізді бөлігінің арғы түкпір жағында сулы көлшік бар. Көлшіктің суы емдік қасиеті бар деп саналады.

2. Үңгір атауының шығуы (мифологиясы). «Қоңыр әулие» атауы адамның атынан шықпаған. Бұл атау ерте дүниеден келе жатқан халықтық мифологиямен тығыз байланысты. «Қоңыр әулие» – мифтік образ. Халықтың ұғымынша, жер асты үңгірлерінің де иесі болған. «Қоңыр» сөзінің шығуының өзіндік этимологиясы бар. Оның негізінде «үңгір» сөзі жатыр. Топонисит-ғалым А. Әбдірахманов «қоңыр» сөзін моңғол тіліндегі хонхор, хонхур (ой, шұңқыр, үңгір, сай, жыра) сөзінің дыбыстық тұрғыдан өзгерген түрі деп қараған. Ол бірте-бірте дыбыстық элизияға түсіп, «күңгір», одан барып қазіргі қазақ тіліне, табиғатына бейім «қоңыр» сөзіне айналған. Оның дәлелі Қазақстан жерінде бірнеше «Қоңыр әулие» деп аталатын үңгірлердің болуы (Баянауылдағы және т.б.).

Ел арасында Қоңыр әулие үңгірінің пайда болуы жөнінде аңыз дерлік қызық әңгіме бар: әлемді топан  су басып, Нұқ пайғамбар кемесіне күллі хайуанның тұқымы мінген кезде біразына орын болмай қалады. Олардың қатарында Құлан, Қыран, Қоңыр әулиелер орын болмаған соң ағаштан сал жасап, Нұқтың кемесіне тіркеледі. Ағынмен келе жатқан кезде үш әулиенің салы үш жаққа кеткен екен дейді. Топан су қайтып, тау-тастар көріне бастаған кезде әулиелердің салы үш тауға бөгеліп калыпты: Қызылтауда Құлан әулие, Ақбеттауда Қыран әулие қалыпты. Қоңыр әулиенің салы ең соңғы болып осы үңгірге тірелген екен.

Ел аузындағы  аңыз-әңгімелерге сенсек, Қоңыр  әулие  немесе Қыз әулие деп аталатын бұл  үңгірді  бір кездері 11- 12 жас  шамасындағы  жас  қыз мекен  еткен. Үйінен  қуылып, барар жер, басар тау  таппаған  қыз  осы  үңгірде ұзақ  жылдар бойы тұрақтаған. Кейіннен  ауыл  ақсақалдары жиылып, қыздан кешірім сұрағанымен, үңгірге  үйреніп қалған ол осы орынды  тұрақты мекеніне  айналдырыпты-мыс. Бұл шамамен 7-8 ғасыр бұрын болған оқиға деп топшыланады.

3. Қоңыр әулие үңгіріне қатысты деректер. Үңгірге кезінде бұрынғы Ресейдің ғалымдары және саяхатшылары да көңіл бөліпті. Қоңыр әулие жайында 1892 жылы «Витебские губерненские ведомости» газетінің №63 санында дерек берілген, онда: «Қоңыр әулие – қазақтардың Семей маңындағы әулие үңгірі, онда адам бойындай әйелдің мүсініне тәу етуге, көптеген адамдар келіп жатады. Оның айналасы тастан жасалған ұсақ заттар, моншақ және қола мүсіншелер шашылып жатады. Әулие маңында құрбандық шалынады, індет болған жағдайда ауырған мал да осы жерге әкелінеді» делініпті. Бұған қарағанда үңгірді әулие санау тіпті қазақтан бұрынғы замандардан келе жатқан үрдіс болған сияқты.

М. Әуезовтың «Абай жолы» романында Қоңыр әулиеге байланысты Қабанбай батырдың Абылай ханның жауынгерлік тапсырмасын орындап, Дарабоз атануы жайлы сюжет кездеседі.

Сол сияқты кезінде Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің жазбаларында 1912 жылы өлкетанушы Виктор Брюхановтың мақаласы берілген. 1897 жылдан Семей қаласында тұрған ол Семейдегі қалалық училищенің 5-класын бітіріп, 1900-1904 жылдары Семей облыстық статистика комитетінде жұмыс істепті. 1904 жылы шаруалар бастығының іс-қағаздарын жүргізуші қызметін атқарған В. Брюханов Абаймен бірнеше рет жүздесіп, ақынның балалары, туған-туыстарымен, әсіресе, Турағұл, Шәкеріммен араласып тұрған көрінеді. Жалпы, Қоңыр әулие үңгіріне қатысты деректерде осы үңгір қабырғаларының бірінде Ұлы Абайдың арабша жазылған қолтаңбасы бар екендігі де айтылады. Ендеше Абай бұл үңгірге өзінің орыс достарымен де келуі әбден мүмкін ғой. Бірақ келушілер үңгір ішіне шырақтармен кіргендіктен, ол жазуларды ыс басып, көрінбейтін болған.

 Онда ол: «За Чингизским хребтом, обогнув с севера-запада подножие горы Актас и выйдя к речке Чаганка, можно увидеть вход в пещеру Коныр-Аулие. Хребет Актас («Белый камень») состоит из белой известковой породы и вполне оправдывает свое название: издалека заметен на зеленом фоне благодаря белизне своих вершин.

...Дальше дно пещеры покрыто огромными камнями. В десяти метрах от входа лежит каменный идол – каменная баба. «Калмак» – называют эту фигуру местные жители. Еще дальше, слева, второй сверток пещеры, в конце которого малое подземное озеро. Но это лишь подступы к большому» дейді.

«Қоңыр әулие» – Шыңғыстаудың ішіндегі Ақтас тауының үңгірі. Жанынан Шаған өзені ағып өтеді. Тарихи деректерде 1741 жылы қазақтар мен жоңғарлардың арасында осы жерде Шаған шайқасының болғаны айтылады. Осы соғыста Қабанбай батырға «Дарабоз» атағы беріліпті делінеді.

Шоқан Уәлиханов еңбектерінде де Қоңыр әулиеге қатысты дерек келтіреді. Онда ол үңгірге қашып кірген қалмақтарға қазақтар шабуыл жасағанда, үңгір ауызында бекінген қалмақ мергенінің қазақ жауынгерлерін атып түсіре бергенін айтқан. Сонда сіргелі Елшібек батыр мергенді шауып түсіріп, қазақ атой салып кіріп, жауды бағындырыпты. Сөйтсе Елшібек қалмақ мергенінің мылтық атуының арасын есептепті. Қалмақ мергені мылтығын атып жіберіп, қайта оқтағанша Елшібек мергенді шауып түсірген көрінеді. Бұл туралы мәліметтер Құрбанғалидың «Тауарих хамса» кітабында жазылған.

Үңгірдің алдындағы аласа төбелерде жүздеген адам жерленген қорым бар. Бұлар Шаған шайқасында қаза тапқан қазақ сарбаздарының зираты деп есептелінеді. Оның дәлелі зират тастарындағы қазақ руларының таңба-белгілері.

Қоңыр әулие үңгірі маңындағы сарбаздар қорымы. Найман таңбасы

4. Үңгірдің зерттелуі. «Қоңыр әулие» үңгірін Қазақ ССР Ғылым академиясының  Қ. Сәтбаев атындағы геология институтының ғалымдары кезінде зерттепті. Олар үңгір түбіндегі көл суының биохимиялық сараптамасын да жасаған. Үңгір ішіндегі көлдің ұзындығы 25 метр, ені 10, тереңдігі 1,8 метрді құрағанымен оның көлемі әр жылы бір түсіп, бір көтеріліп тұратыны анықталған. Ал 2000 жылдардың ортасында қазақстандық С. Кистанов, К. Миляев пен В. Волошин есімді туризм саласының маманы әлгі көлдің түбіне сүңгіп, көл астында көлемі 10х10 метр болатын қара қуыс бар екенін және оның арғы жағы шегі жоқ теңізге жалғасып кететін айтқан еді. Осыған қарағанда, бұл көлдің жер асты суларымен тікелей байланысы бар болып шықты.

Көл суының қасиетті күші туралы біздің замандастарымыз да көп айтады. Көл суы үнемі төрт градустық қалыпта сақталады. Судың қатты суық болуы адам ағзасына ерекше әсер етеді. Бұл жерде шок терапиясы маңызды рөл ойнайды. Ағза мұздай суық суға түскенде стресс жағдайында болып, сана түбінде жатқан резервтік  қорды  оятады. Бұл адам ағзасының жаңа қуатпен жұмыс істеуіне негіз болады. Сондай-ақ қасиетті суға барып ем қабылдаған адамдардың судың қасиетіне шынайы сеніммен баруы, психологиялық дайындығы да маңызды. Мұндағы көл суының шипалылығы аяқ-қолы тартылып, сал болып қалғандар, түрлі тері аурулары, бір перзент сүюге зар болған отбасы мүшелері мен көру бақытынан айырылған жандардың өте қысқа мерзім ішінде сауығып кетуіне зор мүмкіндігі бар.

Өз заманында үңгірге Абай досы Долгополовпен келсе, оның шәкірттері: Шәкерім, Көкбай, Кәкітай, Әлмағанбет, балалары: Әбдірахман, Мағауиялар арнайы ат басын тіреп, тамашалаған, қызықтаған. Олардың үңгірдің ішкі қабырғасына қашап қалдырған қолтаңбаларын табудың сәті түссе қандай қуаныш болар еді.

Қариялардың айтуынша, үңгірдің ішінде Абай атамыздың есімі арабша жазылған тас та болған деседі. Ал сыртында С. Мұқанов, М. Әуезовтың есімдері жазылған тастары болған деп айтады. Бірақ кейіннен бұл тастар әртүрлі себептермен жоқ болып кеткен. Кейбір деректерге қарағанда Абай атамыз бұл үңгірге жиі келіп тұрғандығы айтылады. Ақынның Петербордан келген ұлы Әбішті бір топ жолдастарымен сергіп қайтсын деп Қоңыр әулиеге жіберуі ғұлама жазушы М. Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының «Өкініште» атты тарауында кеңінен баяндалады.

Сонда үңгірдің маңындағы қорымдарға таңдана қараған Әбішке Абайдың шәкірті әрі інісі Көкбай ақын Қаракерей Қабанбай батырдың Абылай ханның тапсырмасын орындап, қалай «Дарабоз» атанғаны туралы әңгімені айтып береді.

Қоңыр әулие үңгірі маңындағы сарбаздар қорымы. Арғын таңбасы

Көнекөз қариялар бұрын осы үңгірде шалқалай жатқан әйелдің тастан қашалған мүсіндері мен 15 шақты балбал тастың, кіреберісте «лотос» тұрпатында тұғырда отырған адамның тас мүсіні болғанын да айтады. Бірақ уақыт өте келе ол мүсіндер қолды болғанға ұқсайды. Немесе ол мүсіндердің осы маңда қырық жыл бойы болған ядролық сынақтың нәтижесінде үңгірдің төбесінен опырылып жерге құлаған алып тастардың астында қалып қоюы да ғажап емес.     

1943 жылдың жазында ұлы жазушы Мұхтар Әуезов елге келіп, бір топ сапарлас ақын-жазушымен үңгірде болғаны, олардың қолтаңбаларын қалдырғаны белгілі. Осы сапар жайлы жазылған үңгірдің қызықты тарихын сөз еткен  жазушының «Ақын елінде» атты  очеркі де бар.

Ел арасында Қоңыр әулие үңгірінің тылсым сырына қатысты аңыз бен ақиқат арасындағы әңгімелер жетерлік. Солардың бірі Altaynews.kz порталында жарияланған Жарма ауданы Ортабұлақ ауылының тұрғыны Төлеу Жанбайсенов киелі үңгір туралы бір қызық оқиғасына назар аударайық.

Оның айтуынша, 1949 жылдары Дегелең тауы аймағында полигон сынағы жүріп жатқан кез. Сол кезеңде Қоңыр әулие үңгіріне 3-4 жолаушы саяхаттап барады ғой. Үңгірді тамашалап, біраз жеріне барғанда полигондағы жарылыс қуатынан жартас құлап, жолды жауып қалады. Арада біршама уақыт өтіп, үңгірді қою қараңғылық басады. Содан саяхатшылар «енді қайттік?» деп тұрғанда бір жапалақ тәрізді құстың дауысы мен қанатының сусылдағаны естіліп, анадайдан сызат сәуле байқалады. Құс бұларға тақап келіп, қайта ұшады. Соны пайдаланған саяхатшылар құс соңынан сүріне-қабына жылжиды ғой. Біраз жүрген соң үңгірдің тынысы кеңейіп, жарық молая түседі. Сол-ақ екен, әлгі жол бастаушы құс көзден ғайып болыпты. Бойлары сергіп, көңілдері жай тапқан саяхатшылар үсті-бастарын қағып, бірін-бірі құшақтап, қауқылдасып қалады. Біраздан соң олардың іштеріндегі естиярлау біреуі: «Әй, жігіттер, не білдіңдер, әлгі бізге жол көрсеткен неғылған құс? Осы құс меніңше, қасиетіңнен айналайын Қоңыр әулиенің бізді құтқаруға жіберген әулие серігі болар. Ол болмаса, біз осы үңгірде жол таба алмай өлетін едік. Сендер бұл ғажайыпты, әулиенің адам сенбес қасиетті қылығын ұрпақтан-ұрпаққа айта жүріңдер» депті.

Түйіндей келе айтарымыз, Қоңыр әулие ескерткіші – ең алдымен өткен тарихтың куәсі. Көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелер, Шыңғыс хан тұлғасына қатысты аңыздар, қазақ-қалмақ соғысына қатысты деректер және Абай дәуірінің жаңғырығы Қоңыр әулие үңгірінің тарихи құндылығын ұрпақ жадынан өшірмейді.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?