Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алғашқы жарылыс

2040
Алғашқы жарылыс - e-history.kz
Жазушы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» деректі кітабынан полигонның алғашқы жарылысы туралы деректерді ұсынамыз

1949 жылғы және содан кейінгі сынақтардың полигон төңірегіндегі халық пен жерге залалы полигон қызметкерлеріне түсініксіз себеппен әсер етпеген. Мысалы, синоптиктердің 29 тамызға болжамы жарылыс үшін аса қолайлы еместігін Мемлекеттік комиссия күн ілгері білсе де сынақ сағатын небәрі бір-ақ сағатқа шегіндірген. Неге? Біздіңше, нақ осы шешім полигон төңірегіндегі тұрғын халықтың сорын қайнатқан. Ауа райы кенет суыды. Аспанды қорғасындай ауыр бұлттар торлады. Жел де күшейіп, ежелгі дағдысынан айнымай, терістіктен оңтүстікке қарай үдей соқты. Комиссия мүшелерінің кейбірі – кемеңгер физиктер. Жарылыстан соң миллиондаған радиация бөлшегі, тағы қаншама зиянды заттарды қас қағым сәтте аспанға көтеріп, бес-он минуттан соң полигон үстінен түстікке жөңкілетінін олар біледі. Сөйтсе де жарылысты кейінге қалдырмаған.

Саңырауқұлақ кейпіне еніп шудаланған бұлттар мың есе күшейген ауа толқынына ілесіп, Қазақ даласының оңтүстік-батыс қиырына қарай ығысты. Сол бетінде Новопокров (Жаңасемей), Абай, Абыралы, Аягөз және Шұбартау аудандарының байтақ жерін басып өтіп (теріскей шеті осы аудандармен іргелес Қарағанды облысының Қу, Қарқаралы аудандарының полигонға ұрымтал ауылдарын да ішінара шалғаны бертінде анықталған), одан әрі Балқаш көліне ойысқан...

Соның бәрі радиация бөлшектерімен мейлінше былғанған. Сол пәлекет өлшенді ме? Жоқ, мүлдем тексерілмеген. Тексеретін жабдық та болмаған. Сәтті жарылыс эйфориясының астында ұмыт қалған. Қысқасы, алғашқы және одан кейінгі жарылыстардың зардабын ең алдымен сынақ алаңына ұрымтал орналасқан, Ертістің оң жағасындағы елді мекендер тартқан. Әлбетте түстік жақтағы қазақ ауылдары да тиісті «сыбағасын» молдап алған. Мысалы, оң жағалаудағы өлшеу жүрген Долон елді мекеніне таңғы сағат 7-8 аралығында түскен радиоактивті бөлшектер 200 рентгенді көрсетіпті (Сол шама бір тәуліктен соң 60 рентгенге төмендеп, келесі аптада қайтадан 100-ге көтеріліп, қыркүйек айының аяғында 130, жыл бойынша ортақ көрсеткіш 160 рентген болған). Демек, мекен-жайын, мал өрісін күні-түні торлаған радиация шоғырынан долондықтар жыл бойы құтыла алмаған. Ең ғажабы, сол бейшараларға ешқандай дәрігерлік көмек те жасалмаған. Өйткені «Сынақ таза өтті. Одан ешкім, жер-жаһан да зиян шеккен жоқ...» деген бопса жолды болған...

Мүтән АЙМАҚОВ, «Көргендерім» кітабынан үзінді (49-57-бб.):

«Мен 1949 жылдың жазында «Қоныстан» колхозындағы бастауыш мектепке мұғалім болуға Абыралы ауданының оқу бөлімінен бұйрық алғамын. Оқу жылын бірақ уақытында бастай алмадым. Өйткені тамыздың 28-і күнінен бастап колхоз орталығына әскери адамдар келіп, ауыл-аймақты, маңайдағы қыстақтарды күзетке алып, ешқайда шығармады. (...) 29 тамыздағы таңғы алтыда солдаттар бүкіл ауылды үйлерінен сыртқа шығарды. Айтқан уәжі: «Сәлден соң бір жағдай болады. Етпеттеп жерге жатыңдар. Көздеріңді ашпаңдар, бастарыңды көтермеңдер! Сөйтпесеңдер – өмірлеріңе қауіп!..» – деген соң, амал қанша, айтқандарын істедік. Менің орысшам көп-көрім және сол ауылдағы оқыған естиярмын. Солдаттарға көмектестім. Әлқисса, содан сағат жеті шамасында жер астынан шыққандай күркіреген гуіл естілді. Іле табан астымыз шайқалды. О кезде қайбір бекемдеп салған үй бар? Шикі кесектен салынған жатаған үйлердің Ертіс жақтағы қабырғасы сөгіліп құлай бастады. Салдыр-гүлдір етіп терезе шынылары сынды (Сонда ғана үш жылдан бері өзімізді төңіректеп жүрген әскерилердің сыры мәлім болды. Солар жасаған атомдық сынақтың алғашқы құрбаны болғанымызды, рас, төрт жылдан кейін білдік).

«Бисмилләні» іштен айтып, қора-жайдан аулақта жер құшып жатырмыз. Ешқайда қарамаңдар десе де әуесқойлық жеңіп, бетімді алақаныммен көлегейлеп, аспанға ұрлана сығаладым. Қарақошқыл бұлт шоғыры күннің көзін түгел жауыпты, сол сәтте түнерген көк күреңітіп, сәл-пәл қызарғандай болды. О, тоба! Қалпағы үлкен, сабағы жуан саңырауқұлаққа ұқсаған қарақошқыл бұлт шудаланып, ұйпаланып, жан біткендей ыбыр-жыбыр қозғалып тұр. Әлден соң жан-жаққа жайыла бастады. Шай қайнатым уақыт өтті ме, білмеймін, шоғыр бұлттың біразы Дегелеңнен бері асып, біздің үстімізге төнді. Ауыл иттері күншығысқа қарап ұли бастады. Сиырлар өкірді, түйелер боздады. Сөйткенде ботасын іздеген інгендей емес, әлденеге шағынғандай біржосын зарлы үн шығарады. Кейбір сиырлар күл үйілген төбешікке шығып жер тарпыды. Жылқы атаулы өрісті тастап, қотанға шауып келіп, әлденеден үріккендей ауылдың ортасына тұрақтады. Сол жануарлар бір сұмдықтың болғанын сезген тәрізді. Әлде жан иесі деп бізден көмек күтті ме?..

Бертінде білдік: біздің ауыл, Тайлан мен Саржал елді мекендері, Бөрлі маңатындағы ауылдар сол күні 160 рентген мөлшерінде радиоактивті заттармен дем алыппыз. Бұл енді – әскерилердің өлшемі. Шындығында одан да көбірек уланған сияқтымыз. Соның жауабын енді кімнен сұраймыз? «Жау кеткен соң қылышыңды күресінге шап...» дейтін жағдай...»

Сейілхан БАЛТАБАЕВТЫҢ естелігінен үзінді (қолжазба, 3-4-бб.):

«1949 жылдың тамыз айының соңғы аптасы екені есімде. Киров колхозындағы мектепке бармақ болып, күн шыға тұрып киініп жатқанымда, біздің ауылды күзетуге келген солдаттар бәрімізді сыртқа шығарды. Сөйткенше болған жоқ, әлдекім сіріңке жаққандай болып, әлдене жарқ ете қалды да төңірек қараңғыланып, іле қайта ашылды. Кенет табан астымыздағы жер солқ етті. Бұл не пәлекет деп аңырып тұрғанымызда қара дауыл соқты. Мен құралыптас бүлдіршіндер жерге мұрттай ұшты. Ширек сағаттан соң Разведка орныққан жердің күнбатыс тұсынан шоғырланған әрі ұйпаланған қара бұлт аспанға көтерілді. Төменгі жағы қып-қызыл от... Біз тегінде Балапан бұйратында қаннен-қаперсіз отырып, атомдық жарылыстар таратқан зиянды заттардың астында өмір сүріппіз. Рас, жарылыс жасардың алдында Разведканың жұмысшылары мен үй-ішін Семей қаласының төңірегіне көшіріп, бірер аптадан кейін қайтадан әкеліп тастады. Автомобильдер әскердікі, пәлендей шығынымыз болмаған соң үндемейміз. 1949 жылдан кейін де бірнеше сынақты бастан өткіздік. Біздің үй көбіне Қарабас тұзды көлінің жағасына көшетін еді. Өйткені сол жердің жайылымы жақсы, мал тез семіреді. Балапандағы жұртымызға аман-есен қайтып келгенімізге мәзбіз. Уланған, радиация күлі мол түскен залалды жерге қайтып келгенімізді, әрине, білгеміз жоқ. Көмір ошағын зерттейтін ГРП сол жердегі ізденісті 1953 жылы біржола тоқтатты. Әрине, әскерилердің әмірімен. Барлаушы ұжымның бір тобы Ертіс жағасындағы Павлодар облысының Май ауданындағы Тасқайнатқан деген жерден әктасын алатын кенішке көшті. Біздің үй де барған-ды, ауыз суға жарымаған соң, келесі жылы Шар ауданына қоныс аудардық. Құдай оңдап полигон тарсылынан құтылдық деп ойлағанбыз. Сөйтсек, 1949-1953 жылдар аралығында Балапанда отырғанымыз («Тәжірибе алаңына» ұрымтал, небәрі 30 шақырымдай жер, бертінде сол жердің өзінде әскерилер жүзден аса жарылыс жасаған – М.С.) текке өтпеді. Айналасы он жылда біздің отбасымыздан төрт адам – аққан ауруынан әке-шешем, үлкен апам Назгүл мен қарындасым Рысты өлім құшты. Осы жолдарды жазып отырғанымда мен 77 жасты еңсердім. Соған да таңғаламын, тәубе деймін, тағдырдың жазуы деп шүкірлік айтамын...»

Дүйсенбай ҚОШҚАРБЕКОВ, «Мен көрген полигон кеселі» («Семей таңы», 26 шілде, 2011 жыл):

«Менің әкем Жұмабайұлы Қошқарбек Абыралы ауданына қарасты Жданов атындағы колхоздың Келдібай қыстағындағы бір табын сиырды бағып әрі сол ферманың бастығы болды. Жаз шыға қыстақта бір адам қалмайды, жер отын көтеру үшін алысырақ жерге жайлауға шығамыз. 1949 жылдың күзіне қарай теріскей жонға көшіп, Дегелең тауына ұрымтал Мырзеке деген бұлақ басына қондық. Жазғы демалыс бітуге айналған мезгіл, тамыздың аяқ шені. Бірде шаңқ етіп жарылған бір нәрсенің даусы шықты, Дегелең тауының бергі беті қып-қызыл от болып жанып, соның үстіне бұйраланған қара бұлт шықты. Біз бұл не пәлекет деп қызықтап тұрғанымызда, кейбір балалар «Ойбай, көзім күйіп барады!» деп зар қағып, жерге отыра кетті. Мен көзімді қолыммен көлегейлеп, бұлт тұмшалаған Дегелеңге қарадым. Жаңағы бұлт тарқамай жатып, соның кіндік ортасынан тап сондай екінші бұлт шошайып шығып, жоғарыға өрледі. Ал тау бетіндегі қызыл от сәл бәсеңдегендей болды.

Содан ауылға келсек, үлкендер де Аллаға сиынып, есік алдында ербиіп тұр. Біз отырған жұрттан Дегелеңнің Әулие асуы атанған биігі жиырма шақырымдай жерде. Кейіннен сұрастырғанда білдім: бізден алпыс-жетпіс шақырым Қайнардағы жұрт тау басындағы от пен қызылқоңыр бұлтты көрмеген, аспанға тік шаншыла көтерілген саңырауқұлақты ғана байқапты. Шаңқ еткен дүңкілді де естіген. Көкжиекте бұрқ-сарқ шудаланған бұлтты қызықтаған балалардың сол күні тамаққа тәбеті болмай ауырғаны анық...»

Өкінішті ахуалды қайталауға мәжбүрміз: сынақ алаңына 30-40 шақырым жердегі қазақ ауылдары ешқайда көшірілмеген; жер-жаһанды уландырған радиация тозаңын сол шерменделер ауадан да, жерден де жұтқан; ластанған жер-суды тазарту жұмыстары мүлдем жүрмеген. Таңғаларлық бейғамдық, әлде жарылыстың әсерін тексеру үшін тұрғылықты халыққа жасалған эксперимент? Зардап шеккендерден бізге мәлімі – Знаменка, Чайковка, Балапандағы кеншілер қосыны, Саржал, Қарашілік, Қайнар елді мекендері. Шамалауымызша, Қарауыл кентінің, Шыңғыстау атырабындағы ауылдардың тұрғындары алғашқы жарылыста, одан кейінгі сынақтарда ауа арқылы тараған шаң-тозаңы мен радиация күлін жұтумен күн кешкен. Әлбетте көп уақытқа дейін қандай қатерді басынан кешіп отырғанын сезбеген...

 

Медеу СӘРСЕКЕ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?